АНАДОЛЫДАН АНКАРАҒА ДЕЙІН...

Ататүрікті ұлт-азаттық күреске дайындаған кім? Сұлтан Вахидеддиннің ұрпақтары қалай елге оралды? Мыңдаған қазақты паналатқан Премьер-министр Аднан Мендерес кім? Мендересті неге дарға асты? Халифалық империя қалай республикаға айналды? Ахмет Алязбен болған әңгімеміздің негізгі арқауы осы…

АНАДОЛЫДАН АНКАРАҒА ДЕЙІН...
ашық дереккөзі

– Осман империясының соңғы жеңілістеріне не себеп болды? Ұланғайыр даланы мекендеген рухы биік халықтың әлсіреуінің сыры неде? Олар неден қателесті? Нендей кемшіліктер жіберді? – 1711 жылы, яғни он сегізінші ғасырдың алғашқы ширегінде түріктер мен орыстар Пурыт өзенінің жағасында соғысты. Осы соғыста түріктер орыс армиясын батпаққа тіреп қояды. Орыс армиясының тығырыққа тірелген кезі де осы. Сан мың әскердің қашатын жері болмады. Дәл осы тұста орыс әскері ажалдың аузында тұрды. Бұл уақыт орыс патшасы І Петрдің кезі. Әйелі Екатерина патшайым түрік уәзірі Балташы Мехмет пашамен келісімге келу үшін түріктерге келеді. Патшайым уәзірге жалғыз барады. Бір түн бойы уәзір мен патшайым шатырда саудаласады. Ол қандай сауда болғаны, екеуінің шатырда нені саудаласқаны, қандай келісімге келгенін нақты ешкім білмеген?! Бір білеріміз, Екатерина патшайым өз әскерін аман алып қалып, келісімге келгені. Орыс патшасының әйелі қандай айлакерлік жасады, ол әлі күнге дейін жұмбақ. Ол жұмбақтың жауабын тарихшыларымыз да шеше алмаған. Біреулер патшайымның уәзірмен көңілдес болғанын жазса, енді біреуі пара берді деп айтады. Әйтеуір, әртүрлі алыпқашпа әңгімелер өте көп. Оның нақтысын бір Құдай біледі. Өкінішке қарай, осы соғыс жалпы түркі тарихын өзгерткен үлкен оқиға болып есептеледі. Яғни, сол кезде империя келісімге келмей, түгелімен жеңіске жеткенде, мүмкін, бүгінде Орта Азия мемлекеттері, кіші жүзден бастап, ұлы жүзге дейін қазақ бауырларымыз орысқа берілмес пе еді, кім білсін?! Мүмкін, орыстар көтеріліп, дәл қазіргі кезеңге жетпес пе еді. Бұл тарихтағы бетбұрыс кезеңінің біреуі болып есептеледі. Сол келісімшартты жасаған Балташы Мехмет паша елге үлкен жеңіспен келдім деп ойлайды. Бірақ армия бұл жеңіске риза болмаған. Оның себебі, Мехмет пашаның жеңіске жетіп отырған армияны тоқтатып, келісімге келгені болса керек. Елге келген соң, патша осы себепті де пашаны қуғындайды. Балташы паша сол жылы қайтыс болады. Уәзірге берілген жаза бәрібір патшаны ақтай алмаған. – Бұл соғыс Осман империясында қандай өзгерістер алып келді? – Осман империясының экономикалық тұрғыдан артқа кетуінің бірден-бір себебі осы болса, екінші бір себебі, бұрын патшалар соғыс кезінде армиямен бірге майданда жүретін болса, соңғы жылдары патшаның орнына уәзірлер баратын болған. Уәзірдің шешімдеріне патшаның кейде көңілі толса, кейде көңілі толмаған тұстары өте көп. Осылайша, империя үлкен қателіктерге ұрынып отырған. Осындай қателіктің бірі түрік-орыс соғысында орын алып отыр. Бұл қателік түріктердің әлсіреуіне әкеліп соқтырды. Әсіресе, бұл келісім Балқан түбегіндегі орыстармен бір дінді ұстанып жатқан халықтардың күшеюіне септігін тигізді. Қырым елінің кейінгі соғыстарда орыстарға өтіп кетуіне де осы сеп болған. Бұрын түріктерге Қырым татарлары арқылы көмек келетін болған. Бұл соғыстан кейін ол көмек тоқтап қалады. Армияның оң қанаты кетіп қалған соң, империя сол қанатымен және орта күштерімен ғана жүретін болған. Тағы бір себеп, патшалардың бала күйінде таққа отыруы, билікті аналарының қолына алуы империяның әлсіреуіне алып келді. Әрі осы жылдары І Петр мен Славян тектес