ЖАҢА ҒАЛАМДЫҚ ВАЛЮТА ҚАЖЕТ

ЖАҢА ҒАЛАМДЫҚ ВАЛЮТА ҚАЖЕТ

ЖАҢА ҒАЛАМДЫҚ ВАЛЮТА ҚАЖЕТ
ашық дереккөзі

Жер шарының жүздеген үкіметі түрлі саммиттерде бас қосып, түйткілді шешудің жолдарын қарастырудан жалығар емес. Бірақ шыққан нәтиже шамалы. Сарапшылар қауымы биыл 2008 жылғы келеңсіздік қайталанады деген болжам айтты. Ал дамыған елдердегі рецессия күшейіп барады. Аталған келеңсіздік дамушы елдердің экономикасына да кері әсер етері белгілі. Не істемек керек? Бұл сауалдың жауабын Астана экономикалық форумына қатысып, ғаламдық проблеманы шешуге атсалысқан Имон Фнглтон мырзадан білуге тырысқан едік.

– Финглтон мырза, әлемдік экономиканы тығырықтан шығаруда Астана экономикалық форумының маңызы қандай деп ойлайсыз?

– Астана экономикалық форумның нәтиже­сінде әлемдік қаржылық реттеу жүйесін жаңартудың жолдары қарастырылады деген үміттемін. Мен 1999 жылы жарыққа шыққан кітабымда реттеуші қаржылық реттеу жүйесінің қиындыққа тап болғанын және оның соңы опық жегізуі мүмкіндік айтқанмын. Өйткені, ал жаңа қаржылық құралдары ол кезде әлі дайын емес еді. Оңай жолмен ақша табуға құныққан алпауыт қаржылық құрылымдар қауіпсіздік пен кепілдікке, яғни, салынған қаражаттың кері қайтуына аса бас қатыра қоймады. Мәселен, егер Нью-Йорктегі кез келген бір кәсіпорын мен сақтандыру компаниясы серіктес десек, сақтандыру компаниясы қорындағы жинаған ақшасын қаржылық құрылымға салады. Осы қыруар ақшаны көңілі қалаған жеріне жұмсайтын қаржылық ұйым қоғам мен халық игілігі үшін аса маңызды салаларға салуға мүдделілік танытпады. Серіктестерден инвестиция ретінде түскен қаржыны оңды-солды шашып, асырасілтеушілікке ұрынғандар қаржылық қауіпсіздікті назардан тыс қалдырды. Бұл ақшаның құнсыздануына әкеп соқты. Ағылшынтілділер мен басқа да ұлттар өте мәденетті әрі сауатты. Олар қаржылық қызмет көрсету жүйесі арқылы жұмыспен қамтамасыз етілген болатын. Өзіңіз білесіз, Нью-Йорктегі қор биржасы керемет дамыған, әлемдік бизнес орталығына айналған Лондонда да қаржылық құрылымдардың жұмысын бес саусағындай білетін әрі солармен қоян-қолтық жұмыс істеуге мүдделі азаматтар көп. Яғни, ағылшынтілділер өнім өндірген жоқ, керісінше Жапония мен Оңтүстік Кореядағы халық (олардың да көзі ашық, сауатты) заманауи технология не техника жасау, яғни, өнім өндіру ақылы нан тауып жеді. Қор биржасына, оңай пайда табуға мүмкіндік беретін қаржылық құрылымдарға тәуелді емес еді. Менің өндіріс пен өңдеу саласына арналған кітабым ағылшынтілді ұлттар тұратын Батысқа негізделгендіктен, оларға Еуропадағы өндіріс пен өнім өндіруге көңіл бөлінбейтіндігін, өндірістік экономиканың құны төмендегенін түсіндіруге тырыстым. Өйткені, маңыздысы – құрастыру. Мәселен, көп бөлшектен бір дайын өнім құрастырылып шығарылса, ол міндетті түрде пайда әкеледі. Мысалы, қолыңыздағы диктофонды алсақ, Қытайда шығарылған. Яғни, дайын бөлшектерді қытайлар құрастырып берді. Бұл түкке тұрғысыз шаруа. Кез келгеннің қолынан келе бермейтін шаруаны айт десеңіз, өте дәлдік пен аса жоғары деңгейдегі кәсіпқойлықты талап ететін күрделі нәрселерді шығаруды айтамыз. Мұндай өнімдер Жапония не Шығыс Азияда шығарылады. Ғылыми даму мен орасан зор көлемдегі қаражатты қажет ететін мұндай мәселелерге тіпті Германияның да қарым-қабілеті жетпеуі мүмкін. Сондықтан экономиканың дағдарыстарды айналып өтуі үшін өндіріске, тауар өндіру мен өңдеу саласына қатты көңіл бөлген абзал. Ағылшынтілді ағайын өндіріс, зауыттар мен фабрикалар жұмыс күшін талап етеді, өте тиімсіз деп ойлайды. Шын мәнісінде, олай емес. Өндіріс – қаражат пен жаңашылдықты ғылыми жаңалықтарды талап ететін сала. Егер сіздің еліңізде өндірісі жақсы дамыған, сапалы өнім шығаратын зауыт болса, ол кәсіпорын бүкіл әлемге танымал және жұмыскерлерінің барлығы да кәсіби тұрғыда өте білікті деген сөз емес. Олар бар болғаны күрделі жүйені игере білгендер. Осының арқасында жалақылары да жоғары. 

