Жаңалықтар

ҚАДІРЛІ ҰСТАЗ ҚОЛБАЛАҒА АЙНАЛСА...

ашық дереккөзі

ҚАДІРЛІ ҰСТАЗ ҚОЛБАЛАҒА АЙНАЛСА...

Ұстаздың басты міндеті – шәкірт тәрбиелеу. Бірақ бүгінгі күні мұғалімдердің бұл міндеті кейінге ысырылғандай. Есесіне, қоғамдық және ұйымдастыру жұмыстары ұстаздар қауымының мойнында. Бір сөзбен айтқанда, бала санасына білім нәрін сеуіп, шәкіртіне білгенін үйретуден жалықпайтын мұғалімдердің арқалаған жүгі ауыр. Мұғалімдердің арқасына артылған артық жүк халық қалаулыларын да алаңдатқан сыңайлы. Өткен аптада депутаттар «ұстаздарды қолбала қылып жұмсағанды тоқтату керек» деп кесіп айтты.

«Ұстаздарды қоғамдық  жұмыстан босату қажет»

Мәжіліс депутаттары министрлік пен әкімдіктердің мұғалімдерді қолайлы жұмыс күшіне айналдырып алғанына ашулы. Мәселе ұстаздардың ҰБТ-дағы жауапкершілігінен басталды. Яғни, мектеп директорлары талапкерлерді ұлттық бірыңғай тестілеуге тасуды мұғалімдердің мойнына іліп қойған. Ал Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова ұстаздарды ҰБТ ұйымдастыруға мүлдем араластырмауды талап етіп отыр. Депутаттың сөзінің жаны бар. Өйткені шәкірттер аттестат алғаннан кейін мұғалімнің оқушы алдындағы міндеті де тәмамдалады. Ирина Смирнова бұрын да оқу аяқталғаннан кейін ұстаздарды қоғамдық  жұмыстарға араластырмауды сұраған. Сонда Білім министрлігі биыл ұстаздардың ұлттық бірыңғай тестілеуіне қатыспайтындығын айтып сендірген. Бірақ депутат министрліктегілердің уәдесі орындалмағанын, жылдағы жағдай биыл да қайталанып отырғанын айтты. Оқу аяқталғаннан кейін мұғалімдерді жұмысқа жегу заңсыз екенін, осы арқылы ұстаздардың мәртебесі төмендейтінін айтқан депутат ҰБТ тапсыру және одан сүрінбей өту әр талапкердің жеке шаруасы екенін министрлік пен әкімдіктегілердің есіне  қайта салды. Мәжіліс депутаты Наталья Жұмаділдаева да дәл осындай пікірде. Оның сөзінше, ұстаздар түлектерді ұлттық бірыңғай тестілеуге жетелеп апаруға және мектептер олар үшін барлық құжаттарды жинауға міндетті емес. Мұның бәріне талапкерлердің өздері жауапты болуы шарт. «Сондықтан, Білім министрлігі барлығына мұғалімді жауапты етіп қойған бұйрықты алып тастау қажет», – дейді депутат. Депутат Наталья Жұмаділдаева осы іске байланысты Үкімет басшысының тікелей араласуын сұрады. Ұстаздарды басы артық міндеттен арылту туралы мәселені депутаттар алғаш рет көтеріп отырған жоқ. Жыл басында Мәжіліс депутаты Бақытгүл Хаменова да ұстаздарды ұлттық бірыңғай тестілеу кезіндегі жұмыстардан босату қажеттігін айтқан. «Маусымда құжатын алып кеткен балаға, шілдеде емтихан, ҰБТ тапсыратын балаға мектеп пен оқытушының қандай қатысы бар? ҰБТ мен мектептің арасын алшақтату керек деп ойлаймын. ҰБТ мен кешенді тестілеудің ара-жігін біріктіріп, бір уақытқа қоюға болмай ма? Және бұл науқандық жұмыстан мұғалімдерді босатуға болмай ма?», – деп министрлік өкілдеріне сауал жолдаған еді. Ол кезде Білім және ғылым министрінің орынбасары Асхат Аймағамбетов бұл ұсыныстарды қарастыратындығын айтқан. Бірақ вице-министрдің уәдесі орындала қоймады. Оқу жылы аяқталып, түлектер қолына аттестаттарын алғанымен, мұғалімдер әлі де болса ҰБТ-ның қамымен жүр. Мұғалімдердің мұңын мұңдап жүрген депутат Ирина Смирнова өткен жылы да дәл осы мәселе бойынша әлеуметтік желі арқылы Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа сұрау салған еді. «Мұғалімдер мардымсыз жалақыға жұмыс істей тұра, көптеген қоғамдық жұмыстарға жегіледі. Жалпы орта білімді мысалға алайықшы. Әрбір мұғалімге бекітілген учаске бар, ол оны жылына үш рет аралап шығуы тиіс. Бірнеше көпқабатты үйде немесе саяжайда тұратын 18 жасқа дейінгі балаларды тіркейді. Ал халықтың көбі мұғалімге ондай ақпараттың керегі жоқ деп есептеп, теріс айналады, керек десеңіз, ит қосып қуады! Мұғалімдердің басын қандай қатерге тігіп жатқанымызды ешкім ойламайды да, оның үстіне, мұғалімдердің көбі – әйелдер. Жұмыстан кейін үйіне емес, қоғамдық жұмыс істеуге барады, оларды қорғап, ақы төлеп жатқан ешкім жоқ», – деп жазды халық қалаулысы әлеуметтік желідегі парақшасында. Депутаттың бұл сөздерін еліміздегі орта мектептерде шәкірт тәрбиелеп жүрген кез келген ұстаз растайды.