халықтар арасында «Панславизм» ағымы күшейе бастады. Ұлтшылдық әсіресе Балқан елдерінің арасында ұшықты. Түріктер «Панславизмге» қарсы «Пантүркизмді» араға екі ғасыр салып тұрып 19-ғасырдың аяғында қолдана бастады. Алғаш рет саяси тұлға ретінде Ануар пашаның «Пантүркистік» қозғалысы бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін іске асқан, бірақ нәтижесі Ануар пашаның Тәжікстанда орыс армиясымен шайқасында өлтірілумен бітеді. Негізінен сонау 18-ғасырда Орта Азия түркі елдерімен тығыз байланыс орнатқанда, мәселе мүлдем басқа арнаға бұрылуы мүмкін еді. Сондықтан бүгінгі айтылып жатқан «Пантүркизм» негізі сонау 18-ғасырда І Петр мен бастаған «Панславизмге» қарсы шыққан ағым. Әсіресе, XVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың басында түріктің сұлтандары Батыста, еуропашыл ұстаздардың тәрбиесінде білім ала бастайды. Француз мәдениеті, француз білімі патшалардың ермегіне айналады. Батысшыл көзқарастағы патшалар мем­лекет басына келді. Патшалық қана емес, ақсүйектердің балалары да шет елде білім ала бастайды. Еуропаның жасампаз реформаларының өзінің жемісін берген кезеңі. 1789-99 жылдары аралығындағы Француз монархиясы құлатылып, орнына республикалық жаңа мемлекет орнату шүбәсіз әлемдегі бүткіл монархиялық басқару жүйелерінің тағын орнынан қозғалтты. Сол жылдары «Бізде неге басқаша? Бізде неге еркіндік жоқ?» деген әңгімелер туа бастады. Патшалық билік ел ішіндегі әртүрлі реформаларға қарсы күресе алмай қалды. Өйткені империяның билігі әлсірей бастаған кез еді бұл. Бұрын ел ішінде ешқандай жау жоқ еді. Жаудың бәрі сырттан келетін. Енді жау сарай ішінде пайда бола бастады. Бұл 1800 жылдар болатын. Осы кезеңде түріктер алғаш рет газет шығара бастайды /Тақвими уақаие 1831ж./. Елдегі өзге ұлт өкілдеріне, сондай-ақ шет елдерде білім алып келген жастарға, ақын-жазушыларға толық болмаса да, шектеулі еркіндік бере бастайды. Бұл кезең «танзимат» кезеңі деп аталады. Танзимат түріктің Батыстың мәдениетін мойындаған алғашқы кезеңі болып саналады. Ресми түрде. Бұл кездерде тақта Абдулмажит сұлтан патшалық еткен кезең. Кейін осы газеттен басқа, пьесалар, романдар шыға бастайды. Осылардың біразы сыни сарында болады. Бұлардың бәрін патша тоқтата алмай қалады. Өйткені бұл жазбаларда біреулер түрікшілдіктің туын көтеретін болса, енді біреулер ұлтшылдықтың /өзге ұлт өкілдерінің/ туын көтереді. Осылайша, елдің арасында алауыздық пайда болады. Сөйтіп, патша оларға иелік ете алмай қалады. Осы кезеңдерде империя қаншама қиналса да, біреуін елден алыстату арқылы, біреуіне жағдай жасау арқылы елдегі өзгерістерді қалыпқа келтіруге тырысады. Ақыры іштегі және сырттағы қар­сылықтар 1876 жылы Осман империя­сында үлкен өзгеріс алып келеді. Султан Абдулазизді жаулары тұншықтырып өлтіргеннен кейін, небәрі төрт-бес ай таққа жынды 5-ші Мұрат отырады. Бұл патшамен айлаларын іске асыра алмаған сарайлықтар Батыстың және зиялы қауымның қолдауымен монархиялық республика құру шартымен 1876 жылы таққа Сұлтан ІІ-Абдулхамитті отырғызады. Өкінішке қарай, келесі жылы яғни 1877 де орыс-түрік соғысы басталады. Патша осы соғысты пайдаланып мәжілісті жабады. Бұрынғыдай билік жалғыз патшаға өтеді. Бірақ шегініс орыс-түрік соғысымен жалғасады. Осы соғыс Түркия тарихында артқа қарай кетудің соңғы нүктесі болды. Сол соғыста қыстың күні ешқандай дайындықсыз шыққан тоқсан мың әскер қырылып қалады. Олар тіпті Кавказ жеріне жете алмай, соғыспастан қырылады. Мүлде суық көрмеген, көрсе де, жеңіл, жұқа киіммен