ТІЛІМІЗДЕГІ ҚОҢЫР ӘУЕН ҚАЙДА КЕТТІ?
ТІЛІМІЗДЕГІ ҚОҢЫР ӘУЕН ҚАЙДА КЕТТІ?
Тәуелсіз елдің негізгі белгілерінің бірі ретінде жазудың маңызы өте зор. Сондықтан да болар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «біз орыс тіліне қарсы емеспіз, біз оның қазақтар арасына қалай енгізілгеніне келіспейміз» деген сөзі көңілге көп ой салады.
Мұны қазіргі кирилл-қазақ әліпбиіне немесе орыс тіліне теріс қарау деп емес, қайта қазіргі әліпбиіміз бен жазуымыздағы халықтың өз еркімен қалап алмаған, кешегі кеудемсоқ жүйенің өктем саясатының әмірімен күшпен таңылған кейбір кірме әріптерден арылып, таза қазақ әліпбиін жасау бағытындағы игілікті қадам деп түсінуге тиіспіз. Латын әліпбиіне көшу, сайып келгенде, ана тіліміздің болашағын ойлап, қолданыс аясын одан әрі кеңейте түсуге мүмкіндік жасап, табиғи әліпбиіміз арқылы жазудың ауызекі айтуға жасап келе жатқан қиянатын тыйып, қазақы айтылым (орфоэпия) мен жазылым (орфография) талаптарын жүйеге түсіру деп түсіну керек.
Сондықтан әліпби мен жазу мәселесіне әлеуметтік лингвистика тұрғысынан жете назар аударған жөн. Жазу мен әліпби мәселесі бір-бірімен тығыз байланысты. Алдымен әр тілдің дыбыс қорын анықтап, содан кейін әр дыбысты әріптермен таңбалау қажет. Жазбаша тілді ауызша тілдің графикалық бейнесі деуге болады. Жазудың қандай түрі болмасын белгілі бір таңбалар арқылы жасалады. Әліпби жасау үшін алдымен графикалық лингвистика теориясын терең танып, тілдің дыбыс жүйесіндегі фонемалардың өзіндік фонологиялық ерекшеліктеріне жете назар аударып, бөгде тілдерден енген сөздерге қатысты фонемаларды қалай таңбалау керек деген мәселелерді шешіп алу керек, одан кейін тілдің болмысын танытатын негізгі заңдылықтарын біліп, тілдің табиғатына сай келетін, өзіндік дыбысталу ерекшеліктеріне кері әсер етпейтіндей мәселелерді ескеру керек. Жазу барысында әр әріптің өзара кездесу жиілігі де назарға алынуы тиіс.
Латын әліпбиіне көшу мәселесі туралы алғашқы кезде жұртшылық арасында көп пікірталас жүрді. Олардың бірі әлі күнге «латын әліпбиін қабылдаған жағдайда келешек ұрпақ кирилл жазуы негізіндегі бұрынғы бай жазба мұрамызды оқи алмай қалады» деген пікірге, екінші біреулері: «Қазақтың жазба мұрасы көп жылдық тарихы бар елдерге қарағанда (қытай, араб, француз) аз, сондықтан қазіргі жағдайда барлық жазба мұрамыз бен жәдігерлерімізді латын әрпіне бірте-бірте көшіріп алуға мемлекетіміздің мүмкіндігі жетеді» дегенге бой ұрады.
Ең бастысы, әліпби ауыстырудың саясатқа да, басқаға да қатысы жоқ, ең маңызды қажеттілігін тілдің өзі талап етіп отыр. Тілдің ішкі-сыртқы жағдайы қазіргі жазудың (орфография) айтылымға (орфоэпияға) кері әсер етіп, өзге тілден кірген сөздердің салмағы арта түсіп, кірме дыбыстардың төл сөздеріміздің фонетика-грамматикалық талаптарын бұза бастауы секілді күрделі жағдай қалыптасқанын мойындаудан басқа амалымыз жоқ. Себебі біз, қазақтар, орыс тілін өз ана тіліміздей еркін меңгерген, сөздерді араластырып айта беруге де үйренген, тіпті, кейде қай тілде сөйлеп, қай тілде тыңдап отырғанымызды өзіміз де аңғармай қалатын дәрежеге жеттік. Екі тілдің әріптері де бірдей болғандықтан орыс тіліндегі сөздер де ешқандай кедергісіз ене береді.
