Астанадан Батумиге әуе рейстері қайта ашылды
Астанадан Батумиге әуе рейстері қайта ашылды
"Georgian Airways" әуе компаниясы жаз айларында Батуми-Астана-Батуми бағыты бойынша тікелей әуе қатынасын қайта жандандырады, деп хабарлады ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметі.
"Қазақстан азаматтары мен туристерге қолайлы болу үшін "Georgian Airways" әуе компаниясы 2018 жылдың 22 маусымы мен 1 қыркүйегі аралығында Батуми-Астана-Батуми бағыты бойынша тікелей әуе қатынасын қайта жандандырады. Рейстер аптасына бір рет жұма сайын Embraer 190-100 әуе кемесімен орындалады деп жоспарланған", — деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар, биылғы жылдың 2 шілдесінде Тбилиси-Алматы-Тбилиси бағытымен бір рейс ұшады.
Қазіргі уақытта, Қазақстан мен Грузия арасындағы тұрақты рейстерді отандық әуе компаниялары орындап жүр. Мәселен, "Эйр Астана" әуе компаниясы Алматы-Тбилиси бағытымен аптасына 5 рет, Астана-Тбилиси аптасына 3 рет ұшса, "SCAT" әуе компаниясы Ақтау-Тбилиси бағытымен аптасына 4 рет қатынайды.