Жаңалықтар

ҰБТ сынағы басталды

ашық дереккөзі

ҰБТ сынағы басталды

Кеше елімізде ұлттық бірыңғай тестілеу сынағы басталды. 20 маусымнан 1 шілдеге дейін 167 ҰБТ өткізу пунктінде өтетін сынақ осымен он бесінші рет өткізіліп отыр. Бұл жылдар ішінде ҰБТ-ға 1,5 млн-нан астам мектеп бітіруші қатысқан. 2017 жылға дейін ҰБТ үш функцияны атқарды. Атап айтқанда, 11 жылдық оқуды аяқтау қорытындысы ретіндегі бітіру емтиханы, жоғары оқу орындарына түсу емтиханы жəне түлектерге мемлекеттік гранттарды тағайындау механизмі. Былтырдан бастап ҰБТ-ның жаңа форматы енгізілгені мəлім. Яғни, қорытынды аттестаттау немесе бітіру емтихандары мектептерде өткізіледі де, ҰБТ жоғары оқу орнына түсу жəне мемлекеттік гранттарды тағайындау емтиханы болып қала береді. Осы жылғы ҰБТ форматында өзгеріс жоқ. Ал тест сұрақтары 50 пайызға жаңартылды. Биыл ҰБТ-ға қатысуға өтініш берген мектеп бітірушілердің саны – 102 442 (70 пайыз). Оның ішінде 77 мың (76 пайыз) түлек қазақ тілінде, 25 мың (24 пайыз) түлек орыс тілінде тапсырады. Былтырғы жылмен салыстырғанда, ҰБТ тапсыруға өтініш берген мектеп бітірушілердің саны 10 мыңға өсіп отыр. Сəйкесінше, қазақ тілінде тапсыратын балалардың саны 5 пайызға өсті. Бір айта кетерлігі, мектеп бітірушілерге алғаш рет тестілеуді ағылшын тілінде тапсыру мүмкіндігі беріледі. Сондай-ақ, Білім жəне ғылым министрлігі ҰБТ нəтижелері бойынша мектептер рейтингін жүргізбейді. Түлектердің ҰБТ-ға дайындығы үшін сынамалық онлайн тестілерінің функционалы жетілдірілді. Енді одан үйде отырып-ақ өтуге болады. Бүгінге дейін 145 мың рет онлайн-тест тапсырылған. Тест тапсырушыларға арналған жағдайды жақсарту мақсатында биыл əр түлекке ҰБТ сертификатымен бірге бейіндік пəндердің комбинациясы бар ақпараттық парақша беріледі. Сондай-ақ, қандай мамандықтарға баруға болатыны туралы мамандықтар тізімі ұсынылады. Ал ҰБТ-ға белгілі себеппен қатыса алмаған талапкер келесі лекпен немесе кешенді тестілеу тапсырады. Сонымен бірге ерекше білім алу қажеттілігі бар балалар жеке көмекшімен немесе сурдоаудармашы мамандармен қамтамасыз етіледі. Қазақстан бойынша тегін қоңырау жасауға болатын бірыңғай call-орталық іске қосылды.