Жаңалықтар

БАҒАНЫ АУЫЗДЫҚТАУ КІМНІҢ ҚОЛЫНАН КЕЛЕДІ?

ашық дереккөзі

БАҒАНЫ АУЫЗДЫҚТАУ КІМНІҢ ҚОЛЫНАН КЕЛЕДІ?

Монополистер мен тұтынушы арасына дәнекер болып, ортақ баға орнатып, компанияға тиімді, ал халыққа қолжетімді нарық қалыптастыру жағы әлі әлсіз.

Қазақстан нарығындағы бағаның орнығуы – осы агенттіктің қолында. ТМРА 1194 табиғи монополия субъектісінің қызметін тарифтік және техникалық реттеу әрі 130-ға жуық доминант субъектіге қатысты баға белгілеу функциясын жүзеге асырады. Алайда тұтынушы талабынан гөрі ірі компаниялардың есебі түгел сияқты. Мысалы, коммуналдық қызмет көрсететін монополистер қалаған уақытында бағаны көтереді және оған түрлі сылтау айтады. Ал монополистермен күрес агенттігі бұл ретте пәрменсіздігін танытуда. Жыл басында агенттік төрағасы Мұрат Оспанов баспасөз беттеріне берген сұхбатында коммуналдық қызметтің қымбаттамауын қадағалаймыз деген еді. Сондай-ақ «біз үшін тұтынушының құқы – бірінші орында. ТМРА өз инвестициялық міндетін орындап, шын мәнінде тариф көтеру қажет болған компанияларға ғана қол ұшын созады. Өйткені қарапайым тұтынушы коммуналды компанияның нашар менеджменті үшін жауап беруге тиіс емес» дей тұра, ай са­йын көтеріліп жатқан тариф бағасын қаперден тыс қалдырады. Бірақ өз бетінше тарифті аспандатқан компанияларға қандай да бір күш қолданылмайды. Қайтадан бағаны төмендеткізбейді де. Өйткені олардың артық шығыны көп, болмаса басқа сылтауы да көп. Бас прокуратура мен Табиғи монополияларды реттеу агенттігі жүргізген тексерулер барысында энергия өндіруші ұйымдардың тарифтерді көтеруінен түс­кен негізгі құралдарды жаңғыртуға жұм­салуы тиіс 2,7 миллиард теңге өздерінің құрыл­тай­шы­ларына дивидендтер төлеуге және мерекелік-мәдени іс-шараларға бөлінгені анықталыпты. Агенттік басшысы бұл мақсатта күрес жүргізіп жатқанын айтты. Онсыз да бағасы аспандап тұрған коммуналды қызмет саласы қатаң қадағаланатын болады. Ол үшін Оспанов мырзаның айтуынша, бірінші кезекте бағдарлама Агенттікпен, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі және жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жұмыс істейтін болады. Бірақ мәселенің мұнымен шешіле қоюы екіталай. 

МОНОПОЛИСТЕРДІҢ ШАРУАСЫ ҚЫРСЫЗ БА? 

Есірген монополистерді құрықтау – нақты осы агенттіктің міндеті емес пе? Бірақ ірі компанияларды есірткен де осы қамсыз агенттік сияқты. Олай болса, бағаны құрықтайтын агенттіктің қаншалықты қажеті бар деген сұрақ туындайды. Әркім өз бетінше бей-берекет тарифтерді өсіріп отыр. Бұл мәселені жуырда өткен Кәсіпкерлер кеңесінде Президент Н.Назарбаев қатаң тапсырды. Ірі компания басшылары бас қосқан отырыста Президент оларды халыққа жұмыс істеуге шақырды. Мемлекет басшысы кәсіпкер­лердің табиғи монополистермен қарым-қатынас жасап, мәселені бірлесе және жүйелі шешу қажеттігін айтты. «Әрбір монополист өз қызметіне қолжетімділікті өзінің ішкі құжаттарымен реттейтін болып алды. Оның үстіне барлығы да бизнес үшін қосымша қаржылық және басқа да шығындар шығатындай жағдай қалыптастыруға ұмтылуда. Мен бұл жерден бизнестің дамуына елеулі кедергілерді айқын көріп тұрмын. Біздегі Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттік бұл мәселелермен айналысып отыр ма?» деп сауал тастады Президент жиында. Жылу қуаты мен электр қуатын пайдалану ережесі 2005 жылы бекітілген. «Жұмыс істеп тұрған кәсіпорынға немесе цехқа олардың иесі ауысқан кезде инженерлік желілерге қосылудың техникалық шарттарын қайтадан алудың қажеті қанша? Осыны, қане, кім түсіндіріп береді? Әлде бұл өз кәсіпорнын жаңғыртқан немесе оған үнемді технологияларды енгізген кәсіпкерді монополистің алдында тізерлетудің тағы бір жолы ма? Өздерің-ақ ойлап көріңдерші? Бұл – қажетсіз, ойдан шығарылған процедура. Бұл – қуат үнемдеу және жаңа технологияларды енгізу ісіне көлденең тұрып, оның орнына аталған мәселеде әрекетсіз отырғандарды ынталандыру дегенді білдірмей ме?» – деді Мемлекет басшысы отырғандарға. Сонымен қатар кезінде Үкімет электр қуатына қосылу төлемін жойғандығын тағы бір еске салып өтті. Расында, «табиғи монополис­тер, олардың өз уәждерін нақ­ты келтіре кетейін, «Жаңа тұты­нушының пайда болуына байланысты қолданыстағы желіні ны­ғайту жөніндегі негізгі талап» деп аталатынды көлденең тартатын болып жүр. Ашығын айт­қанда, өздерінің шаруашылық жүргізудегі қырсыздықтарын жабу үшін бизнестен алым алудың жаңа тәсілін ойлап тапқан», – деді Президенттің өзі. Тариф көтерудегі қитұрқылықтарын саралап шықтық. Бірақ осыған қашан тосқауыл қойылады? Бұл тағы бір саладағы түйткіл. Ал нарықтағы басқа киім-кешек, азық-түлік, техника бағаларының көтерілуі елеусіз қала бере ме? Жуырда агенттік басшысы Мұрат Оспанов «Тұтынушылардың құқығын қорғау – мемлекет саясатының басты бағыты» деген баяндама жасады. Былтыр заңнаманың сақталуын бақылау және тұтынушылардың құқығын бұзуға жол бермеу мақсатында 471 тексеру жүргізілген. Тұтынушыларға өткен жылы келтірілген шығынды өтеу үшін агенттік 192 субъектіге уақытша өтемдік тариф енгізсе, тұтынушыларға шамамен 2 миллиард теңге қайтарылыпты. Осы көрсеткіштермен тарифті ауыздықтадық дегенді байқатқысы келсе керек. Бірақ нарықтағы бағаның өсуі тежелудің орнына, күн санап өсіп келеді. Бағаны реттейді деп сенген Монополияларды реттеу агенттігі керісінше ірі компаниялардың сойылын соғып тұрған жоқ па? 

Ақниет ОСПАНБАЙ