ҰЛТ БОЛМЫСЫ — ҰЛТТЫҚ ТАРИХТА

ҰЛТ БОЛМЫСЫ — ҰЛТТЫҚ ТАРИХТА

ҰЛТ БОЛМЫСЫ — ҰЛТТЫҚ ТАРИХТА
ашық дереккөзі

Мемлекеттік хатшы беташар сөзінде «Бүгінде Қазақстан – қалыптасқан мемлекет. Біз мемлекет құрудың жаңа белесіне шықтық. Мемлекет басшысы ұсынған 2050 даму стратегиясы қоғам дамуының жаңа белесіндегі басты мәселелеріне, атап айтқанда «Біз қайда барамыз?» және «2050 жылы қайда болғымыз келеді?» деген сұрақтарға жауап береді. Кеңінен қамтып айтсақ, мәселе ел болашағының дүниетанымдық жаңа моделін жобалау, басты құндылықтар мен бағдарларды айқындау туралы болып отыр. Сөз жоқ, бұл құндылықтар осы заманғы, болашаққа бағытталған құндылықтар болуы тиіс. Олар мына жаһандануға бой алдырған заманда, ұлттық өзгешелігімізді шайып бара жатқан әлемдегі біздің ұлттық бірегейлігімізді нығайтуы тиіс. Олар ұлттың мәдени кодын, тілін, руханиятын, дәстүрлерін, мәдениетін сақтауды қамтамасыз етуі тиіс» деп жиын мақсатын айқындап берді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тарихи зерттеулерге арналған «Тарих толқынындағы халық» атты мемлекеттік бағдарламасын жасауды ұсынды. Бұл бағдарламаның мақсаты – Қазақстанда тарих ғылымының алдыңғы қатарлы әдістеме мен әдіснама арқасында сапалық секірісті жүзеге асыруына жағдай жасау, қазақ ұлттық тарихының көкжиегін кеңейту, ұлттың жаңа тарихи дүниетанымын қалыптастыру. Сондай-ақ Қазақстанның жаңа тарихының жиырма жылының мәнін пайымдау. Осы тұста мемлекеттік хатшының «Тарихқа арқа сүйемесе, болашақ бұлдыр. Планетада мән-мағына мен құндылықтардың мылтықсыз майданы күн сайын жүріп жатқан қазіргі күнде тарихи жадыны сақтап қалу, жалпы өзіңді-өзің сақтап қалудың жалғыз жолы» деген сөздеріне кеңеске қатысушылар қызу қолдау білдірді.
Ұлт тарихына деген мемлекеттік көзқарастың өзгеруі енді қоғамдағы тарихшы мамандардың ролінің артуына ықпал ететіні сөзсіз. Қазіргі таңда тарихи зерттеу­лермен айналысатын төрт институттың үшеуі соңғы жиырма жылда ашылған екен. Республикада 35 оқу орнында тарих мамандары дайындалады.
Бұдан былай тарихшы өзі зерттеп отырған заман лебін түйсіне алатын көкірек көзі ояу, санасы сергек тұлғаға айналуы тиіс. «Осы орайда, көптеген жоғарғы оқу орындарында тарих кафедраларының қысқарту сылтауымен жабылып жатқанын естіп-біліп отырмыз. Мұндай қысқартулар тоқтатылсын. Керісінше, алдағы уақытта әрбір жоғарғы оқу орнында төл тарих кафед­расы болуы тиіс» дегенде, залға жиналған қауым ду қол шапалақ соқты.
«Ұлттық тарихты терең табанды еңбектену нәтижесінде негіздеу әлдеқайда қиын» деген Тажин мырза тарихты бұрмалаудан, дәйексіз тұжырым жасаудан аулақ болуға шақырды. «Шынайы ұлттық мақтаныш шынайы ұлттық тарихтан басталады», – деді ол.
Бұл бүгінгі күнге дейін жазылған, зерделенген, ғылыми айналымға енген тарихи деректерді жоққа шығару емес, әрине. Бұл орайда тәуелсіздік жылдарында мәдениеттанушылар, тарихшылар, археологтар мен философтар көп еңбек сіңірді. Әйтсе де, қолда бар мұраны сапалық мазмұн тұрғысынан толықтыру, жүйелеуді қолға алу керек.
Ұлттық тарихты зерделеуде әлі талай еңбек атқарылуы тиіс. Ұлттық этногенез туралы түсінігіміз бұлдыр екені рас. Бұған дейін тек бес ғасырды қамтитын тарихымызды енді біздің заманымыздағы бірінші мыңжылдықтың екінші жартысынан бері сақбақтастыра желі тартып, ба­йыта түсу мүмкін болмақ. Қазақ ұлтын құраған тайпалардың он бесінші ғасырда ғана пайда болмағаны белгілі. Ендеше, ұлт этногенезі мыңдаған жылдар бойы қалыптасқанымен, әлі түбегейлі зерттелген жоқ. Бұл орайда Дешті Қыпшақ даласында өмір сүрген мемлекеттердің тарихын сараптаудың ықпалы зор болмақ. Бұған дейін осы тақырыпқа жазылған еңбектерге, жасалған зерттеулерге жаңа әдістемелік тұрғысынан қарау арқылы ұлттық тарихи таным көкжиегі кеңейе түседі.
