Жаңалықтар

ДҮНИЕЖҮЗІН ДҮРЛІКТІРГЕН ЦАРНАЕВТАР

ашық дереккөзі

ДҮНИЕЖҮЗІН ДҮРЛІКТІРГЕН ЦАРНАЕВТАР

15 сәуірде, дүйсенбі күні, Бостон қаласында Отансүйгіштер күніне арналып өткізілетін 113 жылдан бері салтқа айналған, ұзақ қашықтықтағы жаяу жарыс аяқталуға жақындағанда 12 секунд ішінде екі рет бомба жарылып, ол үш адамның өмірін қиды, 180-нен астам адам ауыр жараланды. Марафонға қатысуға он өлкеден 20 мыңға жақын адам келіпті. 

Жұма күні Бостон қаласымен іргелес Уотертаун елді мекенінде кінәлі деп ізделген Жохар Царнаев ұсталған, ағасы Тамерлан полициямен атыс кезінде олардың біреуін атып өлтіріп, өзі де полиция оғынан қайтыс болған. Ауруханада жатқан Жохар қазір тергелу үстінде, желкесіне оқ тигендіктен, сөйлей алмайды. Ол тергеушілердің сұрауына басын изеп немесе шайқап қана жауап беруде. «Адвокатты жалдауға қаражатың бар ма?» деген сауалға ғана кенеттен «Жоқ!» деп жауап берген. Жохар қолға түскеннен кейін АҚШ-тың Президенті Барак Обама: «Бұл трагедияның бір тарауы жабылды, бірақ, осы елдегі қоғамның тең мүшелері ретінде өсіп, білім алған жастардың мұншалықты қатыгездікке не үшін барғаны туралы сұраққа әлі жауап жоқ», – деп мәлімдеме жасаған. Бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде ғаламтор парақтарында жария­ланып жатқан мәліметтер, бейнетас­палар онымен танысушылардың қай-қайсысының да көкейіне «ағайынды Царнаевтар – діни радикалдық лаңкестер» деген нанымды ұялатпай қоймайды. Бірақ АҚШ билігі мұндай бағадан өздерін аулақ ұстауда. Царнаевтармен кант зауыты кварталында көрші тұрған Әзіз Батуқаевтың (жуырда абақтан босатылған «заңдағы ұры») інісі Мовсар Батуқаев және оның жұбайы Раиса Кааева америкалық радиоға берген сұхбатында «Баланы қалай тәрбиелесе, солай болып өседі, ата-аналары балаларын жақсы тәрбиелеген еді. Оларға жанымыз ашиды. АҚШ қайшы мәліметтерді таратып жатыр. Тамерланға стипендия беріліпті. Ол келешегі кең боксшы екен. Ендеше, қалайша жарылысты жасайды? Жоқ, бұл шындық емес. Бұл балаларға жасалған қараниет іс, оларды алдап қойды. Царнаевтар болмаса, АҚШ-тың билігі Орталық Азиядан, не Кавказдан шыққан басқа біреулерді күнәламақ. Балалар спортшы болғаннан кейін марафонға келген. Оларды лаңкес дегенге сенбейміз. Балалар мұндай нәрседен алыс», – деп жандары ашыған.«Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қорының көктемгі сессиясына қатысу үшін АҚШ-қа барған Қырғызстанның бірінші вице-премьер-министрі Жомарт Отарбаев АҚШ-тың мемлекеттік хатшысының орынбасары Уенди Шерман қатысып отырған алқалы кездесуде Бостондағы жарылысқа байланысты қырғыз елінің және қырғыз үкіметінің атынан Америка халқына көңіл айтуды жеткізді. Үкімет басшысының бірінші орынбасарымен сөйлескендер АҚШ-тың құзыретті органдары тергеу барысында жарылысты жасады деп күдіктелінген ағайынды Тамерлан және Жохар Царнаевтардың Қырғызстанда туылғаны анықталды деп хабарлаған. Ж. Отарбаев Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздігі мемлекеттік