Жаңалықтар

ӘЗІРБАЙЖАНДЫ ТӘНТІ ЕТКЕН – «АЛПАМЫС»!

ашық дереккөзі

ӘЗІРБАЙЖАНДЫ ТӘНТІ ЕТКЕН – «АЛПАМЫС»!

Осы уақыт бедерінде аталмыш ұйым түркі мәдениетін жаңғыртуда қыруар  істі  атқарып келеді. ТҮРКСОЙ атқарған жұмыстар нәтижесіз емес. Бұл жолы да ТҮРКСОЙ Анкарада 25 елдің өнерпаздарының  басын қосты. Анкарада 13–19 мамыр күндері Спорт және жастар фестивалі бастау алды. Фестивальдің өткізілуіне Түркия республикасының Спорт және жастар министрлігі мен ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы себепкер болып отыр. Фестивальге 25 елден әртістер мен журналистер жиналды. Журналистердің  арасында башқұрт, татар, хакас, якут, тува, гагауз, қырым татарынан арнайы келген телеарналар мен интернет-газеттердің тілшілері бар. 

Түркі әлеміне ортақ 

ансамбль

Анкарадағы алғашқы сапарымыз – түркі әлемінің ансамблімен танысудан басталды. Шағын ғана мекен-жайға қоныстанған ансамбльдің құрамында 25 кісі бар. Бұл ансамбльден түркі аспаптарының барлығын дерлік кездестіруге болады. Ансамбль Анкарада орналасқан. Дирижері – Ирфан Гюрдал. Ирфан мырзаның бізге ұнаған тағы бір қыры – қазақ музыка аспаптарын терең меңгергендігі. Әрі қазақ тілін де жетік біледі. Дирижер музыкалық аспаптарда ойнап қана қоймайды, әрі шебер ұста. Домбыра, қобыз жасауды жетік меңгеріп алған. Түркі әлемінің ансамблі 2000 жылдары негізін қалаған. Бүгінде ансамбльге он үш жыл толып отыр. Ирфан мырзаға бірер сауал тастадық.

– Ирфан мырза, қазақтың аспаптарын жасауды қайдан үйрендіңіз?

– Ансамбль құрылған алғашқы жылдары біздің аспаптарымыз толық жете қоймады. Сол себепті де, кейбір аспаптарды өзіміздің жасауымызға тура келді. Қазақстанда бірнеше жыл тұрып келдім. Қай аспапты қалай жасауға болатынын жақсы білемін.

– Ансамбльдің құрамында қанша музыкант бар?

– Әзірге жиырма бес адам. Олар әр елдің музыкасын ойнайды. Әр елдің тілінде ән салады.

– Ансамбльде өзге елдің музыканттары да бар ма?

– Көбісі түріктер. Қазақстаннан бір адам бар. Ол – қобызшы. 

– Қазақ аспаптары қанша?

– Үш домбыра, бір қобызымыз бар. 

Ансамбль бүгінгі күнге дейін бес аудио таспасын шығарған екен. Ол түркі елдерінің музыкаларынан жинақталып, негізделген. Башқұрт әуендері, татар сазы, қазақтың күйлері, хакас музыкасы, әзірбайжан әуендері дейсіз бе, түгелімен ансамбльдің репертуарынан табасыз. Ансамбль ТҮРКСОЙ-ға мүше мемлекеттерге жиі гастрольде болып, ұлттық музыкасын насихаттап жүр. Бір музыкант бірнеше аспапты меңгерген десек те болады. Бірнеше елдің журналистері жиналғандықтан, әрқайсымыз ансамбльден өз еліміздің күйлерін, саздарын орындап беруді өтіндік. Ансамбль «Көрұғлыны» тартқанда, көңіліміз босап, жүрегіміз жылып қалды. 

