Прокуратура "Бәйтерек" пойызы апатына қатысты іс қозғады 

Прокуратура "Бәйтерек" пойызы апатына қатысты іс қозғады 

Прокуратура "Бәйтерек" пойызы апатына қатысты іс қозғады 
ашық дереккөзі
Қазақстанның Бас көлік прокуратурасы Жамбыл облысында болған жолаушылар пойызы апатына байланысты Қылмыстық кодекстің "темiржол, әуе, теңіз немесе өзен көлiгi жүрісі немесе оларды пайдалану қауiпсiздiгi қағидаларын бұзу" бабы бойынша қозғалған істі бақылауына алған. Бұл туралы бүгін Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады. Прокуратура ақпаратында маусымның 17-і күні Жамбыл облысында Шу қаласынан 50 шақырым қашықтықта 20 вагон тіркеген "Астана-Алматы" бағытындағы жолаушы пойызының сегіз вагоны теміржолдан шығып кетіп, оның екеуі аунап қалғаны айтылған. "Алдын ала мәліметтер бойынша, 2006 жылы туған кәмелетке толмаған бала қаза болған. Зардап шеккен 11 адамға медициналық көмек көрсетілген. Апат себептері анықталып жатыр", - делінген ресми ақпаратта. Бұған дейін Қазақстан Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар жөніндегі комитеті жексенбі күні Астана-Алматы бағытындағы №9 "Бәйтерек" жолаушылар пойызының сегіз вагоны Жамбыл облысында теміржолдан шығып кеткені туралы хабарлаған. "Бір жеткіншек опат болып, үш адамның зардап шеккені анықталды", - деген Төтенше жағдайлар жөніндегі комитеттің ресми өкілі Руслан Иманқұлов. "Қазақстан теміржолы" ұлттық теміржол компаниясы төтенше оқиғаның себебін анықтау үшін арнайы комиссия құрылып, тексеру басталғаны туралы хабарлаған.