МЕН ӘР БАЛАНЫ ӨЗ БАЛАМДАЙ КӨРЕМІН

 «Әлемнің балалар докторы» атанған Леонид Рошаль: «Ормантаев – қазақ ұлтының бейнесі» деп бекер айтпаса керек-ті. Біз дүниежүзілік балаларды қорғау күні қарсаңында Камал Сәруарұлымен жолығып, біраз мәселе төңірегінде әңгіме өрбіткен едік. 

– Камал аға, сіз бауыр еті – баланың жанын түсінетін педиатрлардың атасысыз. Денсаулық сақтау саласындағы түйткілдерді үнемі айтудай-ақ айтып келесіз. Бірақ осы шырылыңыздан нәтиже көрдіңіз бе? Шаршаған жоқсыз ба? 

 – 1-маусым дүниежүзілік балаларды қорғау күні әлемде 1950 жылдан бері аталып өтіледі. Балалар – болашағымыз дейміз ғой. Өмірге келген балаларға алдымен анасы жауапты. Сосын үкімет көңіл бөлуі тиіс. Елбасы Н.Назарбаев егемендіктің жиырма жылдығында: «Біздің жетістіктеріміз көп, кемшіліктеріміз де аз емес» деген еді. 2010 жылы «Егемен Қазақстан» газетіне балалардың денсаулығына қатысты үлкен мақала жаздым. Сонда академик досым Салық Зиманов маған хабарласып: «Біраз статистикалық деректерді келтіріпсің. Сенің мақалаң арқылы балалардың жағдайының төмен екендігіне қанықтым. Денсаулық сақтау министрлігінен біреу-міреу хабарлас­ты ма?» деп ағынан жарылды. Шынын айтсам, ешкімнің оқығанын сезгем жоқ. Билік басындағылар газет оқымай ма? Әйтпесе, қазақ газеттері түрлі ұлттық, әлеуметтік мәселелерді көтеріп жатыр. Мәу дейтін адам жоқ. Кейде үкіметке қарата айтудың да, жазудың да қажеті шамалы сияқты. Бірақ академик деген дардай атым бар. Өмірдің базарынан кетіп бара жатқан адаммын. Балалардың болашағына алаңдаймын. Айту маған парыз. Бірақ оны тыңдайтын адам болса, әрине.

– Бүгінде ана мен баланың денсаулығы мәз емес. Алайда, ресми статистика өлім-жітімнің төмендегенін айтады. Сіздіңше қалай? 

– Баланы ата-анадан артық жақсы көретін жан жоқ. Әсіресе, ана баласымен туғаннан бастап бірге. Ана бала десе жанын беруге әзір. Ананың денсаулығы төмен. Елде, қалада тұратын аналардың 85 пайызы анемияға шалдыққан. Бұл іштегі баланың өсіп-өнуін тежейді. Соның әсерінен балалардың 40 пайызы салмағы аз, шала туылады. Бұл мәселе мені қатты қиналдырады, ойландырады. Ол ол ма, балалар арасында миға қан құйылу ауруы (инсульт) асқынып барады. Мысалы, он жылдай бұрын 4-5 айлық нәрестелердің арасында сирек кездесетін бұл ауру бойынша 7-8 бала түсетін. Былтыр 95 бала түсті. 1 жасқа дейін қайтыс болатын балаларды «балалар өлімі» деп атайды. Солардың саны Ресей, Украинамен салыстырғанда 2 есе, Белоруссиямен салыстырғанда 3 есе артық екен. Соның себебіне үңілген жан бар ма? Балалардың денсаулығы төмен дегенге келтіретін деректерім де жетерлік. Мысалы, 2004 жылы үш жасқа дейін кемтар балалар саны 3 мың 351 болса, 2012 жылы 6 мың 134 балаға артқан. Екі есе көп. Жаңа туған балалардың өлімі 1000 балаға есептегенде Қазақстанда 15, Ресейде 9-10, Украинада 7-8, Белоруссияда 5. Бала өлімі Белоруссияда төмен. Бұл дамыған мемлекеттер көрсеткішіне жақын. Осыны көріп, біліп отырған мемлекет неге шара қолданбайды?

