«АСҚАҚТАЙ БЕР,  АСТАНА!»

«АСҚАҚТАЙ БЕР,  АСТАНА!»

«АСҚАҚТАЙ БЕР,  АСТАНА!»
ашық дереккөзі

 КЕРЕК ДЕРЕК

***

Оңтүстіктің елді мекендерінде  26 көшеге «Астана» атауы берілді. 

***

«Елордаға сыйлық» жобасы бойынша оңтүстік өңірден Астана қаласына тарту ретінде жалпы құны шамамен 766,2 млн теңгені құрайтын Есіл өзені бойындағы орталық саябақ пен Министрліктер үйі аралығына дейін 5,173 шақырым веложол салынуда.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына байланысты оңтүстік өңірде ауқымды жұмыстардың жүзеге асқанын қолөнер және қылқалам шеберлерінің «Астана» концерт залының фойесінде ұйымдастырылған «Ел жүрегі – Астана» кешенді көрмесінен анық байқауға болады. Онда 500-ге жуық жұмыс қойылды. Негізгі мақсат – рухани мұра болып қалған құнды жәдігерлерді, елдің-жердің тарихы мен шежіресін Астана жұртшылығы мен қонақтарына паш ету, қолөнершілер мен фотосуретшілердің, мүсіншілер мен қылқалам шеберлерінің туындыларын насихаттау. Түркістан облысында қасиетті, киелі жерлер, тарихи-мәдени орындар өте көп. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында осындай орындардың тізімі жасалып, арнайы экспедициялар ұйымдастырылып, танымдық іс-шаралар өткізілген. Бұл туралы көркем, анимациялық, деректі фильмдер түсірілген. Осы жайындағы бейнематериалдар мен фотосуреттер кешенді көрмеге қойылған. Белгілі қылқалам  шеберлерінің шығармалары, қолөнер бұйымдары, облыстың көркем жерлері бейнеленген фотосуреттер де, ақын-жазушылардың кітаптары мен ұлттық киімдер де, Астананың көрікті орындары бейнеленген кілемдер мен «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына енген азаматтар туралы мәліметтер де осы кешенді көрмеде. Астанаға тарту ретінде жасалған көрменің ерекшелігі – 11 экспозициялық бөліктен құралған. Атап айтқанда, «Ұлттық киімдер» бөлімінде Бейісбековтер отбасы мен Есімбекова Гүлназияның ұлттық сәндік киім түрлері, облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорындағы ұлттық киімдер қойылды. «Оңтүстік ғажайыптары» – өңірдің әсем табиғат көріністері мен тұрмыс-тіршілігін, көрікті жерлерін суреттейтін, сондай-ақ, TURKSOY-ға мүше фотосуретшілер мен облысымызға белгілі фотосуретшілердің Қазығұрт, Түркістан, Кентау, Отырар, Қаратау, Сарыағаш, Жетісай, Созақ, Бәйдібек, Түлкібас, Төле би, Сайрам аудандары мен қалаларында түсірген фотосуреттері. «Оңтүстіктің киелі орындары» – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жасалған «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша қасиетті, киелі жерлердің тізіміне оңтүстіктен енгізілген тарихи-мәдени нысандардың фотосуреттері қойылған. Мұны кешенді карта деуге болады. Республикалық және жергілікті тізімге енгізілген қасиетті де киелі жерлер туралы толық ақпарат алуға мүмкіндік бар. Ал «Суретшілер,  қолөнер  шеберлерінің туындылары» бөлігінде облыстық Бейнелеу өнері музейінің бағдарлама аясында жинаған құнды жәдігерлері мен суретшілердің шығармашылық жұмыстары, қолөнершілердің көркем өнер бұйымдары қойылған. Оңтүстік өңірде елге танымал ақын-жазушылар жеткілікті. Олардың көбі «Рухани жаңғыру» бағдарламасына және туған жердің табиғаты мен тарихына байланысты бірнеше кітаптарды шығарып үлгерді. Оның бәрі тарихи-танымдық басылымдар. Осындай дүниелердің барлығы ақын-жазушылардың кітап көрмесіне топтастырылған. «Қазақстандағы 100 жаңа есім жобасына» да күнгей өлкеден енген азаматтар бар. Олардың фотосуреттері мен өмірбаян деректері осы көрмеде. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыста ай сайын кем дегенде ауқымды бір іс-шара өткізіледі. Осы жөнінде астаналықтарды хабар ету үшін көрмеде арнайы бөлім қарастырылған екен. Оны тамашалаушылар да аз болған жоқ. «Рухани жаңғыру» бағдарламасына байланысты оңтүстікте түсірілген көркем, анимациялық, деректі фильмдер жеткілікті. Оның біразы астаналықтардың назарына ұсынылды. Елордадағы оқушылар сарайында және мектепке дейінгі мекемелерде көрсетілді. Туындыларға жұртшылық жақсы баға беріп отыр. Көрмеден осы туралы да толық мағлұмат алуға болады. Оңтүстіктің қолөнер шеберлері Астананың 20 жылдығына байланысты қаланың көрікті жерлері бейнеленген кілемдер тоқыған екен. Көздің жауын алатын ерекше бұйымдар көрменің көркін асырып тұрды. «Туған жер» бағдарламасы шеңберінде облыстың өсіп-өркендеуіне лайықты үлес қосып жүрген кәсіпкер азаматтар да қалыс қалмапты. Олар жайлы да көрмеден мол мәлімет алуға болады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында оңтүстік өңірде әлі де жүзеге асатын жобалар көп. Түркістан, Отырар, Ордабасы, Қазығұрт, Шымкент қалаларында салынуы тиіс нысандар аз емес. Соның нобайы мен сызбасы көрмені тамашалаушылардың назарына ұсынылған. «Ән мен күй әлдилейді Астананы» атты гала-концерт Түркістан облысының Астанадағы мәдени күндері аясында ұйымдастырылды. Концерт «Шарықтай бер, Астана» театрландырылған-хореографиялық композициясынан бастау алып, дәстүрлі әндер шеруі, қазақ және классикалық, Ш.Қалдаяқов  әндерінен попурри, «Дала рухы» композициясымен жалғасын тапты. Концертке ҚР еңбек сіңірген қайраткері Алтынай Жорабаева, ҚР Халық әртісі Нұржамал Үсенбаева, ҚР Мәдениет қайраткерлері Үрәлхан Сейілбекова, Марат Оразметов пен ҚР еңбек сіңірген әртісі Сәбираш Әбдірайымова және Халықаралық байқаулардың лауреаттары Карина Нажмеддинова,  Мөлдір Исаева, Жадыра Абдуллаева, Нұрқанат Тапиев, Аян Төлеген, Нематилло Зкруллаев, Бекзат Тұрғынбек, Ақмарал Биназарова сынды сахна саңлақтарымен қатар «Тұмар» фольклорлық ансамблі «Қазына», «Шамсинур», «Фараб» би топтары қатысты.  

Ғалым Асыл

Астана