ТЕЛІ МЕН ТЕНТЕК КӨБЕЙГЕН ЕЛ
ТЕЛІ МЕН ТЕНТЕК КӨБЕЙГЕН ЕЛ
Еліміздің ішкі істер саласында атқарылар шаруа көп. Өйткені ел аумағындағы қылмыстық істер азаймай отыр. Қазақстанның бас полицейі Қалмұханбет Қасымов халыққа есеп беру кезінде қылмыстық істерге қатысты статистиканы жік-жігімен ажыратып берді.
Ішімдік және қылмыс
Елімізде ішімдік ішіп алып, өзінің ғана емес, өзгелердің өміріне қауіп төндіретін тентектер аз емес. Жалпы маскүнемдік біздегі асқынған дерттің бірі. Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың мәліметінше, елдегі қылмыстық істердің 14 пайызын ішімдік ішкен адамдар жасайды. Соңғы уақытта ішімдік ішіп алып, қылмыс жасайтындардың саны үдей түскен. Нақты деректер бойынша, мас күйінде қылмыс жасағандардың үлесі Ақтөбе облысында – 28 пайыз, Қостанай облысында – 25,5, Павлодар облысында – 22, Маңғыстау облысында – 20 пайызға жетіп отыр. «Қылмыстың орын алуының басты себептерінің бірі – маскүнемдік, есірткіге әуестік, отбасылық-тұрмыстық қолайсыз ахуал, тұрақты табыстың болмауы. Қазіргі уақытта учаскелік инспекторлардың алдын алу бақылауында 67 мыңнан астам маскүнем, 10 мың қолайсыз отбасы бар. Оларда 15 мыңнан астам бала тұрады. Қолайсыз отбасылардағы жиі жанжалдардың салдарынан кісі өлтіру және тұрмыстық ауыр қылмыстар арта түседі. Жыл бойы елімізде күн сайын маскүнемдіктің, әсіресе, отбасыдағы тұрмыстық жанжалдардың салдарынан 2-3 ауыр қылмыс тіркеледі», – дейді Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов. Мас күйінде қылмыс жасағандар саны артқанымен, елімізде маскүнемдерді емдеу жағы кемшін түсуде. Министрдің айтуынша, маскүнемдіктен мәжбүрлеп емдеу жүйесінің тиімсіздігі күрделі түйткілдің біріне айналып отыр. Қазіргі уақытта ішкі істер органдарында тіркеуде тұрған маскүнемдер саны – 70 мыңға жуық. Ал есепте тұрмаған маскүнемдер тағы бар. Тағы бір айта кетерлігі, маскүнемдердің бәрі бірдей жүйелі түрде емделуге құлықты емес. «Қазір елде тек 22 наркологиялық орталық бар. Онда 2 470 орын дайындалған. Ал өткен жылы күшпен емделуге 5 200 адам жіберілді. Алайда оның 700-і, орын болмай, кері қайтарылды. Десе де, бұл бағытта әкімдікпен бірлесіп жұмыстар жалғаса береді», – деді министр. Ішкі істер министрі бұған дейін есігі тарс жабылған айықтырғыш орталықтарын қайта ашу туралы бастама көтерген болатын. Өйткені мас күйінде қылмыс жасайтындардың саны артқан. Ғалымдардың зерттеуінше әлемде әр 10 секунд сайын осы ащы судың кесірінен шамамен 1 адам көз жұмады екен. Ең бастысы, тәжірибе көрсеткендей, «айықтырғыштары» жоқ елдер бәрібір осы тектес әйтеуір бір мекеме салуға мәжбүр. Сондықтан саны екі есеге артатын «айықтырғыштар» араққұмарларды емдеуге емес, қоғамнан оқшаулай тұруға ғана тиімді болуы мүмкін сияқты. Әйтпесе маскүнемдік, қаншама кешенді бағдарламалар қолға алынғанымен, әл бермей отырған дерт.Есірткі саудагерлерінің сан түрлі айласы
Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов синтетикалық есірткі саудасына қатысты мәселенің де өзекті екендігін атап өтті. Оның айтуынша, соңғы уақытта Еуропаның синтетикалық есірткілерінің қаупі ұлғайып келеді. «Себебі диллерлер оны ғаламтор арқылы саудалайды. Олардың ізіне түсу қиын. Ал Қызылорда облысында өсірілген үнді қарасорасының 200 тоннаға жуығын тәркіледік», – деді министр есеп беру кезінде. Бас полицейдің дерегінше, Қызылорда облысы тұрғындары үнді есірткісін өсіруге әбден машықтанып алған көрінеді. Тек соңғы 3 жылда өңірде 150-ге жуық алқап табылып, 200 тонна тыйым салынған