Жаңалықтар

Таныс жүздер, таптаурын сөздер

ашық дереккөзі

Таныс жүздер, таптаурын сөздер

 

Бірақ жылдан-жылға форумға қатысушылардың саны да, олардың айтар әңгімесі де сұйылып бара жатқандай көрінеді. Мұның бір себебі, форумның модераторлары мен кейбір делегаттарының «тұрақты қонақтарға» айналуында жатса керек. «Әл Жазира интернешнл» телеарнасының продюсері әрі жүргізушісі Риз Ханның осы жолы тағы да модератор болуының сыры неде? Әлде әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған әріптестерді белгілі бір тақырып төңірегінде ой жарыстыруға шақыратын, өзара пікірталасты ұйымдастыра алатын қазақтан шыққан сарапшы не журналист жоқ па? Сондай-ақ форумға жыл сайын белгілі бір тұлғалардың қайта-қайта шақырылатыны да бұған дейін талай рет айтылды. Мысалы, Ресейдегі «1-арнаның» тележүргізушісі Максим Шевченко, «Әл-Хурра АҚШ» телеарнасының бас редакторы Акрам Хузамдар үшін бұл басқосуға қатысу жылдық жұмыс кестесіндегі міндетті шаруа іспеттес.

Таяу Шығыстағы саяси ахуалды талқы­лау сессиясына модератор болған ре­сей­лік журналист Максим Шевченко өзі­нің Сирия президенті Башар Асадпен кездескенін айтып, басы дауға қалды. «…Біз оның (президенттің – ред.) Дамаскінің орталығындағы үйінде кездестік, бізді тінтіп шықты, айналада құстар ән салып тұр, қоршалған қамал мен бой тасалаған пана іздеген басшыны көре алмадық» деген Шевченко Асадты «Өзіне сенімді, қажырлы, дегенмен де жауапкершіліктен қажи бастаған адам» деп сипаттады. Сұрақ қоюдың орнына естелік айтып кеткен Шевченконы «Әл-Хурра АҚШ» телеарнасының бас редакторы Акрам Хузам: «Тақырыптың модераторы өз көзқарасын бұлай ашық білдіруге құқылы емес. Ол тек басқаларға сөз беріп, сұрақ қойып отыруы керек», – деп сынады. Сирия ақпарат министрлігі департа­ментінің директоры Нәбил Омран: «Сирияда соғыс, алапат, ұрыс жүріп жатыр. Қан судай төгілуде. Меніңше, қазір екі соғыс жүріп жатыр. Біреуі – нақты, яғни, Сирия армиясы өзінің танктерімен қақтығысқа араласуда. Екіншісі, бұқаралық ақпарат құралдарындағы майдан. Яғни, ақпараттық-саяси науқан жүріп жатыр. Ал шын мәнінде қандай? Бұл қорқынышты, құдды бүкіл әлем Сирияда соғысып жатқандай. Екінші дүниежүзілік соғысқа 24 мемлекет араласқан. Ал Сирияда 70 ел соғысып жатыр. Мен мұны сіздерге қалай жеткізерімді білмеймін. Бұл нағыз соғыс. Соған қарамастан, біздің армия төтеп береді деп үміттенемін», – деп, өз еліндегі жағдайға сипаттама беріп өтті. Ұлыбритания парламентінің мүшесі Джордж Галлоуэй: «Мына жәйтке назар аударайық. Бостон марафонын жарған екі шешен Дамаскіде солай жасап, өзін бостандық күрескері деп жариялады дейік. Жуырда Кэмерон мырзамен кездестім. Одан біз соғыс жүргізіп жатқан «Әл Каида» мен біз қолдау көрсетіп жатқан «Әл Каида» арасындағы айырмашылықты айтып беруін сұрадым. Мардымды жауап болмады», – деп шетін мәселенің ұшығын шығарды. Ал саясаттанушы «Херитедж фаундейшн» қорының өкілі Ариэль Коуэн Батыс елдерінің Сириядағы саясатын ашық сынға алды. «Меніңше, АҚШ пен Еуропа Мысыр, Либия, Ирак, Тунис және Сирияның ішкі ісіне араласып, қателікке ұрынды. Аймақты үстірт білетіндіктен осылай жасап отыр. Бір сөзбен айтқанда, надандықтың кесірінен. Егер билікке келген немесе енді келетін күштерге қарасақ, олар АҚШ-қа да, Еуропаға да жау. Ал АҚШ Азияға бет бұрды. Таяу Шығыстан кетіп жатыр деген әңгімеге келсек, геосаяси тұрғыдан алғанда, бұл түсініксіздеу. Өйткені содырларға еркін мүмкіндік туады. АҚШ пен Кеңес Одағының Ауғанстаннан кеткен кезіндегідей үйінді қалдыратын болса, болашақта қандай байланыс болатыны келісілмесе, онда мұны көрсоқыр саясат деп атау керек», – деді ол. Мысырдың «Әл Аһрам» газетінің атқа­рушы редакторы Мұхаммед Сабрин: «Демократия қазіргі таңда бұл аймақта тек сөз жүзінде қалып отыр. Біз Американың соғысына әбден тойдық. Біздің аумақ деп сан қилы қақтығыстар жүріп жатыр. Америкалықтар Таяу Шығыс, Ауғанстан және өзге елдерге алапат алып келді. Ашығын айтсақ, бұл жерге жиналғандар көзі ашық, білімді азаматтар. Сондықтан, жаңсақ ойлаудан арылатын кез жетті», – деді. Одан әрі «Біз БАҚ кінәсіз деп айта алмаймыз. Олар да осы ойынның бел ортасында. Біздің аймақта ойын әлі жалғасуда. Мұнай мен газ үшін ойын. Біз бетперде киіп, америкалықтардың демократия мен еркіндік, бостандық сияқты әдемі сөзіне сенуіміз мүмкін. Кейде солай болғанын да қалаймыз. Сайып келгенде, американдықтар Қытай даналығына жүгінеді. Олар жағада тұрып, жауы суға батып кеткенше күтеді», – деді ашынып.

