Семей жастары өз ақшаларына аялдамаларды қалыпқа келтіруде

Семей жастары өз ақшаларына аялдамаларды қалыпқа келтіруде

Семей жастары өз ақшаларына аялдамаларды қалыпқа келтіруде
ашық дереккөзі
Семейде бір топ жастар өз беттерімен автобус аялдамаларын қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргізуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.  Степной кентінің жастары әбден тозып, өңі қашқан аялдамаларды қала билігінің көмегінсіз-ақ бояп, қалыпқа келтіріп жатыр. Іске бастамашы болған - қаладағы Семей көлік колледжінің студенті Қуат Нұрғазы. Ол өзі тұратын кент жастарының басын қосып, ерікті түрде аялдамаларға жөндеу жүргізу туралы ұсыныс жасаған. Барлығы бірауыздан қолдап, 20-ға жуық жас жұмысты бастап кеткен. Алдағы уақытта тағы 2 аялдаманы толық жөндеуден өткізуді көздеп отыр. «Біз жұмысты соңғы аялдамадан бастадық. Себебі, ескіріп кеткен. Тіпті отыруға ыңғайсыз деуге болады. Сондықтан өз кентіміздің аялдамаларын өзіміз бояп, қалыпқа келтірейік деп шештік. 20-ға жуық бала 200 теңгеден жинадық. 6 құты бояу сатып алып,  аялдаманы боядық. Енді «1-ші Степной» және «Новая» аялдамаларында жұмысты жалғастырамыз», - дейді Қуат Нұрғазы. Балаларда жөндеу жұмыстарына қажетті ешбір жабдық болмағандықтан, қол жетпейтін биік жерлерді, аялдамалардың төбесін бірінің мойнына бірі отырып сырлайды. Жастардың бұл еңбектерінің видеосы және фотолар әлеуметтік желіде таралуда.