ШЕНЕУНІКТІ ҚАЖЫТҚАН – ҚУ НАРЫҚТЫҢ ТЕПКІНІ
ШЕНЕУНІКТІ ҚАЖЫТҚАН – ҚУ НАРЫҚТЫҢ ТЕПКІНІ
Бұл бағдарлама қабылданғалы бері ел ішінде 537 жаңа өндіріс орны ашылған екен. Былтыр бұл өндіріс орындары 913,4 млрд. теңгеге өнім шығарған. Оның ішінде 142 жаңа өнім түрі бар. 2012 жылдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы бойынша былтыр ЖІӨ 5 пайызға өскені айтылған еді. Оның 1,3 пайызы Индустриалды карталарға енгізілген осы жаңа өндіріс орындарының үлесінде. Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаның бүгінгі таңда ауыз толтырып айтарлықтай бір жетістігі осы шығар.
Бірақ елдегі өндіріс саласын жолға қоюға кедергі келтіретін түйткілді мәселелер де баршылық. Әсет Исекешевтің түрлі есеп-қисап, графика-кестелермен безендірілген слайдты баяндамасы қаншалықты мазмұнды болғанымен, премьер-министрмен екеуара диалог үстінде кейбір өндіріс орындарының жабылып жатқаны, жұмыс істеп жатқандарының өзі өндіріс қуатын толық орындамайтындығы белгілі болды. Министр қазір АҚШ пен Еуропада кәсіпорындардың жабылып, тұтас салалардың тұралап қалуын алға тартып, ақталды. Оның айтуынша, Үкімет қолынан келгенінің бәрін жасап отыр, бірақ нарықта туындайтын кей мәселелер шенеуніктің шама-шарқынан тыс… Премьер-министр Серік Ахметов: – Шындығында, біз Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаны жүзеге асыруға қажетті құжаттарды дайындауды толықтай аяқтадық. 23 салалық, 16 өңірлерді дамыту, 9 функционалды бағдарлама қабылданды. Арнайы 3 заң дайындалып, іске қосылды. Бұған қоса 50 шақты заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Оның үстіне, Елбасының жіті қадағалауындағы тағы екі маңызды құжат бар: Республикалық және Аймақтық индустрияландыру карталары. Енді Министрлік, Үкімет осындай үлкен ауқымдағы құжаттардың жүзеге асырылу барысын қалай қадағалауы тиіс? Орындалуы бойынша жауапкершілік жүгі қандай? Бұған дейін де айтып жүрміз ғой, Индустрияландыру картасы аясында ашылып, өзінің өндіріс қуатын жүзеге асыра алмай, тіпті жабылып қалып жатқан нысандар бар? – деген сауал қойды. Премьер-министрдің орынбасары – индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев: – 2012 жыл бойынша бақылау жүйесі жолға қойылды… Біз 537 нысанның бәрін қадағалап отырмыз, білеміз. Ал түйткіл болып тұрған 19 нысан бар-жоғы 3,5 пайызды құрайды. Біз мұны қалыпты көрсеткіш деп санаймыз… Субъективті мәселелерден басқа нарық мәселесі бар. Нарықтың аясы тарылды. Көршілес нарықтардағы ахуал да жеңіл тиіп тұрған жоқ. Еуропада көп кәсіпорындар банкрот болып, жабылып жатқанын көріп отырмыз… Сондықтан өндіріс қуатын толық орындамауы дағдарыс кезінде аса мән беретін мәселе емес деп ойлаймын, ең әуелі кәсіпорынның бәсекеге қабілетті моделі қалыптасуы тиіс. Сондықтан кейбір кәсіпорындар өндіріс қуатының 20-30 пайыз деңгейінде жұмыс істеп жатыр, бірақ олар болашақта, нарықтағы жағдай түзелген кезде өндіріс қуатының 50 пайызын орындауға дайын. Облыс әкімдерінің осы бағдарламалар бойынша арнайы орынбасарлары тағайындалған болатын. Олар өндірісте іске қосылған әрбір кәсіпорынның, әрбір жобаның мән-жайын жақсы біледі. Кейбір түйткілді мәселелерді шешуге тырысып жатырмыз. Бірақ нарық мәселесі шенеуніктің шама-шарқынан тыс, – деп бір-ақ қайырды. Экономика дамуының сапалық көрсеткішінің бірі – еңбек өнімділігі. Қазір