Жаңалықтар

ҰЛТ АСПАПТАРЫН ЖАҢАША ЖАҢҒЫРТҚАН ШЕБЕР

ашық дереккөзі

ҰЛТ АСПАПТАРЫН ЖАҢАША ЖАҢҒЫРТҚАН ШЕБЕР

 – деп ақын өлеңін арнаған музыка аспаптарын жасаушы хас шебер Жолаушы Тұрдығұловтың қолынан шыққан аспаптарын еліміздің ең айтулы, кәсіби музыканттары ойнап жүр. Атап айтсақ, Қ.Байбосынов, А.Қоразбаев, Т.Шамелов, С.Тұрысбеков, А.Үлкенбаева, А.Райымбергенов, А.Қосанова, Е.Әлімбетов, А.Еңсепов және тағы басқалар. Ол қазақтың қара домбырасынан бастап қылқобыз, нарқобыз, дауылпаз, сазген, қос-саз, шертер, шаңқобыз, сыбызғы сияқты ұлттық аспаптармен бірге қырғыздың қомызын да жасады. Сонымен бірге қазіргі кезде қолданыста жүрген, өз лабораториясынан шыққан жиырмаға жуық домбыра түрін айтып берді: «ән және күй домбырасы, торсық, тұмар, кең шанақты (екі нұсқасы), балдырған, балашық, шіңкілдек, аша, үш ішекті, қуыс мойын, шертер, оркестр домбыралары; қоңыр дауысты (альт), жіңішке дауысты (прима), ащы дауысты (секунда), бас домбыралар (екі нұсқасы) т.б. бар». 

Шебер қолынан шыққан туындылар елімізде де, шет мемлекеттерде де кәсіби мамандар тарапынан жоғары бағаланып жүр. Мысалы, 1998 жылы Австрияда өткен варган музыкасының ІІІ Халықаралық конгресінде әлемнің 22 елінен 70 музыкант қатысқан жиында Жолаушы Тұрдығұловтың жасаған Нарқобызы жоғары бағаланып, суреті Францияның Ұлттық мұражайына және Австриядағы әлем музыкалық аспаптары мұражайына, Уфадағы Халық музыка орталығына жіберілді. Ол Махамбет, Абай домбыраларының көшірмесін мұрағаттар тапсырысымен жасаған. Домбыра жасауды жете меңгерген шебердің алдына қойған мақсаты – домбыраны дүние жүзіне таныту. Аспаптың дыбыстық қасиетін жоғарылату жолында еңбектеніп жүрген шебер: «Біз қоңыр үнді сақтамасақ, біздің музыкамыздың тереңдігі, дыбыстық қуаты, өзіндік үнділігі мен ішкі жан-дүниесінен айрылып қаламыз», – дейді. Осы орайда музыкатанушы, қазақ тембридеалын зерттеуші Ж.Нәжімеденовтің «Қазақтың иммунитеті домбырада жатыр» деген сөзі ойға оралады. Ғалым домбыраның табиғи «қоңыр үні» туралы көп жазды, оның жоғалып бара жатқанын айтып, дабыл қақты. Домбыра дыбысының тербеліс амплитудасын зерттеген ғалым қоңыр үннің дыбыс жиілігі 90 гц-тен басталатындығын насихаттады. Бүгінгі кезде жасалып жатқан домбыралар үні (леска) одан 100 гц-қа жоғары екендігін алға тартқан ғалым оны Еуропа академиялық аспаптарымен салыстырып, домбыра дауысының «жіңішкеріп кеткендігін» дәлелдеген болатын. Ғалым өз зерттемелерінің бірқатарын осы Жолау­шымен бірлесіп, оның лабораториясында жүзеге асырған екен. «Ж.Нәжімеденовтің айтқандарына толық, жүз пайызға қосыламын. Бұл бағытта біраз ізденістер жасап көрдім. Ветеринар дәріханасында кедгут деген қой ішегінен жасалатын, малға операция жасағанда теріні тігетін материал бар, ол үнемі спирт ішінде тұрады. Соны домбыраға ішек етіп таққанда дыбысына таң қалдым! Қоңыр, қою барқыт тембр шықты. Біздің қазақи, ұлттық дыбысымыз осы болуы керек. Үні бүгінгі біз ойнап жүргеннен әлдеқайда төмен екен», – дейді Жолаушы Әбілғазыұлы. Ол кедгуттан басқа