БОСТОНДА — ЖАРЫЛЫС, ӘЛЕМДЕ — БОЛЖАМ... Екі қазақ студентінің не айыбы бар?!

БОСТОНДА — ЖАРЫЛЫС, ӘЛЕМДЕ — БОЛЖАМ... Екі қазақ студентінің не айыбы бар?!

БОСТОНДА — ЖАРЫЛЫС, ӘЛЕМДЕ — БОЛЖАМ...  Екі қазақ студентінің не айыбы бар?!
ашық дереккөзі

Көп ұзамай лаңкестік әрекетті этникалық шешен, АҚШ-тың азаматтығын алған ағайынды Царнаевтар жасады деген ақпарат тарап үлгерді. Тамерлан Царнаев жарылыс кезінде полициямен болған қақтығыста көз жұмған көрінеді. Ал оның інісі Джохар Царнаев Уотортауне қаласында, қайықтың ішіне жасырынған жерінен ұсталды. Әуелгі кезде ауруханаға жатқызылған ол қазір тергеу изоляторына қамалды. Ақпарат көздерінің жазуынша, Джохар түсініктемені жазбаша түрде беруде. 

АҚШ-та болған лаңкестік әрекет жайында тереңірек білу үшін, интернеттегі әлемдік ақпарат құралдарының сайттарына сағаттап үңілдік. Әртүрлі болжам мен долбар көп. Интернет қолданушылардың көпшілігі парақшаларында ағайынды Царнаевтарды ресейлік деп түсінген бе, әйтеуір «орысты жек көремін», «орыс бізге лаңкестерді жіберді» деген сияқты пікірлерін жаудыртқан. Шын мәнінде, ұлты шешен Царнаевтар отбасы 1993 жылға дейін Қырғызстанның Тоқмақ қаласында тұрып, одан соң, Шешенстанға, кейін Дағыстанға көшіп келіпті. Мұнда да көп тұрақтамаған олар 2001 жылы АҚШ-қа Түркия арқылы кіреді. Отбасының үнемі спортпен, музыкамен шұғылданатын екі ұлы – Тамерлан мен Джохар Кембридждегі мектепті жақсы бағамен тәмамдаған. 26 жастағы үлкен ұлы инженер мамандығы бойынша Бостондағы «Bunker Hill Community» колледжіне түскенмен, отбасылы болуына байланысты тас­тап кеткен, ал 19 жастағы кіші ұлы Массачусетс-Дартмаус университетіне оқуға түскен. 
Ресей Президенті Владимир Путин күллі әлемнің құлағын түрген оқиға жайында тікелей эфир барысында жа-уап берді. Ол АҚШ тұрғындарының көп нәрсенің байыбына бара бермейтіндігіне наразылығын танытып, терроризммен бірлесіп күресу керектігін айтты. «Ресейдің өзі халықаралық лаңкестердің бірден-бір құрбаны. Батыс елдеріндегі әріптестеріміз, БАҚ өкілдері біздің елімізде болған адам басына тілемейтін қанды оқиғаға ешқашан «лаңкестік» деген баға бермейтін. Бұл трагедия бәрімізге сабақ болады деген ойдамын. Тағы да қайталап айтамын, мұндай жағдайда тек шешендер ғана құрбан болмайды, ең көп зардап шеккен – орыстар. Бұл жерде мәселе ұлттық, діни сенімде емес, бұл адамдардың экстремистік көңіл күйінде. АҚШ-қа барды, оларға азаматтық берді…», – деді Ресей президенті. Ал бүгінде «лаңкес» деп айып тағылған ағайынды Царнаевтарды жуытқысы келмеген Шешенстан президенті Рамзан Қадыров бұл отбасы туралы білмейтіндігін кесіп айтты. «Олар бізде тұрған жоқ. АҚШ ақпарат құралдарының жазуынша, бұл отбасы балалары сонда тұрған және оқыған. Демек, өздерінің берген тәрбиесі. Сондықтан олар үшін жауапкершілікті мойнымызға алмаймыз», – деп оңай құтылды. Ал АҚШ халқына басу білдірген президент Барак Обаманың: «АҚШ азаматтығын алған олар біздің қоғамның бір бөлшегі» деген сөзі біраз сауалға үн қатқандай болды. Ал Қазақстан Президенті Н.Назарбаев Барак Обамаға Бостонда болған лаңкестік әрекетке байланысты көңіл айту жеделхатында терроризмнің етек алуы бүгінгі күні әлемнің барлық елі үшін ортақ қауіп-қатерге айналып отырғанын, Қазақстан халықаралық қауіпсіздікке қатер туғызатын және әлемге жайсыздық әкелетін экстремизм мен лаңкестіктің кез-келген түрін айыптайтынын атап өткен. 