соғысқа аттанған әскерлер екі-үш ай жүргеннен кейін әлсіреп қалады. Осы соғыста империя амал жоқ жеңіледі. Жеңілістен кейін империя территориясының біразын жоғалтады. Содан кейін, империяның негізгі орталығы қирайды. Орыстар Стамбұлға дейін келеді. Түріктер Кипр аралын ағылшындарға кепілдікке беру арқылы олардың көмегіне сүйенеді. Сол күннен бастап әлі күнге дейін Кипр аралындағы шиеленіс біткен емес. Дегенмен орыстар артқа шегініп Империяның қол астындағы Сербия жерін және Румынияның азаттығын алып береді, Болгарияның автономиялық елге айналуына септігін тигізеді. – Сонда Сұлтан ІІ-Абдулхамиттің империяға қосқан үлесі қандай? – Сұлтан ІІ-Абдулхамит патшалардың балаларының ішіндегі ең момыны болған. Әрі шеберханада ағаш оюшы ұста болып жұмыс істеген, қақ-соқпен ісі жоқ, сәл бүкірлеу болған кісі екен. Өзі де көзге онша көріне бермеген. Белсенділер патшалық республиканы құруды армандайды. Ал патшалық республика құрудың бірден-бір шарты «біздің сөзімізден шықпайтын, айтқанымызбен жүретін адамды қою керек» деп ойлайды. Өзге балаларының бәрі бұған көне бермейтінін біледі. Ал Абдулхамит болса, іздегенге сұрағандай болады. Сөйтсе, бұл баланың өзінің ұстанған саясаты екен. Бұл кейін білініп қалады. Абдулхамит сұлтан жастайынан банк жүйесін үйреніп алады, әрі сыртқы саясатты жүргізуді де үйренеді. Ағылшындардың сыртқы барлау саясатын терең меңгеріп алады. Осының бәрін меңгеріп алғаннан кейін, үнсіз шеберханада ағаш ойып жүре береді. Үндемей жүрген момын баланы белсенді топ үміткер ретінде ұсынады. Сөйтіп, Абдулхамит сұлтан 1876 жылы билікке келеді. Билікке келгеннен кейін «мәжілісті ашып беремін, патша сол мәжіліске бағынатын болады» деп айтады. Сөйтіп, мәжіліс ашылып, мәжіліс бойынша, патша таққа отырады. Түрік-орыс соғысы басталғаннан кейін сұлтан мәжілісті жабады да, бар билікті өз қолына алады. Әрі соғыс кезінде бір ғана патша, бір ғана билік болуы керек деп шешеді. Сөйтіп айналасындағы өзін билікке алып келген жігіттердің бәрін түгелімен қуғынға ұшыратады. Бүлік шығарып жатқандардың бәрін жер аударып жібереді. Абдулхамит сұлтан отыз екі жыл тақта отырады. Отыз екі жыл бойы мықты саясатының арқасында империяның бірде бір шаршы метр жерін ешкімге бермейді. Ағылшынның сыртқы барлау саясатын терең меңгергенінің арқасында қай елде не болып жатыр, қай елде қандай саясат жүріп жатқанынан хабардар болып отырып, алдын-ала оларға қарсы саясат ұстану да қиынға соқпайды. Осылайша, елдің ішіндегі саяси тұрақтылықты сақтаған. Осы патша түріктің тарихында соңғы екі патшаның бірі болып, есімі аталады. Және де бастапқы кездегі бұл кісінің саясатын, қуғындауын түсінбеген зиялы қауымдар мен ақын-жазушылардың бәрі cұлтанға қарсы оппозициялық жырларын шығара бастаған. Ақырында сол кездері армяндар мен еврейлердің көмегімен сұлтанды тақтан тайдырады. Сұлтан қалай биліктен кетеді, солай Балқан соғысы бас­талады. Осы соғыста түрік армиясы артқа қарай шегінуге тура келеді. Жеңілістің салдарынан Болгария, Македония сияқты елдер өзінің тәуелсіздігін жариялайды. Осман империясының қол астындағы Африканың біраз елдері, ағылшындардың, француздардың, Италияның қол астына өтіп кетеді. Абдулхамит сұлтан тақтан түскеннен кейін, ақын-жазушылар соғыстың не себепті басталғанын, бұл соғыстан кейін қаншама жерді жоғалтып алғанын түсінеді. Сұлтанның үлкен саясаткер болғанын кеш біледі. Әрі одан кешірім сұрайды. Олардың кешірім сұрағаны ақын-жазушылардың өлеңдерінде көптеп кездеседі. Бұл кісі армяндар ұстанған саясаты