АЛМАТЫДАҒЫДАЙ ӘДЕБИ ОРТА КӨРГЕН ЖОҚПЫН

АЛМАТЫДАҒЫДАЙ ӘДЕБИ ОРТА КӨРГЕН ЖОҚПЫН

АЛМАТЫДАҒЫДАЙ ӘДЕБИ  ОРТА  КӨРГЕН  ЖОҚПЫН
ашық дереккөзі

Жуықта «Қазақ энциклопедиясы» баспасының бас директоры, ақын Бауыржан Жақыпқа жолығып, әдебиет, журналистика мәселелеріне қатысты ой-пікірлерімен бөліскен едік.

– Бауыржан аға, әдебиетке әр қаламгер әртүрлі жолмен келеді. Біреулер келген бойда-ақ талантымен жарқ етіп танылса, енді біреудің дарынынан дақпырты бұрын жүреді. Сіз өзіңізді қайсысына жатқызар едіңіз?

– Әдебиетке бала кезден жақын боп өстім. Ауылда бастауыш сыныпта оқып жүргенде-ақ ауыз әдебиетінен батырлар, лиро-эпостық жырларды жатқа оқыдық. Ауылдың ақсақалдары хат танитын балаларға көне кітаптарды оқытатын. Түннің бір уағына дейін білте шамның жарығымен жарысып оқып береміз. Сол кезде көбінесе дау­сы ашық деп маған оқытып қоятын еді. Әдебиеттің дәнін бойыма сепкен – ауыз әдебиеті. Екіншіден, туғанымнан әжемнің бауырында өстім. Шаңырақта он баланың үлкені болдым. Әжемнің көп әңгімесін тыңдадым. Көзі ашық болды. Бұрынғы тарихи оқиғаларды көп айтатын. Үшіншіден, бесінші сыныпта оқып жүрген кезімде алғашқы мақалаларым жарық көре бастады. Аудандық газеттің өзі әрбір мақалаға қаламақы төлейтін. Бала болсам да, материалдық жағынан ынталандырды. Газетте редакторлық қызмет атқарған Манар Құрманбеков ағалық қамқорлық жасады. Ол заманда аудандық газеттің штаттан тыс тілшісі болу үлкен мәртебе еді. Кейіннен облыстық «Семей таңы» газетіне жаза бастадым. Сондықтан да кішкентай кезімнен бойға сіңген таланттың арқасында осындай дәрежеге қол жеткіздім деп ойлаймын. 

– Кішкентай кезіңізден қаламақының дәмін татып өсіпсіз ғой. Журналистикаға, ақындыққа әкелген осы дәм шығар… 

– Ол да бар. Екінші жағынан моральдық жағынан қолдау көрдім. «Балдырған» журналына жазған дүниелеріңнің бәрі шықпаса да, алғыс хат келетін. «Алматыдан хат келді» деп мақтанып, мерейім тасып жүретін. «Семей таңы» газетіне алғашқы өлеңдерім мен мақалаларымды жариялауға Төлеген Жанғалиев, Бекен Әбдікәрімов, Мақсұт Ниязбеков, Совет Махметов, Әнуарбек Мәкенов сияқты ағаларымыз қолұшын созып, алға қарай сүйреді. Бертін келе шопандардың өмірі туралы очерктер жаза бастадым. Әкем аудан орталығына барғанда міндетті түрде кітап алып келетін. Сол жылдары алғаш қолыма түскен кітаптың бірі Қабдыкәрім Ыдырысовтың өлеңдері еді. Сондай бір тұщынып оқығаным есімде. Кейіннен Жұмекен Нәжімеденов, Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергеновтің кітабына қолым жетті. Екінші, журналистика саласын таңдауыма әсер еткен Әзілхан Нұршайықовтың «Мен журналистпін» деген кітабы еді. Әкемнің кітап шекесіне «Айналайын, Бауыржан, Әзілхан ағаң сияқты журналист бол!» деп жазып берген бірауыз сөзі қамшылап әкетті. 