комитетінің ресми білдіруіне таянып, «біріншіден, ағайындылардың кішісі ғана Қырғызстанда туылған және Қырғызстанның азаматы болған, ағасы Қалмақстанда туылып, Ресейдің азаматы болған» деп жауап берген. Екіншіден, Царнаевтардың жанұясы 2001 жылы Қырғызстаннан Дағыстанға келгенін, ол кезде ағайындылар 14 және 7 жаста болғанын, сондықтан, америкалық БАҚ-тың бірі баса белгілегендей, олар сондай жасөспірім шағында «радикал» бола алмасын, осыған байланысты бұлардың әрекеттерін Қырғызстанға таңудың орынсыз екенін айтқан мәлімет Қырғыз Үкіметінің ресми сайтында 22 сәуірде жарияланды. Осы мәліметке зейін қойған оқырманға кездесуге қатысқан Американың ең лауазымды адамдарының – Уенди Шерман, АҚШ-тың Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің Ресей және Евразия істері бойынша ұлық директоры Э. Уэллс, АҚШ-тың мемлекеттік хатшысының жәрдемшісі Р. Блэйк бас болып, екі жігіттің өмірбаянын бүге-шігесіне дейін білмей отырғаны сенімсіз. Өйткені, сол оқиғадан бері бір аптадан аса өтті, сондықтан да кімнің кім екені белгілі болып қалған. Бұл әңгіме Қырғызстанға қарата «Аяз әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» деген қоқан-лоққы болып жүрмесін. Мұны бір есептен Бішкектің «Манас» әуежайындағы АҚШ-тың транзиттік жүк тасымалдау орталығының орналасу мерзімінің аяқталып келе жатуымен де байланыстыруға болады. Мемлекет басшысы Алмазбек Атамбаев бір айтқанынан қайтпай, 2014 жылы, келісілген мезгілде АҚШ әскерлері Қырғызстаннан шығып кетсін деп табан тіреп отыр. Сондай-ақ, 2014 жылы Ауғанстаннан коалициялық күштердің әскерлері шығарыла бастайды.Ағайынды «жанкештілердің» өмір тарихына үңілсек, олардың бабасы Зайндин көптеген қандастарымен бірге Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда Кавказдан Қырғызстанға жер аударылған. Зайндин 1980 жылдардың аяғында қайтыс болған. Ағайындылардың әкесі Анзор Царнаев Тоқмақ қаласының шетіндегі шешендер көп шоғырланып тұрған Қант зауыты деген кварталда 1966 жылы туылған. Анзор заң маманы, оның ағайындарының бәрі жоғары білімді. Үлкен ұлы Тамерлан 1987 жылы осы жерде туылған. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін, 1992 жылы Анзор Царнаев бала-шағасымен түпкі отанына қайтқан жұртқа қосылып, Шешенстанға көшіп барған. Сол жақта 1993 жылы екінші ұлы Жохар туылған. Сондай-ақ, Анзор Царнаев екі қыздың әкесі. Шешенстанда азамат соғысы жүріп жатқан жылдары – 1995-жылы Царнаевтар Қырғызстанға қашып келген. Сосын мұнда бес жыл тұрып, 2001 жылы Дағыстанға қоныс аударады. Дағыстанға көшіп барғанына қарағанда, кейбір деректерде айтылып жүргендей, олар «шешенбіз» деп шешендердің арасында жүрген Дағыстандағы үлкен алты ұлттың бірі – авар болуы да ықтимал. Шешенстанда туылған Жохар мектеп табалдырығын 2001 жылы Дағыстанның астанасы Махачкала қаласында аттайды. Жохар мұнда бірінші сыныпты ғана оқыған. Ата-анасы көп аялдамастан, сол жылы АҚШ-қа көшіп барғандықтан, оқуын сол жақта жалғастырған. Оқиға болғаннан кейін