– Не себептен өсіп кетті? Бұған арнайы зерттеу жасалмай ма?

– Мәселе, осында. Бұл мәселені зерттейтін ғылым жоқ, не ғылыми институт жоқ. Ғылым академиясын үкімет басындағылардың өздері жапты. ТМД елдерінің арасында Қазақстанда ғана жоқ. Қазір ешқандай пәрмені жоқ жәй ғана қоғамдық ұйымның бірі. Жақында Ғылым академиясына мүшелікке өткізу жөніндегі жиында корреспондент-мүше болғысы келетіндердің қарасының көптігін байқадым. Бірақ атқарған еңбегі шамалы. Ғылым докторы атағына ие болғандардың өзі әлі күнге ғылыми мектебін құрмағандар. Соған қарамастан ғылымға қатысы жоқ адамдар ғылыми атақ алып, академияға мүшелікке өтуде. Ғылым болмаған кезде медицина да дамымайды. Ал ғылымның абыройын тек нағыз ғалымдар көтереді. Мемлекеттік гранттарды нағыз ғылыммен айналысатын мамандарға бөлу керек. Екі-үш жыл болды, кандидаттық, докторлық қорғауды алып тас­тап, PhD жүйесін енгізді. Олар PhD докторы аталғанымен, білім деңгейі ғылым кандидаттарынан да төмен. Сондықтан бұрынғы жүйені қайта қалыптастыру керек. Дәрігерлер ғылымға талпынбай отыр. Әйтеуір шетелде оқып келген он шақты маманды күндіз-түні насихаттап жатады. Кейде шәкірттеріме: «Ғылыммен айналысасыңдар ма?» десем, үндемейді. Айлығы төмен, тек отбасын асырауды ғана ойлайды. Өзім кезінде пәтер жалдап жүріп-ақ, ғылымға талпындым. Жақында Білім және ғылым министрлігіне арнайы хат жазып, балалар миына қан құйылу дертіне байланысты зерттеу жүргізуге жылына 60 млн. теңге бөлуін сұрадық. 20-25 маман осы мәселеге жұмылып, ғылыми зерттеу жүргізетін едік. Бірақ жым-жырт. Бұл бізге ғана қатысты мәселе сияқты. 

– Үкімет ауылдың тұрмысын жақсы біледі. Соған қарамастан, жұмыссыздық мәселесі шешімін тауып келеді деген пікірде. Осы рас па? 

– Елдегі халықтың жағдайы төмен. Туған жерім Қызылорда облысы, Қармақшы ауданына жиі барып тұрамын. Жағдайларын көріп, көңілім құлазып қайтады. Тамақ таба алмай отырған отбасы бала туып қайтсін?! Қазір үкімет жұмыссыздық 5 пайыз деп айтудан танар емес. Бұл өтірік. Тек жері құнарлы облыс жұрты егінмен күн көретін шығар. Ал, шындығында, ауылды аралаған жан болса, халықтың 25-30 пайызының екі қолға бір күрек таба алмай жүргеніне куә болады. Оңтүстік Қазақстан, Оңтүстік-батыс, Оңтүстік-шығыс Қазақстан аймақтарындағы халықтың 80-85 пайызы қазақтар. Сол ауылда тұратын қалың қазақтың тұрмысы нашар. Бір сиыры мен оншақты қойы, тауығы болса, «өзін-өзі асырайды» деген қате ұғым қоғамға еніп кетті. Ал баласын оқыту үшін сүтін ішіп отырған сиырын сатады амалсыз. Егер отбасының оқу жасындағы 3-4 баласы болса ше? Сосын аш адам не істемейді? Ұрлыққа барады, біреуді өлтіреді. Қылмыс осыдан көбейіп отыр. Құдай сақтасын, қазір баласын сатып, ақша тапқысы келетін аналар пайда болды. Бұл қазақтың үш ұйықтаса түсіне кірмеген ұятты жағдай. 