– Халықаралық сарапшылар қауымы әлемдік экономиканы тұралатқан 2008 жылғы жағдай қайталанады деген болжам айтуда. Қаржылық нарықты тұрақтандыру үшін не істемек керек?

– Өте күрделі сұрақ әрі мен нарық саласын зерттеп жүрген маман емеспін. Алайда, айтар ұсынысым мен пікірім бар. Біріншіден, ғаламдық экономикадағы барлық кедергіні түбегейлі жою керек деген бастаманы қолдамаймын. Бұл жаңсақ пікір. Экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін кедергілер керек. Әсіресе, тарифтік кедергілер аса маңызды. Екіншіден, үкімет пен құзырлы органдар тарапынан қаржылық нарыққа қатысы бар барлық құрылымдарды жіті әрі жан-жақты қадағалап отыруы тиіс. Реттеу жүйесін дамытып, тиімді жолдарын қарастыру қажет. Меніңше, келешекте әлемдік экономикада Қытайдың рөлі басым болады. Өйткені, Қытайдың экономикасы нарықтық қатынастарға әзірге бел шеше кіріскен жоқ. Батыстық ұғым бойынша ғылымға негізделген жоғары технологиялық жобаларды жүзеге асыру үшін бос тұрған қаражат тартылуы тиіс. бос қаражат жекелеген адамдар жинаған қордан құралады. Ал Қытайда бұл мәселе басқаша қарастырылады: тұтынушылық сұранысты қолдан шектеу арқылы басы артық қаражаттың айналымға түсуіне мүмкіндік берілмейді. Осының арқасында халықтың қолындағы жиған ақшасы көбейе береді. 

– Сарашылардың кейбрі дағдарысты еңсеру үшін Жер шарына ортақ талаптар мен шарттар керек десе, енді бірі «әр мемлекет экономикалық тығырықтан шығар жолды ұлттық экономикасына негіздей отырып құрғаны жөн» деген кеңес айтады. Сіз қай пікірді жақтайсыз?

– Екінші пікірді жақтаймын. Әрбір мемлекет өзінің ұлттық экономикасы мен ұлттық мүдделеріне сүйенгені дұрыс. Егер осы жайтты көркем тілмен суреттесек: көз алдыңызға теңізде жүзген алып кемені елестетіңізші? Кенет сол кеменің бір бөлшегі істен шығып немесе апатқа ұшараса адамдарды құтқарып алу үшін бір есік болғаны жөн бе, әлде бірнеше ме? Әлбетте, бірнеше. Өйткені, әрбір бөлшек пен есік – жан сақтаудың қосымша мүмкіндіктері. Әлемдік экономикада да осы жағдай. Егер ол нақты бір құрылымға сүйенсе, тұрақтылығын қамтамасыз етеді. 

– Жер шарындағы барлық үкімет сырттай қарағанда, дағдарыстан құтылуға мүдделі. Түрлі жиын, саммиттер ұйымдастырылады, түрлі құжаттар қабылдануда… Бірақ шыққан нәтиже шамалы. Неліктен? 