Біздің жақта қыс ұзақ. Қар қалың жа­уады. Боран есік алдына қарды үйіп тастайтын. Көктем келіп, кәрі қысты жеңген кезде жылғалардан су ағып, дүниенің бәрі жасарып, жайнап кетеді ғой. Далада мұз ойып жүргем. Үшінші сыныпта оқитын кезім, «Апа, келіп қалды, келіп қалды» деп үйге қарай жүгіріппін. «Не, кім келді?» десе, «шабыт келіп қалды» дейді екенмін. Сонда «жылғалардан су ақты, көктем келді шуақты» деген өлең жолдарын қағазға түсіріппін. Мұның бәрі Құдайдың берген сыйы шығар. Ал біздің тұқымымызда жеті атаға жетпейтін туысымыз, ақын Төлеужан Исмайлов деген кісі болған. Бала кезден сол кісінің өлеңдерін, жырларын тыңдадық. Ақсақалдар Шәкәрім туралы шындықты тіс арасынан сыздықтатып айтатын. М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы әрбір тарихи жерлерді көріп, санамызға сіңірдік. Ата-бабамның атажұрты Қарағанды мен Семейдің ортасындағы Берікқара деген таудың бөктерінде жатыр. «Абай жолында» жас Абай Бөжеймен Қарқаралыда кездесетін тұсында «Құнанбай қажы Берікқарадан екі семіз жылқы алдырып сойдырды» деген жері бар. Қазір соның бәрі менің аталарымның жылқысы шығар деп ойлаймын. Сол заманда үш мың жылқы айдаған Тәңірберген деген атамыз болған екен. Міне, осының бәрі әдебиетке одан әрі ынтықтыра түсті. 

– Әкеңіз де шығармашылыққа жақын кісі болды ма? Әлде өзінің қолы жетпеген биікке сіздің жеткеніңізді қалады ма?

– Ол кісі ауылшаруашылық қызметкері болып жұмыс істеді. Екінші мамандығы – фельд­шер еді. Біздің ауыл Семей мен Қарағандының ортасындағы таудың қапталындағы шағын ауыл. Ауылдың маңдайына біткен жалғыз дәрігер. Әрбір қыстақ, жайлауға барып тұрғындарды емдеп жүретін. Әдебиетке жақын болса да, жетімдігінен, жалғыздығынан басқа саланы иемденіп кеткен ғой. Содан ба екен, мені сөз өнерінің төңірегінде жүретін азамат болса екен деп армандаған. Ақын-жазушыларға, өнер адамдарына үлкен құрметпен қарайды. 

– Поэзияның қос қанатын тең ұстап, серік етіп келемін деп ойлайсыз ба? Өлеңіңіз өз оқырманын тауып жатыр ма?  

– Оқырманым бар деп ойлаймын. Өйткені, интернетте жеке блогыма өлеңдерімді салып қоямын. Жақсы пікірлер алып жатамын. Осыдан төрт жыл бұрын Семей қаласында шығармашылық кешімді өткіздім. Абай атындағы театр ғимаратына халық сыймай қалды. Соған қарағанда оқырманым бар деп толық айта аламын. Газетке өлеңдерім шықса, аға буын өкілдері де, інілерім де хабарласып, жылы лебіздерін білдіріп жатады. 

– Қатарластарыңыздың арасында өлеңге жаны құштар азаматтар болды. Марқұм Бауыржан Үсенов, Есжан Айнабеков, Нұрлан Мәукенұлы, Қайрат Әлімбеков, Бейбіт Құсанбек сынды қаламгерлермен тай құлындай тебісіп, бірге жүрдіңіз. Жалпы ақынды орта тәрбиелей ме? 