Жиырма жылда бағындырған белестер

Анкарада жүрген күндері ТҮРКСОЙ-дың штаб пәтерінде жиі бас қостық. Штаб пәтерде өткен баспасөз мәслихатында халықаралық ұйымға мүше елдердің өкілдері журналистермен дидарласты. ТҮРКСОЙ Бас хатшысының орынбасары Фрат Пуртач мырза соңғы жылдары атқарылып жүрген шаралар жөнінде баяндап өтті. Ұйымның бас хатшысы Дүйсен Қасейінов мырза бұл күндері Парижде іс-сапармен жүр екен. Халықаралық ұйымның жиырма жылдық мерейтойы қарсаңында ЮНЕСКО-мен бірігіп, Парижде салтанатты шаралар өткізбек. Бұл іс-шаралар ТҮРКСОЙ-дың 20 жылдығы мен Үзейір Ғаджыбековтің «Аршын мал алан» операсының 100 жылдығына орай ұйымдастырылмақ. ТҮРКСОЙ отырған бұл ғимаратта түркі әлемінің белгілі суретшілерінің озық туындылары ілініп қойылған. Түркі журналистері бас қосқан штаб пәтерге бір жылдары Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ат басын тіреген екен. ТҮРКСОЙ-дың негізі шілде айында Алматыда қаланғаны белгілі. Өткен жылы Татарстан президенті ТҮРКСОЙ ұйымына келіп, 2014 жылы Түркі әлемінің рухани астанасы ретінде Қазан қаласын алуды ұсынған екен. Ұсыныс қабылданып, келер жылы Қазан қаласы – түркі әлемінің рухани астанасы аталмақ. Мұнда жыл сайын түркі мемлекеттерінің мәдениет министрлері де жиі ат басын бұрады екен. Әлемге белгілі суретшілер мен музыканттардың да бас қосатын орны – ТҮРКСОЙ. Халықаралық ұйым болып саналғандықтан, мұнда әр елдің өз өкілдері бар. Башқұрт, татар, қазақ, түрік елдерінің өкілдерімен кездесіп, арнайы басқосулар өткіздік. Биыл ТҮРКСОЙ халықаралық деңгейде қазақтың ұлы композиторы Мұқан Төлебаевтың жылын атап өтуде. Осы жылы композитордың шығармалары түркі елдерінде жиі насихатталып, композитордың туындылары әлемдік опералардың сахналарында қойылуда.

 ТҮРКСОЙ өкілдеріне қойылған сауалдардың бірі – түркі киноларына қатысты өрбіді. Шындығында да, түркі елдерінде киноның жағдайы қалай? Қазақ киносын өзбек ағайындарымыз көре ала ма? Тіпті, болмаса, татар киносы мен башқұрт фильмдері қазақ көрерменіне қаншалықты таныс?! ТҮРКСОЙ өкілі Асқар Тұрғанбаев: «Шын мәнінде, соңғы жылдары кино жанры кенжелеп қалғаны рас. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары қазақ киносы да біраз уақыт қиындықтарды бастан кешті. Соңғы екі-үш жыл көлемінде қазақ киносына жан бітіп, әлемдік прокатқа шығарылатын фильмдер түсіріле бас­тады. «Жаужүрек мың бала» сияқты фильмдер қазақстандық прокаттан да қыруар қаржы жинады. ТҮРКСОЙ-да отырған әрбір адам өз елінің ғана өнерімен, музыкасымен айналысып отырған жоқ. Түркі әлеміне қатысты дүниенің бәрі осы жерде іске асырылады», – дейді. Фрат Пуртач мырза соңғы жылдары әлемдік деңгейдегі түрлі фестивальдердің өткізіліп жүргенін тілге тиек етті. Түркі музыкасы ғана емес, түркі фильмдеріне қатысты фестивальдерде түркі елдерінде жиі өткізілуде. Аталмыш фестивальдер аясында әлемдік кино өнерінің танымал тұлғалары келіп, көрермендерімен қауышып қайтады. Мәселе, киноның бір ғана Түркияда насихатталуы мақсат емес, бұл ұйымға мүше мемлекеттердің өзінде де түрлі фестивальдер өтуде. Бұл фестивальдердің арқасында бір елдің өнерін екінші бір елдің тамашалауына мүмкіндік туады. «Кино – өте беделді, мемлекетті тез танымал ететін идеологиялық құралдың бірі», – дейді Фрат мырза. 

Соңғы жылдары ТҮРКСОЙ қолға алған игілікті шаралардың бірі – түркі әдебиетінің аудармалары. Олардың арасында, қазақ әдебиеті де бар. Қазақтың озық шығармаларын түркі тілдеріне аудару мәселесі де алдыңғы кезекте тұр. Бүгінде аудармалардың арқасында, ТҮРКСОЙ кітапханасының пайда болғандығын да айтады ұйым басшылары. 

ТҮРКСОЙ деңгейінде қазақ дра­матургиясының танымалдығы қалай? Еліміздегі танымал дра­матургтердің шығармалары түркі әлемінде қойыла ма? Бізді мазалаған сауал осы. Соңғы жылдары көрнекті жазушы Дулат Исабековтің «Мұрагерлер» қойылымы ғана Түркияда сахналанған екен. Мұның өзі қазақ драматургтерінің шығармаларының түркі дүниесіне дендеп ене бастауының алғашқы қадамдары деп қабылдағанымыз абзал. Мәселен, Үзейір Ғаджыбековтің «Аршын мал алан» шығармасы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының сахнасында қойылып жүргеніне бірнеше жыл болды. Одан бөлек, Мұстай Кәрімнің шығармаларын да қазақ театрлары жиі қойып жүр.