үшін «Қызыл сұлтан» деген, ал еврейлер болса мүлде ұнатпаған. Оның да себебі, еврейлер Сұлтан ІІ-Абдулхамиттен бүгінгі Израильдің жерін сұрап келеді. «Осман империясының бүткіл сыртқы қарызын өтеп береміз, бізге қасиетті жерімізді беріңіз», – дейді. Сонда патша: «Түріктер қанмен алған жерді ақшаға сатпайды», – деп елшілерін құзырынан қуады. Елші кетерде «мені қорлағаның осы болсын, бізді ендігі жерде дос деме» деп кетеді. Бүгінгі Палестина жерін еврейлер қомақты ақшаға бір-бірлеп сатып ала бастайды. Патша осыны естіп шетелдіктерге, әсіресе еврейлерге жер сатуға тыйым салады және бір қор құрып жерін сататын палестиналықтардан жерін өзі сатып алады. Бірақ амал қанша, 1909 жылы төңкерісте тақтан түсіріліп орнына Мехмет Решат келеді. Сол күннен бастап, Палестина меселесі шешілмей келе жатыр. – Абдулхамит сұлтаннан кейін қандай жағдайлар орын алды? – Абдулхамит сұлтаннан кейін таққа Мехмет Решат келеді. 8 жыл тақта отырады. Ол бақилық болғаннан кейін таққа Сұлтан Вахидеддин келеді. Сұлтан Вахидеддин Осман империясындағы таққа отырған соңғы патша. Өте тақуа және әділетті кісі болған. Ең өкініштісі, Сұлтан Вахидеддин таққа отырған кезең қиын- қыстау күндермен тура келеді. Өйткені 1912 жылғы Балқан соғысында империяның қол астындағы көптеген елдер тәуелсіздігін жариялаған. Және ішкі оппозиция күшейген кезең. Сондай-ақ империя бірінші дүниежүзілік соғысты аяқтау үстінде болған. Бұл соғыста түріктер жеңілмесе де, немістер және біздің одақтасымыз болған болгарлар жеңілгеннен кейін, амал жоқ, бірінші дүниежүзілік соғыста ағылшын, француз, орыс және итальяндықтардың одақтасқан елдерінен жеңілгенін мойындауға тура келеді. Сол кезде Түркияның бүгінгі территория­сын жеті бірдей жау жаулап алады. Оның батыс аймағын гректер, оңтүстік аймағын итальяндықтар, қиыр-шығыс аймағын француздар, шығыс аймағын орыстар және армяндар жаулап алады. Тек түріктерге орта Анадолы жеріндегі екі-үш қала ғана қалады. Қалған жерлердің бәрі түгелдей отарлаушы елдердің қолына өтіп кетеді. Бұл XX ғасырдың алғашқы ширегі 1918 жылы болатын. Сұлтан Вахидеддин бұрын өзімен бірнеше рет сапарлас болған және 1905 жылы Сирия елінде, 1911 жылы Ливия жеріндегі ұлт-азаттық күресті бастаған және түрік армиясында бірінші дүниежүзілік соғыста үлкен ерлік көрсеткен Ататүрікті Анадолы жеріне жіберіп, халықтың басын қосып, ұлт-азаттық көтеріліс ұйымдастыруға жіберуді ұйғарады. Әрі осы арқылы Осман империя­сына тиесілі жерлердегі өзге елдердің армиясын шығаруды да мақсат етеді. Ол үшін ұлт-азаттық күресті бастау керек. Осы үшін Ататүрікті шақыртады. Бірақ бұған біраз адам қарсылық білдіреді. Әсіресе Ануар паша сұлтанға: «Ататүрік мықты қайраткер. Бірақ оған сенуге болмайды» деп айтады. Екеуінің арасында бәсекелестік бар еді. Бірақ патша: «Қазір мұны Ататүріктен асырып жасайтын ешкім жоқ. Сондықтан да, қайткен күнде Мұстафа Кемалды жіберуіміз керек», – дейді. Сөйтіп, патша он мың алтын беріп, ағылшындардан Ататүрікті шығыс армиясын отарлаушы елдердің талабы бойынша тәртіпке келтіру мақсатында Анадолы жеріне жіберуге рұқсат алады. Негізгі мақсат Анадолы жерінде отарлаушыларға қарсылық көрсету мақсатында халыққа үгіт-насихат жүргізу. Бірақ өкінішке қарай, ресми тарих күні кешеге дейін мұны басқаша оқытты. Сол кезде Сұлтан Вахидеддин елге қиянат жасады деумен келді. «Осман империясы отарлаушы елдеріне жеңілісті мойындап бергеннен кейін Ататүрік өзінің достарымен Анадолы жеріне жаман қайықпен су жағасымен Самсұн қаласына жетіп ұлт-азаттық