ҚАМЫҚҚАН ҚОС ШАТЫРЛЫ ҮЙЛЕР
ҚАМЫҚҚАН ҚОС ШАТЫРЛЫ ҮЙЛЕР
Әсем Алатаудың етегіндегі қаланың тіршілігі қайнап жатыр. Бір-біріне жапсарлас салынған зәулім һәм қос шатырлы үйлер аспанмен таласып тұрғандай. Біз іздеген «Кооператор» бау-бақша серіктестігі қаладан қашық болмаса да, жолды таба алмай біраз әбігерге түстік. Сөйтсек, сырт көзге бұйығы жатқан саяжайдың мәселесі өз ішінде былығып жатқан көрінеді.
Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін зарыға күткен тұрғындар жан-жақтан шуылдап қоя берді. Бас-аяғы 130 үй мен 500-дей тұрғыны бар саяжай жұртын әбігерге түсірген кім? Бұл сауалды білуге өзіміз де асықтық. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, «Кооператор» бау-бақша серіктестігінен екі жер телімін алып, үй салған Жұмабек Сырлыбаев мұнымен тоқтамапты. Ол кәдімгі жоспарда бар жолды да өз жер теліміне қосып алған көрінеді. Соның салдарынан мұндағы халық қалаға шығу үшін екі шақырымдай жерді айналуға мәжбүр.
Алматы қаласының Наурызбай ауданына қарасты «Кооператор» бау-бақша серіктестігінің тұрғындары бассыздық әрекетке барған көршісіне наразы. Он екі жыл бойы соттың табалдырығын тоздырған олар әділетті шешім күтумен келеді. «Кооператор» бау-бақша серіктестігі төрағасы Олег Халидулиннің сөзінше, Жұмабек Сырлыбаев бас жоспардағы 0,067 гектар жолды жауып, №133 жер теліміне жалған акт жасатып алған. «Жер телімін үлкейтіп алу үшін қалаға қатынайтын маңызы бар жолды да қосып алды. Бірақ қандай жолмен? Мұндай жалған құжатты Жер комитеті қалай берген? Бәрінен де сол түсініксіз. Біз сот арқылы құжаттың заңсыз екенін анықтағымыз келді. Мөр де қолдан жасалған. Заң бойынша хаттама, кворум болуы керек. Мұның ешқайсысы жоқ. Оның қолындағы құжатта тұрғындар жиналысының хаттамасы қыста өтті делінген. Саяжайда қыста ешкім бола бермейді. Осылайша, жолды жауып, пайда көргісі келген адамнан не сұрайсыз? Тіпті, бұл саяжайда тұрмайды да, үйдің қожайыны ретінде жарна, салық төлеген емес. Заң органдары неге көзжұмбайлыққа жол беріп жүр?», – дейді ол.
Шын мәнінде, Жандосов көшесіне шығатын негізгі күре жол жабылған соң мұнда жедел жәрдем мен құтқару қызметінің көліктері дер кезінде жете алмайтын болған. Сырлыбаев жолды жапқалы бері үш үйден өрт шығып, бір демде күлі көкке ұшыпты. Себебі өрт сөндіру көлігі саяжайға жеткенше әлгі үйлер өртеніп үлгерген. Баспанасының көз алдында қызыл шоққа айналғанын еске түсірген Алексей Фролов: «Өрт сөндіру қызметінің көмегіне алғаш рет жүгініп едім. Оның өзінде уақытында көмек бере алмады. Әрине, олар айналма жолмен келгенше үйім қара күл болған еді. Қалаға шығатын негізгі жолдың жабық болуы бәріне кесірін тигізуде. Тіпті, жедел жәрдем келе алмайды. Кәрі де, жас та ауырады. Жедел жәрдем жеткенше өліп те кетті біразы», – деді ашынып.
Ал мүгедек баланың анасы Анна Павленконың айтарға сөзі жоқ. Ол осындай кең заманда кейбір адамдардың пейілінің тарылып кеткеніне іштей қапалы. «Балам күндіз де, түнде де ауырып қалады. Жедел жәрдемді жиі шақырамын. Бірақ көбінесе адасып кетеді. Кейде баламды әртүрлі ем-домға апару үшін инватаксиге иек артамын. Олар да мекенжайды таба алмай, зәрезап болады. Себебі жол жоқ. Енді не істерімізді де білмейміз. Бар сұрайтынымыз, қалаға шығатын жолды ашып берсеңіздер екен...», – деді көз жасына ерік беріп.
Міне, осынау заңсыздық әрекетті әшкере ету үшін жергілікті тұрғындар Ж.Сырлыбаевтың үстінен шағым түсіреді. Құқық қорғау органдары мен қалалық, жергілікті әкімшілік халықтың талабын ескеріп, мәселені көпке созбақтамай шешіп беретініне сендірген. Алайда, тұрғындар соттан сотқа сандалып, 12 жыл уақытын сарп еткенін айтады. Осы уақыт ішінде екі сот отырысы Қарасай ауданында, бір аппеляциялық сот Талдықорғанда, кассациялық сот Астанада өткен. Шағымданушы тарап Талдықорған қалалық сотында жеңіске жеткенмен, кейінгі шешім Сырлыбаевтың еншісіне бұйырыпты. Соған қарамастан «Кооператор» тұрғындары әлі де әділетті шешімнен үміт үзбейтінін жеткізді.