материалдарға да эксперимент жасады. Мәселен мал сіңірі. Оның да өзіндік беретін үні бар екен. Бірақ сіңірден ішек жасау өте машақаты көп, тәжірибені, уақытты да көп талап ететін жұмыс. Сіңірді арнайы кептіріп, бытыратып, барлығын арқанша есіп, иіру керектігін, негізінен мал ішегін қолданудың болашағы тиімді екенін айтты. Және де эстрадаға, этнорок жанрына қосылып жүрген ұлттық аспабымыз туралы мынадай пікірімен бөлісті: «Заманауи жанр ДЭККО (домбыра-эстрада-күй-компьютер-орындаушы)-ға сәйкес болу үшін аспаптың дыбысы барынша таза болуы, шашырамауы керек, сыңғырлап, вибрацияны жақсы беруі қажет. Электродомбыра уақыт талабынан туды, ол өз бағытымен жүре береді, оны тоқтату мүмкін емес, бірақ қазақтың көнеден жеткен домбыраның үнін сақтап қалу парызымыз». Жаңа шеберхана құрылысы аяқталған соң осындай табиғи ішектерді әлде де салыстырып көріп, ойындағы сандаған дүниелерді жүзеге асыруға мүмкіндік алатынына сенетін шебер домбыраның қоңыр үнін барынша қайта оралтуға бар күш-жігерін жұмсамақ. Осы жерде ол халықаралық аспап – скрипка жасау ісін бастамақ. «Бұрыннан ойлап қолыма ала алмай жүрген жұмысым, арманым скрипка жасау. Егер жасасам, аспап материалына өзгеріс енгізгім келеді. Қайда барсаң да скрипканы үйеңкіден жасамасаң қабылдамайды. Тіптен Мәскеуде 2-3 жыл сайын скрипка аспабын жасаушы шеберлер конкурсында дыбысын тыңдамас бұрын алдымен материалына қарайды. Егер үйеңкіден (клен) жасамасаң, конкурсқа қатыса алмайсың. Бұл ғасырлар бойы шаблон болып кеткен тәсіл. Мен мұндай талапты құптамаймын, ең бастысы – аспап дыбысының сапасы деп ойлаймын». Музыкалық аспаптарын өзіндік ою-өрнегімен әсемдеп, қолтаңбасын жасауда сара жолы бар шебер домбыраны сүйектен жасаудың да өзінше тәсілін, өзіне дейін ешкім жасамаған жаңаша технологиясын ойлап тапты. Яғни, сүйекті уатып, талқандап алып, аспаптың үніне бөтен әсері болмайтындай етіп қатырады, көркемдейді. Бастапқыда домбыраны шауып тұтастай жасайтын маман, кейін құрап жасауды да үйренеді. Құрап жасауды алғаш рет Асқар Аджиев деген шебер үйреткен. Жолаушы өзінің ұстазы ретінде осы Асқарды аузынан тастамайды. Үздіксіз даму, ізденісте жүретін Жолаушы Әбілғазыұлы 78 жастағы танымал аспап шебері Алексей Першинмен тәжірибе алмасып отырады. А.Першин Жолаушыға аспап бұрауы, домбыраның декасын күмбездеп жасау, ағаш материалдан дыбыс тербелісінің берілуі, қай кезде қандай дыбыс шығатынын, дыбыстың төмен батып кетуі немесе уақыт өте отырып кетуі себебі сияқты маңызды нәрселерді үйретті. «Қажетті дыбысты шығару үшін домбыра кеудесі мен шанағының үндестігі қажет. Аспаптың бетін жабуға көп нәрсе байланысты. Оның негізгі екі тәсілі бар. Алғашқысы – серіппемен (пружина) жабу, ол дыбыстың тербелісін күшейтеді, дегенмен дыбысы қатты болса да саздылығы бәсеңдейді. Екінші әдіс – күмбез арқылы жабу. Қазақта домбыраны серіппемен емес, күмбезбен жасаған. Қоңыр дыбыс осы әдіспен жапқанда шығады», – дейді мастер. Домбыра мен қылқобыз формасының біркелкі болып жүйеленіп, ғылыми негізде бір қалыпқа