Жаңалықтар

ТҮРКИЯ ТАҒЫ ҚАРА ЖАМЫЛДЫ

ашық дереккөзі

ТҮРКИЯ ТАҒЫ ҚАРА ЖАМЫЛДЫ

 

Айдың, Күннің аманында 51 адамды ажал құштырған лаңкестік әрекеттің артында не және кім тұрғаны әзірге жұмбақ. Бірде бір ұйым қанды оқиғаны өз мойнына алған жоқ. Бірақ болжамдар көп. Мәселен, «Түркияның Рейханлы ауданындағы 51 адамның өлімі мен 100 адамның жаралануына себеп болған жарылыстың астарынан саяси сарын іздеуге себеп болған жайт, Ердоғанның санаулы күннен кейін АҚШ-қа ресми сапары». Осындай болжам айтқан түріктердің «Milliyet» газетінде «Кездейсоқтық па, арандату ма?» («Tesadüf mü, provokasyon mu?») деген тақырыппен жарияланған мақалада саяси оқиғалардан кейін болған қайғылы жайттар тізбеленген. Мәселен, 2009 жылдың 7 желтоқсанында АҚШ-қа барып, Америка президенті Барак Обамамен кездесуге бірнеше сағат қалғанда Токаттың Решадие ауданында әскери көлікке оқ жаудырды. Жарылыстың салдарынан 7 сарбаз ажал құшты. Ал 2010 жылдың 13 сәуірінде Ердоған Вашингтонға Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитке кеткенде Самсун қаласының Ладик ауданында полиция қызметкерлері мінген автобусқа шабуыл жасаған белгісіз біреулер 2 полицейді жер жастандырған. 2011 жылдың 20 қыркүйегінде Реджеп Тайип Ердоған Нью-Йорктегі Біріккен Ұлттар Ұйымының кездесулеріне қатысуға барғанда үсті-үстіне лаңкестік әрекеттер жасалды. Анкара мен Сиир қаласындағы жарылыс­тарда 9 адам қаза тапты. Марқұмдардың 4-і – жас қыздар. Оның артынша, 24 қыркүйегінде Сиирт қаласының Первари ауданында полиция бөлімшесіндегі жарылыс пен тараптар арасындағы атыс салдарынан 6 әскер шейіт болды. Аталған мақалада Ердоғанның әр кездесуінен кейін қарулы қақтығыстар болатыны айтылған: «Оңтүстік Кореяның астанасы Сеулдегі Ядролық қауіпсіздік саммитінде Ердоған Обамамен кездесті. Сол күні Шанлыурфада полиция көлігіне қарсы жарылыс ұйымдастырылды. Осының кесірінен 2  полицей ауыр жараланды. 2012 жылы 19 қазанда Ердоған  Мексикадағы «G-20» шеңберінде өткізілген саммитте Ердоған мен Обама кездескен күні Наккылардың Йүксекова ауданындағы Йешилташ полиция бөлімшесіне бағытталған жарылыста 8 әскер ажал құшты». 

Түркияның оңтүстік-шығысында жатқан Хатай провинциясының Рейханлы ауданында болған екі жарылыстың салдарынан 51 адам қаза тауып, 100-ден астамы ауыр жараланды. Жарылғыш зат тиелген екі көлік саяси тұрақсыздық орнаған Сириямен шектесетін Рейханлы ауданының әкімдігіне кіріп барып жарылған. Апта басында баспасөз мәслихатын өткізген Түркия сыртқы істер министрі Муаммер Гүлер лаңкестік әрекетті сириялық арнаулы қызметпен байланысы бар адамдардың жасағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қанды оқиғаға қатысы бар деген күдікпен 5 адам қолға түскен. Олардың үшеуі – Сирия азаматтары. Сириялықтардың түріктер елінде лаң салуының басты себебі, Түркия билігінде отырған Әділет және даму партиясы сириялық оппозицияны жақтайды. Бұған дейін түріктердің вице-премьері Бүлент Арынч Рейжанлыдағы лаңкестікке Сирия билігінің қатысы болуы мүмкіндігін жоққа шығармаған еді. Себебі, Ердоған мен оның жақтастарына тісін қайрап жүрген Асадтың адамдары Түркиядағы саяси тұрақсыздыққа мүдделі болатыны анық. Оның үстіне, соңғы 2 жылда Сириядағы берекесіздіктің кесірінен үдере көшкен босқындарға Түркия да пана болып отыр. Ал бұрнағы күні АҚШ-қа сапар шеккен Реджеп Тайип Ердоған әуежайда баспасөз мәслихатын өткізіп, Америкадағы кездесулерде Сирия мен Рейханлыдағы лаңкестік әрекетті күн тәртібіне шығаратынын жеткізді. Алайда, Анкараның айтқандарын Associated Press агенттігі арқылы жоққа шығарған сириялық билік Рейханлыдағы лаңкестікке өздерінің ешқандай қатысы жоқтығын мәлімдеді. Сириядағы ақпарат министрі Омран әз-Зоуби: «Лаңкестікке ешқандай қатысымыз жоқ. Бізге айып тағуға ешкімнің құқы жоқ», – деді. 

