Жаңалықтар

АУЫЛ АҚСАҚАЛДАРЫ БАТАСЫН БЕРДІ

ашық дереккөзі

АУЫЛ АҚСАҚАЛДАРЫ БАТАСЫН БЕРДІ

Сол салтанат биыл  Қармақшы ауданының бір қиырында орналасқан Т.Көмекбаев атындағы ауыл тұрғындарын ерекше әсерге бөледі. Көптен күткен жаңа мектеп ашылып, ұстаздар мен оқушылар шат-шадымен күйге кенелді. Осы салтанатқа облыс әкімі Қ.Көшербаев қатысып, құттықтау лебізін жеткізді.  

Облыс әкімі атап өткендей, бұл ерекше қуаныш ең алдымен ауыл ардагерлері, ақ жаулықты аналарға арналса керек. Саналы ұрпақ тәрбиелеп,  тәуелсіз еліміздің негізін қалауға атсалысқан аға буынның еңбегі қашанда құрметке лайық. 

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында жаңа ғимарат пайдалануға берілуде. Бүгінгі жас ұрпақ ертең үлкен азамат болып, халқымыздың, еліміздің үкілі үмітін іске асыратын боласыздар. Сол кезде осы мектептің түлегі, осы жердің азаматы екендеріңізді ұмыт­паңыздар, – деді аймақ басшысы ендігі сөзін шәкірттерге арнап. 

Жалпы бұл мектептің құрылысын 2009 жылы «Миг–21» ЖШС жүргізіп, аяқсыз қалдырған болатын. Онан кейін «Дарын» ЖШС қолға алған құрылыс осы оқу жылының аяғында ауыл тұрғындарының игілігіне беріліп отыр. Салтантты шарада серіктестік директоры Жарқын Әтеев, қызметкерлер Нүркен Ыбырашов, Еркін Насреддин Алғыс хатпен марапатталды. Дәстүрге сай «Дарын» ЖШС директоры Ж.Әтеев мектеп директоры Р.Нұрғалиевке символикалық кілт табыстап, жаңа білім ұясының ашылуына ауыл ақсақалы батасын берді. 

300 орындық мектеп бүгінгі уақыт сұранысына сай жабдықталған. Компьютерлік кабинеттер, асхана, тігін маши­насы орнатылған арнайы бөлмелер қалтқысыз қызмет көрсететін болады. Сондай-ақ мұнда 30 орынға арналған интернат қарастырылған. Сәтін салса енді  20 балаға арналған ша­ғын орталық өз жұмысын бастап, мектепке дейінгі ауыл бүлдіршіндеріне қуаныш сыйлайтын болады. 

ШИПАЖАЙ ҚЫЗМЕТІ 

ШИРЫҒА ТҮСТІ

Сыр өңірінде шұрайлы аймақтың бірі – Жаңақорған ауданы. Жерасты қазбаға бай, ауыл шаруашылығы ертеден елдің несібесіне айналған бұл өңір емдік қасиеті ерекше қара батпағымен де танымал. Жуырда осы аудан орталығында жаңадан салынған «Шипа­жай Жаңақорған» ЖШС ғимаратының ашылуы болды. 

Ғасырға жуық уақыттан бері сан мың адамның дертіне дәру болған емдік қара батпаққа ел егемендік алғаннан кейін де келушілер қатары едәуір артып отыр. Сондықтан тағы бір шипажайдың ашылуы көпшіліктің сұранысына сай келеді. Жаңа шипажай бір мезетте 76 адамды қабылдауға қабілетті. Ал оларға қызмет көрсетушілер жоғары санаттағы дәрігерлер мен ар­найы курстардан өткен орта буын мамандары. Медициналық құрал-жаб­­дық­тар түгелдей жаңа үлгіде. 

Шипажай құрылысын осы ауданның азаматы Мақсұт Іскендіров қолға алса, оған «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік ҰҚ АҚ қаржылай қолдау көрсеткен. Жалпы құны 205 млн. теңге болатын жоба жергілікті 50 адамды жұмыспен қамтуға жағдай туғызып отыр. 

Жаңа шипажайдың ашылуында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Елбасының ұзақ мерзімді бағдарла­маларында халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарта отырып, олардың денсаулығына баса көңіл бөлу мәселесі ерекше назарға алынғанын атап өтті. Осы ретте меншік иесі жаңа бастаманың жүзеге асуына қолдау білдірген облыс басшылығына ризашылығын жеткізді. 

Айту керек, уақыттың қарымына үндесе алатын игілікті жоба әркез  қолдаусыз қалмайды. Мұнда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруда іскерлік қадамдарға батыл бару қажет. Бұл мәселелер облыс әкімінің жергілікті кәсіпкерлермен кездесуінде әңгіме өзегі болды.

Қуат ШАРАБИДИНОВ.

Қызылорда облысы.