күресті бастады» деп оқытты. Патшаның үлесін айтпақ былай тұрсын, оны «қиянатшыл, жексұрын» деп балағаттады. Атүріктің Стамбұлдан Самсұн қаласына жеткен яхтасы әлі күнге дейін қара теңіз жағалауындағы Самсұн қаласында музейге айналдырылып сақтаулы тұр. Яғни ол жаман қайықпен емес, арнайы яхтамен Самсұнға жеткен. Шындығына келгенде, оны патшаның өзі арнайы миссиямен жібергені байқалады. Содан Самсұн қаласындағы бірінші қадамынан кейін Түркияда ұлт-азаттық күресті бастайды. Ол кездері Түркияның барлық армиясы тарқатылған болатын. Тек қана шығыстағы армиясы ғана тарқатылмаған. Казым Каремебекір деген пашаның қарамағындағы армия сақтаулы болатын. Осы армия басшыларымен Мұстафа Кемал алғаш рет ұлт-азаттық күресті бастайды. Бұл 1919 жылы болатын. Араға бір жыл салып, Ататүрік бірқатар қалаларда үлкен жиындар өткізіп, арнайы шешімдер қабылдайды. Сол шешімдердің бірі – «Отанымызды барлық жаулардан сақтауымыз және қорғауымыз керек. Бұл үшін аянбай күресуіміз қажет» деген қағидадан тұрады. Мұны естіген ағылшындар патшаға келіп, қысым жасай бастайды. «Тоқтатуға кетті» деп айтып едіңдер. Сендердің бізді алдағандарың ғой», – деп патшаға Мұстафа Кемалды тоқтатуды бұйырады. «Әйтпесе, біз сіздерге басқаша шара қолданамыз» деп мәжбүрлейді. Патшалық бұл мәжбүрліктен кейін, әрі Ататүрікке уакыт беру үшін шейхисламнан Ататүріктің жасап жатқан жұмысының мемлекетке қарсы істеліп жатқан жұмыс екенін айтып, патуа шығартқызады. Мұның бәрі ағылшындардың қысымымен жасалады. Ол кезде ағылшындар Стамбұлды жаулап алған. Патша олардың тұтқынында жүрген. Бірақ патша да өзінің тактикасын дұрыс пайдаланады. Ұлт-азаттық күресті тоқтату жөнінде әскер дайындатып Ататүрікке қарсы шабудың орнына жай ғана патуа шығартқызады. Ататүрік патшаның үкімін тыңдамайтынын біледі. Өйткені оған берілген миссия елді жаулардан тазарту еді. Сөйтіп күрес басталады. Күресті жүргізерде Осман империясы көптеген көмектер көрсетеді. Біріншіден, Стамбұлдан Анадолы жеріне өтетін қару-жарақты уақытылы жеткізіп отырды. Әрі халыққа таратуда да көптеген шаруалар атқарылды. Халық Ататүріктің бұл жұмысты атқаратынына көздері жетті. Сөйтіп, өмірі бодандық көрмеген ел Ататүріктің айналасына топтасады. «Қауайы миллие» деп аталатын ұлттық күш деген мағынаға келетін армия құрыла бастайды. Осы топтасудың арқасында үлкен шайқас басталады. Бұл шайқас әр қалада жүргізіледі. Әр қаладағы армия өзінің қаласында қоныстанған өзге ұлт армиясын шығарып салу керек. Бұған барынша аянбай кіріседі. Небары екі-үш жылдың ішінде бүткіл Түркия жерін жаулап алған армия артқа қарай шегінеді. Ең алғашқы шегінген армия бұл орыс армия­сы болды. Орыс армиясының шекарадан кетуінің бір себебі, 1917 жылы Ресейдегі Ленин жасаған төңкеріске байланысты болды. Сол төңкерістен кейін Ленин өзінің жаңа мемлекетін бекіту мақсатында, өз ішіндегі мәселелерді шешу үшін Түркия шекарасынан шегінетінін айтады. Әрі Ататүрікпен келісімге келеді. Осы келісімнің арқасында бұрынғы Түркия жерінен орыс-түрік соғысында алынған жерлердің ішінде екі қаланы қайтарады. Сөйтіп, түріктің шекарасы орыспен бекітіліп қойылады. Осы шекарадан шегіністен соң, шығыс аймақтағы қауіп біткеннен кейін Батысқа қарай шайқас басталады. Әсіресе, ең үлкен шайқастар гректермен өтті. Осылайша, өзге елдің армияларының бәрі біртіндеп елден қуылады. Осының арқасында бүгінгі Түркия мемлекетінің территориясы беки бас­тайды. Сол кезде ағылшындар күрдтердің мәселесін қозғап, соларды көтеріліске шақырады. Бірақ Ататүрік