– Жалпы, ақын дегеннің өзі заманның перзенті ғой. Кішкентай кезімнен сондай ортада жүрген сияқтымын. Ауылда Абай поэзиясының рухы шарпыған ортада өмір сүрдім. Алғаш Алматыға арман қуып келгенде таудың шыңында қар жататынын сонда білдім. Соның өзі ғажап әсерге бөледі. Әрине, ақынды қалыптастыруға орта керек. Көптеген қазақтың мықты, дарынды азаматтары ауылда жүріп-ақ ақын боламыз дейді. Бірақ осы күнге дейін Алматыдағыдай орта көрген жоқпын. Қазір Астанада да әдеби орта жоқ. Мәдениеттің, руханияттың, поэзияның ортасы – Алматыда. Біз оқуға түскен кезде әдеби бірлестіктердің жұмысына белсене қатыстық. Өз шығармаларымызды әр апта сайын талқылап, баға беріп, сын айтуға дағдыландық. Мұның бәрі қанаттандырды. Нұрлан Мәукенұлы, Бауыржан Үсенов, Қайрат Әлімбеков, Гүлнәр Салықбаева, Баян Бекетова т.б ақындармен тай-құлындай тебісіп бірге жүрдік. Сол кезде қазақтың тұтас қауымын, зиялы өкілдерін тәрбиелеген екі орталық болды. Біріншісі, «Жеті муза» қоғамдық ұйымы. Оның төрағасы бүкіл саналы өмірін әлемге қазақ өнерінің классикалық туындаларын танытуға арнаған тарихшы-ғалым Бақтыжар Мекішев еді. Ол кісі студенттермен әлемдік өнер тұлғаларымен кездесу ұйымдастыратын. Екінші, халық университеті. Академик Рахманқұл Бердібай ағамыз әр жұма сайын М.Әуезов мұражайында белгілі тұлғалармен дәріс өткізетін. Сонда біз ғалым Әлкей Марғұланнан Едіге батыр, Қорқыт ата туралы көптеген тың деректерді естідік. Осының бәрі рухани тұлғаның қалыптасуына әсер етеді. Егер Алматыдағы әдеби, мәдени ортаға тап болмағанымда, мұның бірін де көрмес едік. Мені ақын ретінде қалыптастырған Алматыдағы шығармашылық орта деп ойлаймын. 

– Бұрын ақын-жазушылардың мәртебесі биік еді. Қазір керісінше, қаламгерден гөрі әкім не кәсіпкер танымал. Неге? 

– Оның бірнеше себебі бар. Шынында да, сол кезде қаламгерлер бақуатты тұратын. Әрбір шыққан кітабына көп мөлшерде қаламақы алатын. 1984 жылы «Студенттер жырлайды» сериясымен «Аудитория» атты кітабымыз жарық көрді. Оған он бір өлеңім еніп, 265 сом қаламақы алдым. Бұл көп ақша еді. Тіпті, бірнеше адамның айлығына татитын. Жалпы, қаламгерлердің жағдайының, әлеуметтік тұрмысының жақсы болғандығы да олардың беделін өсіріп тұрды. Екіншіден, кеңес үкіметінде идеологиялық тұрғыдан шығармашылық адамына деген көзқарас жоғары деңгейде еді. Арнайы әдебиетті насихаттайтын бюроға қаржы бөлінді. Ақын, жазушылар ауылда, жер-жерде кездесу ұйымдастырып, шығармашылығын таныстыруға мүмкіндік алатын. Арнайы оқырмандар конференциясы да дәстүрлі түрде өтіп тұрды. Кітаптың бағасы да қолжетімді. Біздің буын кітап дүкеніне қандай жаңа кітап түссе, таласып-тармасып оқыды.  

– Қазіргі буын ше? 

