БІР БАҒЫТ, БІР БАНК, БІР ҚОРЖЫН...
БІР БАҒЫТ, БІР БАНК, БІР ҚОРЖЫН...
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын құруға тапсырма берілді. Халықтың мүддесін көздеген шенеуніктер бұл іспен өздері айналысып, жеке меншіктегі жинақтарды бір қоржынға біріктіреді. 20 миллиард доллар қаражат бір қолға, бір бағытқа, бір банкке беріледі. 2013 жылдың шілде айына дейін барлық жинақтар Бірыңғай жинақтаушы қорға салынуы тиіс.
2013 жылғы Зейнетақы жүйесі қалай дүниеге келді?Бұл мәселенің таласты тұстар көп. Бір күнде шешілетін оңай мәселе емес. Қаржы нарығының ойыншылары мен Үкіметтің, тіпті халықтың ортақ мәмілеге келуін талап ететін шешім екені күмәнсіз. Бірақ зейнетақы жүйесінің пайдасы мен зиянын түсіндіріп, қоғамның келісімін сұраған кім бар? Қазіргі жүйе дүниеге келген 1997 жылы да бәрі жедел әзірленіп, жарты жылдың ішінде баршаны жарылқайды делінген. Мақтауға іліккен бағдарламаның он бес жылда қызығының таусылуына не себеп? Қаржы нарығы дұрыс қалыптаспады ма, әлде зейнетақы қорларынан ақау кетті ме? Қалай айтсақ та, Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қоры құрылады.
15 ЖЫЛДЫҚ ОЛҚЫЛЫҚ
1998 жылы Ұлттық банкке тарихи тапсырма берілді. Жеделдетіп бұл тапсырма орындалып, еліміздің қаржы нарығында жеке меншік зейнетақы қорлары құрыла бастады. Ұлттық банктің экс-төрағасы Ораз Жандосов осы тұста қате кеткенін баспасөз беттеріне берген пікірінде растай келе: «Егер маған, сол 97-ші жылдары еліміздің экономикасы дәл осылай дамиды деп айтқан болса, мен жекеменшік қорлар құру туралы ойланатын едім. Өйткені біз дәмеленген жоспарлар іске аспай қалды», – деп қалды. Енді Қазақстанға заманауи бірыңғай зейнетақы қоры қажет және ол тапсырма тағы да Ұлттық банкке табысталды. Бұл қалай болғаны? Тағы 15 жылды артқа салып, мемлекеттік монополия тағы да жарамсыз болып қалмай ма? Өйткені бәсекелестік – нарықтық экономика мен демократияның негізгі принципі. Мемлекеттік монополия болған жерде тиімді, сапалы басқаруға қол жеткізу өте қиын. Мұндай жағдайда бюрократияның күрт дамуы ықтимал. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жұмысына көңілі толмаса, салымшылардың басқа таңдауы болмайды. Көпшілік, яғни сарапшылар қарсы болған, тіпті Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко да әуелде бұл мәселені толықтай қолдаған жоқ. Бір жыл төңірегінде талқыға түскен мәселені Марченко мырза «мен үшін тосын жаңалық болды» деп салғаны бар. Бірақ бірыңғай зейнетақы қорын «таза беттен» бастауды ұсынған да сол. Осыған дейін жиналған жинақтарды халықтың өз қолына ұстатып, бұдан кейінгі жинақ бірыңғай жүйеге салынсын деген пікірді алға тартқан еді. Алайда бірыңғай жүйені қабылдауға рұқсат берген соң, 25 қаңтарда Ақордада: «Мемлекет басшысы еліміздегі зейнетақы қорларын біріктіру туралы тапсырма бергені баршаңызға мәлім. Бұл тапсырма міндетті түрде орындалатын болады. Және бұдан азаматтардың зейнетақы шотына келіп-кететін зиян немесе қауіп жоқ. Олардың зейнетақы шоттары толықтай сақталады. Екіншіден, әлбетте, мемлекеттік кепілдеме жекеменшік зейнетақы қорларына да жасалынып келгендіктен, жарналар инфляция мөлшері ескеріле отырып сақталады. Және заңда белгіленген қазіргі кепілдік өзгеріссіз қалады», – деп мәлімдеді Ұлттық банк төрағасы. Сөйте тұра: «Ортақ зейнетақы қоры Ұлттық банктің емес, ҚР Үкіметінің жанынан құрылуы тиіс. Бұл мүдделердің қайшылығын болдырмайды. Яғни, біз зейнетақы қорының иесі бола тұрып, сонымен қатар, реттеуші қызметін атқара алмаймыз. Ең абзалы – бұл қорды Қаржы министрлігінің жанынан құру», – деген-ді. Бірақ зейнетақылық жинақ Ұлттық банкте сақталады (Ұлттық банк банк-кастодион болады). БЖЗҚ Ұлттық банк БЖЗҚ басқару Кеңесінде бекітілген инвестициялық стратегияға сәйкес басқарады. Кеңестің Жеке құрамын ҚР Президенті бекітеді.
