ВИЦЕ-МИНИСТР МӘЖІЛІСТЕН МӘҢГІРІП ШЫҚТЫ

ВИЦЕ-МИНИСТР МӘЖІЛІСТЕН МӘҢГІРІП ШЫҚТЫ

ВИЦЕ-МИНИСТР МӘЖІЛІСТЕН МӘҢГІРІП ШЫҚТЫ
ашық дереккөзі

Әсіресе, соңғы жылдары сайланған Мәжілістің халық сөзін сөйлегеннен гөрі, биліктің сойылын көбірек соғып келгені мәлім. 

Өзгені былай қойғанда, әйелдердің зейнет жасын 63 жасқа дейін ұлғайтуды ұсынған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденовке де қарсы уәж айтқан ешкім болмап еді. 

Бірақ, қалай екенін кім білсін, Сыртқы істер вице-министрі Самат Ордабаевқа депутаттар өзгеше шүйлікті. Әсіресе, Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматуллин тым қатаң ескерту жасады. 

Өткен аптада, дәлірек айтқанда 22 мамырда Мәжіліс қабырғасына Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының достығы мен өзара қарым-қатынасы туралы келісімшартты таныстыру үшін келген еді. Құжат аты айтып тұрғандай, Қазақстан мен Ресей үшін маңызы зор стратегиялық заң. Екі ел арасындағы соңғы кездердегі дипломатиялық кейбір түсініспеушіліктерді есепке алатын болсақ, бір қараған адамға Мәжілісмендер өзгеге емес, құжаттың өзіне шүйліккен сынды әсер қалдырады екен. Мәселені былай топшылауға негіз де жоқ емес. Өйткені жиырма жылдық қазақ парламентаризмінің тарихында бұл – күн тәртібінен алынған бірінші құжат. Екіншіден, Қазақстан мен Ресейдің дипломатиялық қатынастарында бүгінде көптеген селкеуліктердің орын алып отырғаны рас. Кедендік одақ аясында Мемлекеттің үстінен қарайтын ұлттық орган құрудан бас тартудан бастап, Еуразиялық одақты саяси одақ деуден үзілді-кесілді бас тартып, «экономикалық одақ» терминін енгізу, Байқоңырды игерудегі өзара түсініспеушіліктер, тағы басқа да өзара қарым-қатынастағы түйткілдердің екі ел қарым-қатынасына із салып үлгергені айқын. Дегенмен сарапшылар бүкіл Қазақстан Парламенті тарихында күн тәртібінен қаралып отырған мәселені алып тастауының тұңғыш рет екенін айта отырып, оның екі ел қарым-қатынасын айқындайтын стратегиялық құжат болуы – кездейсоқ болды деген де пікірлерді жоққа шығармайды. 

Үкімет мүшелері соңғы бір ай ішінде осымен екі рет ел алдында ыңғайсыздыққа  ұшырап отыр. Біріншісі – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденовтің әйелдердің зейнет жасын неге 63-ке дейін көтеру қажет болғаны жайлы сауалға жауап бере алмай сасып, «Өйткеніні» қайталаудан арыға бара алмауы болса, екіншісі – Сыртқы істер министрлігінде екінші адам болып саналатын Самат Ордабаевтың Мәжіліс залынан шыққан бетте журналистерден бой тасалау мақсатында алды-артына қарамай зытуы. Вице-министрдің Мәжіліс залын тастағаннан кейін, оның бұл ісі жөнінде өз ой-пікірлерін ортаға салған Мәжілісмендер Үкімет мүшелерінің соңғы кезде «халық қалаулыларын» құрметтемейтін бол­ғандығын айтып, маңызды стратегиялық құжатты күн тәртібінен алып тастауға түрткі болған жалғыз себеп – оның дайын­дықсыз келгендігі екендігін тәп­тіштеді. Бұған төменгі палата мүшелері Үкіметтен ешқандай дайындықсыз келетін шенеуніктерге кешіріммен қарап келгенін, алайда шыдамның да шегі бар екенін сөз етті. 

Тіпті кейбір сарапшылар Нығма­тул­линнің баяндамашыға деген қырын көзқарасын осылай танытуы мүмкін деген болжамның да басын қылтитып қалды. Ақпарат құралдары вице-министрдің бұл қылығын тәптіштеуден ары ештеңеге бара алмай отыр. Бірақ қалай дегенмен де, вице-министрдің халық қалаулылары алдында тым дайындықсыз келгені айқын. Бұл бұған дейінгі оқиғалардың шарықтау шегі болуы да ғажап емес. Өйткені көпшілік Серік Әбденовке қатысты оқиғаны талқылау барысында, оған табанды қарсылық көрсете алмаған мәжілісмендерді де түйрей кеткені айқын.

 Халық қалаулылары осы күңкілдің бәріне жауап беру үшін де осындай қадамға баруы мүмкін. Алайда оның Ресей мен Қазақстан қарым-қатынасына қатысты стратегиялық құжатты қабылдау сәтінде жүзеге асқандығы ойлантады. Енді ол құжаттың Мәжілістің күн тәртібіне қашан шығарылатыны және қашан қабылданатыны белгісіз. Өйткені Самат Ордабаевты Мәжілісмендер белгісіз уақытқа шығарып салды. Бәлкім бұл оның қызметімен қоштасуы болуы да ғажап емес.

Есенгүл Кәпқызы.