АТАМБАЕВ АШЫЛЫП СӨЙЛЕДІ

АТАМБАЕВ АШЫЛЫП СӨЙЛЕДІ

АТАМБАЕВ АШЫЛЫП СӨЙЛЕДІ
ашық дереккөзі

Шәмшидин ПАТТЕЕВ

Бішкекке жолым түспегеніне үш-төрт жылдың жүзі болған. Билік ауысқалы алғашқы сапарым. Пәлендей үлкен өзгерістер болмағанмен қала әжептәуір жинақыланып қалғандай көрінді маған. Тақтайдай тегіс жол болмаса да өткендегідей ойқыш-ұйқыш шұңқыр жолдар тегістеліп, жөнге келіп қалыпты. Бұның барлығы қаржының тапшылығынан болса керек. Ел жаңа бейбіт өмірге икемделіп, қалада жаңа құрылыстар пайда болып, биік үйлер бой көтере бастапты.

Мені күтіп алған қырғыз досым революцияға дейін немесе революция­дан кейін деп біраз тарихтың басын қайырып тастады. Бірер сағаттың ішінде Қырғызстан мемлекетінің ішінде болып жатқан жайға қанық болып қалдым.

Қазақ үшін революция бұдан жүз жыл бұрынғы тарихты елестетсе, қырғыздардың революция дегені – кешегі билік кезіндегі оқиға. Жүректегі жаралар әлі жазылған жоқ.

Кездесу бестер шамасында бас­талды. Қырғыз жағы кездесуге тың­ғылықты дайындалған сияқты. Президент Атамбаевтың барлық уақытта ашық ойын бүкпесіз айтатын саясаткер екендігін көпшілік біледі. Бұл жолы да ол өзінің қоғамдағы кез келген мәселені бүкпесіз талқылауға дайын екендігін байқатты.

Алғашқы сөзді алған украиналық әріптесім Қырғыз елінің Кедендік одаққа мүше болу жайлы айтып беруін өтінді.

­– Қырғызстан болашақта Кедендік одаққа өтуді мақсат етіп отыр. Біз ережеге сәйкес өтінішімізді өткізіп қойдық. Біздің сарапшылар Кедендік одақтың біздің елімізге тиімді немесе тиімсіз жақтарын сараптай келе мынадай тұжырым жасады: Кедендік одақтың елімізге тиімділігі әлдеқайда басым. Сондықтан да біз кедендік одаққа өтуді жоспарлап отырмыз. Ол 2015 жылы ма, жоқ кейін бе. Оны уақыт көрсетеді. 

– Украина Кедендік одақ тиімсіз деп отыр. Оған не айтар едіңіз?

 Украина туралы мен ештеңе айта алмаймын. Олардың географиялық жағдайы бөлек. Еуропамен шекаралас жатыр. Сондықтан да батыспен жақындасуды жөн санайтын болса керек.

– Қырғызстандағы орыс тілінің жағдайы туралы не айтар едіңіз?

– «Біздің барлығымыз Гогольдің шинелінен шықтық» демекші, біз барлығымыз кеңестік шинельден шыққанымызды жасыра алмаймыз. Орыс тілі бізді рухани бір кеңістікте біріктірді. Кеңес өкіметін еске алғысы келмейтін адамның жүрегі жоқ деп ойлаймын. Орыс тілі – әлемдік тілдердің бірі. БҰҰ-ның тілі. Қырғызстанда орыс тілі әлі талай уақытқа қолданыста болады. 

Келесі әңгіме сөз бостандығы туралы өрбіді.

– Мен баспасөз бостандығын барынша қолдаймын. Кезінде мен өзім де баспасөздің арқасында бостандыққа шыққанмын. Сондықтан мен билікте отырғанда бірде-бір газет не сайт жабылмайды. Кез-келген процесс заң аясында болу керек. Дегенмен журналистерге әрбір берген ақпаратқа жауапкершілікпен қарауды өтінер едім. Өйткені әрбір ақпараттың артында адам тағдыры, белгілі бір топтың, тіпті бір мемлекеттің тағдыры жүр. Мысалға Бішкекте бір сайтта: «бүгін Бішкекте тағы да жарық жоқ», – делініпті. Шын мәнінде жарық тек бір-екі үйде ғана жоқ екен. Міне, осындай ақпараттар ел ішінде неше түрлі ойға, толқуға жетелеуі мүмкін. Тексерілмеген, анықталмаған деректерге абай болу керек. Осыған ұқсас тағы бір жайт. Жақында Мәскеудің белгілі бір газетінде Атамбаевтың Түркияда жасырын, көлеңкелі бизнесі бар деп жариялады. Міне, сол газеттің өкілі арамызда отыр. Мен сол бизнесті сіздерге бердім.

