ШҰБАТ – МҰНАЙДАН ДА ҚЫМБАТ

ШҰБАТ – МҰНАЙДАН ДА ҚЫМБАТ

ШҰБАТ – МҰНАЙДАН  ДА  ҚЫМБАТ
ашық дереккөзі

Ал шетелге шығатындай жағдайда әлбетте кем дегенде 2-3 есе қымбатқа сатылары сөзсіз. Сондықтан мұнаймен салыстырғанда шұбаттан түсетін табыс айтарлықтай көлемді. Экономикалық пайдасы былай тұрсын, ұлт саулығы үшін де бұл сусынның пайдасы көл-көсір. 

Бiр литр шұбат ересек адамның В1, В12 және С дәрумендеріне деген қажеттілігін қанағаттандыра алады. Дәстүрлi сусын сонымен қа­тар iшек, бауырды тазалап, өт жолда­рының жұмысын жақсартады. Қыш­қыл бөлудi тездетiп, асты жылдам қорытуға септiгiн тигiзедi. Айран мен сүтке қарағанда, тиiмдiлiгi ана­ғұрлым жоғары болады екен. Қымыз және сиыр сүтiнен жасалатын өнiмдерге қарағанда, шұбаттың құнарлы заттары өте көп. Мәселен, бiр литр түйе сүтiнде 911 ккал болса, бие сүтiнде – 528, сиырдікі – 660 ккалория­ны құрайды.

Тағамтану академиясының директоры Төрегелді Шарманов шұбатпен өкпе құрты, бауыр ауруларын, холециститтi, өт жолдарының бiтелiп қалуын емдеуге болады дейді. Бүгінде екі адамның бірінде кездесетін дисбактериоз дертіне таптырмас ем. Күнделікті тағам рацио­нына  шұбатты қосатын болсаңыз, ішіп-жегеніңіз жақсы қорытылып, энергияңыз арта түседі. Жоғарыда айтылғандай түйе сүтінің құрамы ерекше, яғни маңызы мол. Содан болар, ілгеріде ауыз бекіткен қариялар кешке дейін тоқ жүру үшін шұбатты сәресіге ішіп отырған. Оның үстіне иммундық жүйені көтеріп, ағзаның физиологиялық күшін арттырады. Күш демекші, бүгінде ер азаматтардың  сырқаты сан ал­уан. Әсіресе, белсіздік дерті 27 жастан кейін-ақ, сыр бере бастайтыны шындық. Ал шұбат, қымыз секілді белсіздіктен қорғай отырып, түрлі аурулардың да алдын алады. Тіпті, никотин, алкоголь сияқты зиянды элементтердің ағзадан тез шығуын қамтамасыз етеді. Арақтан уланған жағдайда, шұбат бүкіл ағзаны тазалап шығады. Бұл дәлелденген терапия. Оның үстіне шұбатты дайындау барысында микрофлор ашытқысының көмегімен, түйе сүтінде күрделі биохимиялық өзгерістер жүреді екен. Соның арқасында В1, В6, В12 дәрумендерінің құрамы екі есеге артып, С дәрумені де қалыптасады. Бұл – мықты денсаулықтың кепілі. Бірақ, түйе сүті қымыз секілді көп уақытқа дейін сақталмайды. Бір күннен кейін-ақ, ашып, құрамы өзгеріп шипасы болмайды. Дайындау технологиясын қатаң сақтамаса, күндік жерге шұбатпен жету тым қиын. 

Отырар ауданы Шілік ауылында «Гүлмайра» шаруа қожалығы бар. «Отырар шұбаты» деген сауда белгісімен шұбат өндіріп жүрген оңтүстіктегі жалғыз қожалық осы. Құрылтайшысы – Оразәлі Мұстафин. 2003 жылы түйе сүтін өндіріске шығаруды қолға алған ол бұл күнде мақсатына жеткен деп айтуға әбден болады. Ғалымдармен пікірлесіп, Алматыға дейін барыпты. Ол жерде шұбатты ұзақ уақытқа дейін сақтауға болатын технологиямен танысып, ақыры 2010 жылы шағын цех ашады. Көп ізденістің нәтижесінде Оразәлі Файзуллаұлы мен ғалымдар тобы түйе сүтiнен балқаймақ және шалап айыруды жүзеге асырыпты. Дайындалған балқаймақта майлылық 15 пайызға дейiн жеткен. Ал, спирт 1 пайыз мөлшерiнде. Әзiрленген шұбат өнiмдерi балаларды тамақтандыруға өте қолайлы өнім болып шықты.