Отырыста сөз алған ғалым Ә.Х.Мар­ғұлан атындағы Археология институтының директоры Бауыржан Байтанаев Қазақстан жеріндегі археологиялық ескерткіштердің құндылығы туралы баса айтты. Ғалым осыдан бес күн бұрын Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданынан ескі қорған табылғанын айтып, жиналған қауымды қорған суреттерімен таныстырды. Қорған сән-салтанаты мен байлығы жөнінен Есік қорғанындағы Алтын адам кешенімен салыстыруға келмесе де, оның құндылығы тоналмай, бүгінге дейін қаз қалпында сақталған. Мұнда табылған жас әйелдің бас киімі Есік қорғанындағы Алтын адамның бас киіміне өте ұқсас екен. Ал осы қорғандағы алтын, күміс теңгелер сол кездегі сауда-экономикалық байланыстар туралы білімімізді арттырмақ.
Зерделейтін сана болса, тұрақты мемлекеттік көзқарас болса, ұлт тарихының тамыры тереңде екенінің осындай айғақ-дәлелдері жетерлік.
Ал Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Хангелді Әбжанов қазіргі кезде мектептің бесінші сынып оқушысы мен жоғарғы оқу орнының бірінші курс студентіне оқытылатын тарихи материалдың айырмасы жоқ екендігін сынады. Ғалым болашақта жас ұрпаққа тарихи жадыны жаңғырту мақсатында «Мәдениет», «Білім» телеарналарымен қоса «Тарих» атты жаңа телеарнасын ашу жөнінде ұсынысты ортаға тастады.
Сонымен, тарихты зерделеу жұмысы басталды. Қазіргі таңда ұлт тарихын зерделеу бағытында атқарылатын жұмыстар санатында мемлекеттік хатшы ең әуелі ұлттық тарихты қоғамдық ғылымдар ішінде басты байланыстырушы ролін арттыру керектігін айтып өтті. Одан соң Қазақстан тарихының ортақ тұжырымдамасын жасау, ұлттық тарихтың бүгінгі әлемдегі орнын көрсету де өзекті.
Сонымен қатар, алдағы уақытта Қа­зақстанға қатысты әлемнің түкпір-түк­піріндегі тарихи деректерді бір жүйеге келтіру де кезек күттірмейтін шаруалардың бірі. Әлемдік мұражайлар мен мұрағаттардағы қазақ тарихына қатысты жәдігерлерді елге әкелу немесе олардың көшірмесін жеткізу керек.
Мемлекеттік хатшы Ортаазиялық көш­пенді ірі өркениет туралы лайықты баға беру жөнінде де баса айтты. Бұл орайда өзгенің емес, әуелі ішкі танымымызда ірі өркениет туралы дұрыс көзқарас қалыптастыру маңызды.
Сапалы тарих оқулықтар дайындау да – алда атқарар көп шарулардың бірі. Осы орайда, Марат Тажин мәтіндік, кескіндік материалдармен шектелмей, заманауи құрал-жабдықтарды пайдалана отырып, тарихи деректерді жас ұрпаққа жеткізу жолын жетілдіруді ұсынды. Мысалы, ұлт тарихына арналған веб-портал ашу, қалта телефондардан тарихи деректерді қарауға мүмкіндік беру, тарихты дыбыс және бейнематериалдармен баяндау туралы ұсыныстары көңілге қонады. Бұған қоса, мемлекеттік хатшы қазіргі тарихты жазуда әсіре саясиландырудан аулақ болуы керектігін ескертті.
Бұл айтылған мәселелердің бәрі қоғамдық талқылаудан өтуі тиіс. Ұлт тарихына жанашыр сала мамандары бұл ауқымды жұмыстан тыс қалмаса керек. Әбден қоғам сүзгісінен өткен мәселелерді нақты ұсыныстар түрінде желтоқсан айында мемлекет басшысына беру жоспарланған.
«Өткенін ұмытқан қоғамды болашақ та ұмытады», – деп түйіндеді сөзін Марат Тажин. Ұлт тарихын зерделеу жұмысында қазақтың «Өлгені тіріліп, өшкені қайта жанғандай» күн туса, қанекей.

Астана ­