– Бұл қоғамның азғынданып бара жатқандығын көрсетпей ме? 

– Барлық мәселе саясатқа келіп тіреледі. Жастар жағы тозып барады. Балалардың тәрбиесі нашар. Білім алуға ұмтылмайды. Бұрын комсомол, партия деген болды. Аудандық комитеттің бірінші хатшысы үй салды деген ақпарат газетке шықса, партиядан шығарылатын. Міне, бұл тәртіптің арқасы. Сол кезде әділеттілік болды. Халықтың тұрмыс жағдайы бірдей еді. Бүгінгідей өте бай адамдар болған жоқ. 

– Қоғам тапқа бөлініп кетті ғой. Сіз өзіңізді қай тапқа жатқызасыз?

– Біз орта жағдайдағы адамбыз. Академик деген атымыз бар. Тамағымыз тоқ. Төменгі тапта әлеуметтік тұрмысы төмен тұрғындар көп. Бұрын бәрі бірдей болатын. Орталық комитетте істейтіндердің өзі ақша жеуге қорқатын. Елді басқарған Дінмұхамед Қонаевтың өзі іні-қарындастарының біреуін лауазымды қызметке қойған жоқ. Ал қазір ше? Облысқа жаңа әкім тағайындалса, бүкіл командасымен келеді. Оның туыстарының біреуі нашар тұрмайды. Кейбіреулер асханада отырып «Кеңес үкіметін сағындық қой» дейді. Өйткені, шындық бар еді. Қазір халықтың пікірі зия­лы қауым жоқ дегенге саяды. Өзім зиялы деп Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхановты айтар едім. Сол кезде Алаш азаматтары бір мүддеге жұмыс істеп, қазақ мемлекетін құру үшін жанын беруге дайын болды. Бала-шағасы «халық жауының баласы» деп қудаланып, зорлық-зомбылық көретінін сезсе де, өз өмірін халық үшін құрбан етті. Әлиханның Семейде қамалда айтқан сөзін оқып едім. «Сені атайын деп жатыр, ұрлап алып кетейік» деген жақтастарына: «Мені ұрласаңдар, сендердің барлығыңды тірі қоймайды. Одан да, мен өлуге дайынмын» деген екен. Қазір бір басшыға «халық үшін, ел үшін өлуге дайынсың ба?» деп айтып көрші? Ешкім де бас көтермейді. Олардың ұлт үшін істеген қызметін ескеріп, арнайы комиссия құрып, еліміздегі қалалардың біріне атын берсе. Ол «Әлихан Бөкейханов» атындағы қала бола ма, әлде «Алашорда» атала ма, бәрібір, ең бастысы – ел үшін туған ерлердің атын ұрпақ жадында мәңгі сақтау. Осы ұсынысымды жоғары жақтағы лауазымды тұлғалар құлақтарына ілсе деген тілегім бар. Қазір кейбір шенеуніктер мемлекеттің ақшасын ұрлап, шетелге қашып кетіп жатыр. Қоғамның өзі іштей іріп барады. Көптеген зиялы қауым өкілдерімен араласамын. Олар ресми түрде айтудан қорқады. 

– Мүйізі қарағайдай зиялы қауым өкілдері халықтың жанынан неге табылмайды? Неден қорқады?

– Кез келген өзекті мәселелер жөнінде Дулат Исабеков әр жерде айтып жүр. Талай жылдан бері «тіл» деп шырылдап жүрген Мұхтар Шахановқа деген құрметім ерекше. Қазір әркім өз қамын күйттейді, бала-шағасының болашағын ойлайтын заман. 1998 жылы 74 адам болып «Не могу молчать» деп Президенттің атына хат жаздық. Онда халықтың әлеуметтік тұрмысы, қазақ тілінің жағдайын көтердік. Сол кезде қол қойған бес-алты адам «түсінбей қалыппыз» деп даусын қайта алды. Біразына қысым жасалыпты дейді. Белгілі бір ғалымның баласы бизнеспен айналысатын көрінеді. Соған салықтық комиссия жіберген екен. Сонда әйелі күйеуіне: «Баламды қудаласа, сенің саяатыңның түкке де керегі жоқ» депті. Міне, осылай аяғын тартатындар шыға береді. Себебі, қартайғанда өлімімді дұрыс атқарып, дұрыс шығарып салмайды дейтін болу керек. Екінші, балалары үкіметке жақын жерде жұмыс істейді. Қызмет барысында аяқтан шалады деп ойлайды. Сондай бақай есептер бар ғой. 