АҚШ-ты ҚОЛДАУШЫ ТАБЫЛМАДЫ

Еуразиялық медиа форумда әдетте Қа­зақ­стандағы саяси-әлеуметтік мәселелер­дің талқыға салынуы сирек. Бұл жолы да ұйымдастырушылар кереғар пікір туғыз­байтын тақырыпты – Қазақстанда «жа­сыл экономиканы» қалыптастыру мәсе­леле­рін таңдапты. Бұл жөнінде премьер-министрінің орынбасары Қайрат Келім­бетовтің пікіріне құлақ түруге болар: «Егер 2007 жылмен салыстырсақ, өсім шынында да төмен. Айта кету керек, одан кейінгі үш жыл әлемдегі және Кеден Одағы елдеріндегі үлкен дағдарыспен есте қалды. Егер 2009 жылды 2008 жылмен, 2010-ды 2009-бен салыстырсақ, 20-30 пайыз өсімді көреміз. Кеден Одағын тездетіп құру идеясы сол дағдарыс өршіп тұрған кезде мақұлданды. Бұл посткеңестік экономикалық кеңістікке берілген жауап еді. Оның үстіне Президент Н. Назарбаев 1994 жылы ТМД жаңа құрылған кезде посткеңестік елдер өзара экономикалық байланысын үзбеуі тиіс деген. Сондықтан, 1994 жылы Еуропалық Одақ бізге үлгі еді. Біз оны зерттедік. Бір кездері тіпті киелі одақ еді. Біз Еуропалық Одақ шеңберінде тындырылған шаруаға жүгіндік. Тәжірибенің бір белгісі еуропалықтардың бұл одаққа көп уақыт жұмсап жетуі. Біз интеграцияға дереу қол жеткіздік. Алайда Еуропалық Одақ күрделі бірлестік. Оның құрамында 20-дан астам ел бар. Ал бізде үшеу. Қазірдің өзінде еуропалық интеграцияның кемшілігі көрініп қалды. Сол себепті еуропалықтардың өз кемшілігін қалай түзетіп жатқанын зерттеу бізге керек-ақ. Біз интеграцияның озық үлгісін пайдалануға тырысамыз». Ал ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров «2050 Стратегиясы қазіргі ең басты міндет. Мақсат айқын, жақсы әрі тиімді Үкімет бар. Мемлекет экономикалық дамудың жоғары деңгейінде тұр. Бұл жасыл экономика бойынша міндетті орындауға мүмкіндік береді. Айта кету керек, оңайға соқпайды. Бірақ біз қуатты экономикалық өсім арқылы мұратымызға жетеміз» дегеннен артық тұшымды ой айта алмады. Сырт көз ретінде Ernst аnd Yong, EMEIA аймағындағы таза технология мен қызмет көрсету бағытының жетекшісі Роберт Сайтердің пікірін келтірсек: «Егер соңғы 5-10 жылды алып қарасақ, осы жасыл технология қатты дамып кетті. Әу баста саяси мәселе еді. Сосын маркетинг түйткіліне айналды. Бүгінде барлық мекемелер, қандай да бір тауар өндіруші «жасыл несиеге» қарамайды. Олар өзінің өндірісіне қарайды. Өйткені, тәуекелге барғандар ғана қатарда қалады. Әлемде қор атаулы таусылып барады. Сондықтан, экономикалық талапқа сай болу керек. Бұған қоса, олар заңға сәйкес жұмыс істесе де, өзі жөн көрген стандартқа сай болса да, тұтынушы табылатынын жақсы біледі. Сайып келгенде, жаңа жүйеге ауысу үшін ақша қажет. Мынадай қоғам немесе мынадай мемлекет бұған қол жеткізе алады деген ұғым жоқ. Әлемдік деңгейде көз салсақ, Еуропаның кейбір елдері осы жүйеге көшіп, жоғары жетістікке жетті», – деді ол.P.S. Сонымен, тағы бір форум өтті. Алты жүздей қонақ келіп, қазақ астанасының төрінде отырып, әлемдік оқиғалар туралы пікір алмасты. Бұдан не ұттық? Бұған дейін талай қойылған сұраққа айтылар жауап та біреу: ұтқанымыздан үмітіміз зор еді.

Гүлбиғаш Омар, Астана