ТАЛАПТАРЫ ТАУДАЙ …

ТАЛАПТАРЫ ТАУДАЙ …

ТАЛАПТАРЫ ТАУДАЙ …
ашық дереккөзі
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы 2014 жылдан бастап «World Robot Olympiad» халықаралық жарысының Қазақстандағы ресми үйлестірушісі. Мұндай сайыстың берері көп. Бұл еліміздің түкпір-түкпіріндегі талабы таудай, робот техникаға бейім талантты балаларды жарқыратып көрсету мен олардың өзара тәжірибе алмасуы мақсатындағы жақсы жоба. Мектеп оқушыларының «World Robot Olympiad» сайысына қызығушылығы өте жоғары. Олардың қолынан шыққан роботтехникалар да мамандардың тарапынан жақсы бағаға ие. Әрине, халықаралық жарысқа жету үшін өңірлік сынақтардың өзінен өту оңай емес. Өйткені талаптанған оқушылар өте көп. Олар іріктеу кезеңдерінен сүрінбей өтуі тиіс. Биылғы іріктеу де өте тартысты болған. «Жүзден жүйрік шыққандар» осы күндері Астана қаласындағы Халықаралық мектепте өтіп жатқан ұлттық чемпионатқа жолдама алды. Биылғы чемпионат 1560 қатысушыны қамтыды. Олардың 286-сы Зияткерлік мектебінің оқушылары. «World Robot Olympiad» деген атаумен робототехника бойынша өтіп жатқан ұлттық чемпионатқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен екі жүз елуден астам оқушы қатысты. Олар төрт түрлі категория бойынша бақ сынасты: «Негізгі», «Шығармашылық», «Робот футболы» және «Smart City». Жарыстың ең жас қатысушылары 7-8 жастағы бүлдіршіндер. Олардың ішінде Зарина Тұрғанбекова Павлодар қаласындағы №25 орта мектебінің 1-сыныбын үздік тәмәмдаған. Дәл осы мектептің 1-сынып үздігі Қонақбай Асаинның «Робот тек ойыншық емес» авторлық жобасы облыстық жарыста екінші орынға ие болған. Павлодар қаласының тағы бір жас инженер-робототехнигі Алдияр Айтекенов №9 мектеп-гимназиясының 1-сыныбын үздік аяқтап отыр. Биылғы Республикалық чемпионаттың жеңімпаздары қараша айында Тайландта өтетін WRO-2018 халықаралық олимпиадасында ұлттық команда құрамында Қазақ­стан­ның намысын қорғайды.