олардың бәрімен жемісті жұмыс жасағандықтан, олардың ешқайсысы ағылшынға ермейді. Ермегеннен кейін ағылшындар Ататүріктің ерлігін мойындауға тура келеді. Бірақ бұл ерлік үлкен бір кезеңнің аяқталуымен бітеді. Ол Осман империясының құлауы және жаңа республиканың құрылуы болып есептеледі. Нақтылап айтқанда, 23 сәуір 1920 жылы Анкарада Түркия ұлттық мәжілісі құрылады. Түркияның жан-жағынан келген делегаттар ендігі жерде империяға бағынбайтынын, Түркия Республикасын ұлттық мәжілістің басқаратынын, Стамбұл шығарып жатқан үкімдерді бұлар енді тыңдамайтындықтарын жеткізеді. – Сұлтан Вахидеддиннің ендігі тағдыры немен аяқталды? – Соғыс жалғасып жатыр. Оңтүстік жақтарда. Француз, ағылшын, гректермен соғысып жатқан уақыт. Бұл үш ел мынандай тактикаға көшеді. Олардың көздегені Ататүріктің жақтастары мен патшаның жақтастарын бір-бірімен шайқастыру еді. Сол үшін Лондон конференциясына шақырады. Конференцияға Түркияның ресми өкілі ретінде Анкара шақырылады. Патшалық шақырылмайды. Сол жерде патшалықты шақырмағаннан кейін, Анкараға қарсы не соғысу керек, не олардың билігін мойындау керек болды. Сол кезде көзі ашық, тұлғаларымыз Анкарамен жасалып жатқан келісімді қабылдайтынын жеткізеді де, осылайша, жаудың көздеген мақсатын бұзады. 1923 жылы соғыс жеңіспен аяқталады. Лозан келісім шартымен 29 қазан 1923 жылы Түркия Республикасы құрылады. Республика құрылғаннан кейін үлкен бір тартыс болды. Елдің басқару жүйесі патшалық болып жалғаса ма, әлде жаңа жүйе енгізіле ме? Патшалық болып жалғаспаса, халифаттық қалай болады? Осы мәселені шешу алдыңғы кезекте тұрды. Ататүрік бастапқыда халифаттықты қалдыруды ойлайды. Сол үшін Сұлтан Абдулмежитті Халифаттыққа алып келеді. Бірақ түбінде Түркия Республикасын зайырлы мемлекетке айналдыру көзделеді. Негізгі мақсат та осы. Кейбір тарихшылар Лозандағы бей ресми келісім бойынша халифаттықты жоюға қарсылық жаңа республиканы ресми түрде танитындықтарын, әйтпесе Түркия Респуб­ликасын танымаймыз дегендерін айтады. Бұның қаншалықты шындық екенін білмеймін, бірақ бір жыл ішінде, яғни 1924 жылы халифаттық түбімен жойылады. Негізінен халифаттық мұсылман елдері үшін үлкен күш болған, Осман сұлтандары бұл күшті өте тиімді пайдалана білген. Өйткені халифаттық мұсылман елдерінің басшылығы еді. Алайда әрі мұсылмандықты, әрі мұсылман елдерін бөлшектеп құртуды көздеген Батыс елдері осылайша көздеген мақсаттарына жетеді. Оның не себепті болғаны және қалай болғаны бүгінде маңызды емес болды! Осы арада ең бір аянышты жағдай, өзін Анадолы жеріне жіберген, Анадолы ұлт-азаттық көтерілісін бастатуға тікелей тапсырма берген, он мың алтын беріп, жолдастарымен аттандырған, барған жерінде патшаның адамы деп, қолына пәрменін берген патшаға Ататүріктің айналасындағы адамдардың қиянаты болды. Олар: «егер осы патшалық сіздің еліңізде қалатын болса, яғни Түркия шекарасында тұратын болса, бұл мемлекет күндердің күнінде ыдырап, империя қайта өзінің қалпына келуі мүмкін. Сол үшін қайткен күнде де бұлардан құтылу керек» деген ұсыныс айтып, патша және оның әулетін түгелімен елден алыстатады. Сол кезде Ататүрік «Не істеу керек?» дегенде, «Не оларды өлтіру керек, не тұтқындау қажет, не айдау керек?» дейді. Сонда Ататүріктің негізгі саясаты білмеген болайын дегенге саяды. Сол кездегі басшылықтағы арандатушылар, Ататүріктің жеңіске жеткендігін, жаңа республика құрылғандығын, Түркия халқының Ататүрікті ерекше жақсы көретіндігін, сондықтан да, «кезінде сіз берген патуаларының жаман болатынын