– Бүгінгі жастар уақыттың алтыннан да бағалы екенін біледі. Олар интернет арқылы кім не жазып жатқанын білумен ғана шектеледі. Бірақ кітапты интернеттен оқығаннан гөрі, оңашада қолға алып, парақтап оқығанға жетпейді. Еуропаның алдыңғы қатарлы дамыған елдері кітапты көп тиражбен шығарып, таратуға көңіл бөлуде. Әлемдік ғалымдар кітапты қағаз күйінде оқудың адамның миына, рухани ләззат алуына тигізетін ықпалы зор екенін мойындап отыр. Ал мына заманда ақындар өзінің шығармасын интернет арқылы насихаттап, танытуына мүмкіндік мол. Осы уақытқа дейін кітабымның бәрін мемлекеттік тапсырыспен шығардым. Он поэзиялық жинағым, төрт ғылыми еңбегім жарық көрді. Бірақ таралымы 2 мың дана ғана. Бұрын кітаптар 100 мың, 200 мың, тіпті 1 миллион тиражбен шыққан кездері де болды. 

– Әу бастан ақын-жазушылар халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаушы. Бірақ кейбіреулер сіздің қандай да бір ұлттық мәселеге қатысты үн қатқаныңызды көрмедік дейді. Жалпы, азаматтық ұстанымыңыз қандай? 

– Бұл дұрыс пікір шығар. Өзім өмір бойы қал-қадерімше ұлтыма қызмет етіп келемін. Жазған өлеңімді бұлдамаймын. Бүгін оқыла ма, ертең оқыла ма, оған бас қатырмаймын да. Өзімнің ұлтымның мұңын өлеңім арқылы жеткізуге тырысамын. Құдай тағаланың берген қасиеті осы. Өзің білесің, жиырма жылдан астам ғұмырымды журналист мамандарын дайындауға арнадым. Тәлім алған шәкіртімнің қай-қайсысының бойына ұлттық рухты сіңірдім. Қазір солардың бәрі сөз ұстаған азаматтар болды. Мыңдаған шәкіртім бар. Қазақстанның қай түкпіріне барсам, бір шәкіртім табылады. Сондай кезде төбем көкке жеткендей қуанамын. Демек, ұлтыма шәкірт тәрбиелеу арқылы да қызмет еттім. Ғылыми еңбегімді зерттеуде Алаш қайраткерлерінің дүниелерімен бетпе-бет келіп, үлкен толғанысты бастан кешірдім. Мәскеу мұрағаттарында көп іздендім. Бізді ХVІІІ ғасырдың аяғындағы әдебиетте Абай, Ыбырай, Шоқаннан басқа ешкім жоқ деп оқытты. Алаш қайраткерлерінен де бұрын шыққан үлкен тұлғалы азаматтар бар екенін ғылыми айналымға қостым. «Қазақ энциклопедиясына» келгелі бері қазақ тілінде көптеген энциклопедиялық анықтамалар шығаруға атсалыстық. Қызмет қағаздары бәрі қазақ тілінде жүргізіледі. Журналис­тика факультетін басқарған сегіз жылда іс-қағаздарының бәрі қазақ тілінде жүрді. Өзімнің ұлтқа деген құрметімді акцияларға қатысып, ереуілдерге шығып жеткізгеннен гөрі, іс жүзінде көрсетуге бел буып келемін. Ал көшеге шығып, айқайлау немесе «Сарыарқа» кинотеатрының сыртына барып акцияға қатысу менің жұмысым емес. Айтатындар айта берсін.

– Қаламды арқау етіп, қал-қадірімше жұмыс істеп жүрмін дедіңіз. Сіздің көптеген мүшәйраларда топ жарғаныңызды білеміз. Қаламыңыз арқылы материалдық жағдайыңызды жақсарта алдыңыз ба? 