Бір елден екіншісіне өткен кез келген адам кеден арқылы өтетін, рәсімделетін болса, тілден тілге өтетін сөздер де еш кедергісіз «сайран салып» жүруі тиіс емес. Сондықтан өзге тілден келген кірме сөздер басқа әліпбидегі жазуға кедергісіз, арнайы «рәсімделусіз» өтіп кете алмайды. Осы жағдай ғана кірме сөздерді тіліміздің табиғи ерекшеліктеріне бейімдеп жазып, қазақы дыбыстауға мүмкіндік береді. Әліпби өзгерту мәселесі тек кірме сөздерге ғана қатысты емес, өз тіліміздегі төл сөздерімізді де жазуда кеткен олқылықтарды жөнге келтіруге көмектеседі.
Қазіргі заман – жазу заманы. Адам жазу арқылы білім алады, жазу арқылы бір-бірімен байланыс жасап, жүрген-тұрғанын, жасаған жұмыстарын да жазып отырады, яғни хаттама, түрлі қатынас-іс қағаздары, компьютер, интернет арқылы хабарласулар – бәрі де жазу арқылы жүзеге асады. Осы жазулар бүгінгі ұрпақтың орфоэпия (айталым) заңдылықтарын ұмытып, айтуы да, жазуы да орфография (жазылым) заңдылықтарымен жүруіне итермеледі. Яғни жазу айтылымға әсер ете бастады, бірақ ең дұрысы, жазылым айтылымға қызмет етуі тиіс.
Қазіргі кезде тілімізде өзге тіл сөздері көп болғаны бір басқа, ата-баба дәстүрімен жеткен табиғи дыбыстау әуеніміз де өзгере бастағаны айқын. Біз өзге тілдегі сөздердің барлығын түсіне бермесек те, олардың дыбыстау әуеніне қарай француз сөзі ме, неміс сөзі ме, қытай, жапон сөзі ме – ажырата аламыз. Ал бұрын бізде қандай болды? Бұрынғы жазбаларда: «Қазақтар сөйлегенде ән салып тұрғандай» депті. Мұның себебі тілімізде сөздің қос дауыссыздан басталмауы, бір дауысты бір дауыссызды немесе бір дауыссыз бір дауыстыны ертіп, өзара үндесіп айтылуы болса керек. Сондықтан да болар, бұрынғы аталарымыз «кровать, бревно, стакан, стол, трактор» деген сөздердегі екі дауыссыздың ортасына, не сөз алдына дауысты дыбысты қосып, «кереует, бөрене, ыстақан, үстел, тырақтыр» деп қазақы «әндете» айтқан, ал қазір олай емес. Сондықтан да болар, қазақы қоңыр үнді әннен, күйден іздеп, дәстүрлі әуенді сағынып отырамыз. Аға буын өз ана тілінің бабалар дәстүріне сай дұрыс айтылуын қалап, кейінгі ұрпағына аманат етіп, оқытып, үйретеді. Бірақ қазіргі жастардың арасында тілдің айтылым (орфография) және жазылым (орфография) заңдылықтарын ажыратпай тек жазылым бойынша сөйлеу етек алып келеді. Мысалы; «аман келді» деген тіркесте сөз арасындағы «нк» дыбыстарын біреулері сол күйінде айтса, екінші бірі «нг» (аман гелді), үшінші – «ңк» (амаң келді), төртіншісі – «ңг» (амаңгелді) деп төрт түрлі айта береді. Мектеп оқушылары түгілі кейбір ғалым ағалар да: «Қазіргі жастар бұлай айта алмайды, дәстүр-дәстүр деп артық кетуге болмайды» – деп, ана тіліміздің басты ерекшелігін танытатын үндестік заңын мойындағысы келмейді. Сонда ана тілін жете білмейтін кейбір жастардың сөйлеуі – қазіргі заңдылық та, бабалардан жеткен тіліміздің табиғи айтылымы ескірген заңдылық болғаны ма?! Мысалы, көгілдір экрандағы түрлі ән байқауларын тамашалайтын көрермендер тамылжыта ән салған әншіге қазылар алқасы «әнді ескі әуенмен, бұрынғы дәстүрмен айтып тұрсың, мұны қазір жұрт қабылдамайды» деп, сөзін орынды-орынсыз созып, сөздің екпінін дұрыс қоймай, сөз арасына шетелдің әуенін қосып, сөзді түсініксіз дыбыстармен бұзып айтатын «современный» орындаушыны мадақтап жататынына көп жағдайда еріксіз куә болатыны бар. Бұл жағдай балаларға арналған мысал, өлеңдердегі есектің «ән айтуды қораздан үйрен» деп бұлбұлға ақыл бергеніндей әсер етеді. Бұл өзге тілде сөйлеп, өзге әліпбидің ықпалымен жазу тек тілге ғана әсер етіп қоймай, адамның бүкіл болмысына да ықпал ететіндігін байқатады.
