Түрік еліндегі қазақтар: Алғашқы ұлттық би тобы

Түрік еліндегі қазақтар: Алғашқы ұлттық би тобы

Түрік еліндегі қазақтар: Алғашқы ұлттық би тобы
ашық дереккөзі

 

Мына сурет – Түркияның Салихлы қаласының Куртулуш ауданындағы алғашқы қазақ
бастауыш сынып мектебінде құрылған қазақ қыздарының би тобы. Өрімдей жастардың
Түркияда Атажұртты аңсай жүріп құрған би тобы. 1953 жылы Түркияға ат басын
тіреген қазақтар Стамбұл, Салихлы, Улкисла Алтай, Ақсарай сұлтан, Кайсериге
шашырай қоныс аударады. Салихлыға көшкен қазақ түтіні 300-ге жеткен. Қаланың
Куртулуш деген ауданында Болгария мен Югославия т.б. елдерден келген
түркітілдес ұлттардың өкілдері де қазақтармен аралас-құралас өмір сүрген екен.
Діні мен түбі бір бауырлардың қаза тапқандарын ақ жуып, арулап көмген де –
қазақтар. Өйткені, Пәкістанда 13-14 жыл тұрып, сосын түріктер еліне үдере
көшкен қандастарымыз  діни тұрғыда
сауатты болған, қасиетті Құран Кәрімді жатқа оқуды өз беттерінше үйреніп алған.

Алмағайып заманда көшіп-қонып жүрсе де қазақ отбасылары  білім алуға құлшынды. Ешкімге кіріптар болуды
қаламайтын қазақ отбасылары Түркиядан алғаш рет Теріден тігілген киім
кооперативін құрады. Жарты ғасырдан астам уақыттан бері Кооператив жұмысын шыр
көбелек айналдырған қандастарымыз бүгінде Салихлыдағы бірнеше отбасыға жұмыс
беріп, қаншама адамды асырауға септігін тигізіп отыр. Өнерге, мәдениетке деген
жақындық қандарында бар қазақтар балаларының білімді, әрі өнерге жақын болуын
қалады. Сол себепті Куртулуш ауданындағы бастауыш сынып мектебінің басшысы
Фикрет Гүрел деген азаматтың бас­тамасымен, 1965 жылы  қазақ балаларының би тобын құрады. Қазақтың
ұлттық билерін билеген балалардың концерттік киімдерін олардың аналары тігіп
берген екен. Бұл туралы Фатима апай: «Мен әкесіз жетім өскенмін. Анам аурушаң
болатын. Үйімізде қос етек қазақ көйлегі мен жағасы құндыздалған бешпет бар
еді. Сахнаға шыққанда соларды кидім. Ал қалған қыздардың киімін аналары
қолдарына түскен матадан құрап тіккен. Куртулуштағы бастауыш сынып мектебі 5
жылдық болғандықтан 11-12 жастағы балалар үлкендермен бірге концерт қойған.
Бала күнгі естеліктерімен бөліскен Башташ Фатима апа: «Ол кезде заманауи
техниканың жоқ кезі, сондықтан біз қазақша халық әндерін өзіміз айта жүріп
биледік. Өнерімізді тамашалап тұрған ересектер де бізді әнмен сүйемелдеуге
көмектесті», – деді. Бүгінде сарғыш тартқан суреттегі қыздардың барлығының да
бала-шағасы, немерелері бар. Бір-бірімен араласып-құраласып тұрады. Түріктер
жеріне әкелері, аталары бірге көшкен олар өзара туыс. Бірақ есейе келе, олар да
жан-жаққа, Еуропаның түкпір-түкпіріне тарап кетті. Біздің білетініміз, Фатима
Сакрак (Башташ) Норвегияның Осло қаласында тұрса, Нағым Динчер (Атылған)
Амстердамда тіршілік етуде. Езине Дазукан (Шақар) 30 жыл бұрын Францияға қоныс
аударып, қазір Парижде тұрады. Телефон арқылы Ослоға хабарласқанымызда, суреттің
сырымен бөліскен Фатима апа: «Ойын баласы едік қой. Әке-шешеміз қазақы салтты,
ұлттық құндылықтарды ұмытпасын деген ниетпен қазақы дәстүрді бойымызға сіңіруге
тырысты. Енді бүгін үлкендердің өсиетін өскелең ұрпаққа жеткізу – біздің
міндет. Қазақстандағы барша қазаққа сәлем айт, айналайын. Амандықта жүздесуге
жазсын Алла», – деп ағынан жарылды.