БІР ШОҚ РАУШАН... Балалар үйінде кімдер жүр, білесіз бе?

БІР ШОҚ РАУШАН... Балалар үйінде кімдер жүр, білесіз бе?

БІР ШОҚ РАУШАН... Балалар үйінде кімдер жүр, білесіз бе?
ашық дереккөзі
Анасы баяғыда жоқ болған. Сонда да сағыныш маза бермейді… Жетімдер – тағдырдың тәлкегіне себепсіз, ертеден түскен күрескерлер. Ананың алақанынан, әкенің құшағынан маһрұм қалудан артық адам баласына қандай жаза бар. Мен Әсемді алғаш Ұлттық арнадан көрдім. Қазақтың қаршадай қызының қайсарлығына, ақылына, дүниетанымына, талантына тәнті болдым. Әсемнің сүйенері де, сенері де жоқ. Алайда, оның мақсаты мен арманы көп. Солар оны әрқашан биікке жетелейді, демеу болады. Мен балалар үйіне 3 жасымда түстім. Мен де бір отбасының 9 ай бойы асыға күткен баласы болдым. Өзімнен екі жас үлкен әпкем бар. Естуімше, анам-аспазшы, әкем-мұғалім екен. Әке-шешеммен бірге болған 3 жылдан кішкене ғана естеліктерім сақталды. …Біз де бақытты отбасы болдық, анам, әкем, әпкем және мен. Барлығы былай басталған болатын. Мамам жұмыстан келіп, бізге тамақ жасамақшы болады. Жертөлеге түсіп картоп, сәбіз алып жатқанда абайсызда белін әйнек кесіп кетеді. Содан анам 2 жыл комада жатты. Одан соң 10 жыл өмірін ауруханада өткізді. Қазір әкем қайда екенін білмеймін, анамның тірі екенінен де бейхабармын. Осыдан кейін әкем бізді асырай алмады. Бізді сәбилер үйіне алып келді. Сол кезде әкем мені тастап бара жатқанын жүрегім сезген болатын. Одан кейін көрмедім… Бізді полицейлер Бағанашылдағы балалар үйіне әкелді. Ұзақ уақыт бойы мен анамды, әкемді күтіп жүрдім. «Баян, бізді папамыз алып кетеді ғой…» деп сұрайтынмын. Әпкем «жоқ, олар енді келмейді», – деді. Сол сәттен бас­тап түнімен жастықтың астына басымды тығып, жылап шығатынмын. Енді мен анамды да, әкемді де ешқашан көрмеймін деп. Баян мұнда келгенде 6 жаста болды. Көп жағдайлар оның есінде. Мен сұраймын, анамыз қандай болды, әкеміз қандай еді деп… Әкеміз ішіп алып, анамызды ұрады екен. Сол кезде Баян столдың астына тығылып қалып, барлығын көріп отыратын. Менің есімде жоқ. Мен тек қуанамын оған. Әкем де, анам да менің жадымда жақсы адам ретінде сақталды. Мен оны көргенде қазір әкемді күтпес пе едім, бәлкім… Мұндағы жетімдерді әр түрлі тағдыр тоғыстырған. Көбісінің ата-анасы тірі. Өмірге келе сала мына заманның қаталдығын, озбырлығын көрді. Әрқайсысының қамшының сабындай ғана қысқа ғұмыры тарихқа толы… … Мен Алматы қаласы №88 мектебінде оқыдым. Шынымды айтайын, ол кездер менің өмірімнің қара параққа жазылған беттері еді. Ұмытқым келеді, санамнан өшірсем деймін. Бірінші сыныпта апай барлық оқушылардың мекен-жайын, ата-анасын сұрай бастады. Кезек маған жеткенше санама нелер келіп, нелер кетпеді. Не айтамын, не деп жауап беремін. Расымен де, қайда менің ата-анам, менің тірі екенімді біледі ме? Бір кезде есімді жидым. «Мен балалар үйіненмін» дедім орнымнан тұрып. Неге мен одан ұялуым керек? Жетімдікті мен Алладан сұрап алғаным жоқ, бар кінәм – өмірге келгенім. Барлығы да маған үрке қарап қалды. Үй балалары үшін «балалар үйі» деген сұрапыл, сұмдық сөз. 7 жасында осыны ойлаған бүлдіршінді тағдыр өзі-ақ есейтеді. Барлығы осыдан басталды. Сыныптағы қыздар ойнағанда «Әсем, сен баршы» дейтін. Үй балалары бізбен дос болғысы келмейтін. Үй балаларынан менің Әлия деген жалғыз құрбым болды. Біз де олардан бөлек жүретінбіз. Бір өкінетінім, мені алғашқы ұстазым ылғи да шеттететін. Мені ең соңғы