Жаңалықтар

«ЕРМАК» КӨШЕСІ ҚАЙ КӨШЕ? Ермак деген кім, ол қазаққа дос па, қас па?

ашық дереккөзі

«ЕРМАК» КӨШЕСІ ҚАЙ КӨШЕ? Ермак деген кім, ол қазаққа дос па, қас па?

Солардың мыңнан астамы әлі күнге өткен дәуірді еске салып тұрғандай. Бірер мысал.

Халқымыздың оқырманы көп сүйікті газеттерінің бірі «Түркістан» халықаралық газетінің биылғы 18 сәуірдегі кезекті санында жарияланған Ғ.Тәшімбайдың «Малая Ленина» қандай көше, ал Рубинштейн деген кім?» деген байсалды мәселе көтерген мақаласы осы ойымызды көпшілікке жеткізуге түрткі болды.

Көктемнің алғашқы күндері «Таңшол­пан» телеарнасын қарап отырып, жүгіртпе жолдарынан күтпеген жерден «Алматының Ермак көшесіне уақытша жылы су жіберілмейді» деген құлақтандыру хабарланды. Сол кезде бойымызды намыс, кек, ашу, ыза биледі. Неге десең, ұлттық тарихымызда Ермак Тимофеевич баскесер, жаулап алушы, ақ патшаның отаршылық саясатын жүргізген қанішер емес пе еді? Бұған дәлел ретінде халқымыздың «Сәтбек батыр» атты тарихи жырынан бір ғана мысал келтірейік. Жыр мазмұнына қарағанда, Ермак Сәтбек деген ел басқарған мырзамен дос болғансып, сый-құрметін көріп, ол жолаушылап кеткенде, оның үй-ішін түгел қырып-жойып, жалғыз қызына қиянат жасаған. Қайтып оралған Сәтбек болған жайды көрген кезде, Ермактың басын балтамен шауып алып, өшін алған екен дейді.

Ал қазіргі заманда болса, өзіміздің Шығыс Қазақстан өңіріндегі орыс музыкалық ұжымдарының репертуарында Ермак есімі ұлттық батыр, ерекше тұлға, көсем, әскери қолбасшы ретінде мадақталып, есімін әнге қосып, концерттік бағдарламаларында әрдайым орындап жүр.

Еліміз Тәуелсіздік алғалы жиырма жылдан астам уақыт өтсе де, біз ешкімге тәуелсіз болмасақ та, осындай келеңсіз жағдайлар белең алуда.

Бұл өзіміздің қазақтың намысына, оның менталитетіне кір келтіретін өрескел, көзі ашық әр қазақ баласын қапаландыратын жағдай.

Бәрімізге белгілі ­– Алматы әрдайым қазағымыздың мәдени және ғылыми орталығы екендігі, мұнда ұлы Мұхтар, Қаныш, Әлкей, батыр Бауыржан және т.б. кемеңгер ағаларымыз өмір сүріп, қазақ руханиятына аянбай еңбек сіңіріп, ұлт мүддесін қорғаған, рухтық күш берген еді ғой?

Жоғарыда айтып өткен журналист Ғазизбек Тәшімбай ағамыз «біздің қазақ ат қойғыш қой» деп жазыпты. Иә, ағаның ойы дұрыс, оған мысал, Алматының нақ ортасындағы Медеу ауданында Чаплин, Станиславский, Гурилев атындағы көшелер бар. Ең қызығы, масқара болғанда сол көшелердің тұрғындары олардың кім екендігін де білмейді. Ал Чаплин болса, ағылшынның комикалық актеры, Станиславский болса, Кеңес дәуіріндегі белгілі режиссер, ал Гурилев, аздаған орыс романстарының авторы. Қазақ тарихына мүлдем қатысы жоқ адамдар. Бұл бір жағынан күлкі туғызатын, екінші жағынан намысқа тиетін жағдай.

Бұл көтерілген мәселеге Алматы қаласы әкімшілігі ономастика бөлімінің қызметкерлері не айтар екен?

С.Ә.Күзембай, ҚР еңбек сіңірген қайраткер, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, өнертану докторы, профессор

Ғылым докторлары (профессорлар): Н.Ақыш, Г.Пірәлиева, Б.Әзібаева, А.Хамраев;

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкерлері:

Т.Әлібеков, С.Қорабай, Қ.Алпысбаева, А.Әлібекұлы, Т.Әкім, К.Рахымжан, С.Қосан, Г.Жұмасейітова, Г.Мұсағұлова, А.Қазтуғанова, Б.Тұрмағамбетова, З.Қасымова, Е.Ханкей – ғылым кандидаттары (доценттер).