– Ақындық мүшәйрамен өлшенбейді. Біраз сайысқа қатысып, бағымды сынап көрдім. Кез келген адамға материалдық қолдау қажет. Әсіресе, біз сияқты айлыққа қарап отырған адамға. Үш перзентім бар. Бүкіл отбасымның материалдық жағдайы өз мойнымда. Сондықтан мүшәйраларға қатысатыным рас. Абай, Жамбылға арналған, Түркістанның 1500 жылдығында, Баянауылдың мүшәйрасына қатысып, жүлделі орындарды иемдендім. Былтыр Шығыс Қазақстан облысы ұйымдастырған дәстүрлі «Шығыс шынары» байқауында бас жүлде – 1 млн. 200 мың теңге алдым. Кәдімгідей қолдау болды. Оны мойындаймын. Бірақ ақша табамын деп мүшәйраның бәрін түгендеп, қатысып жүрген жоқпын. Өзім екі нәрседен сақтанамын. Біріншісі, мүшәйрашыл ақын болудан. Себебі, поэзияның деңгейі түсіп кететіндей көрінеді. Екінші, әнге мәтін жазудан ақынның әлеуеті шашылып қалатын сияқты. Бірақ ара-тұра мүшәйраға қатысып, өзіңнің бар екеніңді көрсетіп, жүлде алатыныңды дәлелдегенде тұрған ештеңе жоқ. Сен мүлдем аталмай кетсең, жұрт осал ақын деп ойлауы мүмкін. Ал «мына әнге мәтін жазып беріңізші» деп қолқа салатын композиторлардың көңілін қалдырған емеспін. Бірде композитор Қалдыбек Құрманәлі хабарласып, «мына өлеңіңізге ән туып еді» деді. Оған неге қарсы болуым керек. Ал өзім сұранып, ізденіп ешкімнің алдына барған жоқпын. Ақшаға құнығып, соңына түсіп кеткен жерім жоқ. 

– Бүгінгі жас ақындардың беталысына қандай баға бересіз? Оларға не жетіспейді? 

– Талантты ақындар бар. Қазіргі жас ақындарға тілегім – кішкене өмірге жақындау керек. Біраз қыз-жігіттер бар. Ерлан Жүністің бір топ өлеңін оқып, тұшындым. Олардың ішінде поэзияға әртүрлі жолмен келіп, кейін көрінбей кететіндері де бар. Поэзия ақ­қу сияқты дүние. Оны ұшырып алмау керек. Тағы бір тілек – жастар қазақтың ұлт­тық поэзиясын оқу керек. Қазір алдыңғы толқынды зерттеп оқу жоқ. Бүгінде «өз білгеніммен, әр нәрсені жұлып оқып, ақын болып қалыптасып кетемін» деген пікір бар. Осыдан сақ болу керек. Қашан да жастардың шығармашылығын қадағалап жүремін. Жақында Батыс Қазақстан облысы жас ақындарының кітабы шыққалы жатыр екен. Соған алғысөз жаздым. Соның ішінде жақсы ақындар да, өзінің жолын таппағандары да бар екен. Мәселен, таза мінсіз ақын деп Қазыбек Құттымұратұлын айтар едім. Тіпті, оның жеке кітабын шығаруға болады екен. Талғат Мықи, Айдана Болатова деген жас ақындардың өлеңдеріне сүйсіндім. Сондықтан жастарға қолдау білдіріп, жақсы бағыт сілтеуге тырысамын. Біреуге кедергі жасаудан гөрі, қолдан келгенше жақсылық жасаған жақсы. Осы жол мені өмірден адас­тырмайды деп ойлаймын.  

 Сапасы төмен десем, әріптестерім ренжиді…

– Журналистика факультетінде талай жыл ұстаздық етіп, декан дәрежесіне көтерілдіңіз. Соңғы кезде факультетте болған өзгерістерге қалай қарайсыз? Қандай ұсынысыңыз бар? 

