Жаңалықтар

Ұлық мереке

ашық дереккөзі

Ұлық мереке

ҚазҰУ қалашығындағы ұлыс­тың ұлы күнін тойлауға уни­вер­ситеттің барлық қызметкерлері мен студенттері қатысты. Алаңға киіз үйлер тігіліп, қонақтарға Наурыздың басты дәмі саналатын наурыз көже ұсынылды. Университеттің өнерпаз білімгерлері арнайы концерттік бағдарлама дайындап, ән мен биден шашу шашты. Сонымен қатар, салтанатты­ шараның ресми бөлімінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­верситетінің ғылыми кітап­ха­насының ашылу рәсімі өтті. Тұсаукесер рәсіміне Алматы қала­сының әкімі Ахметжан Есімов және шетел дипломатиялық корпус өкілдері, Алматыда тіркелген халықаралық ұйым дипломатиялық миссия басшылары, шетелдік қонақтар қатысты. ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов: «Бүгін студенттеріміздің, оқытушы-профессорларымыздың игілігіне пайдаланылуға беріліп отырған ҚазҰУ-дің Ғылыми кітапханасы – Орта Азиядағы жоғары оқу орындарындағы ең үлкен кітапхана. Бұл кітапхана екі миллионнан астам кітап қорымен қамтылған. Оқырмандарды бай кітап қорымен қауыштырып отырған жаңа кітапхана ғимаратының алғашқы кірпішін, іргетасын Қазақстан Республикасының Президенті – Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев қалады» деп атап өтіп, барша қонақтарды наурыз мерекесімен құттықтады. 

Әсел ӘНУАРБЕК