ҚАЗАҚСТАН ӘУЕЖАЙЛАРЫНА ЖӨНДЕУ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

Әуежайларды
жалға алып, бас кеңсесіне айналдырған жеке меншік әуе компаниялары жиырма
жылдың ішінде бірде-бір жөндеу жұмыстарын жүргізбеген. Нәтижесінде ірі
қалалардағы әуежайлар халықаралық талаптарға сай келмейді. Сондықтан еліміздің
11 әуежайы жыл соңына дейін шетелдік басқаруға беріледі.

ҚР Көлік және
коммуникация министрлігі әуежайлардың хал-ахуалын жақсарту үшін басқаруды
реттеу керек дейді. «Қазақстан темір жолы» ҰК аясындағы мультимодальды
операторға төрт әуежай берілді. Олар – Көкшетау, Қостанай, Петропавловск және
Астана қалаларының әуежайы», – деп мәлімдеді министрлік. Мемлекеттік
әуежайларды бір орталықтан басқаратын біртұтас компания отандық әуежай
инфрақұрылымын жөндеуден өткізіп, қызмет көрсету мен қауіпсіздікті қамтудың
халықаралық талаптарын енгізеді. Сонымен қатар көліктік-логистикалық жүйені
жетілдіріп, жүк тасымалдауды арттыру жоспарланып отыр. 

Көлік және
коммуникация ми­нистрлігінің вице-министрі Азат Бектұров отандық әуежайларды
бір компанияға біріктіріп, олардың менеджментін шетелдік компанияға беруге
әуежайлардың «аянышты» күйі түрткі болғанын айта келе: «Олардың көпшілігінде
белсенділік төмен, іскерлік жоқ, қайта жөндеуді қажетсінеді, менеджментін
жақсарту қажет. Сондықтан оларды сенімді басқару ұлттық компанияға жүктелетін
болды», – деді. Олай болса, 11 әуежай қайта жөндеуден өтіп, халықаралық
әуежайлармен терезе теңестіре алатын болады.

Қазақстанда
небәрі 20 әуежай қызмет көрсетеді, оның 15-і халықаралық әуежай дәрежесінде
қызмет көрсетеді. Ал мемлекет меншігінде 11 әуежай бар.

 

Ақниет БЕЙІМБЕТҚЫЗЫ

 

Back to top button