Кешегі өктемсоқ кеңестік жүйенің солақай саясаты қазақ тілі дыбыс жүйесінде жоқ ё, ю, я, в, ф, х, ч, ц, ь, ъ әріптерін әліпбиімізге еріксіз енгізгені баршаға аян. Онымен қоймай, кирилл жазуына басқа тілден енген өзге сөздерді де орысша қалай айтылып-жазылса, қазақ тілінде де солай қолдану керек деген талап қойылды. Сөйтіп тіл экологиясы сол кезеңнен бастау алып, тілімізге жат дыбыс тіркестері де еш кедергісіз еніп, тіліміз шұбарланып, ұлттық бояуы мен өзіндік реңін жоғалтып, сөзіміз де құлаққа жат әуенмен «ән салғанға» үйреніп кеттік. Тіпті, «орыс сөзін жете меңгерген» халықпыз, «тіліміз де өзге сөздердің енуімен байыды» деп мақтанышпен айтып, тіліміздің табиғи дамуына қиянат жасалғанын ескермедік.
Жазудан айту басым болған кезеңдегі «оқымаған» халық орыс тілінен келген сөздерді өз тілінің ұлттық бояуымен көмкеріп, бөтелке (бутылка) бөшке (бочка), бәтеңке (ботинка), орыс (русс), шайнек (чайник), кәмпит (конфеты), ұшқыш (летчик), пәнер (фанер), жорнал (журнал) деп өз сөзі етіп алған еді. Осы халықтық ұстаным Ахмет Байтұрсынов сияқты ғалымдар еңбектерінің негізгі тірегі болған. Бірақ қазақ тілінің табиғи ұлттық бояуын сақтауға талаптанғандар «ұлтшыл» атанып, итжеккенге айдалғанын тарихтан оқып білдік. Содан кейінгі кезеңде «операция», «ассимиляция», «электр», «эксковатор», «съезд», «космос», «бюджет», «атом», «театр», «архитектура», «фотография», «телеграф», «архив» секілді сөздер тау суындай тасқындап келіп жатты.
Әр түрлі елдердің арасындағы байланыс, қарым-қатынас күшейген сайын бір-бірінің тілінен сөз алу да жиілей түсетіні табиғи жағдай, бірақ әр халық тіліне келген кірме сөздерді «өз бояуымен сырлап», өзінікі етіп дыбыстық өзгерістермен қабылдайды. Тек өзге тіл сөздерін өзгеріссіз алатын, өз тілінің табиғи заңдылығын ескермейтін біз болдық. Орыс сөздерінде келген сөз басындағы қос дауыссызды қатар айтуға үйреніп кеткеніміз сонша, енді дұрыс тұрған қазақтың өз сөздерін де «қос дауыссызды қатар айту» үлгісімен бүлдіре бастадық. Мысалы, трактор, спорт, стакан, кран, сияқты т.б. сөздер басындағы қос дауыссызды қиналмай айтуға үйренген қазақ енді өзінің дұрыс тұрған сөздерін бр (бір), бреу (біреу), крсін (кірсін), қздар (қыздар), қрқ (қырық), стық (ыстық), рас (ырас), смағұл (ысмағұл-сымағұл), рсты (ырысты) деп бүлдіріп, екі дауыссыз арасында, не сөз басында келетін қысаң «ы», «і» дыбыстарын өте көмескі айтуға, тіпті айтпай кетуге бейімделе бастады. Мұндай жағдайлар тіліміздің қоңыр қазақы әуеніне де әсер етіп келеді. Осындай жағдайда кезінде Ахмет Байтұрсыновтың «Түбінде тілді оқығандар бүлдіреді» деп, оқыған адамдар өзге тілдің ықпалына тез бейімделгіш болатындығын аңғарып, ескерткені ойға оралады.