Қазақтың классикалық шығар­малары түрік сахнасында ғана емес, әзірбайжанның, башқұрттың, татар­дың, хакастың, тувалықтардың немесе якуттердің сахнасында жиі қойылып жүрсе, нұр үстіне нұр болар еді. 

Гүлчахраның ролін 

алғаш еркектер 

ойнаған екен

Биылғы жылы «Аршын мал алан» операсына – 100 жыл. Узейір Ғаджыбековтің аталмыш туындысы әлемнің озық театрларының сахнасында талай рет қойылды да. Опера түрінде де, музюкл жанрында да қаншама мәрте сахналанды. ТҮРКСОЙ-дағы әзірбайжан өкілі Елчин Гафарли мырзаның айтуына қарағанда, «Аршын мал аланды» алғаш қойған кезде, Гулчахраның ролін еркек әртістер ойнаған екен. Оның да өзіндік себебі бар, алғашқы жылдары әзірбайжан театрларында актрисалар мүлдем болмаған. Сол себепті де, Гулчахраны ойнау үшін еркектерді сахнаға шығаруға тура келеді. Биыл «Аршын мал алан» операсының 100 жылдығын ЮНЕСКО деңгейінде атап өту жоспарланып отыр. «Аршын мал алан» операсын сахналау үшін түркі елдерінің белгілі опера әншілері таңдалып алынбақ. Операның музыкасын қазақтар қоймақ. 

Биылғы жылы ТҮРКСОЙ-дың ұсынысымен Әзірбайжанда Еркеғали Рахмадиевтің «Алпамыс» операсы қойылыпты. Операны Әзірбайжан Мемлекеттік опера және балет театры қойған. Спектакльдің музыкалық жетекшісі және дирижері –Эйюб Гулиев. Алпамыстың ролін Антон Ферштанд, Гүлбаршынды Илаха Эфендиева, Таймық ханды Талят Гусейнов, Қараманды Фарид Алиев, Мыстанды Фарида Мамедова, Кейқуатты Турал Агасиев ойнады. Ең таңданарлығы, «Алпамыс» операсы әзірбайжандықтарға қазақ тілінде ұсынылған екен. Қазақ тілінде өтсе де, операға көрермендер ағылып келгенге ұқсайды. Тіпті, «Алпамыс» операсы аншлагпен өтіпті. «Алпамысты» өз тілінде қоюды ұйғарған әзірбайжан жұрты операның мұндайлық биік деңгейге жетеді деп ойламаса керек. Елчин мырзаның айтуынша, «Алпамыс» операсы өте биік деңгейде қойылған шығармалардың бірі. Қазір «Алпамыс» туралы әзірбайжан жұртшылығының пікірі өте жоғары көрінеді. 

Ұлттық өнерге қаржы салған бизнесмен

Анкараға сапарымыздың бас­ты мақсаты – Спорт және жастар фестиваліне қатысу болғаны белгілі. Бұл фестиваль Түркияның спорт және жастар министрлігі мен ТҮРКСОЙ ұйымы бірлесіп өткізіп отыр. Бұл фес­тиваль спорттың ғана мерекесі болған жоқ, түркі әлемі музыкасының да салтанатты мерекесі болып саналды. Фестиваль аясында ТҮРКСОЙ-дың штаб пәтерінде Білге қағанның ескерткіші ашылды. Білге қағанның ескерткішін ашуға жиырма бес елдің өкілдері қатысты. Түркия республикасының спорт және жастар министрлігінің өкілдері мен түркі мемлекеттерінің мүшелерінен жинақталған топ ресми түрде Білге қағанға қойылған монументті ашты. Түркі елдерінің әртістері ұлттық киімде ұлттық фольклордан үзінділер көрсетті.

