Жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАН ӘУЕЖАЙЛАРЫНА ЖӨНДЕУ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚСТАН ӘУЕЖАЙЛАРЫНА ЖӨНДЕУ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

Әуежайларды жалға алып, бас кеңсесіне айналдырған жеке меншік әуе компаниялары жиырма жылдың ішінде бірде-бір жөндеу жұмыстарын жүргізбеген. Нәтижесінде ірі қалалардағы әуежайлар халықаралық талаптарға сай келмейді. Сондықтан еліміздің 11 әуежайы жыл соңына дейін шетелдік басқаруға беріледі.

ҚР Көлік және коммуникация министрлігі әуежайлардың хал-ахуалын жақсарту үшін басқаруды реттеу керек дейді. «Қазақстан темір жолы» ҰК аясындағы мультимодальды операторға төрт әуежай берілді. Олар – Көкшетау, Қостанай, Петропавловск және Астана қалаларының әуежайы», – деп мәлімдеді министрлік. Мемлекеттік әуежайларды бір орталықтан басқаратын біртұтас компания отандық әуежай инфрақұрылымын жөндеуден өткізіп, қызмет көрсету мен қауіпсіздікті қамтудың халықаралық талаптарын енгізеді. Сонымен қатар көліктік-логистикалық жүйені жетілдіріп, жүк тасымалдауды арттыру жоспарланып отыр. 

Көлік және коммуникация ми­нистрлігінің вице-министрі Азат Бектұров отандық әуежайларды бір компанияға біріктіріп, олардың менеджментін шетелдік компанияға беруге әуежайлардың «аянышты» күйі түрткі болғанын айта келе: «Олардың көпшілігінде белсенділік төмен, іскерлік жоқ, қайта жөндеуді қажетсінеді, менеджментін жақсарту қажет. Сондықтан оларды сенімді басқару ұлттық компанияға жүктелетін болды», – деді. Олай болса, 11 әуежай қайта жөндеуден өтіп, халықаралық әуежайлармен терезе теңестіре алатын болады.

Қазақстанда небәрі 20 әуежай қызмет көрсетеді, оның 15-і халықаралық әуежай дәрежесінде қызмет көрсетеді. Ал мемлекет меншігінде 11 әуежай бар.

 

Ақниет БЕЙІМБЕТҚЫЗЫ