Тілді тіл етіп, бар табиғаты мен болмыс-бітімін айқындап тұратын басты заңдылықтарының бірі – дыбыстардың бір-бірімен көрші тұруы, тіркесуі. Қазақ тілінде буын, сөз ішіндегі және сөз бен сөз аралығындағы дыбыстар өзара келісіп, үйлесіп, үндесіп, басқаша айтқанда, бір-бірімен қол ұстасып, жарасым тауып, үндестік заңына бағынып тұрады. Бұл заңнан тысқары тұрған дыбыс, буын не сөз болмайды. Ал тілінде үндестік заңы емес, сөз екпіні үстем орыс тілінен енген сөздер қазақ тілінің басты заңдылығына кері әсер етіп келеді. Сондықтан қазақ тіліндегі әр сөздің табиғи бояуы дыбыстар тіркесі арқылы, яғни үндестік заңы арқылы танылады. Орыс тілі және осы тіл арқылы дауыстының не бірнеше дауыссыздың сөз ішінде, әсіресе, бір буында қатар келуі қазақ тілінің табиғатына жат тіркесімдер болып табылады. Осындай тіркесі бар сөздер қазақ сөзінің ұлттық болуына дақ түсіреді. Мысалы: поэма, дуэт, какао, соус, оазис, Аида, Раиса, Зоя, сияқты сөздер тіліміздің айтылым табиғатына сай келмейді.
Сондай-ақ, қазіргі жазуымызда қазақ тілінде «қатаң дыбыстан соң қатаң дыбыс, ұяң дыбыстан соң ұяң дыбыс келеді» деген заңдылығы «сұхбат», «сахна», «мәслихат», «ресми», «шашлық», «лағман», «қызмет» сияқты көптеген сөздерде бұзылып жүр. Қазақ тілінің дыбыстық заңы бойынша сөз басында «и», «у», «л», «р», дыбыстары, ал сөз аяғында «б», «д», «ж», «г», дыбыстары келмейтін болса, йод, йон, университет, логика, ленолиуим, лагерь, радио, рельс, штаб, завод, гараж, массаж, монтаж, филолог, монолог, педагог сияқты т.б сөздерде дыбыстық әуеніміз қазақы болмай, «мазақы» күй кешіп тұр. Бір түбір сөздің ішінде бір дыбыстың қатар қайталануы бұрын араб сөздері арқылы келсе де, оны халық ұлттық бояуымен өзгертіп (молла-молда, алла-алда-Алдаберген, суннат-сүндет, үммет-үмбет) алса, орыс тілі арқылы келген «касса», «миллион», «тонна», «аппарат» сияқты сөздер өзгеріссіз қолданылып, тіліміздің заңдылығына сай келмей тұр.
Тіл білімінде сөздің мағынасын өзгерте алатын, мағынаға қатысты дыбысты фонема деп атайды, ал оның сөйлеу барысындағы естілетін әртүрлі реңдері дыбыс (вариант, вариация) деп аталады. Бір фонеманың құрамында бірнеше дыбыс, яғни әр фонеманың варианттары, кейбірінде вариациялары да бар. Егер фонеманың реңдерін арнайы әріптермен таңбаласақ, оған таңба да жетпес еді, бұл дұрыс та болмас еді. Мысалы, «қ» фонемасының реңдеріне х, һ дыбыстары жатады. Сондықтан қош-хош, қалық-халық, қабар-хабар, қайыр-хайыр, қақарман-қахарман-қаһарман, Гауқар-Гауһар-Гаухар деген сөздерде қай дыбысты қолдансаң да мағына өзгермей тұрғаны, бір фонеманы үш әріппен таңбалаудан туындаған өкінішті заңсыздық. Басқаша айтқанда, бір адамның үш есімі бар, не үш төлқұжаты болғаны сияқты. Сөйтіп, қазақтың «қ» фонемасымен айтылатын сөздер әліпбиімізге қазақ тілінде жоқ, орыстың «х» фонемасы енгізілуіне байланысты, бірде қазақтың «қ» фонемасымен,бірде орыстың «х» фонемасымен, енді бірде араб сөздеріндегі «һ» фонемасымен әр түрлі жазылып, жұртты адастырып тұр. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Қысқасы, тіліміз шұбарланып, ұлттық бояуы мен реңін жоғалтып алғаны айқын. Қазіргі әліпбиіміздегі осы сияқты тағы басқа кемшіліктер латын әліпбиіне толық көшкен кезде шешімін табары сөзсіз.
Тілдің қоғаммен бірге дамып, ғылым мен техника өрлеген сайын көршілес елдерден және басқа да шетелдерден жаңа сөздер кіруі арқылы да толығып отыратыны табиғи заңдылық болып табылады. Қазіргідей басқа елдермен арада барыс-келіс жиілеген заманда өзге тіл сөздерінің енуі де, әсері де күшейе түспесе, баяуламайды. Ал кірме сөздердің барлығын дер кезінде қазақы айтылымға икемдеп отыру да оңай шаруа емес. Ал латын әліпбиі бұл қиындықты өзі реттеп, жұртшылық кірме сөздерді қазақы қылып жазып, қазақы оқып кеткенін өздері де байқамай қалар еді. Сондықтан тіліміздің табиғи айтылымына қайшы келетін кемшіліктерімізден арылатын кез келді.
