ЖЕДЕЛДІК ТЕК «ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМДЕ»
ЖЕДЕЛДІК ТЕК «ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМДЕ»
Соның бірі – Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы. Аурухананың тұсауы 2011 жылы 14 ақпанда Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен кесілген. Содан бері 310 орындық мекеме қала тұрғындарының еміне шипа, дертіне ем сыйлап келеді. Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының бас дәрігері Манат Сейдумановтың айтуынша, мұндағы 800-ден асатын білікті дәрігерлер мен медицина мамандары күндіз-түні науқас жандарға көмек көрсетуге әзір. «Аурухана көппрофильді болғандықтан біз тек байқаудан өткен дәрігерлерді ғана іріктеп алдық. Жедел-жәрдеммен келген ауыр халдегі науқастарға алғашқы медициналық көмек беруге сақадай-сай. Қазір мекеме 500-дей қызмет түрін көрсетеді. Тағы бір айта кетерлігі, бүгінге дейін республика бойынша 109 дәрігер-маман тәжірибе алмасып кетті», – дейді ол.
Біз аурухана ішін аралап, бас дәрігердің жалған сөйлемегеніне куә болдық. Ем алып жатқан науқастар да қызмет көрсету сапасына көңілі толатындығын айтып қалды. Дәрі-дәрмегі, емдік шаралары, тамағы, бәрі-бәрі тегін. Ал операциялық және реанимациялық бөлмелер соңғы үлгідегі медициналық құралдармен жабдықталған. Былтыр аурухана бір жылдың ішінде 19 мың адамды емдеп шығарыпты. Одан бөлек жедел-жәрдеммен келген қаншама адам қабылдау бөлмесінде қаралып, диагнозын алып, үйіне қайтып жатады екен. Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының күндіз-түні тыным таппайтын бөлімшесіне бас сұқтық. Владимир Семенов басқаратын травматологиялық бөлімше күн сайын жаңа науқастармен толығып отырады екен. Жол апаты, аяқасты жазымнан жарақат алатындардың бәрі осында келеді. Бас дәрігердің емдеу жөніндегі орынбасары Рашид Сүлейменовті әңгімеге тартқанымызда, ол бөлімшенің бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырды. «Алматы қаласы ауруханаларының бәрінде травмотологиялық бөлімше бола бермейді. Біз шұғыл көмек көрсететіндіктен көбінесе жедел-жәрдем көлігі осында әкеледі. Олар жол апатына ұшырағандар, қыстыңгүні, күзгі суықта мұздан тайып, құлап қалғандар, тағы басқа жарақат алғандар. Қысқасы, бөлімше дәрігерлері мен қызметкерлеріне дамыл жоқ. Әрі олар қашан да сапалы қызмет көрсете алады», – дейді. Травмотологиялық бөлімшедегі науқастардың көңілін көтеріп, емен-жарқын әңгімелесіп жүрген ақ халатты жігітті көзіміз шалды. Ұлты орыс болса да, қазақшаға судай ағып тұр. Өзін Матвей Александрұлымын деп таныстырған гипс технигінің еңбекке араласқанына да көп бола қоймапты. Медициналық колледжді тәмамдаған ол әуелі №4 клиникалық ауруханада жұмыс істеп, тәжірибе жинапты. Ал біздің «Қазақ тілін қайдан, қалай үйрендің?» деген сауалымызға жауап берген Матвей Кобзев: «Балабақшада қазақ тобына бардым. Сосын 5-сыныпқа дейін қазақ сыныбында оқыдым. Анам – қазақ, әкем – орыс. Бәрі де ананың сүтінен дарыған шығар деп ойлаймын», – деп таңқалдырды. Шынында да, қазақшасы «менмін» деген кез келген қазақ азаматынан асып тұр. Таза, анық, шұрайлы. Баланың тілі қай тілде шығуы анаға байланысты екеніне тағы да көз жеткізгендей болдық. Әңгіме арасында Матвей болашақтағы жоспарымен де бөлісті. «Маған орыстың қыздары ұнамайды. Қазақ қызына үйленемін деп жүрмін. Қазақтың қыздары ашық, баланы жақсы тәрбиелейді. Құдай қаласа, балаларым да қазақша сөйлейтін болады», – деп ағынан жарылды. Матвей оқыстан аяғын шығарып, сындырып алған сырқаттарға гипс салады. Ол әсіресе қыста демалуға мұрсат жоқ екенін айтады. «Еңбек өтілім төрт жыл. Айлығым 40 мың теңге. Әрине, жалақым аз болса да, өзім қалап оқыған мамандық болғандықтан, маған бәрі қызық. Келешекте дәрігер деген атқа кір келтірмейтін маман боламын», – деген гипс технигі өзіне сенімділігін жасырмады.
Динара ДҮРМӘН