Мұғалім мұңын кімге шағар?

Жалпы, ұстаздың міндеті – оқыту және тәрбиелеу. Мұғалімнің басты міндеті – оқушыға сапалы білім беру болғанымен, олардың қосымша атқаратын қызметтері шаш-етектен. Мәселен, оқушының жеке картасы, мұғалімнің сапалық құрамы, оқушылардың келіп-кетуі, олардың жазғы демалыста қайда демалатыны туралы есептер дайындау, 0-18 жас аралығындағы балаларды есепке алу мақсатында үй аралау, т.б. Мұғалімдерге міндеттелген күнделікті сабақ жоспары, жас мамандарға қатысты есеп, апталық іс-шаралар, тоқсан соңында табель толтыру, күндік, айлық, тоқсандық, жылдық есептерге сан жетпейді. Сабақтың мақсаты мен міндетін көрсететін күнтізбелік жоспары тағы бар. Міне, осындай сансыз қағазға бас қатырған мұғалімнен тәрбие алған оқушыдан сапалы білімді қалай талап етпекпіз? Үйінде компьютер алдында түн жарымға дейін мектептің жұмыстарын істеп отыратын мұғалімдер де аз емес. Сол атқарған қосымша жұмыстары үшін ақы төленсе де, мейлі дер еді көбі. Алайда ұстаздардың артық жұмысы үшін бір тиын да төленбейтіні баршаға аян. Ал артық жұмыстардан шаршаған мұғалімдердің жүйкесі жұқарып, шаршап жүретіні айтпаса да түсінікті. Өзінің негізгі жұмысынан бөлек әлгіндей артық жұмыстар мойнына артылған мұғалім шаршамағанда қайтеді? Қазіргі уақытта мұғалімдердің білім беруден бөлек талай міндеті бар. Ең алдымен, мұғалімдер әрбір оқу жылында үш рет 6-18 жас аралығындағы балалардың оқумен қамтылуы жайын, олардың әлеуметтік, тұрмыстық жағдайларына зерттеу жасап, мәлімет береді. Бұл мәліметті жинау үшін ұстаздар көше кезіп, сол аумақтағы балаларды бүкіл отбасымен жазып шығады. Ал егер тиісті ақпаратты бере алмаса, ұстаздарды жазалауға дайын мектеп әкімшіліктері де аз емес.  Одан кейін мұғалімдердің түрлі қоғамдық шараларға да қатысуы заңдылыққа айналған. Жасыратыны жоқ, әкімшілік ұйымдастыратын шаралардың басты белсенді қатысушысы – мұғалімдер. Ал олардың мұндай шараларға еркінен тыс тартылатыны көзі ашық жанның бәріне аян. Осылайша, мұғалімнің демократиялық таңдау құқығына да қол салынуда. Оның үстіне, оқушылар жазғы демалысқа кетісімен, кабинеттерін жуып-тазалау, әрлеу де ұстаздардың мойнында. Әрине, мұны жауапты ведомстводағылар жоққа шығаруы мүмкін. Алайда жария етілмеген бұл жағдай көбіне шындық болып шығатыны бар. Кабинеттерін жуып-шайып, жөндеу жұмыстарына қажетті қаржыны да өз қалтасынан шығаратын ұстаздар мұңын кімге шақсын? Ал осының бәрі мұғалімнің міндетіне кіре ме? Мектеп басшылығында, әкімдіктегілерде «мұғалім міндетті» деген түсінік қайдан пайда болған? «Ұстаздар кабинетті тазалау керек», «мұғалімдер қоғамдық шараларға қатысу керек», «ұстаздар көше аралап, санақ жүргізуі керек» деген талаптар қай заңда көрсетілген? Ендеше, бүгінгі ұстаздардың қоғамдық жұмыстарға бей-берекет тартылуы заңсыздық емес пе? Ең құрығанда, еліміздің болашағы – жастардың саналы әрі білімді болып қалыптасуына бірден бір үлес қосатын ұстаздар қауымына лайықты баға бере білгеніміз жөн болар еді.

