Қысылғанға қол ұшын созды

Қысылғанға қол ұшын созды

Қысылғанға қол ұшын созды
ашық дереккөзі
Мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасы ақтөбелік кәсіпкердің қолынан 2 бөлмелі пәтердің кілтін алды. Қайырымды іске «Нұр Отан» партиясының Шалқар аудандық филиалы ұйытқы болды. «Алтын алқа» иегері, көпбалалы ана Бағила Бекішева бір отбасын өзі асырап отыр. Ол қуырылған тары сатып, табыс табады. Күйеуі Алдаберген Бекіш жасы келген соң, әрі денсаулығына байланысты жұмыс істей алмайды. Олар 6 қыз, 1 ұл тәрбиелеп отыр. Бір қызы туа бітті сал ауруына шалдыққан. Ал жалғыз ұлы жүрегіне ота жасатқаннан кейін еңбекке жарамсыз. Ол да ІІ топ мүгедегі. Көпбалалы отбасының баспанасы ескірген, жыл өткен сайын тұруға жарамсыз болып барады. Қайырымды жандар осы отбасының жағдайын әлеуметтік желіге жазып, партияның облыстық филиалының қолдауына үміт білдірген. Жағдайға қаныққан партиялықтар дереу іске кірісіп, оларға көмек көрсететін демеуші іздеді. – Өзім Шалқар ауданының тумасымын. «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалының өтініші бойынша мүгедек балалар тәрбиелеп, баспана тауқыметін тартып отырған анамен кездестім. Үйге газ тартылмаған, ешкім тұрақты жұмыс істемейді. Бекішевтер мүгедек балаларының зейнетақысы мен тары-талқаннан түскен қаржыға күн көріп отыр. Олардың ауыр жағдайын көріп, жүрегім ауырды. Рамазан айында қайырымды іс жасауға бекініп, мүгедек қызы үшін 2 бөлмелі пәтер алып бердім, –  дейді кәсіпкер Сәуле Дәулеталина. Қайырымды жан мемлекеттік-жеке- меншік әріптестік аясында ауданға сауықтыру кешенін салып, 18 жастағы Гүлшатты тегін емдемек. Айта кету керек, партияның аудандық филиалы жалғызбасты ана Жансая Қазанованың да баспана мәселесін шешіп берді.