Теракт пе, әлде театр қойылымы ма?

 

Екі қазақ студентіне тағылған айып

АҚШ Федералды тергеу қызметі ағайынды Царнаевтар туралы егжей-тегжейлі тексеру амалдарын жүргізгенде оның Қазақстаннан білім алуға барған Азамат Тәжаяқов пен Диас Қадырбаевпен дос болғандығын айтып, бірге түскен суретін жариялады. Мұнымен қоса Диас Қадырбаевтың әлеуметтік желідегі парақшасындағы «Terrorist №1» деген жазуы бар көлігінің жанында түскен суреті де тергеушілердің ойын сан-саққа жүгірткен. 2011 жылдан бері Массачусетс-Дартмаус университетінде бірге оқитын үш студент өзара достық қарым-қатынаста болған екен. 
Ал жарылыс кезінде Тамерлан Царнаев ұсталады да, інісі Джохарға іздеу жарияланады. Федералды тергеу бюросы жарылысқа күдiктi Царнаевтардың суретiн көпшiлiкке жария еткенде досын бірден таныған Диас Джохарға «теледидардағы күдiктiлердiң бiрi саған ұқсайды» деген хабарлама жазыпты. Оған «lol, (күлу мағынасындағы сленг) маған ендi жазбай-ақ қой. Мен кеткелi жатырмын. Бөлмеме барып, керек нәрсенің бәрін алып кет» деп жауап берген. Тергеушілердің айтуынша, Қадырбаев, Тәжаяқов және Филлипос үшеуі Царнаевтың бөлмесіне барып, рюкзакты, ноутбукты, фейерверк, «бомба жасауға қатысы бар болуы мүмкін» деген қауіппен вазелин салынған құтыны да ала кетіп, қоқыс салатын жәшікке тастаған. Полиция іздеу барысында бұл заттарды тауып алыпты. CNN телеарнасының таратуынша, Қадырбаевтың адвокаты «фотоны көрген Диас Царнаевты күдiктi деп ойламады, сондықтан рюкзактың заттай айғақ екенiн түсiнбедi» дейдi. Алайда федералды тергеу бюросы 19 жастағы студенттер суреттегi күдiктiнiң бiрден өз достары екенiн танып, оның үстiне федералды зерттеу бюросы «бос оқ-дәрi құтысын көрген Қадырбаев Царнаевтың марафондағы жарылысқа қатысы барын бiлдi» деп отыр. Сотқа ант етiп берген жауаптарына қарағанда, үшеуi рюкзактан бөлек бөлмеден ноутбук пен вазелин алып шыққан. Царнаев вазелиндi бомба жасауда қолданған болуы мүмкiн. Сот құжаттарына қарағанда, Джохар Царнаев жарылыстан бір айдай бұрын екі қазақ студентіне «бомбаны қалай жасау керегін білетінін айтқан». Осылайша, Бостондағы қазақ студенттерi Азамат Тәжаяқов пен Диас Қадырбаев жаңа айыптар бойынша сотқа тартылмақ. Бұған дейiн виза тәртiбiн бұзғаны үшiн қамауға алынған олар ендi «Царнаевтың әрекетiн жасырмақ болып, сөз байлас­ты, тергеудi шатыстырмақ болып, заттай айғақтарды жойды» деп айыпталса, бұлармен бiрге қамауға алынған тағы бiр күдiктi АҚШ азаматы Робель Филлипосқа «тергеуге жалған мәлiмет бердi» деген бап бойынша кінә тағылды. Егер АҚШ соты бұлардың айыпты екенін растаса, Тәжаяқов пен Қадырбаев 5 жылға сотталып, 250 мың доллар көлемiнде айыппұл төлеуi мүмкiн. Бірақ Қадырбаевтың қорғау­шысы Роберт Шталь бұлардың жарылысқа еш қатысы жоқтығын және «тергеудi шатастырды» деген айыппен келiспей­тiнiн жет­кiзсе, ал Тәжаяқовтың қорғаушысы Харлан Протэсс оның «құқық қорғау органдарына барынша көмектескенiн, өзi де шындықтың ашылуын тағатсыздана күтетiнiн» мәлiмдедi. Ал ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі: «Біздің азаматтарымызға Бостонда болған жарылысты ұйымдастыруға қатысты емес, айғақтарды жойды деген айып тағылуда. Қазіргі таңда оларға қажетті консулдық қолдау көрсетіліп жатыр. Кінәсі дәлелденген жоқ, тергеу жұмыстары жүргізілуде. Д.Қадырбаев пен А.Тәжаяқов тергеу органдарына барынша көмек көрсетіп жатыр. Біз осыған дейін айтып өткендей, Қазақстан лаңкестіктің кез келген түріне қарсы. Қазақстандық тарап АҚШ құқық қорғау органдарымен осы істі тергеуде барынша ынтымақтасуда. Аталған қылмыстық іс бойынша соттық тыңдау 14 мамырға белгіленіп отыр», – деп хабарлады. 

