Жаңалықтар

«ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ӨНІМ ЖАСАЙМЫЗ»

ашық дереккөзі

«ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ӨНІМ ЖАСАЙМЫЗ»

 

Осы орайда, отандық өнім өндіругекөңілбөлуасамаңызды. 

ҚР Президенті Н.Назарбаев өткен аптада индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері жөнінде кеңес өткізу барысында, отандық өнеркәсіп саласының қазіргі жағдайы, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру, сондай-ақ осы бағдарламаның екінші бесжылдығына дайындық мәселесін сөз етті. Нақты тапсырмалар берді. Әлемдік экономикалық дағдарыстың қазақстандық экономикаға әсер еткенін жеткізген Елбасы: «Тау-кен, металлургия, химия салаларындағы өнімдерге бағаның төмендеуіне байланысты бюджетке түсімдер азайды және үкіметке оны қайта қарауға тура келеді. Бұған қоса, соның алдында болашақтағы дағдарыстарға қарсы әрекет ету бағдарламасы әзірленді. Бүгінде олардың қазіргі жағдайда қаншалықты өзекті екеніне талдау жасау қажет», – деп мәлімдеді. Бұл орайда, үш жарым жылдан бері жүзеге асырылып жатқан бағдарламаның жөні бөлек: «Жаңа кәсіпорындар іске қосылды, қалған бөлігі биыл қосымша пайдалануға берілетін болады. Бағдарламада көзделген барлық индикаторға қол жеткізуге тиіспіз. Бүгінде индустриялық-инновациялық дамуды қаржыландыруда шешімін табуды қажет ететін проблемалар бар. Еуропа елдері мен өзге мемлекеттер бастан кешіп отырған қиындықтар Қазақстанға да әсер етуде. Қазір біз экономикамыздың өсу қарқынының төмендеуіне және елімізде жұмыссыздықтың артуына жол бермеуге тиіспіз».

Жуырда Астанадағы IV «Қазақстандық өнім өндіреміз» форумында «Қазақмыс» Корпорациясы Басқармасының төрағасы Эдуард Огай алдағы 5-7 жылдың ішінде Қазақстан экономикасына 7 млрд. доллар көлемінде инвестиция салуды жоспарлап отырғандарын жеткізді: «Инвестиция мәселесіне келсек, алдағы 5-7 жыл ішінде Қазақстан экономикасына 7 млрд. долларға жуық қаражат құюды көздейміз. Яғни, жыл сайын 1 млрд. доллар сала отырып, қаражатты корпорациямыздағы жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарын жаңғыртуға және жаңа нысандарды салуға жұмсамақпыз. Жобаларымыздың 60 пайызы жаңа тау-кен кәсіпорындарын салу, өндірістің күш-қуатын арттыруға қатысты. Өз алдына бөлек сала – металлургия, оны байыту», – деді. Соңғы төрт жылда «Қазақмыс» корпорациясының құрамындағы қазақстандық үлес 62 пайызға жеткен. «Сонымен қатар біз тапсырыстар арқылы 23 мың адамды жұмыспен қамтып отырмыз» деп мәлімдеген Э.Огай шекара сыртынан тасымалданатын шетелдік құрал-жабдықты 100 пайызға отандық өніммен ауыстыруға мүмкіндік жоғын, сол себепті, егер қазақстандық компаниялар арасында осы олқылықтардың орнын толтыруға мүдделілер табылса, бірігіп жұмыс істеуге дайын екендіктерін айтты. Былтыр «Қазақмыс» компаниясы 251 млрд.  теңгеге жуық тауар, жұмыс пен қызмет көрсету түрлерін сатып алған екен. Оның 99 пайызы отандық кәсіпорындар үлесінде. Қазақмыс қызметіндегі артықшылықтардың бірі – жергілікті өндірушілерді қолдау және өндірушілердің бәсекеге қабілеттігін арттыру есебінен жергілікті экономиканы әртараптандыруға көмектесу, сондай-ақ аймақ тұрғындарының жұмыспен қамтылуын арттыру болып табылады. Қазақмыс Тобы шағын және орта бизнесті өркендету мақсатымен тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді жеткізуге және өндіруге кепілдендірілген және ұзақмерзімді тапсырыстар, алаңдар мен кешендерді ұсыну түрінде отандық тауар өндірушілерге елеулі қолдау көрсетіп отыр. Осының арқасында компания төңірегінде жергілікті тауар өндірушілер мен қызмет көрсетушілерден құралған «белдеу» қалыптасып келеді. 2012 жылдың 12 айында «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС 252 млрд.  теңгенің тауарларын, жұмыстар мен қызмет түрлерін сатып алды. Соның ішінде тауарлар – 134 млрд. теңгені, жұмыстар мен қызметтер – 118 млрд. теңгені құрайды. 2011 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда, корпорацияның жалпы сатып алулары 57 млрд. теңгеге немесе 29 пайызға артты. Қазақстандық үлес жалпы сатып алулардың 62 пайызын құрайды, оның ішінде жұмыстар мен қызметтердегі қазақстандық үлес – 99 пайыздан астам. Қазақстандық кәсіпорындардан сатып алу (СТ-КZ сертификаттарын есепке алғанда) 157 млрд. теңгеге жеткен, ол 2011 жылдағыға қарағанда 44 млрд. теңгеге артық. Форумда сөйлеген сөзінде Эдуард Огай кәсіпорынның атқарып жатқан жұмыстарына былайша тоқталды: «Қазақстандық үлесті арттыру жөніндегі мемлекет саясатын іске асыру мақсатында Қазақмыс Тобы елеулі жұмыс атқарып келеді. Республикамыздың өнеркәсібі экономикалық дамудың жаңа деңгейіне көтерілгендігін ескере отырып, біз өз өнімдерінің сапасын әрі тұтынатын тауарлар қатарын ұдайы өсіріп отыратын компаниялармен ынтымақтастыққа мүдделіміз. Бұған қоса, біз серіктерімізді өз өнімдерін өткізу үшін жаңа нарықтарға бағыттаймыз. Ал бұл өз кезегінде аймақтар экономикасының дамуына оң әсер етеді».

