Жаңалықтар

ДӘРІГЕРЛЕР ДЕ «ЖЕУДІ» ЖАҚСЫ КӨРЕДІ

ашық дереккөзі

ДӘРІГЕРЛЕР ДЕ «ЖЕУДІ» ЖАҚСЫ КӨРЕДІ

Өкініштісі, мұндай кеселден медицина саласы да ада емес. Алматыдағы емханалардың жарты­сында ауруға денсаулығының еңбекке уақытша жарамсыздығын растайтын анықтама қағаз сатылады екен. Қаладағы емханаларға арнайы тексеру ұйымдастырған «Казпотребсоюз» АҚ жанындағы Жемқорлыққа қарсы комитет қызмткерлерінің айтуынша, олар он емхананың бесеуінде ақшаға келісу арқылы жалған анықтама қағаз алған. Тексеру нәтижесінде ең қымбат «қағаз» №9 емханадан, ал ең арзаны №13 емханадан алынған. Мұның себебін «Қазақстан азаматтарының санасында барлық нәрсені ақшаға сатып алуға болады, ақшаның арқасында кез келген қиындық шешіледі» деген қағида берік орнаған» деп түсіндірген «Казпотребсоюз» өкілдері параның мөлшері келісуге байланысты екенін көлденең тартады. Өкінішке қарай, еліміздегі жемқорлық жайлаған салалардың бірі – денсаулық сақтау саласы. Заңсыздықтың қаншалықты асқынғанын білмекке бекінгендер тобы анықтама қағазбен шектелмеуді көздейді: «Ол үшін қоғам түгел күресуі тиіс. Сонда ғана жемқорлыққа қарсы бағытталған күрес жемісін береді». Үш күнге созылған рейд барысында «Казпотребсоюз» мүшелері кездейсоқ таңдалған 10 емханаға келіп, ондағы қызметкерлерден 3 жұмыс күніне арнап жалған анықтама беруді өтінген. Әлбетте, құн мәселесін де естен шығармаған. Заңды бұзбас үшін олар тек ауызша келісіммен шектеліп, жағдайды пара беруге жеткізбеген. Есесіне, жала жабылды дегізбес үшін кездесулердің барлығы жасырын түрде бейнетаспаға түсірілгенмен, оларды жарияламаған. Себеп, «құқық қорғау органдары әлгі заң бұзғандарды көпшіліктің көзінше жазалауға кірісіп, медицинадағы жемқорлықпен түбегейлі күресуді назардан тыс қалдыруы мүмкін». Жалған анықтама жасатудың реті келмеген емханаға қызметкерлер тек үш рет барған. Үш ретінде де «жолдары болмаған» кәсіпорынды «жемқорлықтан ада» деген тізімге енгізіп отырған. Ал небары 1 емханада ғана тіркеу бөлімінде отыратын қызметкер анықтама алуға көмектесуді өз мойнына алыпты. Көпшілігі терапевт дәрігермен жолығуға кеңес берген. Келісілген баға 2 мың теңгеден бастап, 6 мыңға дейін жетіпті. Жалақының аздығын жиі сылтаурататын жемқор дәрігерлердің арасында басшылық міндетті атқаратындардың кездесетіні өкінішті. Мәселен, емханалардың бірінде тіркеу бөлімінің қызметкері жалған анықтама беру үшін салғаннан бір бөлімнің меңгерушісінің кабинетіне тартыпты. Көп кешікпей меңгеруші жеке куәліктің көшірмесі мен қажетті соманы әкелу керектігін айтып, «дұғай сәлем» жолдаған көрінеді. Ал бір емханада «еңбекке жарамсыз» деген құжатты алуды сол қағазды беретін терезе арқылы-ақ оңай келіскен. Әлбетте, емханалардың барлығы бірдей пара арқылы күн көріп отыр деу қисынсыз. Алматыдағы №11, 3, 15, 16, 6 емхана өкілдері заңсыз құжат беруден үзілді-кесілді бас тартқан. Ал ақшадан бас тартпайтын басқа емханаларда берілетін пара мөлшері бірден айтылады. Яғни, саудаласам деп бекер арамтерге түсудің қажеті жоқ. Сарапшылар қауымы ақ халатты абзал жандар өздерінің басты міндетін естен шығарып алмас үшін әрі жемқорлықтан ада болу үшін медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеруге ұсыныс айтумен келеді. Өйткені, медицина саласындағы тереңге дендеп кеткен парақорлық, жауапкершіліктің жоқтығы, өз міндеттерін адал атқара алмайтын дәрігерлердің кездесуі сияқты басқа да келеңсіздіктерді ешкім жоққа шығара алмайды. Олардың арасында дертіне дауа іздеп келген жандарға шын жаны ашитын ақ халаттылардың табылатыны анық. Бірақ бұл жеткіліксіз. «Казпотребсоюз» АҚ өкілдері жүргізген «құпия сатушы» операциясының басты міндеті – емханалар мен ауруханалардағы жемқорлықпен күресуге бүкіл Қазақ қоғамын жұмылдыру. Өздері ұйымдастырған рейдті бірнеше рет ұйымдастыруға бекініп отырған олар азаматтардың атсалысуына мүдделі. Нәзия Жоямергенқызы.