Шұбатты негiзiнен 14 күнге дейiн сақтауға болады екен. Ал, оны эк­спортқа шығару үшiн мiндеттi түрде шұбатты кептiру технологиясын қолданған жөн. Ал, шұбаттың құрғақ ұнтағы үш жылға дейiн жарамды болып есептеледi. Шұбаттың таблетка түрiндегi тәжiрибелiк үлгiсі тұңғыш рет Шымкентте шығарылды. Оның 1 таблеткасында 1,24 грамм шұбат бар. Яғни, шұбаттың бiр таблеткасы табиғи «биологиялық белсендi қоспа» секiлдi. әсiресе, оның емдiк қасиетi жоғары. Таблетканы ойлап шығарған ғалымдар тобы iшiмдiктен емдеу және бас жазудан айықтыру жөнiндегi тәжiрибенiң де нәтижелi болғанын айтады. Ер азаматтардың күш-қуатын арттыру үшiн мұндай таблетканың бiр-екеуiн пайдаланса жетiп жатыр. Сондай-ақ біздің ғалымдар құрғақ шұбат әзiрлеу әдiсiн ғарышкерлерге тамақ өнiмдерiн дайындау жөнiндегi Таллин қаласындағы жабық өндiрiсте болғанда үйренгенiн атап өткенiмiз жөн. Осы сапардан кейін бiрнеше жыл бойы осы технологияны жасауға кiрiскен шымкенттiк ғалымдар алынған құрғақ шұбаттың ұнтағын ҚР Ұлттық академиясының Тағамтану академиясына жiбередi. Нәтижесi көңiл қуантады. Құрғақ шұбат өзiнiң қасиеттерiн сол күйi жоғалтпай сақтап қалған. Алайда, шұбатты таблетка түрiнде әзiрлеу технологиясы көп шығынды қажет ететiнi анықталды. Оған көлемдi инвестиция керек. Дүниежүзiн таңқалдыратын жаңалықты ашу үшiн толыққанды жұмыс iстеу мақсатында ғалымдарға көп қаржы қажет болды. Өкінішке қа­рай, қаржының тапшылығы қолбайлау болып, идея игерілмеген күйі тұралап қалды. Егер қаржы құйылса, шымкенттік ғалымдардың аты әлемге әйгілі болар еді. Шипалы шұбат өндiрiсiне Жапонияның, Еуроодақтың, АҚШ және Австралияның тауар өндiрушiлерi қазiрден бастап қызығушылық танытып отыр екен.  Қазақтың емдiк қасиетi мол сусыны мемлекеттiк брендке айналатын өнiм болуы да ғажап емес. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сауықтыратын медициналық сусын деп бағалап отырған шұбаттың пайдасын ертеден-ақ білген дана халқымыз қазіргі нарықтық заманда да дәстүрлі сусынымыздың қаржылық пайдасынан қағылмаса екен дейміз. Өзгеден бұрын өз кәсіпкерлеріміз бен фермерлеріміз түйе шаруашылығына ден қойса, халқымыздың денсаулығы да жақсарып, экономикамыз да ілгерілей түсер еді.

Оразәлі Мұстафин, кәсіпкер: 

– Біздің шаруашылықта қазір 126 түйе бар. 12 адам жұмыс жасайды. Күніне 500 литр сүт сауа­мыз. Ауыл адамдарынан да сүт қабылдайтын қосымша бөлімшеміз бар. Бала күнімізден қымыран ішіп өскендіктен бе, ауру-сырқау дегенді білмедік. Жылқы, сиыр малындай емес, түйенің жейтін шөбі басқа. Сондықтан оның сүті де ерекше болып келеді. Түйе жиде, жыңғылдың гүлдерін, қараталдың басын, тікен, жантақ шөптерін азық етеді. Шұбатты ішкен адамның қарны да ашпайды. Ол – әрі сусын, әрі тамақ. Шипалы сусынды ел игілігіне неге жаратпасқа деген ой келді. Содан бері, Аллаға шүкір, өндірісіміз жүріп жатыр. Жасау технологиясы Алматыдағы ғалымдар көрсеткен үлгі бойынша дайындалады. Екі аптадан артық  сақтауға болмайтын өнім болғандықтан, ережені өте қатаң ұстаймыз. Өтпей қалып, цехқа қайта келіп жататын тауар болған емес. Демек, елге қажет. Тіпті дүкеншілерден «жұрт сұрап ішеді» дегенді естиміз. Ендігі жылы өндірісті ұлғайтсақ па деген ойымыз бар. Түйені бағу да жеңіл. Табиғатынан шыдамды жануар. Аяғы да ұзын. Өріске тез барып, тез тойынады. 15-20 шақырым жерге жайылып, барып-қайту түйеге түк емес. Суыққа да, шөлге де төзімді. Пайдасы да мол. Түйенің жүнін де өткіземіз. 1 келісін мың теңгеден сатамыз.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Оңтүстік Қазақстан облысы