АТА-АНА АҚПАРАТТЫҢ ДӘЛДІГІН ТАЛАП ЕТЕДІ 

АҚШ-тың үздіксіз хабар тарататын «CNN» телеарнасында «Азамат Тәжаяқов, Диас Қадырбаев, Робель Филлипос деген кімдер?» деген мақала жариялап, олардың қайдан келіп, қайда тұрғанын және кімнің баласы екендігіне талдау жасады. АҚШ билік орындарының мәліметі бойынша, Азамат Тәжаяқов 2012 жылы желтоқсанда АҚШ-тан шығып, 2013 жылы қаңтардың 20-сы күні АҚШ-қа қайта кірген. Ол Нью-Йорк әуежайындағы тексеру орнына мерзімі біткен студенттік визаны көрсетіп өткен. Тәжаяқовтың АҚШ-қа кедергісіз кіруіне себеп – «шекара қызметі агенттерінің АҚШ ішкі қауіпсіздік департаментінің студенттер мен елге келушілер туралы деректер жүйесінен мәлімет алуға рұқсаты болмаған». АҚШ-тағы usatoday.com сайты Массачусетс технология институтының өкілі Сара МакДоннелдің осы оқу орнында тіркелген студенттер тізімінде тек Азамат Тәжаяқовтың оқуын жалғастырып жатқаны туралы ақпарат болса, Диас Қадырбаевтың есімі аталмаған. «Заңгерлердің айтуынша, инженер мамандығында оқыған қазақ жігіттерінің үлгерімі өте нашар болғандықтан студенттік визаларынан айрылу қаупі болған. Университет қызметкерлері Қадырбаевтың төмен баға алғандықтан күзгі семестрден кейін оқудан шығарып жібергенін айтады. Ал Тәжаяқовтың адвокаты 1 мамырда өткен алғашқы сотта Тәжаяқовтың экономика негіздері бойынша үлгерімін жақсартқаннан кейін оқуын қайта жалғастырғанын айтты» делінген сайтта. Сол сияқты «The New York Times» басылымы: «Мұнайға бай Қазақстаннан АҚШ-ға оқуға жіберілген Тәжаяқов пен Қадырбаевтар бай отбасынан шыққан болса керек. Қадырбаев Facebook парақшасында Форт-Лодердейл (Флорида штаты) жағажайында, Дубайда жүрген суреттерін жариялаған. Тәжаяқов мұнайға бай Атыраудан екенін айтады. Царнаев пен Филлипос болса, Кембриджде жұмысшылар тұратын аудандағы тозығы жеткен ескі үйде тұрған» дейді. Ал Массачусетс-Дартмаус университетіне түскен Азамат Тәжаяқов пен Диас Қадырбаев Бостоннан 60 мильдей жердегі Нью-Бедфордта пәтер жалдаған. Басылым төртеуінің тез достасып кетуін Джохар Царнаев пен екі қазақ студентінің орысша жақсы сөйлеуінен деп біледі. Царнаевпен ең әуелі Тәжаяқов достасқан көрінеді. 19 жастағы Азамат Тәжаяқов Атырау­да туған, 7-сыныптан бастап Астана қаласындағы халықаралық «Мирас» мектебін 4-5-ке оқып, 2011 жылы АҚШ-қа оқуға аттанған. Ақпарат құралдары Азамат Тәжаяқовтың әкесі, Атырау қалалық мәслихатының депутаты, кәсіпкер Әмір Тәжаяқұлы Исмағұлов екенін хабарлады. 
Ал Диас Қадырбаевтың да қара­пайым отбасынан шықпағаны белгілі. Оның өгей әкесi Дәурен Блиев – «РТС Перекресток» тобының даму жөнiндегi директоры, РТС Деко директорлар кеңе­сiнiң мүшесi, РТС-Министоп басқарма мү­шесi, анасы – қазынашылық департаментінің бастығы. Диас Қадырбаев Алматыдағы О.Жәу­тiков атындағы республикалық физика-математика мектеп-интернатында бiр жыл оқып, оқу үлгерiмiне байланысты оқудан шығып қалады да, «Архимед» жекеменшік мектебiн тәмамдайды. Туыстары оның сабақты жақсы оқығанын, адаммен тез тіл табысып, үнемі көмектесуге дайын тұратындығын тілге тиек етеді. 
