Жаңалықтар

ІЛЕ МЕН ЕРТІС

ашық дереккөзі

ІЛЕ МЕН ЕРТІС

Еуразия құрлығының ішіне еніп орналас­қан Қазақстан аумағы солтүстік жарты шардың аридтік құрғақ аймағына жатады. Қазақстанның табиғи жағдайының бір ерекшелігі – мұндағы жыл сайын ағып өтетін 100 – 120 км3 өзен суларының жартысына жуығы республикадан тыс жерлерде қалыптасады. Осы көлемдегі суды елдің аумағына жайып жібергендегі су қабатын гидрологияда «ағынды қабаты» дейді. Ол жер бетіне түскен атмосфералық жауын-шашынның булануға және топыраққа сіңуге жұмсалғаннан кейінгі қалған ағатын бөлігін көрсетеді. Қазақстан аумағы үшін ағынды қабаты небәрі – 42 мм. Климаты өте құрғақ Түркіменстан үшін бұл көрсеткіш мұнда Қарақұм каналы салынғаннан кейін 139 мм-ге жеткен, көрші Ресей мен Өзбекстанда – 250 мм, ал Қырғызстан мен Тәжікстанда – 600 мм-ден жоғары. 

Орталық Азияның басқа елдерімен қатар Қазақстан үшін де су ресурстары әлеуметтік-экономикалық дамуды анықтайтын негізгі факторлардың бірі. Еліміздің ауыл тұрғындарын сумен қамтамасыз ету көрсеткіші көптеген облыстарда тәулігіне әрбір тұрғынға 30 – 50 литр­ден келіп отыр, ал жекелеген Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында суды тұтыну бір тұрғынға 25 литрден төмен. Салыс­тыру үшін мынадай деректерді көрсете кетейік. Тәулігіне 1 адамның суды тұтынуы Мәскеуде – 700 литр, Парижде – 450 литр, Лондон мен Копенгагенде – 250 литр. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының президенті – Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты атты Қазақстан халқына жолдауында (2012 ж. 14 желтоқсан) «Сумен қамтамасыз ету проблемасы біздің елімізде де аса маңызды проблема болып отыр. Бізге сапалы ауыз су жетіспейді. Бірқатар өңірлер оның зардабын қатты тартуда», – деп атап көрсетті.Республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуы және индустрияландыру жоспарына сәйкес суды жалпы пайдалану мөлшері еселеп өсетіндігі белгілі. Еліміз біз күткендей даму сатысының келесі баспалдағына аяқ басқанда (оған күмәніміз жоқ), су тапшылығы біз үшін проблемаға айналмақ. Бірінші кезекте өзендер суының тапшылығына ұшыраймыз, себебі жер астынан алынатын су көлемі беттік суларға қарағанда анағұрлым аз. Қазақстанда су ресурстарының кеңістік және уақыт бойынша біркелкі таралмауы және олардың мерзімдік өзгермелілігінің жоғары болып келуі жағдайды одан сайын күрделендіреді. Зерттеу­лер бойынша суы мол жылдарға қарағанда қуаңшылық жылдардың қайталану мүмкіндігі көбірек болып келеді, яғни суы мол бір жылға қуаңшылықты 3 жыл сәйкес келеді. Мұндай суы аз жылдары Шығыс Қазақстан ғана өзін сумен қамтамасыз ете алады. Бірақ соңғы кезде Қытай Халық Республикасы (ҚХР) Қара Ертіс өзені бойын игеру жоспарын жасап отыр. Қазірдің өзінде Қытайда шекараға жақын жерден Ертіс өзенінен Қарамай кен орнына канал қазылған. Мәліметтерге жүгінсек, осы канал арқылы Қара Ертістің 20% ағынды суы алынатын болса (деректер бойынша каналдың су өкізгіштігі одан да жоғары көрінеді), онда Шығыс Қазақстан өңірі де су тапшылығына ұшырауы мүмкін. Ал ҚХР Іле өзені суын пайдалану жоспарын іске асыратын болса, онда оның біздің 3 млн-нан астам халқымыз тұратын, әрі өнеркәсіп шоғырланған стратегиялық маңызы жоғары Іле-Балқаш алабына тигізетін әсері жоғары болатындығы белгілі. Осы проблема жайында – Елбасы Н.Ә. Назарбаев өзінің жолдауында «Бұл проблеманың геосая­си астары да жоқ емес. Қазірдің өзінде біз трансшекаралық өзендердің су ресурстарын пайдалануда бірқатар мәселелермен бетпе-бет келдік. Аталған мәселенің күрделілігіне қарамастан, біз оны саясаттандыруға жол бермеуге тиіспіз», – деді. Соңғы кезде су мөлшерімен қатар оның сапасының күрт төмендеуі жұртшылықты алаңдатып отыр. Қазірдің өзінде сапасыз суды тұтыну себебінен әлемде 5 млн-ға жуық адам көз жұмады екен (ЮНЕСКО мәліметтері). Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы сарапшылары аурудың 80%-ы сапасыз суды пайдаланудан деп есептейді. Республикамыздың Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтері бойынша сапасыз суды пайдалану арқылы ауырған адамдарды емдеуге және оларды реабилитациядан өткізу үшін мемлекеттен ауқымды қаржы жұмсалады («Табиғат» газеті).Қазақстанның негізгі су артериялары – Ертіс, Сырдария, Іле, Шу, Талас және т.