компьютер де қағазбастылықтан құтқарар емес

Соңғы уақытта көсемді де, шешенді де, батырды да, асылды да тәрбиелейтін мұғалімдердің ерекше кеңсе қызметкеріне айналып бара жатқаны жасырын емес. Десек те, мұғалімдер қауымын қағазбастылықтан құтқару әзірге мүмкін болмай тұр. Білім және ғылым министрлігі білім беру жүйесіне өзгерістер мен жаңалықтар енгізсе де, еліміздегі білім ордалары заманауи білім беру жүйесіне көшсе де, қағазбастылыққа тосқауыл жоқ. Тіпті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Мұғалім мен дәрігер қағазбастылықты қойсын. Мұғалім баланы оқытсын, дәрігер ауруды емдесін» – деп, қадап айтқан болатын. Одан бері де бірнеше жыл өткенімен, ұстаздар қағазбастылықтан әлі де арылмағандықтарын айтып, шағымданып жүр. Балабақшадан бастап, мектеп, колледж, университет мұғалімдері қазір білім берумен емес, есеп дайындаумен айналысады. Мұғалімдердің сапалы қызмет етуіне кедергі келтіретін қағазбастылықтан арылу туралы Елбасы Үкіметке былай деген болатын: «Біз әкімшілік реформаны жүргізудеміз. Бұл қажет емес қағазбастылық пен құжат айналымының қолайсыз үдерісіне айналмауы тиіс. Бүгінде әкім жұмысын бағалау миллиондаған құжатқа айналды. Мен Білім және ғылым мен Денсаулық сақтау министрліктерінде қанша құжат айналымы болып жатқандығы туралы айтқан болатынмын. Осы мәселені қараңдар да, бұл қағаздың барлығын жойыңдар. Осы қағаздардың ар жағында кабинеттерді иеленіп отырған адамдар отыр. Үкімет аппараты Президент аппаратымен бірге осы бағытта жұмыс істеуі қажет». Дегенмен, қызметкерлерді әбігерге салатын құжат айналымы әлі де толастар емес. Мемлекет басшысының сөзінен кейін Білім және ғылым министрлігі бір қорытынды жасауы тиіс емес пе еді? Бірақ министрліктегілердің «барлық мектептерді компьютерлендірдік» дегеннен басқа айтқан сөздері естіле қойған жоқ. Ал шенеуніктер қағазбастылықтан арылатын күн алыс емес деп сендіруден әрі аса алмай жүр. Білім және ғылым министрлігі еліміздегі білім беру нысандарына электронды оқыту жүйесін енгізген болатын. Дәл осы жүйе мұғалімдерді қағазбастылықтан құтқарады деп күткендер көп болған. Алайда «e-learning» жүйесінен еш қайыр болмады. Мұғалімдердің мойнындағы жүкті азайтады деп күткен жүйе олардың жұмысын екі есеге арттырған сыңайлы. Бұрын қағаз жүзінде ғана әзірленетін құжаттардың енді электронды нұсқасын да дайындау міндеті жүктелді ұстаздар қауымына. Әрине, заманауи технология, интернет желісі, электронды білім беру жүйесі дегеннің бәрі қазіргі заманның талабы. Десек те, қағаз толтыру, есеп-қисап, білім беруді бір сәтте электронды жүйеге көшіру мүмкін емес. «Шаш ал десе бас алатын» министрлік тағы да мәселені шешеміз деп, одан ары күрделендіріп жібергендерін өздері де түсінбейтін секілді. Қанша сынға ұшыраса да, мінін түзей алмай келе жатқан білім жүйесіндегі олқылықтарға қазір мұғалімдер де көндіккен. Олар қазір сабақ беруді, балаларды оқытуды жайына қалдырып, қағаз толтырумен ғана айналысады. Қазіргі уақытта қағазсыз ұстаз қадірсіз ұстазға айналды. Тіпті, қағаз толтыра білу қазір ұстаздың біліктілігі мен жоғары санатты екендігін айқындайтын болды. Бүгінде мұғалім деген мамандықтың қадірін қашырған да дәл осы қағазбастылық. Мұғалімдер қазіргі күнде өздерінің ең басты міндетін орындай алмаса, бұған кімді айыптамақпыз? Басшылық тапсырған артық жұмыстан қажыған ұстаздарды ма? Әлде мұғалімдердің мәртебесін көтере алмай отырған министрлікті ме? Дамыған елдің ертеңі – жастардың қолында. Ал сол жастардың сапалы білім алуы мұғалімдерге тікелей байланысты.  Бірақ мұғалімі қағазбасты елдің ертеңгі жастары етекбасты  болатыны баяғыдан дәлелденген ақиқат.