ҚАРЖЫНЫ ҚАЙДА САЛАМЫЗ?
Ортақ қорға түскен қаржыны қайда саламыз? Қандай саланың дамуына жұмсаған жөн? Бұл жағы да әлдеқашан шешілген, кімнің жинағы болса да басы-қасында Ұлттық банк болады. Бірақ 11 зейнетақы қорының 8 миллион салымшысының қаражатын кері қайтаруға құлықсыздар саны басым. Сондықтан бұл қаражат банктерді нарықтық қорландыру арқылы нақты экономиканы несиелендіруге, индустрияландыру мен кәсіпкерлікті дамытуға бағытталады. Осы тұрғыда Президент бір айдың ішінде жаңа жүйенің бүге-шігесін анықтауды ұсынған. Қайда барсаң да барлығы бір нарық – Қазақстан қаржы нарығы. Ұлттық қордың инвестициялық табысынан жеке меншік қорлардың кірістілігі жоғары болып келген. Десек те бүгінгі жеке меншік зейнетақы қорларының жұмысы да жетісіп тұрған жоқ. Салымшы іздеп, мекемелерді аралап жүргені. Жалпы бірыңғай зейнетақы қорының қаржыны белгілі салаға құятыны анық. Ал бұған дейін көптеген зейнетақы қорларының қандай саланы қаржыландырып келгені қоғамға беймәлім. Бірақ айналып келгенде, екеуі де Қазақстан биржасын төңіректейді емес пе? Ендеше қордағы қаражатымыздың ұлғайып кетуі дүдәмал шаруа. Оны сарапшылар да растайды, өйткені еліміздегі ірі өндіріс орындарына инвестиция салынған, құнды қағаздары мен акциялары сатылып қойған. «Шенеуніктер кәсіпкерлер сияқты қаржының ұлғаятынын қадағалайды дегенге сенбеймін. Олар мемлекеттік қор емес, барлығы жекеменшіктің дүниесі. Кәсіпкерлер құқығы, акционерлер мүддесі қорғалмай ма сонда? Оларға өтемақы бөліне ме, олар келісімін бере ме деген сауалға ешкім жауап айтпайды. Жеке кәсіпкерліктің құқын шектеу деген осы емес пе? Бұдан кейін шетелдік кәсіпкерлер елімізде кәсібін жүргізуден бас тартпай ма?», – дейді Қазақстан зейнетақы қорлары қауымдастығы кеңесінің төрағасы Айдар Әлібаев. Бұл пікірді көпшілік құптайды: шенеуніктер жұмыстың нәтижесіне көңіл бөлмейтіні белгілі. Бірыңғай қор туралы сыбыс шыққалы бері еліміздің зейнетақы қорларының дымы ішінде. Қарсылығын, иә ұсыныстарын айтар емес. Тек «Астана» зейнетақы қоры ғана өз пікірін білдіргендей болды. Олар жеке меншік қорларды қалдырып, одан әрі жүргізудің бірнеше себебін көрсеткен. «Центр кредит» банкінің «Капитал» ЖЗҚ АҚ әрбір салымшысына 31 қаңтарда ресми хабарлама жолдады. Оның мазмұны мынадай: «Қордың кәсіби командасы, еліміздің зейнетақы жүйесін дамытуға қосқан үлесі және салымшыларға лайықты қызмет көрсетуін мақтан тұтады… Халықты алаңдатпау мақсатында салымшылардың барлық жинақталған зейнетақы қаражаты Қор шотында толық көлемде сақталады Қор алдағы уақытта ашықтық саясатын жүргізетін және барлық міндеттемелерін Қазақстанның заңнамасы аясында еш тоқтаусыз орындайтын болады» делінген.