Жарылысқа дейін Рейханлының есігі сириялық босқындарға ашық жатты. Ешқандай күзет не қадағалау жоқ болған. Қазір түріктер еліндегі сириялық босқындар саны 200 мыңға жеткен. Бұл жергілікті тұрғындар арасында наразылықты тудырып, күн өткен сайын ширығып келеді. Кеше жарылыстан кейін бір топ түрік азаматы сириялықтарға барып тиіскен. Олар тіпті, «бұлардың бірде біреуін қалдырмай өлтіріп тастау керек. Балаларын да аямау қажет» деп ұрандатыпты. Бір қызығы, осыған дейін поштаның алдында үйіліп тұратын сириялықтар жарылыс боларда күнделікті тұратын жерлерінен ізім-қайым жоғалып кетіпті. Жалпы лаңкестіктің болатынынан жұрт құлағдар болған деген қауесет те кезіп жүр қазір. Бұл туралы түрік депутаты айтты. Апта басында Түркияның Ұлттық Мәжілісінде сөз сөйлеген СНР партиясының өкілі Эмине Үлкер Тархан: «Аналар күнін тойлауымыз керек еді. Бірақ халықты қанға бөктірген, қара жамылған күн болды. Рейханлының халқы өкпелі. Жақындарынан айрылып қалғаны үшін ғана емес, мемлекеттің өздерін өзекке тепкеніне өкпелі. Жарылыстың болатындығынан халық алдын ала хабардар болған. Кейбіреуі ол жерден көшіп кеткен. Ендеше билік неге қауіпсіздік шараларын ұйымдастырмады? Жарылыс болғаннан кейін не премьер-министр, не министрлер Рейханлыға аттап баспапты. Неге?.. Сириямен шекара түбінде бомба тасыған көліктердің тұрғанын, олардың біздің жерімізде ерсілі-қарсылы жүргенін кез келген біледі екен. Неге? Қауіпсіздік қызметі қайда қарап отыр? Билік Рейханлы жұртының қайғысын Түркия азаматтарына жеткізуге кедергі жасады. Біз болған жайтты шетелдік БАҚ-тан естуге мәжбүр болдық. Бұл сөзіміздің біткен жері… Рейханлыға бомба түсті. Бірақ неге абайсызда қаза тапқан 51 адамның тағдыры түрік ақпарат құралдарына бомба болып түспеді? Рейханлының қайғысын БАҚ неге күн тәртібіне неге шығармады?», – деді.

Көршінің үйінен өрт шықса, қора-қопсың бірге жанып кету қаупі төнетіні анық. Сондықтан Сириядағы қарулы қақтығыстардан Түркияның да мазасы қашқан. Өткенде түріктердің Сириямен шектесін аумағына әуеден оқ жаудырғанда 12 адам қаза тауып, 30-дан астамы жараланған болатын. Дамаскіге ресми түрде хат жолдаған Анкара Түркияға жақын маңда оқ атпауды талап етті және Диярбакыр қаласындағы әскери базадан әуеге F-16 әскери ұшағын көтерді. Ресми Анкара Дамаскінің Түркиядағы күрд содырларына қолдау көрсетуіне де наразы. Сол себепті, билікке қарсы шыққан сириялық оппозиция өкілдеріне жақтасуда. Әзірге екі арадағы байланыстың қалай өрбитіні белгісіз. Бірақ біресе күрдтердің, біресе сириялықтардың лаңкестік әрекетінен зәрезап болған түрік халқы елде тыныштық болуын қалайды.

Нәзия Жоямергенқызы