ТӨРТЕУ – ТҮГЕЛ, АЛТЫЛЫҚТА АЛАЛЫҚ ЖОҚ
ТӨРТЕУ – ТҮГЕЛ, АЛТЫЛЫҚТА АЛАЛЫҚ ЖОҚ
Алғашқы күні ұйымға мүше мемлекеттердің қорғаныс министрлері, сыртқы істер министрлері және қауіпсіздік кеңестері хатшыларының отырыстары болып, ұйымды жетілдірудің жолдары, лаңкестікке, экстремизмге және халықаралық ұйымдасқан қылмысқа қарсы бірігіп күресу, шекаралардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Аталған тармақтың жетекшілері, жалпы алғанда, өзара қызметтесу туралы он құжатқа қолдарын қойды. Кейінгі күні Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон және Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев қатысқан ҰҚШҰ-ның бейресми
мәжілісі болды.
Қырғызстанның мемлекет басшысы жоғарғы дәрежелі қонақтармен және қатысушылармен сәлемдесіп саммитті ашқаннан кейін Нұрсұлтан Назарбаев, Владимир Путин және Эмомали Рахмон сөз сөйледі.
Нұрсұлтан Әбішұлы бұл бейресми жолығысу нәтижесін беретініне сенетінін білдіріп, алда ресми кездесулердің бар екендігін, онда мәселелерді тереңірек қарап, талқылауға мүмкіндік болатынын айтты.
Ресейдің президенті Владимир Путин Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы өзіне мүше мемлекеттердің қауіпсіздігіне жауапты екендігін белгілеп өтті.
Ал енді Қырғызстанға саммиттен бір күн бұрын іс-сапармен келген Тәжікстанның президенті Эмомали Рахмонның Қырғызстанның президенті Алмазбек Атамбаевпен әңгімелескеннен кейінгі баспасөз мәслихатында айтқан сөзі журналистерді таңдантып тастаған еді. «НАТО-ның әскерлерін Ауғанстаннан шығарылғаннан кейін орын алатын қауіп-қатер ұлғайтылып айтылып жатыр. Егер қауіп төнер болса, халықаралық қоғам жәрдем береді, – деген еді ол. Мүмкін, бейресмисаммиттен кейін ол бұл ойынан қайтқан да болар.
ҰҚШҰ-ның бас хатшысы Николай Бордюжа формалды емес саммиттің күн тәртібін жариялағаннан кейін талқы жабық есік артында өтті. Мемлекет басшыларының мәжілісі аяқталған соң Николай Бордюжа бұқаралық ақпарат құралдарына мәлімдеме жасады.
Мемлекет басшылары қазіргі кезде Ауғанстанда болып жатқан жағдайды, атап айтқанда, халықаралық коалициялық күштердің 2014 жылы Ауғанстаннан әскерлерін шығарып кеткеннен кейінгі ҰҚШҰ-ның жауапкершілігінің шеңберіндегі іс-шараларды талқылаған. Сондай-ақ, «Ресей-Қазақстан-Қырғызстан-Тәжікстан» темір жолын құрудың мүмкіншілігі қаралған.
Николай Бордюжа ҰҚШҰ-ның Бішкекте өткен жиналыстарында ұйымның әскерлік күш-қуатын арттыру бойынша шешімдер қабыл алынғандығын айтты. Олардың ішінде мемлекеттік шекараларды бекемдеу, ұйымның тез әрекеттенетін бірлескен күштерін заманауи әскери қару-жарақтармен қамсыздау мәселелері қамтылған.
Қырғызстанның Қорғау (Қауіпсіздік) кеңесінің хатшысы Бұзұрманқұл Табалдиевтің айтуына қарағанда, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы халықаралық коалициялық күштердің әскерлері 2014 жылы Ауғанстаннан шығарылғаннан кейінгі жағдайға әзір тұруы керек. “Ауғанстаннан коалициялық күштердің әскерлері шыққаннан кейін бұл өлкеде тыныштық және тұрақтылық болуы неғайбыл. Қауіп бар. Бұлар – лаңкестік, діни экстремизм және басқалары. Мұндай жағдайлар ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің тез шешім қабыл алуын талап етеді. Біз болуы мүмкін оқиғалардың түрлерін майда-шүйдесіне дейін талдап шықтық”, – деді Бұзұрманқұл Табалдиев.
Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына бүгінгі уақытта Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан мемлекеттері мүше. Армения мен Беларусьтің президенттері Бішкекке келген жоқ.
28 мамырда Арменияда үлкен мереке – Республика күні. Осыдан 95 жыл бұрын, 1918 жылы Армения тәуелсіздігін жариялап, кейіннен Кеңес Одағының құрамына қосылған. Мемлекет басшысы Серж Саргсян ұлттық мерекені тастап кете алмаса керек.
Беларусь президенті Александр Лукашенконың саммитке қатыспау себебін жергілікті сарапшылар ол қазір сол елдің азаматтығын алған бұрынғы қырғыз президенті Құрманбек Бакиевке қатысты мәселелер Бішкек саммитінің күн тәртібінде қозғалуынан қашқақтап отыр деп жорамал жасауда.
Назарбек БАЙЖІГІТОВ, «Түркістанның» Қырғызстандағы тілшісі