Фестивальге жиырма бес елден бишілер келді. Әр ел өз елінің ұлттық нақышын бедерлейтін ұлттық биін биледі. Мың бұрала билеген қырғыздар, тәжіктер, башқұрттар, татарлар, түркімендер, қазақтардың өнерін бүкіл түрік жұрты тамашалады. Анкараның ауа-райы да қызық. Бірде жарқырап, бірде түнеріп тұрғанына қарамастан, өнерді құрмет тұтатын жастар орындарынан қозғалмастан, бірнеше сағат бойы түркі әлемінің билеріне тәнті болысты. Мерекелік кеш Ататүрік мавзолейінен бастау алды. Ататүрік мавзолейінен Антеппа алаңына дейін жаяу жетті. Ұлттың көсеміне деген құрметін осыдан тануға болады. Әрбір түрік жасының бойынан ұлттық рухты, патриоттықты байқауға болады. Ұлттық әнұранын қосыла шырқаған жастар бір-бірімен қол ұстасқан күйі алаңға жаяу жетті. Тағы бір таң қаларлық нәрсе, орынсыз ысқыру, айғайлау, қиқулау, елдің мазасын алу – жастардың бойынан көрінген жоқ. 

Бір жұмаға созылған фестивальде әр елдің өзіне тән ұлттық өнерін, ұлттық музыкасын таныдық. Тәжіктің бойынан тәжіктің ұлттық киімі мен ұлттық бояуын танисың. Түркіменде де солай. Өзбек пен башқұрттың, қырғыз бен қалмақтың өзіне тән ұлттық ерекшелігі бар. Ол – Олардың Ұлттық киімінде жатыр. Ала тақиясын киіп, беліне белбау тағынған қыз-жігіттерді көргенде өзбек ағайындар екенін бірден байқайсың. Әзірбайжан биі мен қалмықтардың биіне тәнті болды. Әсіресе, дағыстандықтар шыққан кезде, олардың ұлттық биіне риза болмаған ел кемде-кем. Дағыстандық би тобына жетекшілік етіп жүрген Дабай Дабаев Ресейге белгілі спорт шебері. Бір жылдары Дзюдодан өнер көрсеткен спорт саңлағы бүгінде Дағыстанға танымал бизнесмендердің бірі. Дағыстандық спорт шеберінің ең осал тұсы – би көрінеді. Би өнерінің дамуы үшін қалтасындағы қаржысын да аямайтынын айтады. «Спорт пен би – ұлттың дамуы үшін қажет. Ол сенің ұлттық болмысыңды, рухыңның биіктігін, ұлттық өрлігіңді көтереді», – дейді Дабай мырза. Кәсіпкер би өнерінің қайтарымы болмаса да, ұлттық би өнері үшін қаржысын желге ұшыруға дайын екенін білдірді. Ол биден қыруар пайда таппауы мүмкін. Есесіне, ұлттық би өнерінің кенжелеп қалмауына өзінің септігін тигізіп жүр. Жиырма бес елден келген өкілдердің алдында дағыстандық бидің қандай екенін көрсетіп, ұлттық биінің ерекшелігіне барша көрерменді тамсантып кетті. Бұл дегеніңіз, кәсіпкердің қаржысының текке кетпегені. Әрбір қалтасы қалың азамат ұлттық өнерге дәл осылай жанашырлықпен қарайтын болса, қазақтың әні мен жырының де келешегі жарқын болар еді-ау деген ой келді бізге. Домбыраң мен қобызыңды ұмытқан, дәстүрлі әнің қалыс қалып жатқан бүгінгі алмағайып заманда, қазақтың биі туралы әңгіме қозғаудың өзі қиындау. 

Ұлт боламын десең, тарихыңды таны

16 мамыр күні Спорт және жас­тар фестивалі аясында Түркия республикасының президенті Абдуллах Гул әртістер мен журналистерді өз резиденциясында қабылдады. Сонымен бірге, басқосуға Түркия Республикасының түкпір-түкпірінен бір топ жастар жиналды. «Әрбір жастың білімді, білікті азамат болып өсуі – азаматтық борышы» екенін айтады Президент мырза. Президенттің қабылдауында болған студенттердің барлығы да озық шыққан дарынды жас­тар. Студенттер неден озық шыққан десеңізші, тарих пәнінен… Оларда жыл сайын тарих пәнінен еркін шығарма жазылады екен. Сол еркін шығармадан жоғары балл алған студентті президент өзі қабылдайды. Бұл студенттің өз тарихын білуге деген қабілетін арттыратын маңызды жобалардың бірі. Осындай үрдіс бізге де қажет сияқты. Тарихты білу арқылы әрбір баланың санасына ұлттық құндылықтарды сіңіре беретін едік. Тарихын білген адам – ұлтын таниды. Тарихын білген әрбір баланың Отаншыл, Ұлтшыл болып өсері сөзсіз. Бізге осындай дүние керек. Яғни, тарихты білгеніміз, өзімізді танығанымыз. Өзгені емес, өзімізді құрмет тұтқанымыз…

Гүлзина БЕКТАС,

Алматы – Анкара – Алматы