Алматы жанынан төрт қала пайда болмақ
Үкімет отырысының күн тәртібі бойынша Алматы агломерациясы жобаларын іске асыру барысы туралы Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Р.Скляр, Алматы қаласының әкімі Б.Байбек және Алматы облысы әкімінің орынбасары Л.Тұрлашов баяндады. Ұлттық экономика министрінің айтуынша, қазақ елінің Алатау бөктеріндегі жаңа әрі алып агломерациясы аумағы – 9,4 мың шаршы шақырымға немесе бір миллиондай, дәлірек айтқанда, 939,5 мың гектар жерге созылып жатпақ. Бұл Ватикан, Монако, Сан-Марино, Лихтенштейн, Мальдив, Мальта, Бахрейн, Сингапур, Люксембург, Бруней, Палестина, Кипр сияқты кішкентай 34 мемлекеттің территориясынан да үлкен көрінеді. Алматы агломерациясы халқының саны 2017 жылдың қорытындысы бойынша 2,9 млн адамға жетті, соның ішінде бір Алматы шаһарында 1,8 млн адам тұрады делінді. Қала халқының тығыздығы 1 шаршы шақырымға 2,6 мың адамнан келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ол бүкіл еліміздің ЖІӨ-сінің шамамен 22 пайызын бір өзі берді. Алматы республикалық бюджеттің негізгі донорларының бірі. – Алматы – еліміздің агломерациялық орталық ретінде белсенді қалыптасушы ірі мегаполисі. Қаланың тартылыс аймағына онымен экономикалық, еңбек және әлеуметтік тұрғыдан тығыз байланысты Талғар, Есік, Қаскелең, Қапшағай қалалары мен Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Іле, Қарасай және Талғар аудандарының елді мекендері кіреді. Алматы адамдық, қаржылық ресурстардың, білім беру және ғылыми әлеуеттің көп шоғырлануымен, ұлттық және әлемдік нарықтармен байланысты қамтамасыз ететін дамыған инфрақұрылымымен ерекшеленеді, – деді Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов. 2013 жылғы 6 маусымда Үкімет қаулысымен Алматы агломерациясын дамыту жөніндегі іс-шаралардың 2020 жылға дейінгі Өңіраралық жоспары қабылданды. Онда 67 іс-шара көзделген. Оның 16-сына министрліктер (БҒМ, ДСМ, ИДМ, ҰЭМ, ЭМ, МСМ, ІІМ), ал 51-іне – облыстар, Алматы қаласы және Алматы облысы әкімдіктері жауапты. Осы іс-шаралар жоспарын іске асыру үшін республикалық бюджеттен 23,6 млрд теңге, ал жергілікті бюджеттен 362,8 млн теңге қарастырылған. Бюджеттен қаржыландыруды талап ететін 11 іс-шараның ішінен бүгінде жалпы сомасы 1,5 млрд теңге болатын 2 іс-шара орындалуда, бұл ғылыми-зерттеу институтының зертханалық корпусының және жатақхана құрылысына қатысты. Шығынды қажет ететін қалған іс-шаралар іске асырылып болған. Жалпы алғанда, Өңіраралық жоспардың қазір тек 6 іс-шарасы орындалу үстінде. Қалғаны жүзеге асырылды. – Мемлекет басшысының 2017 жылғы 20 қыркүйектегі «Алматы қаласын әлеуметтік-экономикалық дамыту» кеңесінде берген тапсырмасына сәйкес, қала әкімдігі Алматы қаласының мастер-жоспарын әзірлеуде, құжат 2018 жылдың соңына дейін дайын болуға тиіс. Елбасы қойған міндет бойынша 2018 жылдың соңына дейін ірі қалалардың, соның ішінде Алматының 2050 жылға дейінгі ұзақмерзімді стратегиясы әзірленуге тиіс, – деді министр Т.Сүлейменов. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің дерегінше, Алматы агломерациясын 2020 жылға дейінгі дамыту жөніндегі Өңіраралық жоспарына сай, өнеркәсіп объектілерін Алматы қаласының сыртына шығару қолға алынған. «Соңғы 5 жылда агломерацияның перифериялық аймағы аумағына 31 кәсіпорын шығарылды. Бұдан бөлек Алматының қолданыстағы кәсіпорындарын индустриалды аймақтарға шығару жұмыстары жүргізілуде», – деді Ж.Қасымбек. Қазіргі кезде арнайы экономикалық аймақ (АЭА) аумағында 16 компания ғана жұмыс атқаруда. Олар 151 гектар жерде жалпы сомасы 427 млрд теңге тұратын 26 нысан құрылысын жүргізуді жоспарлауда. Терминалдық аймақ нысандары және «Самұрық» орталық алаңының» екі сауда үйінің құрылысы тәмамдалған. Биыл 124,2 млрд теңгенің 5 нысаны іске қосылады. 91 млрд теңгеге бағаланған 12 жоба конкурстық рәсімдерден өтуде екен. «Алматы агломерациясы – 2020» жоспарының 13-тармағында «G4 City қала-спутниктерінің аумағында «Жаңа Алматы» арнайы экономикалық аймағын құру» ұсынылған. Айта кету керек, G4 City жобасына сәйкес, Алматының жанында жаңадан 4 қала пайда болмақ. – «Жаңа Алматы» АЭА-сын құру мәселесі G4 City спутник қалалар тұрғызылғаннан кейін пысықталатын болады. G4 City жобасын іске асыру 2008 жылы басталды. Техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес, 2030 жылға дейін Алматының бірінші Gate City қала-спутнигі тұрғызылуға тиіс. Республикалық бюджеттен 34,2 млрд теңге бөлінді. Бұған Gate City-дың бірінші кезеңінде сумен, газбен және электрмен жабдықтау нысандары – барлығы 9 ірі объекті салынды. Көліктік айырым жолдарының жұмыстары аяқталуда, осы жылы пайдалануға беріледі. 2017 жылғы желтоқсанда жылумен жабдықтау желілерінің 1-кешенінің құрылысы аяқталды, – деді Инвестициялар және даму министрі. Елбасы тапсырмасын орындау мақсатында Алматы агломерацияның 2030 жылға дейінгі ұзақмерзімді жоспарының жобасы әзірленіпті. 150-ден астам іс-шарадан тұратын жаңа әрі кеңейтілген бұл құжат 2018 жылдың 1 шілдесінде бекітілмекші.