Педиатр болам дейтіндер 

5 пайыз ғана

– Денсаулық сақтау саласына дәрігерлік мамандықтың қыр-сырын білетін басшының құтаймағанын айтып едіңіз. Әлі де осы пікірдесіз бе? 

– Бұл саланы жиырма жылдың ішінде он шақты министр басқарып үлгеріпті. Әрқайсысы өзінше бір реформа жасауға тырысады. Содан сала өзгереді, жақсарады дейді. Білсеңіз, Кеңес үкіметінде денсаулық сақтау жүйесі жаман болған жоқ. Бәрі тегін еді. Емделу де, білім алу да. Ал нарықтық экономикада реформа керек те шығар. Бірақ оны зерттеп, қанша қаржы керек екенін нақты шешу қажет. Бірде-бір министрмен қарым-қатынасым жақсы болған жоқ. Себебі, министрліктің жұмысын шын-өтірігі болса да, мақтауым керек екен. Осы уақытқа дейін клиникалық медицинада балаларды емдеп келе жатқандықтан мәселенің бәрі жақсы таныс. Сондықтан тек кемшіліктерін ғана айтамын. «Тура айтсаң, туғаныңа жақпайсың» демекші, осы мінезім көбіне ұнамайтын болу керек. Мысалы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұйғарымы бойынша, медицина саласына бөлінетін қаржы жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 6 пайызынан кем болмауы керек. Қазақстанда бұл көрсеткіш 2,7 пайыз ғана. Өткенде экономикалық форумда Елбасы экономикалық дағдарыс келеді дегенді айтты. Жағдай қазіргіден де қиын болады. Бұрын ЖІӨ 2,7 болса, оны 1 жарымға түсіріп тастауы мүмкін. Ал Ресейде 3,7, Франция мен Германияда 8, Америкада 15 пайыздан кем емес. Дамыған мемлекеттің өзі денсаулық сақтау саласына жіті көңіл бөлуде. Өйткені, дүниежүзінде ең бай адамдар – дәрігерлер мен заңгерлер. Ал біздегі басшылар бір адамды емдеместен, орындалмайтын бағдарламаларды енгізіп әуреге түседі. Дәрігерге қамқорлық жасалу керек. Бізде медициналық оқу орнында жеті, тоғыз жыл оқиды. Ал айлығы 45 мың теңге. Бұған өмір сүруге болмайды ғой. Жыл сайын бюджет қызметкерлерінің жалақысын 30 пайызға көтердік дейді. Сонда небәрі 2 жарым мың теңге ғана қосылады. Екі, үш мыңға не сатып аласың? Бұл нағыз халықты алдау, арбау ғой.

– Педиатрия факультеті жабылып қалғанда министрліктен бастап Елбасына дейін хат жаздыңыздар. Бірақ «қарнымның ашқанынан емес, қадірімнің қашқанынан жылаймын» дегеннің кебін киген жоқсыздар ма? 

