«САЗГЕН САЗЫ» КҮЙІМЕН, «САЛТАНАТ» БИІМЕН

«САЗГЕН САЗЫ» КҮЙІМЕН, «САЛТАНАТ» БИІМЕН

«САЗГЕН САЗЫ» КҮЙІМЕН,  «САЛТАНАТ» БИІМЕН
ашық дереккөзі

 

Сәуірдің алғашқы күндерінде «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық
ансамблінің әртістері Қалый Молдабасанов атындағы Қырғыз мемлекеттік консерваториясының
үлкен залында өнерлерін көрсеткен еді. Қырғыз жұртшылығы, атап айтқанда
студенттер, өздеріне онша таныс емес, қазақтың ежелгі музыкалық аспаптарында –
адырнада, сазгенде, нарқобызда және басқа да сирек қолданылатын ұлттық
жәдігерлерде орындалып жүрген ән-күйлерді алғаш рет тыңдаған болатын.

16-18 сәуірде қырғызстандықтар үш күн бойы 
Абдылас Малдыбаев атындағы Қырғыз ұлттық академиялық опера және балет
театрында би өнерінің хас шебері, Қазақстанның халық әртісі, халықаралық Сократ
сыйлығының лауреаты, профессор Болат Аюхановтың шәкірттерінің «Алматының жас
балеті» мемлекеттік академиялық би театрының «Аққу көлі», «Кармен», «Мастер
және Маргарита» және басқа классикалық туындыларын көріп тамсанған болатын.

Енді, тағы да осы Қырғыз ұлттық опера және балет театрында 10 мамырда
Қазақстанның еңбек сіңірген мемлекеттік «Салтанат» би ансамблі ақ қалпақты
ағайындарымызға өнерлерін тарту етті.

Ойын аяқталған соң, Бішкектегі «Оймо» қыздар би тобының бишісі Сымбат
Искендербекова «Ансамбльдің атын алыстан ұғып жүрген бір топ жас бишілер
концертке арнайы келген едік. Би әлеміне жаңадан қадам тастаған біз керемет
әсер құшағындамыз. Менің өзіме Нұрлан Қонақбаев орындаған «Аңшы» биі, Айнұр
Әбілғазина екеуі бірігіп билеген «Махаббат сазы» және «Домбыра туралы ән»,  Ернұр Қарықболдың орындауындағы «Аққу» биі
қатты ұнады. Бұл ұжымнан үйренеріміз көп», – деп толқыса, топтың жетекшісі
Айгүл Ибраимқұлованы музыкалық қойылымдар ғана емес, ансамбльдің репертуарының
әртүрлілігі, бишілердің  жарасымды ұлттық
киімдерімен жарқырап киініп шығуы тәнті етіпті.

Дүние жүзі халықтарының билерін нә­шіне келтіре орындап танымал болған  ансамбль қырғыз сахнасына қазақтың  «Нау­рыз», «Көңіл ашар» және ұйғыр, түрік,
молдаван, орыс, украин, иран, аргентин, монғол елдерінің ұлттық билерін алып
шықты. Қыздар тобының «Жаңбыр» биі нәзіктігімен, Ернұр Қарықбол билеген «Бақсы»
биі экзотикалық жағымен көрушілерді өзіне баурап алды, Нұрлан Қонақбаевтың
«Бүркітінде» құс патшасының болмысы шебер қимылымен шынайы бейнеленді.
«Бүркітте» бишінің сан түрлі қимылы жарыққа шағылысып, көздің жауын алған
үйлесімді киімі аса шеберлікпен әзірленгені көпшілікті тамаша әсерге бөледі.

Ансамбльдің көркемдік жетекшісі, бас балетмейстер, ҚР өнеріне еңбек
сіңірген қайраткер Орымбаева Гүлсәуле Әбдыхадырқызы ансамбльдің өнеріне қырғыз
халқы ыстық ықылас танытып отырғанын айтты. Мұның алдында ұжым Қырғызстанның
Қант қаласында өнерлерін көрсетіпті.

«Міне бүгін де қырғыздың басты театрында талғампаз  қырғыз көрермендерінің үлкен құрметіне
бөленгенімізге риза болып отырмыз. Ертең Тоқмақ қаласының тұрғындарына
өнерімізді көрсетеміз және осы Шу облысындағы Ново-Покровка ауылындағы балалар
үйіне қайырымдылық концертін қоямыз. Қырғызстанға келген сапарымызда
билерімізге қоса қырғыздың «Жамгыр төктү», «Жылкычы» әндерін алып келдік.
Оларды Қазақстанның Республикалық конкурсының лауреаты Күмісай Байтілеуова
орындауда. Репертуарымыздағы әлем ха­лықтарының ұлттық билері жиі-жиі шетелге
шығып тұруымызға шарт жасайды. Мысалы, өткен жылдың ақпанында Мәскеудегі
Чайковский атындағы концерт залында, мамыр айында Қытайдың Сиань қаласында
болған Жібек жолындағы мемлекеттердің халықаралық фестивалінде, қазан айында
АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен «Түріксой» фестивалінде, биылғы ақпанда Оман
сұлтанатының Маскат қаласында өткен музыкалық фестивальда қазақтың би өнерін
әлем жұртшылығына паш еткен едік, бүгін бауырлас қырғыз елі туысқандық сезіммен
қабыл алды», – деді Гүлсәуле Әбдыхадырқызы.

Ансамбльді жиырма жылдан бері басқарып, 
өнер өріне жетелеп келе жатқан Гүлсәуле Орымбаева 2010 жылы ұжымның 55
жылдық мерейтойына орай «Құрмет» орденімен марапатталған. Ұжымның үш
қызметкері  «Ерен еңбегі үшін» медалінің,
он алты балет артисі «Мәдениет қайраткері» құрметті атағының иегері.


Назарбек БАЙЖІГІТОВ,

«Түркістанның»
Қырғызстандағы тілшісі