Жаңалықтар

Тағылымы мол кездесу

ашық дереккөзі

Тағылымы мол кездесу

Еліміздің жетекші оқу орындарының бірі Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінде бұл бағытта атқарылып жатқан іс-шаралар аз емес. Жақында «Есеп және статис­тика» факультеті, қазақ және орыс тілі кафедрасының ұйымдастыруымен осы оқу орнының түлегі, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильяновпен өткен кездесудің мәні айрықша болды. Кездесу барысында Нұртай Салихұлы биыл 50 жылдық мерейтойын тойлағалы отырған оқу ордасында экономика ғылымдарының докторы, профессор Святов Серік Аманжолұлының басшылығының арқасында университет ұжымының халықаралық талаптарға сай келетін экономист мамандарды дайындауда ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар жүргізіп жатқанын айрықша атап көрсетті. Солардың бірі ретінде Ресейдің жетекші университеттерімен халықаралық білім беру бағдарламаларын, сондай-ақ Альбер, Қытай, Корея, Германия, Қырғыз, Санкт-Петербург, т.б. оқу орындарымен, ғылыми-оқыту орталықтарымен инновациялық зерттеу бағдарламаларын жүзеге асыру бойынша серіктестік туралы Меморандумға қол қойылған. Қазіргі кезде студенттерге қос диплом беру бағдарламасының жүзеге асырылуы жастарымыздың болашағы үшін үлкен табыс, жетістік екенін де атап көрсетті. Кездесуде сөз алған студенттердің бірі: «Нұртай Салихұлы қашан да өзі бітірген университеттен қол үзген емес. Біздермен кездесуге әр кезде уақыт тауып, ақыл-кеңесін айтып, сыр бөлісіп, өз тәжірибесін ортаға салып отыратын азаматтың бірі. Ағамыздың өмір жолы әрдайым бізге үлгі-өнеге. Кезінде Желтоқсан көтерілісіне белсене қатысып, сол оқиғаның мәні мен маңызын бізге терең түсіндіріп, әңгімелеуі елге, жерге, халқымызға деген сүйіспеншілігімізді арттырып, жігерімізді шыңдай түсері хақ», – деген алғысын білдірді. Олар Нұртай ағаларына арнап шығарған өлеңдерін оқып, өздері салған портретін ұсынды. Айта кету керек, Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов бірнеше жыл қатарынан университет студенттері үшін 4 атаулы стипендия тағайындап келеді. «Егер талмай еңбектене отырып, көп оқып, ізденсеңдер, сендер алмайтын асу, бағындырмайтын белес жоқ! Болашақ сендердікі, біз сендерге сенеміз!» деген тілегін жаудырды. Сондай-ақ, кездесу барысында ҚазЭУ-де студенттердің білімді де білікті маман болып шығуларына бар жағдай жасалып отырғаны айрықша айтылды. Солардың қатарында 2006 жылдан бері халықаралық деңгейде өткізіліп келе жатқан «Т.Рысқұлов оқуларына» шетелдің білім беру және ғылыми орталықтарынан жетекші ғалымдар мен мамандардың шақырылып, өз тәжірибелерін ортаға салудың тиімділігі сөз болды. Қаржы және есеп, экономика, т.б. факультеттерде ағылшын тілінде оқыту бөлімдерінің ашылуы, виртуалды оқу залы, халықаралық деңгейде жарыстар өтетін спорт кешенінің қолданысқа енгізілуі, экономика және ақпараттық жүйелер саласында философия докторларын дайындау бойынша эсперименттік білім беру жүйесінің ашылуы біздер үшін үлкен қамқорлық деп көрсетті. Кездесу соңында Нұртай Салихұлы университет ұжымын 50 жылдық мерейтойымен құттықтап, осы кездесуді ұйымдастыруға белсене атсалысқан «Есеп және статистика» факультетінің деканы, экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Апиев Қанат Серікұлына, қазақ және орыс тілдері кафедрасының оқытушыларына, студенттерге шын жүректен ризашылығын білдіріп, еңбектеріне шығармашылық табыс тілеп, алғыс айтты. 

Гауһар Алимжанова, филология ғылымдарының докторы Светлана Адаева, аға оқытушы