– Ширек ғасыр осы факультетте жұмыс істедім, әлі де байланысты үзгем жоқ. Магис­тратура, докторантураға жетекшілік жасап жүрмін. ҚазҰУ-нің журналистика факультеті үлкен қара шаңырақ. Бүкіл Қазақстанға маман дайындауға тырыстық. Әрине, факультет туралы жаман сөз естігің келмейді. Өзім кеткен төрт жылда үш декан ауысты. Қазір факультеттің тізгінін ұстап отырған журналистиканың қыр-сырын білетін профессор Өмірхан Әбдиманұлы архивтегі «Қазақ» газетін қолымен ұстап, зерттеп, қорғаған азамат. Жалпы, болашақта факультет дұрысталады деп ойлаймын. Қазақстан тәуелсіз ел болғалы жиырма жылдан асты. Енді бәсекелес отыз елдің қатарына енеміз деп жатқанда шетелдерде халықаралық журналистерді, пресс-атташелерді ұстау керек. Еуропаның әр елінде бір журналист болса, маңызды ақпаратты біліп отыратын едік. Бір өкініштісі, халықаралық журналистикаға магистратурадан ғана грант бөлінеді. Білім және ғылым министрлігі бакалавриат бойынша халықаралық журналистикаға арнайы грант бөлуі керек. Журналистика мамандығына нәбәрі 80 грант бөлінеді. Бұл журналист дайындайтын 25 оқу орындарына таратылып кетеді. Демек, екі ұсынысым бар. Бірінші, халықаралық журналистика мамандығын ашу керек, екінші журналист мамандарын дайындауды шоғырландыру керек. 

– Ал журналистика факультетінің білім сапасы төмендеп кетті деген пікірге қосыласыз ба? Бәлкім, факультетке Т.Қожакеев сияқты темірдей тәртіп орнататын ұстаз жетіспейтін шығар. 

– Қожакеевтің заманы да өтіп кетті. Қазір темірдей тәртіпке бағынатын балалар жоқ. Жастар өзін мейлінше еркін ұстайды. Өзім декандық қызмет атқарған кезде қаржылай түрде оқу жүйесі басталды. Ата-анасы жоқ жетім балалар болды. Оның көбі ақшасын жұмыс істеп төлейтін. Керісінше, солардың арқасынан қағып, бағыт-бағдар беріп отырдым. Мені ректоратта қаншама мәрте жиналысқа салса да, талантты балаларды ұстап қалдым. Бүгінде солардың бәрі ақпарат құралдарында қызмет етуде. Ал факультеттің сапасы төмен десем, әріптестерім ренжиді, жоғары десем, өтірік болады. Сол орта деңгейде маман дайындап жатыр. 

– Тіпті, қазір төрт жыл бойы журналис­тика факультетінде оқымай-ақ, таланттың арқасында журналист болып кетемін дейтіндер бар ғой. 

– Мұның да жаны бар. Шетелде журналистерді тәрбиелеген кезде әр саланы меңгеріп шыққан маман екі жылдық қысқа даярлау курсынан өтеді. Сосын әр саланың маманданған журналисі болып шығады. Өзім декан кезімде бір нәрсеге қол жеткізе алмадым. Бұл тәжірибе бізге ауадай қажет. Білім және ғылым министрлігі – қатып қалған дүниенің министрлігі. Олардың ойынша, мемлекеттік стандарт ешуақытта бұзылмау керек. Қандай пән кіргізілді, соны оқыту керек, болды. Өнер академиясына барсаңыз, әр мықты актердің өз класы бар. Сол сияқты журналист мамандарын тура сондай шығармашылық азаматтары өз шеберханаларында дайындауы керек. Ол үшін еркін оқу жоспарын жасау қажет. Онсыз мықты журналист дайындай алмаймыз. Бірақ амал не, бұл менің қолымнан келмеді. Кезінде министр болған Ж.Түймебаев, Ш.Беркімбаеваға хат та жаздық. Әрине, журналист жан-жақты болуы керек. Бұрын шетел әдебиеті, орыс әдебиеті көп оқытылатын. Қазір мұның бәрі үстірт оқытылады. Тіпті, қазақ әдебиеті сағатының өзі аз. Шеберлік сыныптары ашылса, кез келген редактор қуана-қуана шәкірт тәрбиелейтін еді. Әрі болашақта өзіне мықты кадрларды іріктеп алуына болады. Міне, сонда ғана сапа көтеріледі. Сондықтан министрліктің құлағына «алтын сырға» дегім келеді.

