АЙЛЫҒЫҢ ҚАНША, ШЕНЕУНІК?

АЙЛЫҒЫҢ ҚАНША, ШЕНЕУНІК?

АЙЛЫҒЫҢ  ҚАНША,  ШЕНЕУНІК?
ашық дереккөзі

Соңғы деректерге сүйенсек, қазақстандық орташа жалақы мөлшері 2013 жылдың сәуірінде 105289 теңге болса, ең жоғары айлық – 210 мың теңге. Еліміз­дегі ең төменгі жалақы  ауыл­шаруашылығы саласында тер төгіп жүргендерге тиесілі. Сан­дық көрсеткіштерге шақсақ, 48 мың теңге.

Жуырда көпшілік алдында ағынан жарылған үш шенеунік – ҚР Әлеуметтік қорғау және еңбек министрі Серік Әбденов, ҚР Индус­трия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев және ҚР Дін істері жөніндегі агенттік төрағасы Қайрат Лама Шариф ай сайын 600 мың теңге көлемінде айлық алатындарын айтқан еді. Осы игі бастама Өскеменде жалғасты.  «Өзіңнен баста» де­ген тақырыппен өткізілген шара­ға атсалысқан 6 шенеуніктің бірі – Өскемен қалалық қаржы бөлімінің жетекшісі А. Бұқабаева айына 193 мың теңге, оның көмекшісі Г.Давыдова 166 мың теңге алған. Сонымен қатар, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Б.Бакинова тиесілі жалақы 2 млн. теңгеден асса, осы бөлімнің меңгерушісі Л.Екимова қыркүйек пен желтоқсан арасында 624 мыңға жуық айлық алған. Өскемендік шенеуніктер арасындағы ең көп айлық Өскемен облыстық білім бөлімінің басшысы Кузнецевке тиесілі – 2 млн 642 мың 834 теңге. Бүгінде оның зейнетақы жинақтау қорындағы қаражаты 1 млн. 676 мың 905 теңге көрінеді. Жалақы мөлшерін жұртқа жайып салған мемлекеттік қызметкерлер жекеменшіктегі үй-жайы, жыл­жымайтын мүліктері туралы да ашық айтты. Кісінің қалтасына көз сату – жаман әдет. Алайда, шенеуніктер алатын айлық қара­пайым халықтың, яғни, салық төлеушілердің қалтасынан шыға­тынын ескерсек, әр тиынның есебін білген абзал. Бұл қазақ қоғамындағы жемқорлық дертінің асқынуына да кедергі болары анық. Демек, өскемендіктердің игі бастамасы Қазақстандағы барлық мемлекеттік органдарда қызмет ететін ағайынға үлгі болса жарады.

Нұргүл Маханбетиярова,

ҚазҰУ-дың І курс студенті