ҚОЙ АРАМ ӨЛМЕСІН ДЕСЕК…
2012 жылы Әлемдік банк елдегі барлық зейнетақы активтерін біріктіріп, шетелдік компанияның басқаруына беруді ұсынған болатын. Әлемдік банктің пайымдауынша, бірыңғай зейнетақы қоры шетелдік қор нарығына инвестиция салуы керек, сөйтіп жекеменшік қорларға қарағанда жоғарғы табыстылыққа қол жеткізеді дейді. Расында, елдегі жеке меншік 11 зейнетақы жинақтаушы қоры қандай да бір салаға қаржы салуда тартыншақтап қалады. Дәлірек айтқанда, оларға инвестиция салуға белгілі бір шектеу бар екен. Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев: «Бұл зейнетақы қоры емес, басқарушы компания болмақшы. Есепшоттарды басқару жүйесіне жақын», – деп қысқа қайырғаны есте. Сонымен қатар көршілес мемлекеттердің тәжірибесін мысалға келтіре отырып: «Біздің көршіміз – Ресей Федерациясы зейнетақы мәселесін шешуді бір жылға ысырып қойды, мұнда маңызды мәселелер көп. Біз мемлекет пен жеке меншік қорлардың аражігін ажыратып алуымыз қажет», – деді Forbes журналына берген түсініктемесінде. Жинақтаушы зейнетақы қорының бірыңғай жүйесі төңірегінде түйінін таппаған мәселелер өте көп. Бірақ барлығының желеуі біреу – халықтың қамы. Акционерлік қоғам ретінде құрылған қорлар Ұлттық банктің қоластына біріктіріледі, ендігі жұмыс – акционерлердің активтерін сатып алу. Ол қандай шартпен, қандай бағамен жүзеге асырылатыны тағы белгісіз.Елдегі 11 зейнетақы қорының 11 мекемесі, операциялық шығындары бар. Онда жұмыс істеп отырған қызметкерлер бар. Жалпы, олардың халықтың қаражатын қалай, қайда пайдаланғаны беймәлім. Бірақ халықтың ақшасын салатын басқа жер болмаса не істейді? Елдегі зейнетақы қорлары – акционерлік қоғам болып құрылған. Бұл дегеніңіз – коммерциялық ұйым, ол пайда табу үшін құрылған. Жалпы, бірыңғай қорды Ұлттық банк басқарады делінді. Бірақ Ұлттық банктің басқару құқы бар ма деген сұрақ тағы мазалайды. Себебі Ұлттық банк – қаржы нарығында реттеуші, регулятор ролінде. Ал енді өзі басқарып, өзі реттесе, екі функция бір-біріне қарама-қайшы. Өйткені қордан басқа да банктер мен қаржылық ұйымдары бар.
20 МИЛЛИАРД ДОЛЛАР ЖОҒАЛА МА?