б. трансшекаралық өзендердің ластануы жалғасуда. Оның үстіне еліміздің ішкі өндіріс орындарында (Теміртау, Өскемен, Балқаш, Шымкент, Тараз, Ақтөбе т.б. қалалар) пайдаланған сулардың тазаланудан өткізілмей су алаптарына жіберу фактілері орын алады. Өзен және көл суларының сынап, хром, бром, мырыш т.б. ауыр металдармен және мұнай өнімдерімен ластануы экологиялық проблемаға айналып отыр.Жоғарыда айтылған жайттар табиғаттағы су тамшыларын есептеуді және жер беті суларының пайда болуы жөнінде анық түсініктеме алуды, өзендер мен көлдер және су алаптары туралы көп мәліметтер жинап, олардың гидрологиялық режимін зерттеуді қажет етеді. Гидрология ғылымының алдында тұрған барлық мәселелерді санап шығу қиынға соғады, дегенмен олардың негізгілері төмендегідей:Жер бетіндегі су ресурстарын бағалау жұмыстарын атқару үшін олардың мөлшерін өлшеу және сапасына тексеру жұмыстарын жүргізу, гидрологиялық есептеу жұмыстарын атқару арқылы су ресурстарының мерзімдік өзгерісіне баға беру. Өткен ғасырдың 60-70 жылдары КСРО аумағы бойынша мұндай жұмыстар жүргізілген. Бірақ бұл мәліметтер соңғы кезде климаттың бір бағытты өзгеруіне және шаруашылық әрекеттің өсуіне байланысты осыдан 20-30 жыл бұрынғымен салыстырғанда көп өзгеріске ұшырады. 1980 жылдары өзен суларының жылдық көлемі 125 км3 болса, 2000-2010 жылдары әртүрлі есептеулерге байланысты бұл көрсеткіш 110 – 90 км3-ке дейін кеміді. Сонымен, осы кездегі су ресурстары жөнінде нақты мәліметтер жоқ. Гидрологиялық есептеу әдістерін жетілдіру. Кез келген гидротехникалық құрылысты жобалау гидрологиялық есептеулерге негізделуі қажет. Бұрынғы ескі кеңестік нормативтік құжаттар бүгінгі күннің сұранысына, халықаралық стандарт талаптарына сай келмейді. Есептеу әдістерінің жаңа сатысы қажет, ал ол өте жауапты ғылыми жұмыс. Айта кету керек, соңғы кезде елімізде жобалау жұмыстары жанданды. Мысалы, өзендерді кесіп өтетін автомагистральдар, темір жолдар, электр желілері және Кіші Аралды Үлкен Аралдан бөлетін бөгетті тұрғызу, сондай-ақ әртүрлі мақсаттағы көпірлер, акведуктер, дюкерлер т.б. жобалануда.Су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері. Су ресурстарын тиімді пайдалану жолдарын іздестіру және шаруашылықта дұрыс пайдалану жолдарын қарастыру. Біз бүгінгі күнімізбен өмір сүрмеуіміз керек, келер ұрпаққа су ресурстарын жеткілікті әрі сапалы түрде қалдыруымыз керек. Су ресурстарына мониторинг жүргізу жұмыстарын дамыту. Егер Германияның батыс бөлігінде 35 км2 ауданға 1 гидрологиялық бекет (гидрологиялық бақылаулар жүргізілетін жер) келсе, ал АҚШ-та 450 км2 ауданда 1 бекет орналасқан. Қазақстанда 2000 жылдары 18000 км2 ауданға 1 бекеттен келген болатын. Соңғы жылдары 50-ден астам гидробекеттер салынды. Енді бұл бекеттердің жоғары деңгейде жұмыс істеуін, үздіксіз және сенімді ақпарат беруін қамтамасыз ету үшін көп жұмыс атқару керек, ол үшін білікті мамандар даярлау қажет.Су нысандарының экологиялық жағдайын жақсарту мәселелері. «Қазақстан 2030» құжа­тының мәліметтері бойынша елдегі өлімнің 20%-ы экологияға байланысты. Әрине, сапасыз суды пайдалану бұл көрсеткішке үлесін қосып отыр. Сондықтан бұл мәселені шешуде де гидролог мамандардың қажет екендігі белгілі.Гидрологиялық болжамдарды дамыту және болжам жасау әдістерін жетілдіру. Сенімді болжамсыз су ресурстарын басқаруды тиімді шешу қиын. Оның үстіне климаттың өзгеруіне, аумақтың шөлге айналуына, тау мұздықтарының шегінуіне, көрші мемлекеттерден келетін су мөлшерінің кемуіне байланысты болашақтағы су ресурстарын бағалау қажет.Елді мекендерді, шаруашылық нысандарды су тасқынынан, селден, қар көшкінінен қорғау мәселелері. Бүкілдүниежүзілік метеорологиялық ұйымның деректері бойынша 2002 ж. су тасуы салдарынан әлемде 3 млн-нан астам адам зардап шеккен, апат әкелген шығын 30 млрд. доллармен бағаланады.Ішкі су алаптары – Каспий, Арал, Балқаш т.б. мәселелері.Тізімді одан әрі жалғастыра беруге болады. Қазіргі уақытта біздің міндетіміз осы жоғарыда аталған мәселелерді шешу. Мұндай жұмыстармен гидролог-мамандар, гидролог-ғалымдар, гидролог-практиканттар айналысады. Ол үшін бүгінгі күннің талабына сай гидрология саласындағы мамандар даярлануы қажет.

Д.Қ. ЖҮСІПБЕКОВ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің«Метеорология және гидрология» кафедрасының меңгерушісі