Қазақмыс – Қазақстандағы мыс, алтын, мырыш, күміс, электр энергиясын өндіруде елеулі активтері бар, табиғи ресурстарды өндіру және өңдеумен айналысатын халықаралық жетекші топ болып табылады. Сонымен қатар кәсіпорын Қазақстандағы ең ірі мыс өндіруші әрі 16 кенішке, 10 тау-кен фабрикаларына және екі мыс балқытушы өндірістік кешенге ие болып отырған әлемдегі алдыңғы қатарлы мыс өндіруші болып табылады. Тау-кен өндірісі кен өндіруден бастап, мыс катанкасын және катодты мыс түріндегі дайын өнім шығаруға дейін толықтай интеграцияланған. 2012 жылы меншікті кеннен 292 мың тонна катодты теңгерімдегі мыс өндірілді. Бұл өндіріс электр энергиясының ішкі тасымалдарымен және ауқымды теміржол инфрақұрылымымен қамтамасыз етіліп тұрады. Kazakhmys Mining бөлімшесі басқа да металлдардың ауқымды көлемін, соның ішінде мырыш, күміс және алтын өндіріп отыр. 2012 жылы Қазақмыс 152 мың тонна мырыш концентратын өндірді. Топ әлемдегі ең ірі деген он күміс өндірушінің бірі боп табылады  –  2012  жылы 12,6 млн. унция күміс өндірді. Kazakhmys Power Қазақстандағы ең ірі электр станцияларының бірі болып табылатын Екібастұз ГРЭС-1 көмір электр станциясының 50 пайыздық үлесіне ие. Электр станциясында өндірістік қуаттылығын 3 000 МВт-тан 4 000 МВт-тық өз жобалық қуаттылығына жеткізуге мүмкіндік беретін модернизациялау бағдарламасы қолға алынған. Kazakhmys Power бөлімшесінде Kazakhmys Mining бөлімшесін электр энергиясымен қамтамасыз етіп отыратын электр станциялары бар.

Қазақмыс Тобының құнды қағаздары Лондон қор биржасында және Гонконг қор биржасында, сондай-ақ Қазақстан қор биржасында (KASE) да саудаланып келеді. 2012 жылы Топтың ағымдағы қызметінен келген табысы 3,4 млрд. АҚШ долларын, ал сегменттік EBITDA көрсеткіші 1,9 млрд. АҚШ долларын құрады. Топта шамамен 60 000 адам жұмыс істейді, басым бөлігі қазақстандық азаматтар. Қазақмыстың стратегиялық мақсаты – өндірістік активтерді оңтайландыру, өндірісті ұлғайту жөніндегі жобаларды іске асыру және де Орталық Азиядағы ауқымды табиғи ресурстарды игеру мүмкіншіліктерін кеңейтуге қатысу.

Нәзия Жоямергенқызы