– Бұл шетелден келген тәжірибе дейді. Ешкіммен ақылдасқан да, тыңдаған да жоқ. Биыл педиатрия факультетінің жабылғанына алты жыл болды. ТМД-да педиатрия факультеті бізде ғана жоқ. Ресей жапқан жоқ. Украина жауып, екі жылдан кейін қайта ашты. Белоруссияда солай. Олар балалар дәрігеріне үлкен құрметпен қарайды. Ал біздегі басшылар балаларына жақсы педиатр таба ма, әлде шетелге апарып емдете ме білмеймін, әйтеуір мәселенің байыбына барар емес. Осыдан екі жыл бұрын 32 педиатр-профессор Президенттің атына хат жаздық. Еш нәтиже болмады. Дариға Назарбаеваға да жаздық. Қанша дегенмен ана ғой. Одан да түк шықпады. Ол да қолдаймыз деді, бірақ іс жүзінде емес. «Қоғамдық қозғалыс» өкілдері еліміздің облыстарына хабарласып, қоғамның пікірін біліпті. Халық педиатрия факультетін қайта ашу керек деп есептейді. Жаңа айттым, балалар арасында асқынған аурулар көбейіп кетті. Педиатрлардың көбі қартайған. Жас педиатрлар жоқтың қасы. Өмірге жаңа келген, әлі нервтік жүйесі дамымаған баланы ананың өзі қолына ұстауға қорқады. Мұндайда баланың ағзасын толыққанды білетін педиатр ғана көмекке келеді. Біздің С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінде «педиатр боламын» дейтіндер саны 5 пайыз ғана. Ал бізге 25-30 пайыз керек. Егер студент бірінші курс­тан педиатрияны жан-жақты оқыса, бұлай болмас еді. Осы жерде бір ұсынысым бар. Бізде жеті медициналық оқу орны бар. Биылдан бастап Педиатрия факультетін тым болмаса С.Асфендияров атындағы медициналық университетте қайта ашып, 150-200 студентті педиатр ретінде дайындауды шоғырландырса деймін. Біз неге халқы көп, экономикасы дамыған шетелді үлгі тұтамыз? Олардың ауылдары қалаға бірігіп кеткен. Жерлері құнарлы. Америкада бес рет болдым. Сан-Франциско қаласының балалар емханасына барсам, бір жасар бала шырылдап жатыр екен. Қай жері ауырып жатқанын айта алмайды ғой. Не істер екен десем, дәрігерлер әп-сәтте үш жағынан үш түрлі құрал арқылы диагнозын анықтады. 

– Ал бізде мұндай құралдардың орнын педиатр басып келген дейсіз ғой… 

– Сол ғой. Біз неге шырылдап жүрміз? Бұрын педиатрлар бәрін білетін. Бір-екі жастағы бала жыласа, кім оны анықтайды, кім тексереді? Оған диагноз қою үшін белгілі құрал және білімді педиатр керек. «Әлемнің балалар докторы» атанған Леонид Рошаль баланы тек қана педиатр емдеу керек дейді. Қосып-аларым жоқ. Бізге жаңа медициналық құралдар ептеп келіп жатыр. Бірақ бәрібір жетпейді. 

– Педиатрдың орнына келген отбасылық дәрігерлердің енгізілгеніне де 6 жыл болыпты. Халық мұның пайдасын көріп жатыр ма?

– Отбасылық дәрігерлер қажет болса да, санының көбейгенінен еш пайда жоқ. Тек бір дәрігері мен мейірбикесі бар ауылдық жерлерде отбасылық дәрігер қажет болар. Ал аудандық емхана, ауруханаларда салалық мамандар отыруы қажет. Отбасылық дәрігердің ауру туралы жалпы түсінігі болғанымен, нақты білмейді. Бір дәрігер бар ауруды қалай біледі? Дүниежүзінде 14 мың ауру бар екен. Жаңа туған баланың ағзасы өзгеше. Психикасы да ерекше. Баланың ішкі құрылысы жүздеген себеп бойынша ауырады. Оны педиатр ғана анықтай алады. Балаларға салынатын екпенің де, аурудың да түрі көп. Екпе көп аурудан құтқарады. Бірақ екпені жасаудың арнайы ережесі бар. Отбасылық дәрігерлер соның бәрін біле бермейді. Ал өзге елдер балалар дәрігерін дайындауды тоқтатқан жоқ. Мәселен, Санкт-Петербургте педиатрия медицина университеті, Ташкентте педиатрия медицина институты бар. Еуропа елдерінде отбасылық дәрігерлердің көп болуының себебі, оларда жас балалар халық санының 10 пайызын ғана құрайды. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш – 30 пайыз. 

