Алып қашқандары айдалаға шашылды Елімізден әкетілген ақша Кипрдің қазынасына кетті
Алып қашқандары айдалаға шашылды Елімізден әкетілген ақша Кипрдің қазынасына кетті
Осылайша, әлемнің барлық нүктесіндегі капиталдар үшін оффшорлық жұмаққа айналған мемлекет ауқымды дағдарыс табалдырығына тап келді. Кипр Еуроодақ жасаған қысым арқылы банктік депозиттерге бұрын-соңды болмаған, салықтың жаңа түрін енгізуді қабылдады. Яғни айдың, күннің аманында шетелдік салымшылар «адал ақшасының» 80 пайызынан айрылуы мүмкін. Тіпті, олардың болашақта жиған-тергенін қайтарып алуына ешкім кепілдік бере алмайды. Дефолтқа ұшыраудың алдында тұрған мемлекет өзгенің есебінен бюджеттің тапшылығын жоюды көздегенге ұқсайды. Кипр президенті Никос Анастасиадис көзден таса жинаған ақшасынан айрылып қалған салымшыларға басу айтты. Кипрде өткен Ресей инвестициясы жөніндегі конференцияның ашылуында сөз сөйлеген ел президенті ресейлік инвесторлардың асты-үстіне түсіп әлек болды. Себебі, зардап шеккендердің ішінде ресейлік шенеуніктер мен алпауыт кәсіпкерлер көп көрінеді. Сарапшылардың пікірінше, олардың ақшасы 40 млрд. пен 80 млрд. аралығындағы АҚШ долларына тең. Сондықтан да ол ресейлік іскерлік қауымдастыққа әкелінген залалды ретке келтіру үшін арнайы шараларды қолға алатындығына сендіріп бақты. Сондай-ақ ел президенті 3 млн. еуродан астам қаржысын жоғалтқан салымшы республика азаматтығын алуына болады деген ұсыныс жасады. Егер кипрлік үкімет бұл бастаманы мақұлдаса, Еуроодақта инвестициялық азаматтың ең бағалы, ең құнды деңгейге жететіндігіне ерекше екпін түсірді. Әзірге бұл ұсыныс инвесторларды жұбата алды ма, жоқ па, ол жағы күмәнді. Неге десеңіз, қазіргі кезде Кипр азаматтығын инвестиция арқылы сатып алу әлдеқайда арзан көрінеді. Мәселен, 300 мың еуроға бағаланатын жылжымайтын мүлігі бар азамат Кипрде ұзақ мерзімде тұруға берілетін рұқсатпен қоса, азаматтықты да алуына мүмкіндік бар екен.
Қызғанғаны қызыл итке…
Кипр банктеріндегі ақшасын қызғыштай қорғағандардың ішінде Қазақстан азаматтары да болуы мүмкін. Бұл мемлекетте еліміздің 1 млрд.-тан астам еуросы жатыр. Бұл Мәжіліс депутаты Азат Перуашев ұсынған мәлімет. Ол Кипр есепшоттарындағы қаржының тағдырын анықтау үшін Үкімет басшысы Серік Ахметов пен Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченкоға ұсыныс жасаған болатын. «Кипрдің оффшорлық аймағына бұл ақша түрлі жемқорлық жолмен шығарылса, демек елімізден ұрланды деген сөз. Оны дереу қайтарып, өз экономикамызға құю қажет. Мәселен, анықталып отырғандай, бірқатар iрi ресейлiк мемлекеттiк компаниялардың есепшоттары болған, сол Кипрдегі банкілер арқылы транзакция және мәмiлелер жүргізген. Сондықтан заңсыз тәркіленген қазақстандық азаматтардың жеке қорлары ғана емес және бiздiң мемлекетке қарасты кәсіпорындарға тиесілі қаржының да болу ықтималдығын жоққа шығаруға болмайды. Ал егер адал кәсіптің ақшасы болса, біздің мемлекет өзінің азаматтарын, оларды басқа бір мемлекеттің тарапынан ашықтан-ашық тонаушылығымен бетпе-бет қалдырмай, қорғауы тиіс. ҚР Конституциясында республика азаматы өз мемлекетінiң қорғауында болады делінген», – деді. Егер де бұл ақшаларды заңсыз жолмен алынған деп бағамдауға негіз болса, онда оған бiздiң мемлекеттің құқығын мәлімдеу және елімізге оларды қайтаруды қамтамасыз ету бойынша