Ахмет Байтұрсынов жасаған төте жазу кезінде әлемге танылып, жоғары бағасын алды. Төте жазуда болмасақ та, әліпби түзу және жазу заңдылығы Ахмет Байтұрсынов ұстанған қағидаларға негізделген. Ал қазіргі қиындықтарымыз да осы Ахмет Байтұрсынов көрсеткен кейбір ұстанымдардан ауытқып, кірме дыбыстарды әліппеге талғаусыз қабылдап, содан соң кірме сөздерді де өзгеріссіз жазып, өзіміздің төл сөздер мен терминдерімізді де ғалым көрсеткен жолмен қарыштата алмауымыздан туындады. Сондықтан Байтұрсынов ұсынған қағидаларға қайта келу керектігін еріксіз мойындағандықтан да әліпби өзгертіп отырмыз. Сондай-ақ, графизация (әріп таңбалау) заңдылықтары әріптің дыбысты таңбалау, көру, оқу, жазу талаптарына сай келуін қажет етеді. Жер бетінде латын әліпбиі барлық салада қолданылатыны байқалады. Барлық дәрі-дәрмек атаулары, математика, физика, химия формулалары, көптеген терминдер, мамандықтарға қатысты ғылыми әдебиеттер – барлығы да латын әліпбиімен байланысты екенін байқауға болады. Латын графикасын қолданатын барлық елдердің әліпбиіндегі әріп саны тілдегі фонемалар санынан әлдеқайда аз болуы да оның жетістігі болып табылады. Дегенмен кейбір елдің латын әліпбиінде әртүрлі диакритикалық таңбалардың (нүкте, қос нүкте,сызықша, айшық, дәйекші) көп алынуы да белгілі дәрежеде қиындық келтіреді. Осындай қосымша белгілер арқылы көптеген елдің барлық фонемалары латынның 26 таңбасымен ғана белгіленуі жазу үнемділігін танытатын тиімді әліпби дәрежесіне жеткізіп отыр.
Ғылыми қауым латын әліпбиіне көшкен түркі халықтарының жағдайына да жеке зерттеу жүргізіп келеді. Осы бағытта арнайы бағдарлама да бар секілді. Латын әліпбиіне көшкен өзбек ағайындарда туындаған бір қиындық – өзбек мектебі латынша жазса, орыс мектептері бұрынғы кирилл жазуында қалып отыр. Себебі өзбек тіліндегі мектепке латын әріптерін меңгерген мұғалім, латынша шыққан оқулықтар, ал орыс мектебіне басқа кітап, басқа мұғалім керек екен. Орысша оқитындарға кітап қоры жеткілікті болса, өзбек мектебіндегі латынша оқитындарға ондай мүмкіндік жоқ, орыс әліпбиін танымайды. Сол сияқты латын әріптерімен шыққан басылымдардың таралуы да аз. Әрине, мұндай кемшілікті уақытша қиындық қана деп айтуға тиіспіз.
Қиындықтар болмайды емес, болады. Бірақ «шегірткеден қорыққан егін екпейді» дегендей, қиындықтан қорқып, қол қусырып отыруға да болмайды.
P.S: Бес мың жылдық тарихы бар Қытайда да латын әліпбиінің өз орны, осы әліпбиге деген қызығушылық бар.Қытай 1949 жылы өз иероглифтерін латын әріптерімен транскрипциялады, соның арқасында қазір шетелдіктердің қытай тілін латын әріптері негізінде меңгеруі бұрынғыға қарағанда жеңілдей түскен.Ал жапон елінде ғылыми жұмыста және байланыс құралдарын пайдалануға ыңғайлы болуы үшін екінші әліпи ретінде латын жазуы қолданылады.Сондықтан бізде тілімізге бұрынғыдан да жауапкершілікпен қарап, Елбасы айтқандай, «қазақ қазақпен қазақша сөйлесуі керек».Тіл сөйлеген үстіне сөйлей берсең ғана шыңдалып, айналадағы басқаларға да әсер ете түседі.
Нұрбол СӘДУАҚАС,
филология ғылымдарының кандидаты
Ақтөбе қаласы