партаға отырғызды. Менің көзім алыстан көрмейтін. Сондықтан, тақтадағыны жаза алмайтынмын. Ал мұғалімім зекіп, ұрсып, басымнан ұрып, оқушылардың көзінше намысымды аяққа таптайтын. Сабақ айтқанда, сөйлей де алмай қаламын. Аузымды ашсам, ұрысатын секілді. Білмеймін, қорқыныш па, бірдеңе. Мен есіме түсіргім келмейді. Тіпті, балалар үйіндегі тәрбиеші апайларым, бізге келетін адамдар басымнан сипайын десе, ұрады ма деп, – қорқып тұратынмын. Шынымды айтайын, мектеп қабырғасынан ешқандай жағымды оқиға есімде сақталмапты. Содан кейін мен мұғалім атаулыны қатты жек көріп кеттім. Ойланып көрдіңіз бе, қаталдық пен жек көрушілік қайдан пайда болады? Көкек анадан, жауапсыз, ішкіш әкеден туғаны үшін бала кінәлі емес. Әсемнің бұл оқиғасын әр жетім басынан өткеріп жүр қазірде. Өтірік пе? Сенбесеңіз, балалар үйінің кез келген тәрбиеленушісінен сұрап көріңіз. Мектепке баруға жүрексінген бала, білгенін қалай айтсын, сабағын қайдан оқысын? Жетім бала қиын сәтте демеу берген адамын ешқашан ұмытпайды. Әсіресе, білім беріп, басынан сипаған ұстазының мейірімі өмір бойы есте қалады. Өзгеден жылу күтетін жәудіреген көздер жылы сөзге зәру. Ал біздің кейбір пасық мұғалімдер мұны білмейді. «Мұғалім» деуге де келмейді мұндайларды. Солардың бассыздығынан талай жетімнің жүрегі қайта жараланды. Ал екі рет қалған көңіл, екі рет сөнген үміттің қайта тұтануы екіталай. …Бір оқиға болды. Мен балалар үйінде «вожатый» болғанмын. Кешке мектептен балаларды алып қайтамын. Бір күні барғанымда сұмдық оқиғаға куә болдым. Кішкентай бала бұрышқа тығылып алып жылап отыр. Қасында мұғалімі, инспектор, оқушылар қоршап алған. Сыныбындағы үй баласының ойыншығы жоғалыпты. Дене шынықтыру сабағынан келсе, барлығы сумкасын ақтарып шашып тастаған. Мен қатты ашуландым. Жүрегім ауырды. Мен баланы шақырып алып, үй баласының қасына тұрғыздым. «Айырмашылығы бар ма, анау баланың да, мына баланың да екі көзі екі қолы бар. Сіздің дәлеліңіз бар ма? Неге жоғалған затты балалар үйінің баласынан көреді. Сіздер мұғалім емессіздер, сіздер балаларды өлтіресіздер ғой» дедім. Ылғи солай, жоғалған затқа тек балалар үйінің баласы кінәлі. Ол балалар ұры болады, олар жаман. Олардың әке-шешесі алқаш деген ойлар қалыптасып кеткен. Ол бала мен енді мектепке бармаймын дейді. Неге менен көре береді, мен шаршап кеттім. Алмаған затты алдың, – дейді. Мен қашып кетемін, – дейді. Қашса қайда барады ол?! Балалар осындай оқиғалардан кейін, ешқашан ашылмайды! Рухани көтеріле алмайды. Балалардың тілі, балалардың жандүниесі бөлек қой. Әсіресе, жетім баланың психологиясы мүлдем өзгеше. Оған сен мұндайсың, сен андайсың дей берсе ол сондай болады. Оған сонда бала кінәлі ме, мұғалім атауын кірлетіп жүргендер кінәлі секілді… Айтыңызшы, шынымен де, барлығы демесек те біршама адамдар осындай пікірде ғой. Мектепте де солай, оқушылардың жоғалған затын жетімдер ұрлады, – дейді. Балалар үйінің балалары, үй балалары деп екі топқа бөлінген. Сен ұрысың дей берсе, ол міндетті түрде ұры болады. Жетім баланы қатал, – дейді, қатыгез дейді, оған өзгелер үрке қарайды. Өзінің анасына, әкесіне керегі болмаған олар қоғамға керексізбіз, – дейді. Міне, бала неге қатыгез болады. Әрине, генетика ғылымының дәлел­деуін­ше, бала ата-анасына ұқсайды. Ал жапон­дық Масару Ибука кез келген баланың қалыптасуына тәрбиесі, өскен ортасы әсер етеді, – дейді.