Еліміздің зейнетақы қорларын біріктіру жайындағы Президент тапсырмасы осы саланың серкелерін сескендірген сияқты. Қаржыгер Ораз Жандосов жаңа жүйені қолдайтынын білдірді. Айтуынша, мемлекет қарауындағы жалғыз қор халық ақшасының жоғалып кетпеуінің кепілі. Зейнетақы қорлары «бәсекелестік жоқ жерде, даму болмайды» деген қағиданы алға тартады. Халықтың маңдай терімен жиналған 20 миллиард доллардың тағдыры бүгінде – бір алақанда. Алаңсыз қарттық алғышартына айналған қор қызметі сәтті жүрсе игі деп тілейміз, бірақ бұл орайда экономист Қанат Берентаев бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры Қазақстандағы зейнетақымен қамту мәселесін түбегейлі өзгертіп, тиімділігін арттыра алмайды дейді. Ұлттық банктің басқаруындағы зейнетақы қорының тиімді болатынына күмән келтіруде. “20 миллиард доллар қаржыны мемлекеттiң уысына ұстату өте қауiптi” деген пікірде. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінде өткен жиында зейнетақы жүйесін депутаттар да қызу талқылады. Депутаттар әсіресе 1990 жылдардағы аумалы-төкпелі кезеңде мардымсыз жалақымен зейнетке шыққан жұрттың жағдайына алаңдаулы. Ал пайдасы өз басынан аспайтын қазіргі қорлар да салымшыларға 40 жылдан кейін тиын-тебен таратып қарап отырудан тайынбайды дейді Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева. «Әсіресе 48-50 жылдары дүниеге келген зейнеткерлердің мәселесі әлі жауапсыз жатыр. Олардың басым бөлігінің жалпы жұмыс өткелі 35-40 жыл. Жуырда ақпарат құралдарында бірыңғай зейнетақы қорындағы халық ақшасы шетелдік активтерді инвестициялауға жұмсалады екен деген ақпарат жарияланды. Бұндай жоспарларыңызға алаңсыз қарап отыра алмаймыз. Көз алдымызда қаржы жүйесі құлдырап жатқан батысқа біздің ақшамыз неге қызмет ету керек? – дейді ол. Сондай-ақ «осынау келеңсіздіктер қашан тоқтайды? Бұл мысал зейнетақы жүйесінің осал тұсын көрсетеді» деп ашына айтты.Қайткен күнде де бұл жүйенің тиімділігін Ұлыбританиядағы зейнетақы жүйесімен салыстыруға келмес. Батыстағы адам құқығын қорғау идеясы жақсы дамығаны белгілі. Соның дәлелі халықтың қамын ойлайтын зейнетақы жүйесінің қалыптасуы. Англияда зейнеткер үш құрылымнан зейнетақы ала алады – базалық әлеуметтік зейнетақы, еңбек (мемлекеттік, тәжірибесі мен табысына орай) және өзінің сақтандыру жинақтарына салған қаржысынан зейнетақы төленеді. Ынтымақты жүйеге (Солидарная система накопления) оралуды қолдайтындар да бар. Кеңес үкіметіндегі бірін-бірі зейнетақымен қамтитын ұрпақтың өкілдері бұл жүйеге қарсы емес. Ынтымақты жүйенің бір қолайсызы – ең төменгі жалақы тағайындалады және ол демографиялық теңдікке тәуелді. Ал жинақтық жүйенің кемшілігі – Қор нарығы инвестиялық табысқа тікелей әсер етеді және халық ерікті қаржы жинауға дағдыланбаған. Қазақстанға жаңа зейнетақы жүйесі енгізілгенде, 20 миллиард доллардың тағдыры талайды алаңдатты. Мамандардың көпшілігі бұл қыруар қаражатпен халықты қарық қыламыз десе, қолда бар қаржыны желге ұшырмайық дегендер де жетерлік. Расында сенімділігі мен деңгейі «ААА» дәрежесіндегі құнды қағаздар сатып алу қауіпті емес, бірақ сол қаражат қайсыбір қалтаға кетіп қалуы қорқытады. Ал салымшылар жайына келер болсақ, халықтың пікірін сұраған ешкім жоқ. «Мемлекеттік маңызды» мәселе халықтың қалтасына байланысты болып отырғаны да ешкімді толғандырмайтын сияқты. Алайда «салымшыға салымдарының табыс әкелгені маңызды емес пе» дейді реформашылар.