– Ал денсаулық сақтау саласына 7 мыңдай дәрігер жетіспейді екен. Оқу орнын жеті, тоғыз жыл оқып, тәмамдаған мамандар қайда? 

– Елімізде жеті оқу орны медициналық мамандар дайындайды. Мұнда оқитындардың көбі қыздар. Олар отбасы құру жағдайына байланысты мамандығы бойынша жұмыс істемеуі мүмкін. Кейбір талантты дәрігерлер диплом алып, бизнеске кетіп қалады. Өткенде базарға барсам, бізде оқыған бір-екі жігітті көрдім. Қара көзілдірік тағып алып, сауда жасап отыр. Бәлкім, ол базардан 40-45 мың теңге емес, одан екі есе табатын шығар. Міне, біз осындай жағдайға келдік. Сондықтан маманның жетіспейтіні рас. Өзім тәрбиелеген шәкірттерім әр жерде жұмыс істеп жүр. Осы уақытқа дейін 16 доктор, 15 ғылым кандидатын дайындадым. 

Үкімет басындағылар халықтың қарғысына қалуы мүмкін

– Жекеменшік емханалар мен аурухана көбейіп кетті. Оның пайдасы көп пе, әлде зияны ма?

– Жекеменшік медициналық мекемеге тұрмыс жағдайы жақсарғандар барады. Олардың құралдары бізден тәуір сияқты. Жұмыс істейтіндердің көбі бізден оқып, тәрбиеленіп шыққандар. Бар айырмашылығы – айлығы жоғары. Ақылы ем жүргізгенде ақшасын көбірек алады. Ал біздің балалардан ақша алуға дәтіміз бармайды. Үкімет басындағылар: «Аш жүрген дәрігер көрген жоқпын» деп айтып жатады. Олай болса, олар бізді пара алады деп түсінеді. Ал ТМД-ның үкімет басында отырған бір басшысы: «Кемпір-шалға құрмет көрсету керек, зейнетақысын дұрыстап беру керек. Бірақ оларды қанша бағып-қақсаң да, болашағы жоқ. Олар өледі. Елдің болашағы ана мен балада» депті. Мен осы пікірді қолдаймын. 

– Денсаулық сақтау министрімен бетпе-бет кездесіп, қордаланған мәселелер жөнінде жанайқайыңызды айттыңыз ба? 

– Нағыз дәрігер бастық болмайды. Кезінде министр болған Досқалиев ғана дәрігердің жағдайын дұрыс түсінетін. Көп министр тек ұйымдастырушы ғана бола білді. Дәрігерлік дипломы болса да, адамдарды емдеп көрмегендіктен оны дәрігер деп айту қиын. Халықтың жағдайын білмейді. Бірде дәрігерді оқытудың бағдарламасын дайындайтын профессорға: «Сен де бір адамды емдеген жоқсың. Сөйте тұра бізге түсініксіз сабақтарды енгізесің» деп айтқанмын. Өйткені, медицинада жүргендердің көбі теоретиктер. Денсаулық сақтау министрлігі емдеу стандартын шығарыпты. Кімнен жөн сұрағанын білмейсің. Бізді шақырып ақылдаспай ма? Министрге кірудің өзі қиын. Таңертеңнен кешке дейін жиналыста. Елге, ауылға бармайды. Жағдайымен таныспайды. Екі рет жиналыс­тарда кездесіп, мән-жайды айттым. Өткенде осындай бір жиналысқа жиналғандар өзара туберкулез ауруының деңгейі төмендеп кетті деп қуанды. Кейіннен бір облыстық туберкулез диспансерінде жұмыс істеген маманмен сөйлессем, «Бізге мына пайыздан жоғары болмасын дейтін бұйрық келеді. Біз көрсеткіш көбейсе де, жасырамыз» дейді. Бұдан кейін статистикаға да сену қиын. 