өсімдік тәркіленіпті. Ауғанстаннан төнген қауіп бір бөлек. Қазақстан сияқты транзиттік елде героинның 10 пайызы қалып қояды деген ақпарат бар. Министрдің сөзінше, синтетикалық есірткінің формуласы жиі ауысады. Құқық қорғаушылар күдіктіні қолға түсіргенімен, тәркіленген заттың атауы заңда болмай шығады. «Біз тек заңда көрсетілген затты ғана есірткі деп танимыз. Біз мәселен, заң жүзінде героин мен апиынды есірткі деп бекітеміз. Егер тәркіленген есірткі түрі заңда көрсетілсе, онда есірткі деп санап, адамды жауапқа тартамыз. Бірақ соңғы уақытта синтетикалық есірткінің формуласы үнемі өзгеріп тұратын болды. Біз есірткі таратқандарды ұстаймыз, алайда кейін тексере келе мұндай есірткі біздің тізімде болмай шығады. Сәйкесінше, ұсталған адамды жауапқа тарта алмаймыз», – деп түсіндірді жағдайда бас полицей. Мұндай жағдайда министрліктегілер оны тез арада есірткілер тізіміне енгізеді. Бірақ біздің елде заң мемлекеттік органдар, Мәжіліс, Сенаттан өтіп, 7 ай дегенде қабылданады. Сөйтіп, жаңағы затты есірткі деп шешім шығарғанда өндірушілер есірткі құрамын тағы өзгертеді. Осылай елге тарай береді. Ал полиция қызметкерлері тағы да әуреге түседі. Синтетикалық заттардың саудасы, әсіресе, сайттарда қызып тұр. Ғаламтор желісі арқылы синтетикалық есірткілер түрін саудалап, қалталарын қампайтып отырған топтардың бар екендігін ешкім жоққа шығармайды. Сорақысы сол, ақшасы бар кез келген жасөспірім интернеттегі сайтқа кіріп, төлем жасаса, улы затты уысына оңай түсіре алады. Сонымен қатар, осы уақытқа дейін 18-20 жас аралығындағы 8 жігіт есірткі сатқаны үшін ұзақ мерзімге сотталыпты. Ал тәртіп сақшылары ғаламтор арқылы есірткі саудасымен айналысатындармен заманауи технология арқылы күресетін бірнеше тергеу тобының құрылғанын айтуда. Бүгінге дейін құзырлы орган синтетикалық есірткі саудасымен айналысатын сайттардың 198-ін анықтап, жапқан. Біздің елде жағдайды бұдан былай Үкімет қаулысымен реттеу көзделіп отыр. Тағы әр тәркіленген есірткі түрі тізімге енгізіле береді. Сөйтіп, қолға түскендердің кінәсі дәлелденсе, торға да түсіруге болады. Алайда нашамен айналысушылар жаңа айла тауып алуы әбден мүмкін.Жол ережесін елемейтіндер көп
Елімізде жиі тіркелетін құқық бұзушылықтардың бірі – жол ережесін бұзу. Министрдің мәліметінше, жол ережесін елемейтіндер еліміздің оңтүстік өңірлерінде көп екен. Республика бойынша жол-көлік оқиғасының 58 пайызы Алматы қаласы және Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстарында тіркеледі. Жол-көлік оқиғасынан көз жұмғандардың 57 пайызы да аталған өңірлерде. Сондықтан, министр осы жақта бекеттер салып, бейне бақылауды күшейту қажеттігін айтады. Министр бұл аймақтарда жұмыс күшейтілетіне уәде берді. Жыл басынан бері елде 614 адам жол апатынан көз жұмған. Тағы 7 мыңы жарақат алыпты. Апаттың 90 пайызы көлік жүргізушілерінің кінәсінен болады. Олардың 30 пайызға жуығы жылдамдықты асырған. Жұртшылықтың қауіпсіздігін қорғап, жолдағы апатты жағдайларды азайту мақсатында жол-патрульдік полициялары көлікті қалай болса солай айдайтын жүгенсіз жүргізушінің талайын тәртіпке шақырып әуре. Бірақ одан оңды нәтиже болып тұрған жоқ. Жол ережесін елемейтін жүргізушілердің кесірінен талайлар зардап шегуде. Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, жол апатының кез келген түрі жол ережесін білмегендіктен, оған бағынбағандықтан және тым асығыс болғандықтан жасалады екен. Бірақ ат жалы мен көлік рөлінің қызуы бар деп білетін қазақтар бұған онша елең етпейтін сияқты.