Жохардың мектептегі мұғалімі Лэрри Аронсон өзінің интернеттік Фейсбук парақшасында соншама адамды азапқа душар еткен қылмысты бұрынғы шәкіртінің жасағанына сенбейтінін жазған. Жохар 2011 жылы Бостон қаласында орта мектепті бітіргенде жоғарғы мектепке түсіп-оқу үшін Кембридж қаласының 2,5 мың доллар өлшеміндегі стипендиясына ие болыпты. Тамерлан менен Жохарды, оның ата-анасын жақсы білетін тоқмақтықтар Царнаевтардың адамгершілігі, жүріс-тұрысымен басқаларға үлгі болған жанұя еді деп айтуда. Тамерлан 1998 жылы Шешенстаннан келіп, Тоқмақ қаласының №2 мектебінің 4-сыныбында оқи бастаған. Сол мезгілдегі сынып жетекшісі Наталья Курочкинаның айтуында, Тамерлан тұйық бала болған, сыныптастары оған «Шешенстандағы соғыстың әсерінен мінезі солай шығар» деп түсінушілікпен қараған. Тамерлан 5-сыныпты Тоқмақтағы басқа мектепте – №1 гимназияда оқи бастайды. Бұл жылдары оның мінезі біраз өзгергенге ұқсайды. Тамерланмен 1999-2000 жылдары 5-6 сыныптарда бірге оқыған Лейла Алиева «Музыкалық мектепке бірге бардық. Спортпен шұғылданатын. Құрдастарының бәрімен достық қарым-қатынаста болды, ашық, елмен араласқыш, жақсы бала болатын», – деп еске алса, мектеп директоры Любовь Шульженконың білдіруіне қарағанда, ол бұл жылдары тек бес және төрт деген бағалармен оқыған.Ағайындылардың азаматтық мәселесіне тоқталар болсақ, Жохар Царнаев 2012 жылдың 11 қыркүйегінде АҚШ-тың азаматтығын алған. Оқиға болғаннан кейін Дағыстанның федералдық көші-қон қызметінің басқармалығының Махачкаладағы аудандық бөлімінде Тамерлан Царнаевтың шаң басқан төлқұжаты табылған. Жоғалып кеткен ресейлік төлқұжатын қайтадан орнына келтіру үшін ол 2012 жылдың шілде айында Дағыстан Республикасына келген. Бірақ әзір болып қалған құжатын алуға қайта айналып келмеген. Тамерлан Кэтрин Рассел деген амери­калық қызға үйленген. Келіншегі тұрмыс құру үшін мұсылман дініне кірген. Артында Захара деген үш жасар қызы қалды.22 сәуірде соттың Жохар Царнаевты күдікті деп тапқан ресми шешімі шығарылған, бірақ қайсы статьямен сотталатыны ашыққа шығарылмаған және соғыс әрекеттерінің қатысушы деген күдік ілінбегендіктен, бұдан арғы ісі федералдық азаматтық сотта қаралатын болады.Шетелдік ақпарат құралдарында айтылғандай, «жақсы тұрмыс, демократия және әділеттілік» іздеп, Америкаға ауып кеткен заңгер Анзор Царнаевтың жолы болмаған. Ол Бостонда автомеханик болып істеп, жанұя мүшелері ептеп-септеп күндерін көрген. Әйелі, авар қызы Зубейдат базарда майда сауда-саттық жасап күндік нәпақасын айыруға септігін тигізген. Тіпті өткен жылы жазда ұрлық жасады деп жауапқа да тартылған. Есесіне, балалары жақсы оқып қатарларынан кем қалмаған. Психологтардың тұжырымдамасына қарағанда, ағайындылар діни-экстремистік идеологияның шырмауында болған. Тіпті екі жыл бұрын ресейлік құқық қорғау органдары Тамерлан Царнаевты қауіпті лаңкестердің тізіміне кіргізіп, АҚШ-тағы әріптестеріне хабардар еткен.

Назарбек БАЙЖІГІТОВ, «Түркістанның» Қырғызстандағы тілшісі