– Менің жас кезімде Америка әлемді аузына қаратқан алпауыт ел еді. Өзін үздіксіз дамыта отырып, Батыстағы басқа елдерді де соңынан ерте білетін. Бірақ бүгінгі жағдай мүлде бөлек. АҚШ-тың баяғы аузымен құс тістеген құдіреттілігінен жұрнақ та қалған жоқ. Керісінше, өзгенің көмегіне мұқтаж әлсіз елге айналды. Әлемдік экономиканы дағдарыстан алып шығады деп үміттену – қисынсыз. 

– Меніңше, Америкаға емес, Азияға көбірек иек артылатын сияқты. Қазір мамандар арасында «әлемдік экономиканы Қытай мен Азия елдері құтқарады» деген пікір басым ғой? 

– Бұл мәселеде Қытай, Жапония, Индонезия, Оңтүстік Корея, Тайваньға басымдық беруге болады. Бірақ Малайзияның күші мен экономикалық мүмкіндігі аса көп емес. Шын мәнісінде, Қытайдың қаржылық қауқары зор. Егер еуроаймақ пен АҚШ-тан әкелінетін тауарларды, импорт көлемін бірнеше есеге арттырса, әлемдік экономиканы қиындықтан шығаруға кәдімгідей сеп болары анық. 

– Дағдарыс бір күн немесе бір жылда пайда болған жоқ. Ұзақ уақыт бойы үздіксіз дамып отырған дағдарысты ғалымдар мен журналистер неге дер кезінде болжай алмады? 

– Қаржы тақырыбына жазатын журналист идея мен тақырыпты экономис­терден алады. Ал экономистер арасында басымдыққа ие парадигма бар. Бұл сәл Кеңестер одағына ұқсайды. КСРО кезінде коммунизм үстемдік құрса, Батыс­та нарықтық қатынастар құдіретті. Кейде қаржылық нарыққа қатысты келеңсіздіктер мен олқылықтарды ашып айтудан тартынатын жайттар кездеседі. Бұл келешекті алдын ала әрі нақты болжауға кедергі. Сондықтан біз және Батыс идеологиялық тұрғыда қиындықтарға тап болдық. 

– Ертең сіз қатысатын сессияның тақырыбы – «Қазақстан мен Ресей Еуропалық одақты дағдарыстан құтқаруға қабілетті ме?». Сіздіңше, қабілетті ме?

– Егер Владимир Путин Германия канцлері Ангела Меркельге жаңа жұмыс беріп, оны ғарышқа ұшырса, Еуроодаққа көмегі тиіп қалуы мүмкін. (Күледі). Ал қалжыңды ысырып қойып, тиімді ұсыныс айтсақ, Ресей Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттерден тасымалдайтын импорт көлемін арттырса, ЕО-ға үлкен көмек болуы мүмкін. Әрі қазір сауда-саттықта аса ірі көлемдегі профицит байқалады. 

– Соңғы кездері Америка эко­номикасының да жағдайы мәз емес. Доллардың ғаламдық валюта рөлі әлсіреп барады. Балама жол қандай?

– Америкалық экономиканың мүшкіл халге түсуінің салдарынан доллар жүйесі құрдымға кетуі мүмкін. Өйткені, әлемдік үкіметтер доллардың күшін бағалауда асырасілтеушілікке ұрынды. Бұл қазіргі экономикалық жағдайда доллардың тұрақсыздығына әкеп соқты. Алайда, Жер шарындағы барлық үкімет келіссөздер үстеліне жиналып, әлемдік валютаны таңдауға мәжбүр болады. Бүгінде қытайлар – юаньды, жапондар – иенді, орыстар – рубльді, Еуропалық одақ – еуроны т.б. халықаралық валюта мәтртебесін беруге құлықсыз. Ұлттық валютаны әлемдік деңгейге көтергендер қадағалау тізгінінен айрылады. Оның бағамын бекітуде, құнсыздану процесін тежеуге қабілетсіз. Әлемдік ақшаның құны халықаралық нарықтағы тұтынушылық сұраныстың негізінде анықталатыны белгілі. Экспорттық мемлекеттердің барлығы да валюта бағамын әрқашан төмендетіп, керек кезінде тізгіндеп отыруға мүдделі. Бұл экспорт мәселесінде өте тиімді. Мәселен, 1950, 1960, 1970 жылдары Германия неміс маркасын тізгіндесе, бүгінде Оңтүстік Корея, Жапония мен Қытай да ұлттық валюталарының бағамын күштеп тежеуге тырысуда.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен 

Нәзия Жоямергенқызы