«Әбден амалымыз таусылғасын Жұмабек Сырлыбаевқа келіп, қаласаң ақшасын төлейік жолды аш деп өтіндік. Өйткені саяжай тұрғындары бұл жермен өтсе, ол қолына күрек алып, өткендердің кәрі-жасына қарамай қуалайды, тас атады. Кім көрінген заңсыз құжат арқылы акт жасап, жолды жауып ала берсе, не болады? Біз қолындағы құжатты қандай заңға сүйеніп алғанын білгіміз келеді. Міне, соттасып келе жатқанымызға – 12 жыл. Бәлкім, оның жоғары жақта аға-көкелері бар шығар, кім білсін? Дегенмен, күре жол жекеменшік емес қой. Халықпен санасу керек емес пе?! Адам баласы осыншама ашкөз болар ма?! Біз Алматы қаласы әкімінің орынбасарына да кірдік. Ол бір жарым айда жолды ашып береміз деген еді. Сол уәдеге әлі сеніп келеміз», – деген №48 үй тұрғыны Мұрат Жиенбаев шенеуніктерден бұл істі тезірек шешіп беруін өтінеді.
Жергілікті тұрғындардың шағымын тыңдаған соң, жұрттың мазасын қашырған Жұмабек Сырлыбаевтың өзімен тілдескіміз келген. Алайда ол бұл жерде тұрмайды екен. Біз тұрмақ, жергілікті әкімшілік мамандарына да ұстатпайтын көрінеді. «Сырлыбаевтың өзімен тікелей кездесіп, осы мәселе жайында түсінік беріп, келіссөз жүргізуге барсақ, ол кісіні таппай қайтамыз. Есігін қаққан күнде де ол кісі ашып, бізбен сөйлесіп жатпайды. Жолды жабуы заңсыз. Құдайы көршінің қылығы осы ма? Күре жолды қара басымдікі деп бекіткен ол үйінің жанына дәл мынадай бетон қабырғаларды әкеп қойған. Әуелі күре жолды жапқаны аздай, бетон дуалдармен жолды да бекіткен. Енді айтуға сөз жоқ», – деді атын атамауын өтінген жергілікті әкімдік өкілі.
Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс?
Біз бұл мәселе бойынша тұрғындардың қолында бар құжаттармен танысып шықтық. Бұған дейінгі өткен сот отырыстарының да шешімі бар. Бәрі заң талаптарына сай жүзеге асқан. Бірақ 12 жылға созылған түрлі сот процестерінің тұшымды жауап таба алмай келе жатқаны мүлдем қызық. Ал құжаттарды сөйлетсек, айталық 2013 жылдың 11 наурызы күні Талдықорған қаласында өткен сот отырысының шешімі бойынша, Жұмабек Сырлыбаевтың 22.02.2007 жылы №900135 актісі жалған екені ескерілген. Сондықтан Алматы облысының соты «Кооператор» бау-бақша серіктестігінің шағымын толықтай қанағаттандырады делінген. Сондай-ақ, «22.02.2007 жылы берілген №900135 мемлекеттік акт құжаты мен мемлекеттік тіркеуі заңсыз деп табылсын» дегенді бадырайтып жазса да, бұл мәселе де әлі күнге шешілмей отыр. Бұдан кейін де сағызша созылған сот отырыстары жалғасып келеді. Соңғы жылдары жұрттың көкейіне «жерді заңсыз басып алып, иелік ету» деген астамшыл пиғыл дендеп еніп алған сияқты. Әсіресе, Алматы және Астана сынды ірі қала іргесіндегі елді мекендерде осындай өрескел оқиғалардың жиі орын алғаны жалпақ жұртқа мәлім. Заң бар жерде – тәртіп бар. Алайда әркім заңды белден басып, өз дегенін істей берсе, заңнамалық құжаттың қаншалықты маңызы бар? Жалпы, мемлекет меншігіндегі жерді заңсыз басып алу неге көбейіп кетті? ҚР Бас прокуратурасы жер телімдерін заңсыз басып алуға тосқауыл қою жөніндегі жұмысты негізгі үш бағыт бойынша қарастырғанын ескерген жөн. Олар – жерді басып алуға себеп болатын жағдайларды жою, осындай фактілерді алдын алу жүйесін жетілдіру және жерді басып алумен байланысты жағдайларды құқықтық шешу. Халыққа арналған жер телімдерімен алаяқтық фактілерін болдырмау бойынша жадынамалар әзірлеген Бас прокуратура онда жер телімдерін беру тәртібі, қалай алаяқтардың құрбаны болмау, келісімдерді қалай дұрыс жасау, қалай жер заңнамасын бұзушыға айналмау бойынша ұсыныстар және басқа да маңызды кеңестер ұсынды. Жерге қатысты заң бұзушылықтардың жолын кесудің тиімсіз жүйесі, жерді бөлу рәсімінде ашықтықтың