– Қазақстан медицинасы күн сайын жағымсыз жаңалықтарға толы. Дәрігердің салғырттығы туралы әңгіме көп. Сіздіңше, ақ халаттылардың беделі неге төмендеп кетті?

– Бұрын бір облыста бірлі-екілі адам өлетін. Бірақ оны дабыра етіп, сыртқа шығармайтын. Қазір бір адам қайтыс болса, у-шу. Өлім бұрын да болған, қазір де бар. Тіпті ақпарат құралдары анықталмай жатқан оқиғаға дәрігерді кінәлі етіп қояды. Қайғыдан қан жұтқан ата-ана не дейді? Олар да бас салып «дәрігер кінәлі» дейді. Адам өмірін сақтап қалғымыз келіп, ауруға араша түсеміз. Науқасқа жаңа өмір сыйлаймыз. Бірақ дәрігер – еңбегі еш, тұзы сор мамандық. Бүгінгі жастардың дәрігер болғысы келмейтіндігіне бірден-бір себеп осы шығар. Қателеспейтін адам жоқ. Үкімет басшылары да «бізден де қате кетті» дейді ғой. Олар қателессе бір адам емес, тұтас халық қиналады. Оның жанында адам өмірін сақтайтын дәрігер неге қателеспейді? Сорақысы сол, адамдардың көбі медицинадан гөрі халық емшілеріне сеніп алған. Есесіне, ауруын асқындырып алады да, қайтадан ем іздеп медицинаға келеді. Ал бұл кезде ем қону-қонбауы екіталай. Сөйтеді де, бар кінәні медицинаға аудара салады. 

– Қоғамда әйелдердің зейнет жасын көтеруге байланысты дау болып жатыр. Аналарды белі бүгілгенше жұмыс істету дұрыс па? 

– Ана – ғажайып адам. Ана бала десе өлімге басын тігеді. Ал біздің үкіметтің анаға жасап отырған әрекетін түсінбеймін. Елімізде алып бара жатқан қиыншылық жоқ қой. Мемлекет әйелдерді 63 жаста зейнетке шығарып, ақша үнемдейміз дейді. Қазір әйелдерді 63 жасқа дейін қызметте кім ұстайды? Тіпті, елуден асқандарды жұмысқа алмайтын көрінеді. Әйелдердің көбі – базарда. Отағасы жұмыссыз. Бейнеті ауыр. Ананы құрметтеу керек. Үкімет басындағылар анаға дәл осылай зорлық-зомбылық жасаса, сөзсіз халықтың қарғысына қалуы мүмкін. Сенат депутаты Светлана Жалмағамбетова: «Ер азаматтар, сіздер бала табасыздар ма? Экономикалық қауіпсіздік үшін ең кем дегенде 20-25 млн. халық болуы керек» деп өте дұрыс айтты. Оның қарсы дауыс бергенін қолдаймын. Онсыз да демографиялық жағдай мәз емес. Елбасы қол қоймайды деген үміт бар. Бірақ заң жобасы бұған дейін барлық сатыдан өтті. Мәжіліс те, сенат та мақұлдады. Егер Елбасы қол қоймаса, халыққа жақындығын дәлелдейді, ал екінші жағынан бұл мәжіліс пен сенат үшін ұят жағдай. 

– 13 мыңнан астам балаға өмір сыйладыңыз. Қазір де ота жасайсыз ба? 

– 35 жасымда Мәскеуде Қазақстанда алғаш балалар хирургиясында екі өкпенің шіруі бойынша хирургиялық емдеу әдісімен докторлық диссертация қорғадым. Ал ота жасауға бұдан да ертерек кіріскенім бар. Қаншама ата-ананың алғысына бөлендім. Қазір анда-санда өкпеге ота жасауға қатысамын. Шамам келгенше шәкірттеріме білгенімді үйретіп, көмектесуге тырысамын.

 – Әңгімеңізге рахмет!

 Әңгімелескен 

Динара Мыңжасарқызы

Back to top button