Тағы да бір факт жайлы айтайын. Жақында мәскеулік бір газет Қырғызстанда шектен шыққан ұлтшылдық белең алып барады деп шулап жазды. Мен ондай деректі сіздің тілшілеріңіздің қайдан алғанын білмеймін. Соны жазып жүрген журналист шамасы қырғыз азаматы болса керек. Өз елін осыншама жек көруге бола ма? Билік жаман болуы мүмкін. Ел басшысы әлсіз деп жазуға болады. Ал бүкіл елді бұлай қаралауға болады ма? Міне, журналистер солай деп жазғаннан соң елге инвестиция қалай келеді? Туристер қалай келеді. Осы мәселеге көңіл аудару қажет. Журналистердің ішкі әділеттілік ұстыны болу қажет деп ойлаймын.

Келесі маңызды сұрақ Манас аэропорты жайлы болды. Жауап мынау:

– Манас аэропорты азаматтық мекеме. Ол жерде әскери база болуға тиіс емес. Екеуара келісімшарттың уақыты аяқталған соң келісім ұзартылмайды. Бұл басы ашық мәселе. Ал аэропортты жалға беруден түсетін 60 миллион долларға келетін болсақ, біз ол ақшаны басқа экономикалық жобаларды жүзеге асыру арқылы табуымыз керек. Яғни 2014 жылдан бастап Қырғыз елінде Американың әскери базасы болмайды.

Естеріңізде болса, Бакиев билігінің тұсында да әскери базаны босату жөнінде біраз талпыныс болған. Бірақ жеме-жемге келгенде Ресей кредитінің кешеуілдеуіне байланысты бұл мәселе шешімін таба қоймаған. Бірақ жаңа президент бұл жолы мәселені түпкілікті шешуге бел шешіп кірісіп отырған сыңайлы.

– Сіз өзіңіздің алдыңызда ел басқарған басшылар туралы не айтар едіңіз?

Ол аз-кем үзіліс жасады. Терең дем алып күрсінгендей боп көрінді маған.

– Жалпы мен оларға баға бергім келмейді. «Не суди, будешь не судим» демей ме? Тарих оларға зор мүмкіндік тудырды. Ол – елге адал қызмет ету. Өкінішке қарай, олар ол мүмкіндікті пайдалана алмады. Оларды құдай кешірсін. Уақыт барлығына өз бағасын береді. Жалпы бұл жағдайды түсіну үшін қырғыз халқының тарихын терең білу керек деп ойлаймын. Қырғыздың тарихында барлық уақытта өз басшыларын сайлап отырған. Тақты мұрагерлеріне қалдыру болмаған. Қырғыз үшін әділетсіздік – ең үлкен кемістік. Олар барлық уақытта әділетсіздікпен күресіп келеді. Сондықтан да мен өзім билік басында отырған кезде саясатты барынша ашық жүргізуге тырысамын. Кез-келген экономикалық немесе саяси шараларды ашық әрі бүкпесіз айтуға тырысамын. Ел сонда ғана саған сенеді, сонда ғана соңыңнан ереді, сені қорғайды. 

– Соңғы кездері жастардың дінге бет бұруы бел алып барады. Әсіресе, радикалды ислам…

– Біз алғашқы жылдары экономика, мемлекеттегі басқа да маңызды мәселелермен айналыстық. Бірақ соңғы уақыттары біз рухани мәселелерге үлкен мән беріп отырмыз. Дін мәселесі, тіл мәселесі, тағы басқа өте маңызды шаруаларды мұқият зерттеп, оны шешу жолдарын қарастырудамыз. Бірақ біз кейбір елдеріндегідей тыйым салу, жабу сияқты тәсілдерді қолданбаймыз. Керісінше көпшілік арасында құқықтық насихатты кеңінен пайдаланамыз. Біздің еліміз – зайырлы мемлекет. Яғни, барлық шара заң шеңберінде болуы тиіс. Дінді саясатпен араластырып, адасып жүргендерді бері қарай тартуымыз қажет.

– Соңғы кездері трансшекаралық өзендер мәселесі үлкен дау туғызып отырған жайы бар. Осыған байланысты Қырғызстан позициясы қандай?