қандай да бір шаралар қарастырыла ма? Жақында ғана Ұлттық банктің басшысы Григорий Марченко Кипр банктеріне ақша салған азаматтардың есепшоттары жайында айтып берді. Қазақстан Ұлттық банкінің мәліметтеріне сәйкес, 2012 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының Кипр банктеріне құйылған жалпы инвестициясы 1 млрд. 162 млн. долларға тең. Тікелей инвестиция 513 млн., портфельдік инвестиция 22 млн., ал өзге инвестициялар 627 млн. АҚШ долларына тең. Біздің валюталық заңнамаға сәйкес, рұқсат беру тәртібі 2006 жылдан бері алынып тасталса, 2009 жылдан бері ресми түрде хабарлау тәртібі жоқ. Яғни, шетелде есепшот ашқан жеке тұлға сәйкес органдарды ескертуге міндетті емес екен. «Бірақ банктер, егер заңды түрде жүзеге асса, яғни жеке тұлға өзінің қазақстандық банктегі есепшотынан қандай да бір шетелдік банкке ақша аударатын болса, сәйкестендіру ақпараттарын жолдап отырады. Алайда олардың ұсынған ақпаратына сәйкес, соңғы бес жылда бірде-бір қазақстандық Кипрге ақша аудармаған көрінеді. Тек бір ғана заңды тұлға осы жылдары, 2007 жылдан бастап шот ашқан, осы шот бойынша қалған қалдық та, ақша айналымы да нөлге тең», – деді Г.Марченко. Ал «Кипрде есепшот ашқан қазақстандық азаматтар бар ма?» деген сауалға Ұлттық банк төрағасы: «Кипр Республикасының банктерінде есепшот ашқан жеке тұлғалар болуы мүмкін. Бірақ қазақстандық банктерге және валюталық реттеу органы ретінде Ұлттық банкке хабарламағандықтан, бізде ондай ақпарат жоқ. Бірақ азаматтар шетелде, Кипрде немесе басқа елде есепшот ашып, бұл туралы қазақстандық мемлекеттік органдарға хабарламаса, ондай салымдарды қорғауға еш себеп көріп отырған жоқпыз, – деді.Айта кету керек, банктерге қаражат аударымдары тікелей емес, яғни аралық төлемдер және оффшорлы аймақтар арқылы жүргізілетіні құпия емес. Бүгінде Кипр банктерінде 67 млрд. еуро сақталғандығы туралы мәлімет бар. Демек, оның ішінде Қазақстан азаматтарының да жасырын жинағы бар деген сөз. Егер ол отандық компаниялар мен кәсіпкерлердің заңды жолмен аударған қаржысы болса, Қазақстан мемлекеті оның талан-таражға түспеуіне араша түсуі керек. Ал, 1 млрд. еуроның елімізден ұрланғаны анықталса ше? Қазынаға қайтарыла ма? Ол қандай кәсiпорынға немесе азаматқа тиесілі? Таза еңбекпен табылған ақша ма? Тіпті бұл кезде таяқтың бір ұшы сыбайлас жемқорлыққа келіп тірелуі мүмкін. Бұл бәлкім, елімізде құрылысы басталмай қалған жүздеген мектеп, аурухана мен балабақшаның, мыңдаған шақырым салынбаған жолдың қаржысы болар, кім білсін?! Қазақта «Қызғанғаны қызыл итке жем болыпты» деген тәмсіл бар. Бұл асарын асап, жасарын жасап, қалғанын шетелдің банктеріндегі есепшотына салатындарға арналып айтылса керек. Ақшасын елімізден қызғанып, анау Кипр банктерінде қызғыштай қорғап жүрген аты беймәлім Қазақстан азаматтары нағыз итке жем болғанын байқамай қалған сияқты. «Біреуге мал қайғы, енді біреуге жан қайғы» деген осы. Біз осы сауалды бірқатар қоғам өкілдеріне тастап, пікірін білгенді жөн санадық. Парламент мәжілісінің депутаты Нұрғали Әшім мырза: «Ақшаның иесі кім екенін білмеймін, мүмкін мықты кәсіпкерлер шығар. Қолымда нақты мәлімет жоқ. Ал Кипр банктеріндегі қаражатты қайтару немесе қорғау мәселесіне келсем, бұл риторикалық сұрақ. Қалай болғанда да, соңғы нүктені сот қояды», – деп қысқа ғана қайырды.