Біз қазақ студенттерінің АҚШ-қа қандай бағдарламамен оқуға түскендігі жайында Білім және ғылым министрлігінен сұрағанымызда, олардың БҒМ тарапынан бармағандығын білдік. Екі студент те ақылы түрде, жылына 25 мың АҚШ долларын төлеп оқып келген. Ал Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсеновтің айтуынша, министрлік тек «Болашақ» бағдарламасымен кеткен студенттерді ғана консулдық есепке алады. Өз ақшасына оқып жатқан студенттерге елшілікке тіркелу міндеттелмеген. 
Бүгінгі таңда балаларының тағдырына алаңдаған ата-ана АҚШ-қа ұшып кеткен. Біз оқиғаның қалай өрбіп жатқандығын білу үшін әуелі Азамат Тәжаяқовтың әкесі Әмір Исмағұловқа телефон шалдық. 
– Әмір Тәжаяқұлы, балаңыздың жағдайы қалай? 
– Баламның қасына келдім. Қазір екеуі де тергеу жүргізетін федералды бюрода. Оларды 1 мамыр күні ешқандай дәлелсіз, яғни жәй сөзбен отырғызды. Ал 14 мамыр күні үлкен әділқазы құрылады. Соған байланыс­ты дәлелдеме көрсетілу керек. Бірақ та қазір біздің балаларымыз кінәлі деген ешқандай дәлел көріп тұрған жоқпын. Бәрі құрғақ сөз. 
– Ақпарат құралдарының жазуынша, Азамат пен Диас Царнаевқа тиесілі күдікті заттарды жойғаны үшін басы бәлеге қалған көрінеді. Осы рас па?
– Олар ештеңені де жойған жоқ, көмектескен де жоқ. Бұл бастапқы кездегі мәлімет. Міне, осыдан кейін жұрттың бәрі «Шынында да, қазақ балалары күдікті заттарды жойған екен ғой» деп күмәнданды. Сіз де солай ойлап үлгердіңіз. Біреудің жазған өсегін қараудың керегі жоқ. Әрі қарай АҚШ ақпарат құралдары не жазғанын қарау керек. Содан кейін пікірлеріңіз өзгереді. 
– Сіз қазір АҚШ-тасыз ғой. Олар не деп жатыр?
– Қазақстандағы БАҚ алғашқы кездегі мәліметтерді жариялап жіберді. Мұның зардабы балаларға тиюде. Олар енді не істейтінін білмей жатыр. Қазір Америка ақпарат құралдары түсініп: «Олар студенттер екен ғой. Олай емес, былай екен ғой» деген сарында мақалалар жариялауда. Шын мәнінде, жаланы жапқанда дәлел болу керек қой. Балалар сөмкенің көзін құртқан кезде кәстрөлді жағып, сөмкені қайта алып кете ме? Логика болу керек қой. Ал керісінше, құжаттың бәрінде «екі студент сөмкені қоқысқа тастады» делініп кетті. 
– Бар үмітті 14 мамыр күні болатын сот отырысынан күтіп отырсыздар ма?
– Әрине, сол күні бізге дәлел көрсетуін талап етеміз. Тергеу органдары да сол күнді күтіп отыр. Жарайды, әуелгіде айқай-шумен отырғызды, енді кінәлі екендігін дәлелдесін. Сосын ақ-қарасы белгілі болады. 
– Бұл оқиға балаңыздың денсаулығы мен психикасына кері әсер еткен жоқ па? 
– Әрине, олар мұндай айыптау болады деп ойлаған жоқ қой. Оқып жүрген баланы алды да, қамап тастады. Басында визалық мәселеге байланысты, енді «тергеудi шатыстырмақ болып, заттай айғақтарды жойды» деген айып тағылды. Балам Азамат: «Ешқандай көмектесу ойымда да болған жоқ. Сөмкені, ноутбукті де құртқан жоқпыз» дейді. Америка баланы отырғызып алды да, қазір басқаша айтып жатыр. 