түсуінде Жолаушы Әбілғазыұлының еңбегі орасан зор. Айтпағымыз, бес-алты жасар және одан ересек балаларға арналған домбыралар жүйесі. Аспап мойыны, шанағының өзара өлшемдік қатынасын есептеген Жолаушы 36, 38, 40, 42 сантиметрлік домбыралар жасады, бұл бүгінгі уақытта қалыпқа түскен көрсеткіштер болып табылады. Ал қылқобызшы педагог Әбдіманап Жұмабеков: «Кейбір шеберлердің ауыз жаппай мақтағаны уақыт өтпей жатып, түкке жарамсыз болып қалады. Немесе қобыздың терісі қыстың күні суыққа шыдамай, тез жыртылып кетеді. Қандай тері пайдалану керектігін зерттемей, әйтеуір шала-пұла жасай салатындар көп. Жолаушының ондай әдеті жоқ. Айта кетерлік жайт, бұрын қобыздар әртүрлі болатын. Бірі ұзын, бірі қысқа келетін. Жолаушымен ақылдаса отырып, соның барлығын бір жүйеге келтірдік. Қазіргі қобыздардың дыбысы да, тембрі де жақсы. Әркім қалағанынша жасамайды. Ортақ параметрлердің қалыптасуына Жолаушының еңбегі көп сіңгенін айта кеткеніміз жөн», – деген ойын айтты. Жолаушы Әбілғазыұлының өн бойында кәсіби суретшілігімен бірге әншілік, күйшілік пен актерлік, қолөнер шебері қасиеттері тоғысқан. «Сегіз қырлы, бір сырлы» жан Шығыс Қазақстан Облысы, Күршім ауданы (бұрынғы Марқакөл ауданы), Теректі ауылында (бұрынғы Алексеевка) дүниеге келді. Әкесі Әбілғазы сері, палуан, атбегі болса, анасы Шәмшия жеті қыздың арасындағы жалғыз ұлын бетінен қақпай өсірді. Ол бала күнінен сурет салуға құштар болды. Бойындағы қабілетін алғаш рет байқаған сурет сабағының мұғалімі А.Е.Сочков 5-сыныпта сабақ үстінде оқушыларды далаға шығарып, құлаған ескі қойманың суретін салуды тапсырады. Сонда Жолаушының салған суретіне қарап «сенде ерекше дарын бар, әрі қарай дамыту қажет» дейді. Біраз уақыты өтіп кетсе де Жолаушы 1974-77 жылдары Алматының Н.В.Гоголь атындағы суретшілік училищесінде театр декорациясы мамандығы бойынша білім алады. Әнші Қайрат Байбосынов ол туралы «Керек десеңіз ағаштармен сөйлесіп, сырласады» дей келе: «Бір байқағаным, домбыра жасаушылардың ішінде ең сезімталы да осы – Жолаушы… Оның домбырасы кез келген сахнада сені жетелеп алып кетеді. Бейне бір астымдағы жүйрік атым сияқты, сондай құдіретті сенім пайда болады», – деп бағалайды. Жолаушының 7-сыныпта балалар музыка мектебіне домбыра үйренуге барып, музыкалық есту қабілеті нашар деп қабылданбай қалуының өзі бір әңгіме. Бірақ жасөспірім бұдан кейін 20 жасқа дейін қолына домбыраны ұстамапты. Кейін әскерде Қиыр Шығыста болғанда қырғыз жігіті Жұмақан оған домбырамен ән айтып, күй шертуді үйретеді. Оның айтқан алғаш әндері де қырғыз тілінде «Сүретіңе», «Фрунземе», «Долон», «Жал-жалым» болды. Туған жерге оралғанда аудандық Мәдениет үйі жанындағы ұлт аспаптар оркестрінде домбыра партиясын ойнап, Түркештің «Көңіл ашар», Дәулеткерейдің «Құдаша», А.