Екінші айтылған мәселеге сабақтас сұрақ:

– Осы аймақтағы кейбір мемлекеттер ұлттық мүддені ортақ кең мүддеден жоғары коюшылық бар деп ойлайсыз ба?

– Мен бұл сұрақтың айтылатынын білдім. (Келген журналистердің ішінде Қазақстан өкілі болғандығымды меңзесе керек). «Қамбар-Ата-1» ГЭС-і – Қырғыз елі үшін өте маңызды нысан. Ол іске қосылса Елдің көптеген экономикалық әрі әлеуметтік мәселелері шешіледі. Ал Өзбекстан мен Қазақстанның бұл мәселеге алаңдаушылық білдіріп отырғанын негізсіз деп ойлаймын. Өткен жолы Қазақстан президенті Н.Назарбаевпен кездесуде жобаның мән-жайын түгел түсіндіріп айттым. Назарбаев түсіністік білдіріп, тіпті жобаға қатысуға ниет білдірді. Сондықтан да мен И.Каримовке дұрыс ақпарат жетпей жатыр деген ойдамын. Каримов байсалды басшы, оған егер сауатты сараптама жетер болса, мұндай дау тумас еді. Бір қызығы бұл ГЭС-тің техникалық, экономикалық негізі, баяғы кеңес заманында «Гидропроект» институтының Ташкент бөлімшесінде дайындалған болатын. Сол жылдары КСРО энергетика министрлігі «Қамбар-Ата» ГЭС-ін салу жөнінде шешім қабылданған. КСРО тарап кеткен соң бұл мәселе шешілмей қалып отыр. Егер жоба жүзеге асса, керісінше «Қамбар-Ата»-ның қосылуынан Өзбекстан мен Қазақстанға су мол баратын болады, – деп аяқтады сөзін президент.

«Қамбар-Ата-1» тек Орта Азияда ғана емес Қырғызстанның ішінде де үлкен талас туғызып отыр.

Жоғары Нарын шатқалында салын­ғалы отырған ГЭС-тің қуаттылығы жоба бойынша 5 миллиард киловатт сағат болмақшы. Екі жобаның жалпы құны 3 миллиард доллар шамасында.

Жоба Ресейдің «РусГидро» гидроэнер­ге­тикалық холдингімен

Интер «PAO EЭС» ААҚ мекемелерімен жүзеге асырылмақшы.

Путин мен Атамбаевтың келісімі бойынша «Интер РАО»-ға «Қамбар-Ата»-ның 75% үлесі бұйыратын көрінеді.

Бірақ бұл жобаның жүзеге асуына Өзбекстан Президенті И.Каримов үзілді-кесілді қарсы. Каримовтың пайымдауынша бұл жобалар Орта Азиядағы су тапшылығын өршітіп жібереді. Оның салдары болашақта көршілес мемлекеттерді қақтығысқа әкеліп соқтыруы мүмкін екендігін жасырмайды.

Жоғарыда орналасқан елдер өздерінің энергетика саласын дамыту жолында көзсіздікке ұрынуда. Олар Амудария мен Сырдарияның трансшекаралық өзендер екенін ұмытпауы тиіс.

Осыған орай ол көршілес елдерді трансшекаралық өзендер жөніндегі халықаралық нормалар мен ережелерді сақтауға шақырды.

Сонымен қатар бұл жобаны тәуелсіз экспертизадан өткізуді деп талап етіп отыр.

Ресей думасы «Қамбар Ата-1» жобасын мақұлдағанмен, оның ішінде қарсыластары жетерлік. Кейбір фракция мүшелері дауыс беруден қалыс қалса, В.Жириновский оны сынның тезіне алды.

Ол қырғыз қарызының қайтарымы ретінде Ыстықкөлді беруді сұрады.

Қырғыз парламентінде дау туғызған бұл мәселе туралы сұраққа Атамбаев салмақты ғана жауап берді.

– Бұған езу тартып күлгеннен басқа ештеңе айта алмаймын.

Жириновский мәлімдемесінің астарында ешқандай зіл жатпағанның өзінде оның үлкен империяның парламентінде фракция жетекшісі екендігін ұмытпау керек сияқты.

Президент сөзін қорытындылай келе ел экономикасын көркейту жолында медицина, білім, туризмді дамыту жөніндегі мәселелерге кеңінен тоқталды. 

 Алматы-Бішкек-Алматы