Тоқтар ЕСІРКЕПОВ, экономист:
– Жинақтаушы зейнетақы қорын бірыңғайландыруға тапсырма берілді. Ол кем дегенде үш айда дайын болады. Алғашқы ЖЗҚ туралы реформа осыдан 15 жыл бұрын қабылданды, ендеше бұдан шығытан бір түйін – 15 жылдық еңбектің нәтиже бермеуі, жүзеге аспағаны. Неліктен? Біз бұл жүйені Чилиден алдық, тұңғыш ойлап тауып, өз елінде жүзеге асырған Чили болатын. Бұл тәжірибені 40 шақты мемлекет пайдалана бастады, бірақ кейіннен барлығы бас тартты. Чилидің өзі де бұл жүйені алып тастады, бірақ олар қабылдаған тұста ЖІӨ 60 пайызын құрады. Ал бізде бар-жоғы 10 пайыз. Бізден басқа бірде-бір мемлекет қалмады. Бірақ теория жағынан алғанда, қаржы нарығының институты ретінде ешқандай зияны жоқ. Негізгі қателік – біздің экономикамыздың даму бағыты. Жасалған реформа экономикамызға сәйкес келмеді, өйткені экономика біз жоспарлағандай дамыған жоқ. Қаржы институтының даму қарқынын білесіз, оған қазіргі банктердің жай-күйі куә. Ал қорлар тіпті дамыған жоқ, ЖЗҚ – қаржы нарығының ойыншысы десек, қаржы нарығының өзі дұрыс болмаса, қор нарығы қалай дамымақ? Түбінде кінә – экономикалық дамуда, реформада. Реалдық сектордың дамымауында. Біздің экономикамыз неге ауытқыды? Себебі – біз мұнайлы мемлекетке айналдық. Елбасы былтыр Үкімет жиналысында «сендер қалғып кеттіңдер, ұйықтап отырсыңдар» дегені есімде. Мен сонда бір газетке сұхбат бергенмін: «Олардың ұйықтауы заңды» дедім. Неге? Өйткені мұнайдың бағасы аспандап тұр, бюджетке ақша түсіп жатыр. Олар ұйықтамағанда не істейді? Егер де мұнайсыз ел болатын болсақ, онда Үкімет өз қалтасын емес, қазынаны ойлап жұмыс істейтін еді. Қайдан қаржы түсіруге болатынын іздейтін еді. Жемқорлықты жойып, нақты секторды жасап, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытатын еді. Мұнайлы экономиканың психологиясы – қалтаға ақша құйылып жатыр, басты ауыртпай сатып ала бер. Сондықтан түптеп келгенде бұл жинақтаушы зейнетақы қорының кінәсі емес. Зейнетақы реформасының да кінәсі емес. Мәселен, алысқа бармай-ақ Ресей дамыған елдердің зейнетақы жүйесі моделін алып отыр: біріншіден – еңбек қоры, екіншіден – корпорациялар өз жұмысшыларына төлейді, үшіншісі – жеке адамның өз жинағы.Қанат БЕРЕНТАЕВ, экономист:
– Бірыңғай зейнетақы жүйесін жасағаннан зейнетақы жүйесі түбегейлі өзгермейді. Негізгі мәселе жүйенің жұмысын жақсарту, табыстылығын көбейтуде емес, мәселе – моделін өзгертуде. Біз жинақтаушы жүйеден, ынтымақты жүйеге (Солидарная система) көшкеніміз дұрыс сияқты. Ондай жағдайда Үкімет моделін өзгерттік, мынадай ұсыныстар бар деп көрсетуі қажет. Біз зейнетақы жүйесінің моделін өзгертпесек, салымның табыстылығы өзгермейді. Ақшаны бір қорға салдың не, 10 қорға салдың не – табыстылығы бірдей. Мемлекетте, қаржы нарығында дефолт болса барлығына тұтас. Қазір жинақтаушы жүйе, кім қанша табыс тапса, зейнетақысы соған байланысты. Бірақ қазір жалақы төмен, 40 жыл жұмыс істеп, 3-4 жылдық өмір сүруді ғана қамти аласың. Ол үшін дереу айлық жалақыны көбейту қажет немесе ай сайынғы зейнетақылық төлемді ұлғайту қажет. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бір кездері ай сайын еңбекақының 10 пайызын емес, 20 пайызын жинап отырайық деді. Жақында Григорий Марченко да зейнет жасын ұлғайту қажет деді. Мұның барлығы зейнетке неғұрлым көбірек қаржы жинаудың амалдары. Ал 20 миллиард доллардың тұтас сақталатынына ешкім кепілдік бере алмайды. Бұл қаржыны ұзақмерзімді инфрақұрылымдық жобаларға салу керек деп ойлаймын. Ең әуелі жалдамалы баспанаға салуға болады. Біріншіден, тұрақты табыс, төмен бағалы баспана және зейнетақылық жинаққа да түсе береді. Болмаса бұл қаражаттың табыстылығын арттыру үшін энергетикалық жобаларды қаржыландырған жөн. Олардың тиімділігін болашақта көреміз, себебі бұл сала бізде кенжелеу.
Ақниет ОСПАНБАЙ