білесіздер, сол үшін сіздердің елден кетулеріңіз керек» деп, патшаға үрей сала береді. Сұлтан Вахидеддин болса: «Мен Ататүрікті танимын. Оны мен жібердім. Бұлай болуы мүмкін емес», – дейді. Арандатушылар осы бағытта сарай маңында айқай-шу да шығартқызады. Сол кезде сарайдың айналасында бүлік шығаратын бірнеше топты әдейі қолдан ұйымдастырады. Ол топтар «Патша кетсін» деген митингі жасайды. Патшалық бұл митингілерден шошып, амал жоқ, елден кетуге шешім қабылдайды. Сол кезде тағы да арада жүрген арандатушылар: «Сіздерге жиырма төрт сағат уақыт беріледі. Жиырма төрт сағаттың ішінде елден шығуларыңыз керек. Осы уақыт ішінде елден кетпесеңіздер, сіздің де, сарайыңыздың да тас-талқаны шығарылады» деп айтылады. – Сонымен, соңғы патша елден кетті… – Сұлтан Вахидеддин патша және әулеті ағылшын кемесімен елден кетеді. Осы кезде орын алған тағы бір аянышты жағдай, патша өзінің балаларымен, туыс-туғанымен, қырық шақты адаммен елден шығып кетеді. Кетерінде қызметкері қазынадан біраз уақытқа жетерлік алтын алады. Ол алтынды патша көріп: «Мына алтынды неге алдың?» деп сұрайды. Қызметкері «бұл алтын ертең бізге қажет болмай ма? Барған жерімізде не істейміз?» деп айтады. Патша болса: «Бұл халықтың қазынасы. Халықтың қазынасына қол сұғуға болмайды. Біздің мұны алып кетуге қақымыз жоқ», – деп алтынды алмайды. Ештеңе алмай, үстіне артық киім де алмай, үстіндегі бір жапырақ киімімен елден шығып кетті деп айтылады. Жиырма төрт сағаттың ішінде елден шыққан патша алдымен Мальтаға, сосын Италияға қоныстанады. Италияда үлкен бір жер үйді жалға алады. Әйелінің сырғасын сатады, қолдарындағы барын өткізеді. Олардың тапқан-таянғандары қырық күннен аспай қалады. Қырық күннен кейін, патшаның жейтін наны да болмай қалады. Сарайдың қыздары болғаннан кейін бірін Мысырға, бірін Индияға тұрмысқа ұзатады. Патша сөйтіп, өте қиын сәттерді бастан өткереді. Тіпті, бір күні жалға алған үйдің ақшасын төлей алмай қалады. Үйдің ақшасын төлемеген соң, оларды үйден шығарып жібереді. Әрқайсысы жеке-жеке әртүрлі жұмыстар істей бастайды. Мүсәпір халге түседі. Сұлтан Вахидеддин 1926 жылы қайтыс болғанда, жаназасын шығаратын ақшасы болмай есесіне наубайшыға қарызы болғандықтан, наубайшы жаназаны шығаруға рұқсат бермей қояды. Мұны естіген Сириядағы мұсылмандар, түріктер, арабтар бас қосып, өздерінің арасында ақша жинап, соңғы халифаның жаназасын шығарады. Соңғы патшаның денесін Италиядан алып келіп, бүгінгі Сирияның астанасындағы Сұлтан Селим мешітінің ауласына жерлейді. Осылайша, Осман империясының соңғы патшасы дүниеден өтеді. Соңғы патша қайтыс болғаннан кейін, оның туыстары, балалары шартарапқа тарап кетеді. Бірі – Францияға, бірі – Бельгияға, бірі – Англияға дегендей. Сөйтіп мүсәпір халге түседі. Олардың елге келуіне, елден көмек алуына тыйым салынған. 1950 жылдары ғана патшаның бала­ларының бірі француздың асханасында ыдыс жуатын қызметкер екендіктерін мынадан білеміз. Сол кездері Түркияның премьер-министрі Аднан Мендерес шет елге сапарға барғанда, Османның ұрпақтарының Франция жерінде тұрып жатқанын естиді. Біздің елшіге: «Жиырма төрт сағаттың ішінде маған Осман ұрпақтарын тауып бер» деп, тапсырма береді. Елші: «Оларды табу қиындау. Олармен ешқандай байланыс жоқ», – дейді. «Таба алмасаң, басыңмен жауап бересің. Қайткен күнде де табуың керек», – дейді Мендерес. Сөйтіп, жиырма төрт сағаттың ішінде ұрпақтарының екеуін табады. Екеуі де алпыс үш-алпыс бестің аралығында екен. Француздың асханасында ыдыс жуып жүрген қызметкерлер