Мұрат Қадырбаев (Диас Қадырбаевтың әкесі): 

– Балама тағылған айыпты естігенде төбемнен жәй түскендей болдым. Балам Диастың Бостонда болған қайғылы жағдайға кінәсі жоқ екендігіне 100 пайыз сенімдімін. АҚШ демократиялы мемлекет. Америка құқық қорғау орындары баламның кінәлі емес екенін анықтайды деп ойлаймын. Біз қорғаушы жалдадық. Сот отырысына тыңдаушы ретінде СІМ өкілі қатысады. Балам Царнаевпен дос болғандықтан, оларды тексерді, сосын босатты, келесі сөткеде визалық режим бойынша миграциялық полиция ұстады. Балам мектепті өте жақсы бағамен бітірді. Математиканы терең меңгерді. Адамдарға тек қана көмек беруге тырысатын. АҚШ-қа екі рет сынақ тапсыруға барып, екіншісінде шақырту алды. Олар досы екеуі ақша жинап, көлік сатып алған болатын. Оны «ұрлап алды» дегені жалған. Америкада алдыңғы жағына нөмір қоймайды. Ол жерге не қойсаң да өзің білесің. Ал «Terrorist» деген жазуды балама испандық достары сыйлаған екен. Мұның астарында тек қана қалжың болған. Бірақ бұл әзіл қазір драмалық жағдайға әкеп отыр. Қазір екі нұсқа бар. Бірі – депортация, екіншісі – ақтап алу. Мұны америкалық сот шешеді. 

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