Талант балалар үйінен де өсіп шығады. Әр бүлдіршін талант, ал сол талантты ашу – ата-ананың қолында. Демек, әке-шешесін ешқашан көрмеген бала оларға қайдан ұқсасын? …Шынымды айтайын, қазір сыйлық әкелген адамдар емес, менімен сөйлесіп, жылы сөз айтқан адамдар есімде қалды. Жетімдер жылы сөзге зәру. Сыйлық, ойыншық – бір сәттік қана қуаныш. Ана керек адамға, маңдайыңнан иіскейтін әке керек. Қалай ғана өзінің ботақанын тастап кетеді. Ал өмірге келмей өліп кететіндер қаншама. Олардан жетімдер бақытты емес пе? Айтыңызшы… Әрине аналарын күтеді… Қанша көңіл қалса да, қанша үміт сөнсе де, күтеді аналарын. Мейлі 5 жыл күтеді, 7 жыл күтеді. Мұндай жағдайлар да болады. Менің бірге өскен құрбымды 12 жасында анасы алып кетуге келді. «Сенің балаң жоқ, сенің балаң сен тастап кеткен күні-ақ жерге көмілген. Сен кімсің? Мен терезеге телміріп, жастыққа жасымды жасырып жылағанда қайда болдың? Менің үйім балалар үйі, әне менің анам» деп тәрбиешіні көрсетті. Кейде болады анасын кешіреді, ол баланың мінезіне байланысты. Бізге «мені тастап кетті, мен енді өмірдің не екенін түсініп, енді үйрене бастағанда келді. Мен бармаймын», – деді құрбым. Жаңадан келгендер күтеді анасын. Ал туыла сала жетім атанғандардың үміті үзілген. Мен ешкімді күтпедім. Мен анамның, әкемнің кім екендерін білдім. Бір рет тастап кеттің бе, ол ешқашан шын жүректен анам демейді. Бір қыз жүкті болып қалып туған баласын өзі өскен балалар үйіне қалдырды. Менің қатты жаным ауырды. Ол қызды жек көріп кеттім. Әсіресе, балалар үйінде өскен қыздарға айтқым келеді. Қыздар, құдай қаласа, тұрмысқа шығасыңдар. Балаларыңды тастамаңдаршы, өздерің көрдіңдер ғой жетімдіктің азабын. Анасыз, әкесіз өсудің қандай екенін. Біздің тағдырды ешкім қайталамасыншы. Баланы жылатпаңдаршы. Ерте ме, кеш пе қиыншылық өтеді. Әрине, егер алқаш нашақор болсаң, баланы балалар үйіне бер. 10 баланы жалғыз бағып қағып өсірген аналар да бар ғой. Мысалы, өзің керексіз қылып тастаған балаң кейін үлкен азамат болатын шығар. Баласын тастаған адамдар ата-ана емес! Олар қоғамның қалдықтары. Өте әлсіз, қорқақтар! Бұл теңіздегі алып кеме секілді елестейді. Онда анасы, әкесі және кішкентай бөпе. Сол «бақытты кеме» өз жетер жетеріне жетсе қандай жақсы. Бала да, ана да бақытты! Ол қозғала бастағанда дауыл емес, жел тұрса анасы ескекті тастай сала жүзіп кете береді. Ал, кішкентай сәби шырылдап теңізге бата бастайды. Әке қайда, әке баяғыда-ақ жағалауда қалып қойған. Бізде мынандай оқиға болды. Анасы қыстың қақаған аязында баласын жұқа матаға орап тастап кеткен. Милиционерлер тауып алып, сәбилер үйіне алып келді. Ұзақ уақыт өмір мен өлімнің арасында жатты ол бөпе. Қазір, қайтыс болып кетті. Өте талантты бала еді, өлең де айтатын билейтін де. Ол баланың достары көп еді. Тек ғұмыры өте қысқа болды. Сондай бала Аллаға керек болған шығар, бәлкім… Бір күні таңертең ұйқыдан оянбады. Люба деген қыз «Асхат, Асхат тұршы» деп оятып еді, тұрмады. «Балалар, Асхат өліп қалды» деп жылап жіберді. Кішкентай қыз өлімнің не екенін қайдан біледі десеңізші… Үлкен адам өледі, жастар да өледі. Ал, баланың өлімі деген сұмдық екен. Ал қыстың аязында лақтырып кеткен анасы тірі жүр ғой қазір! Сіз адам емессіз! Тіпті баланы жерлеуге де келмеді. Мүмкін білмейтін де шығар өлгенін. Осындай алтын баланы тастап кеткен қатігез, жауыз ол. Жүрегі ет емес тас ондай адамдардың. Юрий Шатунов жұлдыз болған кезде келді ғой ата-анасы. «Мен жерден қоқым теріп