Расул Жұмалы, саясаттанушы:
– Бүгін бұл ақшаның бәрі адал немесе ұрланған деп ешкім айта алмас. Мұны әділ әрі тәуелсіз соттың шешімі айтады. Ал оларды қорғауға келер болсақ, бұл Қазақстанның қолынан келмейді. Өйткені, сөз боп отырған мәселе жеке тұлғалар мен компаниялардың өз таңдауы, тәуекелге барып, салым салуы. Біздің мемлекет үшін екі мәселе бар. Біріншіден, Қазақстанда табылған ақшаның елімізде қалуы үшін ашық, әділ, баршаға тең әрі қауіпсіз саяси және іскерлік ахуал қалыптастыру керек. Екіншіден, сіз меңзеп отырған жемқорлыққа келер болсақ, мәселе сайып келгенде албаты заң қабылдай беруде емес, оларды тыңғылықты түрде бәріне тең қолдану. Ол үшін ашық қоғам, тәуелсіз БАҚ пен тәуелсіз сот жұмыс істеуі керек. Шенеуніктердің, олардың туысқандарының толық табысы мен шығындарын жариялап отыру қажет. Болды. Сонда ғана бәрі өз орнына келеді. 100 мың теңге жалақы алып, 10 млн. теңгенің көлігін мініп, 100 млн. тұратын виллада тұратын жемқорлар әп-сәтте белгілі болады. Мәселе – жемқорлықпен күрес көзбояушылық емес, шын мәнісінде таза жүруі керек.
Атамұрат Шаменов, экономика ғылымдарының докторы:
– Қазақстандағы көлеңкелі экономикадан түскен ақша қайда кетіп жатыр дейсің? Олар шетелдегі оффшорлық есепшоттарға салады. Инвестицияны әртүрлі жолмен өндіріп алуға болады. Кейбіреулер тауар өндіру, тұрғын үй, құрылыс саласына құйса, енді біреулер жеңіл жолмен ақшасын өсіру үшін депозитке салады. Бірақ «Көп жеймін деген адам аз жейді…» деген мақал бар. Егер «бізде ақшаларың бар еді» десе, Кипрдегі ақшаны қорғау арқылы, елімізге бұру әрекетін жасауға болады. Бірақ ол қандай ақша екені белгісіз. Кипр депозиттегі ақшаны өз мүддесіне жұмсауы үшін әртүрлі қитұрқыға барып отыр. Мәселен, азаматтық беру, жеңілдік жасау, т.б. шараларын қолға алуда. Осы жерде мынаны айтқым келеді. Қазақстанның мақтаған банк жүйесін бір айдың ішінде құлатып тастауға болады. Халық депозиттегі ақшасын сыпырып алса, банк тоқырауға ұшырайды. Міне, Кипрдің жасап отырғаны да сол.
Әбдірашит Бәкірұлы, философ:
– Ол, мүмкін, Ұлттық қордың ақшасы шығар. Ал олигархтардың Кипрге ақша апарыпты дегені бос сөз. Олардың Сингапур, Лондон, Швейцария, Дубай тұрғанда, Кипрде не шаруасы бар? Жалпы, әр олигархтың жеке қаржы директорлары болатынын ескеру қажет. Олар ай қарап отырған жоқ. Кипрге жоламасы анық. Бірақ тағы бір болжам бар. 1 млрд.-тан астам еуро Кипрден «шыға алмай» қалған капитал болуы әбден мүмкін. Олай болса, бұл Қазақстаннан кетіп жатқан капиталдың «әлемге сыймай бара жатқанын» білдіреді.
Кипрдегі қаржылық тоқырауды ретке келтіру үшін республика Орталық банкінің алтын қоры көмек қолын созуы мүмкін. Бұл қор 1960 жылы құрылған. Бүгінде қордың көлемі шамамен 14 тоннаға бағаланса, оны 400 млн. еуроға саудалауға болады екен. Алайда, оны сату не сатпау туралы соңғы шешім Кипр Орталық банкінің құзыретіндегі шаруа. Ал сарапшылардың пікірі «банк ешкімге жалтақтамай тәуелсіз мәмілеге келгенде ғана, дұрыс қадам жасайды» дегенге саяды.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