көрінеді. Оларды Аднан Мендерес сол жерге іздеп барады. Екеуінің қолдарын сүйіп, амандасады. /Түріктер сыйлаған үлкен кісілердің қолынан сүйіп маңдайына тигізеді. Олар аң-таң қалады. Түрікшені де ұмытып кеткен. «Кімсіздер?» деп сұрайды. Сонда Аднан Мендерес: «Мен Түркия республикасының Премьер-министрімін» деп айтады. Әлгі аналарымыздың көзінде ерекше нұр ойнап, олардың келгеніне қуанады. Өздерінің жағдайлары анандай. «Бізден не талабыңыз бар?» деп сұрайды Мендерес олардан. Олар: «Біздің бір ғана арманымыз бар. Қайткен күнде де бізді туған елімізге, Отанымызға апарыңызшы. Өлсек те, сол жерде өлейік. Ыдыс жусақ та, сол жақта жуайық» деп айтады. Сөйтіп, Аднан Мендерес қатты толқып, не істерін білмей, қалтасынан ақша шығарып береді. Сонда аналарымыз: «Бізге ақшаңыздың қажеті жоқ. Біз мұны ала алмаймыз. Ақшамыз жетеді. Сіз бізді Отанымызға жеткізіңіз» деп айтады. Аднан Мендерес көзіне жас алып, сол жерден шығып кетеді. Елге келгеннен кейін Президентке келеді. Ол кездері оппозиция, әскерилер өте күшті. Оларға қызмет ететін журналистер өте белсенді. Олар Премьердің билікке келгенін онша ұната бермейтін. Сонда да Мендерес он жыл Премьер-министр болған кісі. – Аднан Мендерес елімізден кеткен қандастарымызға да қамқорлық танытқан жан екен. Мыңдаған қазақты паналатқан осы кісі деп естідік. Рас па? – Иә. Қазақтарды ең алғаш қабылдаған да осы кісі. Өте мейірімді адам болған. Франция­дан келген соң, Президентке хат жазады. Өз хатында Мендерес: «Егер де маған осыншама территорияны сыйлап кеткен және маған салтымды, дәстүрімді қалдырып кеткен ата бабаларымның ұрпақтары басқа бір елдің асханасында ыдыс жуатын болса, мен ондай елдің Премьер-министрі болғым келмейді», – деп жазады. Президент Жалел Баяр: «Сенің мұның не? Қазір оппозиция мұны естісе сені де, мені де тыныш қалдырмайды. Дарға асады. Есесіне, әскер естісе, қатты ашуланады. Саған деген ниеттері онсыз да түзу емес. Журналистер естісе, бұл да үлкен мәселеге айналады. Бұл ойыңнан бас тарт», – дейді. Аднан Мендерес: «Жоқ. Қайткен күнде де, Осман империясының ұрпақтарын елге алдыртуымыз қажет. Егер олай болмаса, мен де жұмыстан кетемін», – дейді. Сөйтіп, Аднан Мендерес өзінің айтқанын орындатады. Екі анамыз Түркияның Измир қаласына қоныстанады. Аднан Мендерес Измирге жолы түскенде, осы екі анамыздың үйіне бас сұғады. Есікті аша салысымен, Премьер-министрді көрген сұлтандар қуанып: «Алдын-ала айтпадыңыз ба? Дайындалар едік қой» деп айтады. «Маған ешқандай дайындықтың қажеті жоқ. Рахмет. Сіздердің амандықтарыңызды білу үшін келдім» деп, кетерінде конвертпен екі кейуанаға ақша ұсынады. 1960 жылы елде әскери төңкеріс болады. Премьер Аднан Мендерес және министрлері тұтқындалып сотталады. Бір жылдан соң, оны дарға асады. Оның дарға асылуына 13 пункттен тұратын кінә себеп болған. Оның біреуі қазынаның ақшасын жөн-жосықсыз таратты деген айып еді. Ол айыптың ішінде екі кейуанаға берген конверті де бар. Бірақ та оның бәрі саяси ақтандақ еді. Кейін оны сая­сат ақтап алды. 1990 жылы Түркия ұлттық мәжілісі Аднан Мендерестің кінәсіз екенін, мұның бәрі саясаттың кесірі екенін мойындап, Түркияның алғашқы демократ шахидин және оның екі министрін ақтады. Ақталғаннан кейін, Аднан Мендереске мавзолей соқты. Бүгінгі таңда Мендерес пен Тұрғыт Өзалдың жатқан жері бір-біріне жақын. Стамбұлдың ең әдемі, ең көрікті жерінде жатыр. Осындай үлкен ерлік жасаған азаматтардың жатқан жері жайлы, мекендері жұмақ болсын! Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА