PR ДЕГЕНІМІЗ – ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ЕМЕС

PR ДЕГЕНІМІЗ – ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ЕМЕС

PR ДЕГЕНІМІЗ – ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ЕМЕС
ашық дереккөзі
Бірақ саусақпен санарлықтай. Соның салдарынан, маман тапшлығы сезіледі бұл салада. Оңай ақшаны мастанған жас буынның тұрақсыздыққа ұрынатыны тағы бар. Еліміздің Тәуелсіздігімен түйдей құрдас отандық PR туралы өткен аптада Алматыда ұйымдастырылған PR-форумда еліміздегі ең танымал пиаршылардың бірі – Әлішер Елікбаев мырзамен сұхбаттасқан едік. Ірі компаниялардың «әттеген-айы» бар – Әлішер, сіздіңше, қазақтілді пиар­шылардың басты проблемасы неде? – Қаншама жылдар бойы біз орысша сөйлеп келдік. Пиар саласындағы кәсіби қауымдастық та орысша қалыптасты. Бірақ PR-форумда айтылған кейбір пікірмен келіспеймін. Мәселен, Қайрат Нұртас сияқ­ты қазақша ән айтатындарға төбеден күле қарау, оларды менсінбеу – жаңсақтық. Олардың барлығының да еліміздің түк­пір-түкпірінде мыңдаған тыңдарманы бар. Демек, қазақтілділерге шекесінен қарайтындардың Жерге түскендері жөн. Бұл жерде Баян Есентаевадан үлгі алса, артықтық етпейді. Баян «Ғашық жүрек» фильмі арқылы Мейрамбек Беспаевтың кім екенін көрсетумен бірге Мейрамбек арқылы кинотеатрларға көрерменді көптеп тартуға мүмкіндік барын дәлелдеді. Бұл жерде өзі орыстілді болса да, араласатын ортасын қазақтілділерден құраған Баян Есентаеваның да еңбегі бар. Меніңше, ірі компаниялар орыстілділерге қатар қазақтілді аудиторияға да назар аударғаны абзал. Бәріміздің тұтынатын тауарларымыз, киетін киіміміз бен пайдаланатын заттарымыз – бір. Мәселен, кір немесе ыдыс жуатын ұнтақ, тіс пастасы т.б. – Соңғы кездері ел аузында «мемле­кеттік тапсырыстан бас тартылады екен» деген сыбыс бар. Сондай-ақ, «мемлекеттік тапсырыссыз қазақтілді БАҚ-тың күні қараң» деген пікір тағы бар. Егер мемлекеттік тапсырыс шынымен тоқтатылса, қазақ БАҚ-тың жағдайы қалай болады? – Мемлекеттік тапсырыстан бас тартуды жақтайтындардың көпшілігі мемлекеттік тіл, насихат туралы сөз қозғалғанда бас көтереді. Сондықтан меніңше, бұл мәселеде қазақ тіліндегі БАҚ-тың жоғалтары аз. Мемлекеттік тапсырыс дегеніңіз – күн көру үшін бәсекелестікке қабілетті болудың қажеті шамалы. Қол қусырып қарап отырып-ақ, ақша табуға болады. Керісінше, жекеменшік БАҚ нәпақа табу үшін жанталасуға мәжбүр. Алайда, мемлекеттік тапсырыс есебінен күн көріп отырған қазақтілді БАҚ-қа қарағанда оқырманға сөзі өтімді әрі танымал. Егер мемлекетке тиесілі емес қаражат тартылатын жобалар болса, тірі жан қызықпайтын сүреңсіз сайтты сан құбылтып, аудиториясы өте ауқымды ақпарат құралына айналдыруға болады. Қоғамға ықпалы зор қазақтілді сайттарды жүзеге асыра отырып, балама БАҚ-ты қалыптастырамыз. – Сіз басқаратын Voxpopuli сайтында қазақтілді аудиторияны қалай тартасыздар? – Бюджетіміз бен ұжымымыз шағын. Сондықтан материалдар көбінесе орысша дайындалады да, бір тәуліктің ішінде қазақшаға аударылады. Егер қазақша жақсы жазатын фототілшіні кездестірсем, міндетті түрде жұмысқа алам. Бұған дейін қазақша материал дайындап, оны орысшаға аудартқан бір-екі мақаламыз болды. Сайттың жетекшісі ретінде өзімнің қазақша аса жақсы білмейтінімді ашық мойындаймын. Қысқаша мәтіндерді оқып, түсіне алам, туғандарымның арасында, дүкендер мен мейрамханаларда аз-маз қазақша сөйлей алам, бірақ тым көлемді дүниелерді түсіну қиын. Сондықтан сайттағы күн тәртібін, көтерілетін тақырыптарды орысша құрам. Бірақ суретке жақсы түсіретін әрі қазақша мақала жаза алатын кәсіби мамандарды кездестірсем, міндетті түрде жұмысқа алар едім. Қазір орыстілділер арасында «Қайрат Нұртас қалайша беделді? Мейрамбек Беспаевты төбеге не үшін хан көтереді? Бейбіт Қорған да атақты ма?» деген сияқты іштей қарсылық пен наразылық бар. Бірақ халық көп шоғырланған аймақтарға барсаңыз олардың орны бөлек. Үстіңе қымбат кос­тюм киіп, көзіңе көзілдірік тағып, ақылды көрінуге тырысқаныңмен, орысша айтқан сөзіңді ешкім тыңдамайды. Есесіне, дәл сол сөзді Қайрат, Мейрамбек не Бейбіт айтса, сөзсіз құлақ түреді. Бірақ қазақтілді ағайынның кімдерді рухани тұрғыда үлгі ететінін әзір білмеймін. Күн сайын Мұхтар Тайжан, Айдос Сарым т.б. тұлғалардың БАҚ арқылы не айтатынын, күн тәртібіне қандай мәселені шығаратынын, мен сияқты Ана тілін білмейтіндерге қандай көзқарас ұстанатынын қадағалап отырамын. «Кәсіби мамандар тапшы» – Қазіргі пиар-нарықтың ең өзекті мәселесі қандай? – Біріншіден, кәсіби мамандар тапшы. Мысалы, кейде бірден үш пиаршы іздейтін компаниялар бір де біреуін таба алмай, бас­тары қатады. Негізі компаниялар тарапынан қойылатын басты талаптардың бірі – еңбек өтілінің барынша ұзақ болуы. Ал біздің жас мамандар керісінше, бір орында ұзақ отыруды ұнатпайды. Мәселен, бір жерде бір жыл жұмыс істегеннен кейін басқа жерден жалақысы сәл жоғары жұмыс табылса, солай қарай сырғып кетеді. Жоғары жалақының соңында жүріп, тәжірибе жинақтау мүмкін емес. Мысалы бір жерде отырғаныма 7 жылдан асты. Мен үшін ең маңыздысы – айлық емес, осы жұмысым арқылы өмірбаянымды, еңбек жолымды қалыптастырып жатырмын. Ал бір жерден екінші жерге секіріп жүретін жас мамандар мұндайға аса мән бермейді. Оның үстіне, қазіргі отандық пиар-нарық – тұрақсыз. Компаниялар үшін ең өзектісі – тәжірибе мен тұрақтылық. Екінші бір қиындық, пиаршыларға қызмет көрсетуші маман ретінде қарайды. Бұған пиаршылардың өздері кінәлі. Мен жұмыс барысында жұмысқа қабылдаушыларға бастығым ретінде емес, серіктесім ретінде қараймын. Өзім қызмет ететін компаниямдағы кез келген департаментке барып, керекті ақпаратты жедел ала аламын. Сондай-ақ Лариса Пак деген әріптесіміз бар. Ол еліміздегі бір банк­те қоғаммен байланыс, пиар бойынша вице-президенттікке дейін көтерілген. Өкінішке қарай, өзін де, сөзін де сыйлата алатын осындай пиаршылар аз. – Меніңше, кәсіби тұрғыда өзін өзі үнемі дамытып отыратын әрі өз қарым-қабілетіне сенімді мамандардың аздығынан туындайтын сияқты? – Бар түйткіл, жас мамандардың көпшілігі біздің он жылда қол жеткізген табысымызға бір-ақ сәтте жетуге тырысады. Олар қолда барды қанағат еткісі келмейді. Мәселен, қазір мың долларлық айлықпен жұмысқа тұрса, бірнеше айдан кейін жалақысына көңілдері толмай, іштей наразы бола бастайды. Егер басқа жерден сәл көптеу айлық ұсынса, ойланбас­тан жұмысын ауыстыра салады. Ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүруге құмар. Жеті жыл бұрын 150 мың теңге айлық алатынмын, қағазбастылық көп болды, жұмысым ауыр еді. Бірақ шыдай білдім. Осының арқасында жалақым бірнеше рет өсті. Тер төге жүріп, тәжірибе жинақтадым, уақыт өте келе беделім де едәуір өсті. Ал бір жұмысқа бойын үйретіп үлгермей жатып, басқа жаққа қызмет ауыстыратын жас мамандар тұрақтылыққа аса мән бермейді. Сол себепті, бүгін бір компанияның абыройы үшін тер төксе, ертең басқаның жыртысын жыртады. Пиар нарығы мұндайды әсте кешірмейді, тез сатылатын маманның беделі мен ықпалы да мардымсыз. – Шенеуніктер – мемлекеттік пиаршылар. Сіздіңше, олар мемлекетті жарнамалау міндеттерін қалай атқаруда? – Меніңше, Үкіметтің пиар мәселесіндегі қызметі ақсап жатыр. Шенеуніктер атқарып жатқан жұмыстарын халыққа ұғынықты етіп жеткізе алмайды. Күні кешегі «патамушта, патамушта» мәселесі – соның айғағы. Меніңше, Серік Әбденов елді аралай жүріп, әлеуметтік саладағы реформаны жұртқа түсіндіру арқылы халық арасындағы ширығу мен наразылықты бәсеңдетті. Егер ол кабинетінде отырып алып, заң жобасын қабылдатуға күш салғанда қоғамдағы жағымсыз жайттар жиілеуі мүмкін еді. Ол адамдармен кездесем деп елдің мазағына қалды, жұмыртқа да лақтырылды. Өкінішке қарай, қызметін кабинетінің төр қабырғасымен шектейтін шенеуніктер Әбденовке: «Саған сауап болды. Халыққа түсіндірем деп нең бар еді? Негізгі міндетің – заң жобасын алдымен Мәжіліс бекітсін, сосын – Сенат. Одан кейін Елбасы қол қояды Біз сияқты кабинетіңнен шықпай, жылы жерде отырмайсың ба? Аймақтарды аралап нең бар?», – деп сөкті. Олардың жаңылысатын тұсы да – осы. Қоғаммен етене араласудан қашу – дұрыс емес. – Әбденовпен құшақтасып түскен суретіңізден кейін әлеуметтік желілерде сізге ашуланғандар мен наразылық таныт­қандар көп болды. Көздегеніңіз не? – Иә, жұрттың ашуына тиген заң жобасын қолдайтын министрмен суретке түсуім тіпті достарымның да қытығына тиді. Маған хабарласып, кінә артқандар табылды. Олардың ұғымындағы Әлішер Елікбаев мейірімді әрі «сен тимесең, мен тимен» балақай болатын. Бірақ мен министрмен суретке әдейі түстім. Бұл да пиардың бір түрі. Бірақ мұның астарында ешқандай қаржылық серіктестік жоқ. Тек бір рет кездесіп, сұхбат алдым, сосын телефон арқылы сөйлестік. Бар болғаны сол. Бір қызығы, суды үнемдеңдер деп елге күлкі болған әрі жағымсыз әсер қалдырған Байбекпен түскен суретіме ешкім ашуланған да таңданған да жоқ. «Қызметіміз кейде әділ бағаланбайды» – Бүгінде Қазақстандағы ең беделді пиаршылардың қатарындасыз. Егер мемлекеттің жарнамасын жасауға қызметке шақырса, барасыз ба? – Мемлекеттік қызметкерлердің жала­қысы төмен. Мен үшін ең маңыздысы, бір үзім нанды адал еңбекпен табу. Әрі Бақытжан Жұмағұловтың кезінде «Нұр Отан» ХДП баспасөз қызметінің жет­кішісі болғам. Президенттік сайлауды ойда­ғыдай өткергеннен кейін баспасөз қыз­метінің барлық жұмыскерін Президент әкімшілігіне қызметке шақырды. Бірақ мен бұл ұсыныстан бас тарттым. Өйткені, саяси пиар мен мемлекеттік қызметте баюға мүмкіндік бермейді. Жемқорлыққа ұрыну – табиғатыма жат нәрсе. Коммерциялық жолды таңдағаным сондықтан. Сонымен қатар мен журналистік кәсібімнен де қол үзген емеспін. Мысалы Алматы әуежайында тұрып жатқан палестиналық азаматқа журналист ретінде көмектестім. Оның қолына фотоаппарат беріп, оның не істеп, не қойып жатқанын жазып тұруға кеңес бердім. – Қазіргі пиаршылардың көбісі кезінде журналист болғандар. Меніңше, олар да журналистикадан қол үзе алмай жүрген сияқты… – Пиар-нарықта жазылмаған заң бар: «Журналистика мен пиарды бір-біріне араластырмау керек». Меніңше, бұл дұрыс емес. Өйткені, егер сайттағы журналистер менің көңілімнен шығатындай деңгейде жұмыс істесе, мен пиармен шектелер едім. Мәселен, қоғамдағы қызу пікірталасқа себепкер болған министр Серік Әбденовпен сұхбат өткізу арқылы оның жан-дүниесіне тереңірек үңілуге тырыстым. Ел аузында жүрген талай қауесетті теріске шығаратын фактілер таптым. Жұмыртқа лақтырып, дүйім жұрттың алдында масқара болса да мәдениеттілік таныта білді. Нарызылық білдірген отандасына кешіріммен қарады. «Әбденовтің орынбасары неге өз-өзіне қол жұмсады?» деген сұрақты маған дейін бір де бір журналист қойған жоқ. Есесіне, министрге кінә артқандар көп болды. Шын мәнісінде, Қазақстанның шығыс бөлігінде суицид дерті асқынған. Әлгі азаматтың ажалына министрдің түк қатысы жоқтығын дәлелдейтін айғақтар бар. Айтайын дегенім, егер журналистер мен қалаған деңгейде жұмыс істесе, мен тек пиар саласымен бас қатырар едім. – Сайт оқырмандарын қатты қызықтыратын басты тақырып қандай? – Қазақстанның табиғаты. Жеріміз кең. Ұлан-байтақ даламыз рухани байлыққа толы. Егер Туған жерімнің осындай байлығы қызықтырмаса, Voxpopuli сайтын ашпас едім. Үш жылдан бері қарамағымдағы журналистерді еліміздің әр аймағына аттандырып, ол жақтағы тарихи дүниелермен, жалпы тыныс-тіршілігімен танысуға тырысамын. Сайттың арқасында бұған дейін білмеген талай нәрсені үйрендім. Ендігі мақсатым – Қызылорда облысын, әсіресе, Арал аймағын зерттеу. Ақтау мен Атырау өңірі де қатты қызықтырады. Маған ондағы халықтың қалай өмір сүріп жатқаны қызық. Журналистер дайындаған материал арқылы Туған жерім туралы мағлұматымды арттырамын. Бұл әрбір азаматтың бойындағы патриоттық сезімді күшейтуге сеп. Әлбетте, сайтты ашуға өзімді таныту үшін немесе қаржы тапшылығынан барған жоқпын. Өйткені пиар маманы ретінде де, медиа-менеджер ретінде де мен өте жоғары бағаланамын. Яғни, ешқашан қаржыдан қысылған емеспін. – Қазір пиаршылардың көпшілігі шет елдерге қоныс аударуға құштар. Мұның себебін қалай түсінесіз? – Қазақстандағы пиар нарығының ауқымы тар. Отандық нарықта әбден пісіп-жетілгендер енді бәсеке көрігі қызған нарықтарда тәжірибе жинағысы келеді. Бұл патриоттық сезімнің төмендігінен емес, меніңше. Олардың барлығы да елімізде пиар нарығының жұлдызы болған, күреп ақша тапқандар. Мәселен, Эрик Соло қазір Мәскеуде кәсіби білімін ұштауда. Кезінде бір кешті жүргізгені үшін 4-5 мың доллар көлемінде қаламақы алатын. Мұндай кештердің айына бірнеше рет болатыны белгілі. Яғни, қаржылық тұрғыда тәуелсіз әрі беделді пиаршылар шығармашылық дағдарысқа ұшырамас үшін ауқымы кең нарықтарды бетке алады. – Елімізде отандық пиаршылармен бірге шетелдік мамандар да жұмыс істеуде. Олардың еңбегі әділ бағалана ма? – Өкінішке қарай, әділ бағаланбайды. Жуырда әлеуметтік желілер мен отандық телеарналардан көрген боларсыз, осы мәселені Баян Есентаева да қозғады. Бір кешті жүргізуге тиіс болған бір ресейлік жұлдыз келмей қалыпты. Баянға ұсыныс білдірілгенде ол ресейлік әріптесіне төленуі тиіс қаламақының қанша екенін сұрапты. Сөйтсе, 25 мың доллар екен. Баян: «Жарайды, егер сол ақшаны маған төлесеңіздер, мен кешті жүргізуге қарсы емеспін», – дейді. Хабарласып тұрған отандас шошып кетіпті: «Қалайша 25 мың? Сіз деген өзіміздікі емессіз бе?», – деп. Көрдіңіз бе, алалаушылық қайда жатыр. Тағы бір мысал, егер ресейлік маман Қазақстандағы блоггерлерге тренинг өткізсе, оған отандық бапкерге қарағанда әлдеқайда көп мөлшерде ақша төлейді. Бірақ екеуміздің айтатынымыз, үйрететініміз – бір. Жалғыз айырмашылық: ресейлік маман біздің Интернет нарықтағы ахуалдан бейхабар. Ал оны күнде сүзгіден өткізіп отыратын біздің мағлұматымыз көп. Сондықтан тренингтерде айтылатын нәрселер Ресей, Украина немесе Американың емес, Қазақстанның өміріне қатысты болуы тиіс. – Кәсіби тұрғыдан алға қойған мақсаттарыңызбен бөліссеңіз? – Мемлекеттік тапсырысқа да, қаржылық алпауыттардың қаражатына да қатысы жоқ, тек жарнаманың есебінен күн көретін тәуелсіз БАҚ қалыптастырғым келеді. Бұл әбден мүмкін. Мен басшылық ететін сайт былтыр жарнаманың арқасында 120 мың доллар көлемінде кіріс кіргізді. Бірақ 2013 жылдың алғашқы 5 айында шығын көп. Өйткені штатты кеңейттік, сайтта жаңадан айдарлар аштық, қосымша құн салығын төлейтін болдық. – PR-форумға қатысушылар БАҚ-ты қосымша құн мен баспаға кететін шығындардан босатуға қатысты ұсыныс айтты. Сіз осы ұсынысты қолдайсыз ба? – Әрине, қолдаймын! Интернеттегі сауда неге тез дамыды? Өйткені, бүкіл әлем бойынша адамдар үйлерінен шығуға, ұзыннан- ұзақ шұбалал кезекте тұруға ерінетін жағдайға жетті. Осының арқасында Интернет дами бастады. АҚШ пен Ұлыбритания, басқа да дамыған мемлекеттерде Интернет арқылы сауда жасағандарға арнайы жеңілдіктер қарастырды. Қазақстанда олай емес. Интернет нарық дамуға тырысқанмен, off-line саудадағылардың шаңына көміліп қалады. Қазір Интернет нарықта да оңай жолмен пайдаға шаш-етектен кенеліп жүрген алаяқтар көп. Мәселен, жарнамалық Интернет басылымдарға екі қызметкер алса, жеткілікті. Олар орасан зор көлемдегі ақпаратты еркін игере алады. Сондай-ақ, блог-платформаларда сіз үшін жұмысты оқырмандар жасайды. Ал Voxpopuli сияқты штатта қызметкерлері бар, кәсіби мамандармен жұмыс жасайтын сайттардың жөні бөлек. Сондықтан жасалатын жеңілдіктер сапалы сайттардың санын арттырады. – Әңгімеңізге рахмет! Әңгімелескен Нәзия Жоямергенқызы