Жұбановтың «Би күйі» тәрізді күйлерді есту арқылы жаттап алып, сахнаға жеке шығып ойнайтындай деңгейге жетеді. Ол оркестр құрамында жүріп бұрынғыдай емес, домбыралардың үніне қарап, дыбыс шығару механизмін зерттеп, сынған, ескі аспаптарды реставрациялай бастайды. Ескі домбыраларды бұзып, құрап, жөндеумен айналысады. Өнерпаздың музыкалық дарынын көрген мәдениет қызметкерлері енді ән шырқауды да сұрайды. Сөйтіп, ол оркестрдің жеке әншісі болып, репертуарын кеңейтеді, толықтырады. Бұл салада да айтулы жетістіктерге жетеді. «Нағыз дарын иесі қай салада да қабілетті» дегендей 1980 жылы Жеңістің 35 жылдық тойында 1-ші Бүкілодақтық патриоттық әндер фестивалінде Мәскеуден шыққан комиссия республикаларды аралай келе, Р.Елебаевтың «Жас қазақ» әнін домбырамен айтқан Жолау­шы Әбдезұлына лауреаттық орын береді. Осылайша оның бойындағы қабілеттері қоршаған ортаның сұранысымен ашылып отырды. Өмірдің өзі оның әнші, күйші, аспаптар реставраторы болуына әкелді. Жолаушының өнердегі тағы бір қыры, актер ретінде спектакльдерде ойнауы. Ең қызығы, ол «Қозы Көрпеш-Баян сұлуда» қосымша партияда ойнаса, «Ақан сері-Ақтоқты» спектаклінде бас рольде Ақан серінің, О.Бодықовтың «Үйленгім келмейді» қойылымында Кенжебектің бейнелерін сомдайды. Шығармашылық ансамбльде би де биледі. Әрине, қосымша оқыған мамандығын да ұмыт қалдырмады, автоклубты жүргізіп, моторист, суретшілікпен де айналысты.ҚР еңбек сіңірген әртісі С.Тұрысбеков шебер туралы мынадай пікір айтқан: «Бір қызығы, домбыра жасайтын кейбір шеберлер жасаған домбырасын шерте білмейді. Мен ондай домбыраның дыбысын ажырата білмеген адамнан керемет шебер шығады деп ойламаймын. Ал Жолаушы ән десеңіз әнді, күй десеңіз күйді керемет орындай алады. Оның ең ұтатын жағы да – осы».«Орындаушыны домбыраның бауыры, мойыны, шанағы, ішегі мен тиегіне дейін еш нәрсе алаңдатпауы керек. Ол үшін домбыраның бүткіл болмысында қылаудай мін болмауы тиіс. Күйшінің көкірегінен шығатын күйлерге, жүрекжарды сезіміне домбыра демеуші болып, екеуі бір-бірімен үндесуі қажет. Бірін-бірі демеуі керек. Осы тұрғыдан алғанда Жолаушы шеберлердің ішіндегі ең жоғарғы деңгейлісі деп бағалаймын». Ауданның Мәдениет үйінің өнер атаулысын игерген Жолаушыға бұл жер тарлық ете бастайды, сондықтан еліміздің астанасы Алматыға баруды жоспарлайды. Тәуекел етіп 1985 жылы Алматыға көшіп келген шебер ҚазРеставрацияның ішіндегі «Қазмұражайда» қызмет етеді (қазір Қазқайтажаңғырту). Осы кезеңнен бастап ол музыкалық аспаптар жасайтын шебер ретінде өз өмір жолының кәсібін айқындайды. Қолынан келетін музыканттық қабілетімен күнкөріс жасауға мүмкіндігі болса да шеберлікке біржола бетбұрыс жасайды. Осы жылдары бүгінде өзі профессор болып қызмет ететін оқу орнында «Көркемсурет өнері және сызу» мамандығы бойынша білім алады. Жолаушы Әбдезұлы Қазақстан Сурет­шілер Одағының мүшесі (2001) респуб­ликалық «Үкілі домбыра», «Дана қобыз» атты байқау-бәйгелерінің Бас жүлделерінің иегері, осындай кон­курстардың «Мұрагер», «Жоғарғы шеберлік», «Асыл ұстаз» номинациялары бойынша жүлдегер. Малайзия мен Индия, Әзірбайжан, Түркіменстанда аспаптарымен көрмеге қатысса, Парижде, Тэгуде (Кореяда) шеберлік-сағаттарымен шетелдік әріптестерін ұлттық домбыра үнімен таң қалдырып келеді. 

Бақыт ТҰРМАҒАМБЕТОВА