– Бірден-бір мемлекеттік баспа «Қазақ энциклопедиясы» баспасының төңірегінде де сыни пікір көп. Баспа қандай өнім шығарып жатыр?  

– Біле білсек, энциклопедиясы жоқ мемлекеттер де бар. Энциклопедия шығарған мемлекет 100 пайыз сауатты халық болу керек. Әр саланың ғылым докторлары, профессорлары болуы қажет. Көрдіңіз бе, біздің мүмкіндігіміз 1967 жылы болған екен. Қазір екі есе мүмкіндік бар. Бұрын энциклопедияда 250 адам жұмыс істеген. Кейіннен 150 адам қалыпты. Сол кезде әр саланың өз редакциясы болды. Ал мен келгенде 25-ақ адам істеп жатты. Әйтеуір, ілдәлдап жүріп қайтадан 40 адамға жеткіздім. Олардың басым көпшілігі редакторлар. Өйткені, әрбір саланы жетік білетін маман болу керек. Энциклопедия бір адамның еңбегі емес. Ұжымдық жұмыс. Жалғыз адам энциклопедия шығара алмайды. Әу баста маған берілген тапсырма – салалық энциклопедия шығару. 3 томдық «Балалар энциклопедиясы», «Айбын» әскери энциклопедия­сы, «Атамекен» географиялық энциклопедиясын шығардық. 25 томдық ұлттық әмбебап энциклопедия шығаруға да материал жеткілікті. 5 томдық «Қазақстан табиғаты» энциклопедиясын биыл аяқтаймыз.  Таралымы екі-үш мың дана. Облыстық әкімдік, кітапханаларға таратамыз. Абылайханның 300 жылдығына байланысты «Абылайхан» энциклопедиясы жыл соңына қарай жарық көреді. «Қаныш Сәтбаев», «Математика әлемі», «Психология», «Ақмола облысы», «Ертістің Павлодар өңірі», «Қазақстан ғалымдары» т.б. энциклопедиялар шығардық. Халыққа жетпейтіндіктен не шығып жатқанын білмейді. Мемлекеттік бас­па болғаннан кейін стратегиялық құжаттарды, Елбасының Жолдауын басып келеміз. Бәлкім, жұрт сынды соған айтып жатқан шығар. Біз қалай болғанда да, мемлекеттің құзырындағы жұмысты, саясатты жүргізуіміз керек. 

– Сізді декандық қызметке қайта шақы­рып­ты дегенді естіп едік. Барғыңыз келмеді ме? 

– Иә, мені қайтадан декандыққа шақырды. Бірақ бас тарттым. Бір жерде 25 жыл бойы қозғалмай істеппін. Адам баласы үшін бұл көп уақыт. АҚШ азаматы өз өмірінде мекен-жайын төрт рет ауыстырады екен. Оның жанында 25 жыл деген үлкен өмір. Бір жерде отыра беру жалықтырады. Дегенмен, ҚазҰУ-ден кетпей, ұзақ жылдар бойы қызмет істеген себебім бар. «Жалын» баспасында жүргенмін. Бастығым – Сейдахмет Бердіқұлов. Бір күні Тауман Амандосов ағамыз мені оқытушылыққа шақырды. Сонда Сейдахмет Бердіқұлов: «Амандосов ұстазым болғаннан кейін жіберіп отырмын, бірақ айналайын, бір жерде тұрақтап жұмыс істемеген адамды жек көремін, олардан ештеңе шықпайды. Бір жерде еңбек етіп, өзіңді көрсету керек, сонда ғана биіктейсің» дегені әлі есімде. Осы сөз менің санамда мәңгі қалып қойды. Содан ба екен, 25 жыл бойы журналистика факультетінде табан аудармай жұмыс істеппін. 

Әңгімелескен Динара Мыңжасарқызы