жеткіліксіздігі жерді өз бетімен басып алудың негізгі себептері ретінде аталып өтілді. Бас Прокуратура атап өткендей, жер әрқашан ең маңызды игілік болған және бола береді, сондықтан біз бірлескен күш-жігерімізбен жеке үй құрылысына арналған жерді пайдалануды тәртіпке келтіруіміз қажет. Әрине, жер мәселесіне қатысты түйткілдер біртіндеп шешімін табуда. Дегенмен, әлі де заңға бағынғысы келмейтін кекірттердің әр жерден төбе көрсететінін жасырып қайтеміз. Жерді өз бетімен басып алуға негізгі себеп не? Бірінші – жасаған істеріне жауапкершіліктің жоқтығы. Қылмыстық кодекстің 201-бабының нормасы қолданылмайды. Екінші, әкімдіктер жерлерді уақтылы тексермейді. Өздігінен басып алудың жолын дер кезінде кеспейді және құқық бұзушылар осыны пайдалануды жалғастыруда. Үшінші, жерлерді бөлу рәсіміне сенімсіздікпен қарау. Адамдар жердің адал жолмен, тамыр-таныссыз алынатындығына сенбейді. Төртінші, жеке тұрғын үй салуға дайын жердің болмауы. Демек, жерлерді өздігінен иеленіп алуға қарсы іс-қимылдың тиімді тетігін құру керек. Ол үшін қылмыстық жазалаудың тиімсіз жүйесін қайта қарау, жерлерді басып алуды Қылмыстық қудалаудың жеке құрамына шығару ұсынылады. Екінші, жерлерді басып алу фактілері бойынша мемлекеттік бақылау рәсімдерін жеңілдету. Үшінші, барлық жерде өздігінен басып алуды ерте анықтау жүйесін құру. Ол үшін спутниктің мүмкіндіктерін пайдалану арқылы заңсыз басып алуды көру және оны дер кезінде жолын кесу.Жерді заңсыз басып алудың соңы
Біз – құқықтық мемлекет құруға талпынып отырған мемлекетпіз. Ал кез келген құқықтық мемлекетте заңның салтанат құруы бірінші кезекте тұрады. Азаматтары заңды белден басып, өзімбілемдікке салынған елдің ертеңі бұлыңғыр. Ал енді жерді заңсыз басып алу – бассыздық. «Судың да сұрауы бар» демекші, қазіргі заманда иен жатқан жер жоқ. Ол жер біреудің меншігі болуы мүмкін, не болмаса жер мемлекеттікі болады. Үй салмастан бұрын азаматтар «жерді пайдалану үшін рұқсат бар ма, жоқ па» деп құқықтық органдардан сұрап білуі маңызды. Соңғы жылдары Алматы сияқты ірі қаланың маңына заңсыз жолмен халық көптеп қоныстанып алды. Оған билік рақымшылық жасап, заңдастыру жұмыстарын жүргізді. Яғни шоғырланған халықтың жылы орнын суытқан жоқ. Алайда халық осыдан кейін сабақ алуға тиіс еді. Десек те, мүлде тұрғын үй салуға болмайтын сай жерлерге баспана тұрғызып, көктемде жауын жауып, судың астында қалғанда әуелі кімді кінәлайды? Бұл төтенше оқиғаларға жергілікті әкімдік те, жер комитеті де жауапты емес. Оған сол жерлерді заңсыз басып, бейберекет үй салып алған тұрғындардың өзі жауапты. Осындай қателіктердің орын алуы заңға бағынбаудың салдарынан болып отырғанын түсінуіміз керек. Иә, билік халықтың жағдайын жасауы керек. Бірақ халық та өз кезегінде биліктің қабылдаған заңдарын мүлтіксіз орындауы шарт. P.S. Ал егер жекелеген азаматтар өз қамын күйттеп, дүйім жұрттың құтын қашыруын доғармаса ше? Өзімбілемдікке салынып, заңға мұрын шүйіре қарайтындарға тосқауыл жоқ па? Әу бастағы жоспарда бар маңызды жолды төтесінен жауып, жер телімі үшін көрші-қолаңмен сотта кездескен Жұмабек Сырлыбаевтың не көздегені бар? «Кооператор» бау-бақша серіктестігі тұрғындарының көбі сот органдары үкілеген үмітіне селкеу түсірмей, әділетті шешім шығаратынына сенім білдірсе де, күйкентайдың күнін кешіп қалғаны байқалады. Тіпті, топтың ішінен: «Өткенде бір орыстілді газет бізді қорғап жазып еді, іле-шала сол журналист қаралап жазды. Кімге сенеміз? Ақ пен қараны ажыратып беретін тілші де қалмаған ба?!» деген ренішін жасырып қалған жоқ. Біз көрген-білгенімізді жаздық. Ал ендігі үміт қара қылды қақ жаратын сотта ғана.