жүргенде қайда болдың, көшеде бөтелке жинағанда қайда болдың?», – деді. Кез келген тастанды бала солай айтуға құқылы! Раушан гүлі секілді… Жұпар шашады. Расымен де жұлынған гүл тез солады. Ал кейде раушан гүлінің бір талын қайта отырғызып, гүлдендіруге болады. Олардың кішкентай жүректерінде сағыныш та, қызғаныш та, жеккөрушілік те бар. «Алты ағайын жиылып әке болмас, жеті жеңге жиылып шеше болмас» деген қазақта аталы сөз бар. Есімде, сыныптағы староста қыз Дана журналды ұрып тұрып байқаусызда жыртып алды. Қараптан қарап тұрып Әсем жыртты деді апайға. Мен емес десем ешкім сенбейді. Мен жетіммін, сол үшін кінәлімін. Өзімді ақтай алмадым. Өз орнымда отырсам қасыма келіп, жыныма тие бастады. Шыдай алмай кеттім, жерге жатқызып алып тепкілеп, ұрып шығып кеттім. Ертеңіне ата-анасы келіп «неге ұрасың бетінен, не істедің?» деп мені инс­пекторге алып барды. Балалар үйінде өскен қыздар өздерін жақсы қорғайды. Төбелескіш, бұзық болады. Себебі, оларға жақтасатын, сөздерін сөйлейтін ешкім жоқ. Мектепте қазақша оқысам да, қазақ тілінен маған қиындық туды. Балалар үйінде орыс балалармен бірге өскендіктен орысшаға үйреніп кеткенмін. Мені 9-сыныпта орыс бөліміне ауыстырды. Сабағым да, үлгерімім де жақсара бастады. Себебі, орыс бөлімінің мұғалімдеріне жетімсің бе, мүгедексің бе, кім болсаң да, бірдейсің. Олар бөлмейді баланы. Тағдыр басқа салған соң көнесің бәріне. «Адамның тағдыры Алла жазған шығарма». Мен Әсемнің әңгімесінен 18 жасар қызды емес, көпті көрген адамды көрдім. Әр сөзінде салмақты, тұнық, терең ой жатыр. Мен балалар үйінде өскеніме қуанамын. Әкеме ренжімеймін. Егер мен мұнда келмегенде менің болашағым болмас па еді. Ішкіш әкемен қаңғыбас болып кетер ме едім. Менің адам болуыма мұнда барлық жағдай жасалды, мені жақсы апайлар тәрбиеледі. Мен мақсат қойсам, соған ұмтыламын. Мен ешкімнен жәрдем күтпеймін. Барлығына өзім жеткім келеді. Балалар үйінде вокалға, сурет үйірмесіне, ағылшын тіліне, футболға баратынмын. Виктор Михаилович деген вокалист ағайым болатын. Қазір модельер конс­труктор мамандығында оқып жатырмын. Өз қалауыммен емес. Мен балалар дәрігері болуды армандаймын. Өмірімді балалармен байланыстырғым келеді. Мүгедек балаларға арналған клиникамды ашқым келеді. Жетімдер балалар үйінде 18 жасқа дейін тәрбиеленеді. Тәрбиешілер қолдарына билеттерін ұстатып, шығарып салады. Ары қарай үлкен өмірге өздері жолаушылап кете береді. Құс балапандарын өз ұясынан ұшырып жіберді. 18 жыл бағады, асырайды, тегін оқуға түсіреді. Ары қарай өмір тек өзіңе байланысты. Өз өміріңе өзің жауаптысың! Балалар үйінен шыққанда өмір мүлдем басқа арнаға бұрылады. Онда киімімізді жуып беретін, тамақ дайын. Маған алғашында өте қиын болды. Ұзақ үйрене алмадым. Күнде жылайтынмын, балалар үйін қатты сағынатынмын. Бірте-бірте үйренесің. Алға­шында жолға да ақшам болмайтын. Сабаққа жаяу барып, келетінмін. Тамағым жоқ, ақшам жоқ. Бәрі артта қалды. Қазір Бөбек қорынан да ақша беріледі, стипендиямыз бар. Оқуды бітіргенше алып тұрамыз. Артымнан ерген тағдырластарыма айтқым келеді. Ешқашан өз пікірлеріңді айтудан қорықпаңдар! Қойған мақсаттарыңа жетіңдер, ол үшін дұрыс мақсат қоя білу керек. Бір айтарым, балалар үйінің балалары өздері өскен үйлеріне үлестерін қосса екен деймін. Кейін үлкен азамат болғанда, жәрдем беріп тұрса қандай игі іс жасар еді. Жетімдердің де биікке жете алатынын дәлелдейікші!   Сәния Әбдіғапар