ЖАСТАР ЖӘНЕ ҒАЛАМТОР

Жастарға арнаған сөзінің бірінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: “Біздің жастарымыз оқуға, жаңа ғылым мен білімді игеруге, жаңа машықтар алуға, білім мен технологияны күнделікті өмірде шебер де тиімді пайдалануға тиіс. Біз бұл үшін барлық мүмкіндіктерді жасап, ең қолайлы жағдайлармен қамтамасыз етуіміз керек” деген болатын. Біздің жас­тарды қолдауға арналған барлық шараларымыз, соның ішінде осы секілді кездесулеріміз Мемлекет басшысының сол тапсырмасынан шығады.
Бүгінгі әңгіме де жастардың білім мен технологияны күнделікті өмірде шебер де тиімді пайдалана білуіне ықпал ету мақсатын көздейді. Нақтырақ айтсақ, тақырыбымыз – мүмкіндіктері күн сайын кеңейіп, экономика, ақпарат, ғылым мен білім, жалпы әлеуметтік саланың дамуына ықпалы артып, жеке адам мен қоғамның қауіпсіздігіне деген әсері күшейіп келе жатқан, Өздеріңіз күнделікті қолданатын Интернет жайында болмақ.
Осыдан оншақты күн бұрын ғана Гуглдың негізін қалаушылардың бірі, әрі оның басшысы Эрик Шмидтың “Жаңа сандық дәуір” атты кітабы жарық көрді. Интернеттің ықпалы бар барлық саланың мамандары асыға күткен бұл кітап – Интернет пен оның төңірегіндегі технологияларды сараптай келе, қоғам, мемлекет пен бизнестің болашағына жаңа көзқарас ұсынады.
Шмидтың айтуынша, адамзат Интернетті өз қолымен жасаса да, оның табиғаты мен болмысын терең түсінбейді. Бір кездері үлкен бөлмеге әрең сиятын бір компьютер мен екінші тура сондай компьютер арасында байланыс орнатып, шағын ғана ақпарат жеткізу үшін жасалған құрал еді. Енді, міне, кез келген жерден табылатын, мүмкіндігі шексіз тарихта бұрын-соңды болмаған ерекше құбылысқа айналды. Ол әр секунд сайын көлемі өсіп, мазмұны өзгеріп, тоқтаусыз мутация негізінде өз бетінше дамиды. Ол адам өміріне керемет пайдалы құрал, сонымен бірге ақылға сыйымсыз зиян әкелетін құбыжық та болуы мүмкін. Қазір біз сол пайда мен ықтимал кеселдің алғашқы белгілерімен ғана таныса бастадық.
Осы күнге дейін Интернет арқылы қаншама нәрсені оқып білдік, көрдік, естідік, сол арқылы қанша жақсы адаммен таныстық, қанша тамаша жаңалыққа қол жеткіздік, қанша асқақ арман мен қиял туды, қандай үлкен жұмыс істеліп, жобалар іске асты.
Жақсы-ақ, бірақ еш бақылаусыз, қазақша айтқанда бейберекетсіз, жөнсіз, жосықсыз әрекеттің салдары туралы да ұмытпағанымыз абзал. Тексерілмеген ақпарат, дәйексіз пікір, кез келген адамды ретсіз қаралау, дәлелсіз жала жабу – соның басы ғана. Онлайн алаяқтықтың түр-түрін жасауға болатын, ұят пен абыройды ұмытқан ойын-сауық табуға болатын, бұзақы да, баскесер қылмыскер де еркін кіріп, басқаларға ақыл айтатын, ешкім бақыламайтын, қадағаламайтын орта іздеген адам Интернетке келеді.
Ерте ме, кеш пе, осы орта кеңейе түскен сайын біздің Интернет туралы түсінігіміз де өзгеруі тиіс. Өйткені, ол күнделікті өмірді тек жеңілдететін, көңіл көтеретін, уақыт өткізетін қызыққа толы, зияны жоқ құрал ғана емес, өміріміздің кез келген саласына тікелей қатысы бар, жеке басымыздың еркіндігі мен қауіпсіздігіне де ықпал ететін күшке айналып келеді.
Бұл технологияның арқасында адамдардың қиялы мен мүм­кіндіктеріне тосқауыл қоятын ресми шекара, географиялық қашықтық, тіл білмеу, ақпарат жетіспеушілігі секілді шектеулер маңызын жоғалта бастады. Оның адам өміріне дендеп кіруі тарихта бұрын-соңды болмаған әлеуметтік, мәдени және саяси трансформацияға әкелмек. Жаңа технология негізіндегі өзгерістердің бұрын да болғаны рас, бірақ бұл жолғы өзгерістер адамзат атаулыны толық қамтып, шын мәнінде ғаламдық құбылыс болмақшы.

Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған...

XXI ғасырдың алғашқы он жылы ішінде ғана дүние жүзіндегі Интернетке қосылған адам саны 350 миллионнан 2 миллиардқа дейін өсті. Ал ұялы телефон байланысын пайдаланатын адам саны осы аралықта 750 миллион адамнан 5 миллиардқа жетті. Қазір бұл көрсеткіш 6 миллиардқа тең.
Жер жүзі халқының басым бөлігі бір ғана ұрпақ ғұмырының аясында ешқандай ақпаратқа қолы жетпей отырған жағдайдан адамзат тарихында жасалған барлық ақпарат пен мәлімет қорын еркін аша алатын күйге жетті. Ол ақпаратқа жол ашатын құралдар бір қолдың алақанына сиятыны кімді болсын таңғалдырмай қоймайды.
Егер технология осы қарқынмен дами беретін болса, алдағы 5-10 жылдың ішінде жер бетіндегі 8 миллиард халықтың Интернетпен толықтай қамтылатыны анық. Байланыс әлдеқайда қолжетімді, ал жылдамдық аса жоғары болатыны да сөзсіз. Көп ұзамай-ақ, Интернет ең шалғай ауылдар мен елді-мекендерді қамтып, миллиондаған адамдардың қолына дәстүрлі телефоннан бұрын жетеді. Мұның барлығы әрбір жеке адамның және жалпы қоғамның әлдеқайда тиімді, әрі өнімді жұмыс істеуіне, интеллектуалдық және шы­ғар­машылық мүмкіндіктерді шек­сіз кеңейтуге мүмкіндік береді.
Технологиялар мен олардың негізінде пайда болған құралдар көпшілікке қолжетімді болған сайын, олардың мүмкіндіктері де кеңейе береді. Осы саланың мамандарына жақсы таныс Годон Мур тапқан заңдылыққа сәйкес, кез келген компьютердің күшін анықтаушы процессорлардың жылдамдығы әрбір 18 ай сайын екі есе көбейіп отырады. Яғни, 2025-ші жылғы компьютер қазіргі супер компьютерден 64 есе жылдам болады деген сөз.
Технологиялық қуат пен жыл­дамдықтардың экспонентті түрде өсуінің нәтижесінде виртуалды әлем физикалық әлеммен жарыса дамитын, тәуелсіз ортаға айналып келеді. Соның салдары ретінде жеке адамдар да, қоғам мен мемлекет те екі әлемде қатар жұмыс істеп, өмір сүруге үйренеді. Қазірдің өзінде, жұмысқа қабылданатын адам туралы немесе әріптес компания туралы шешім қабылдамас бұрын, Интернетте ол туралы не бар, не жоқ екендігі анықталады. Яғни, әркім өзінің “онлайн профайлының” таза, әрі тартымды болуын ойлауы қажет. Абайсызда айтылған сөз немесе пікір, жазылған комменттер, салынған суреттер мен видео файлдар, тіпті балалықпен, ойнап жасалған қылықтар, кірген веб-сайттар, жіберілген электронды хаттар Интернетке бір түскеннен кейін ешуақытта жойылмайтынын есте сақтау керек. Осы ақпаратты асықпай жинап, жүйелеп, қордалап жатқан компаниялар ертең-ақ “профайл” сатуды, қажет болса, керекті нұсқадағы профайл жасауды, біреулердің жеке профайлдарын жүргізуді кәсіпке айналдырады. Мемлекеттер болса, осы күннің өзінде ақпараттық саясат, дипломатия, қауіпсіздік салаларында екі деңгейлі бағыт ұстануға мәжбүр. Алдыңғы қатарлы елдердің сыртқы саясат пен қауіпсіздікке жауапты мекемелерінің құрамында онлайн дипломатия мен кибер қауіпсіздікке жауапты бөлімдер пайда болуда.

Ең үлкен  эксперимент – ғаламтор

Интернеттегі “кері қайту” немесе “жою” пернесінің болмауы – жеке өмір, саяси билік, құпия, тарихи сана секілді категорияларды қайта қарауға шақырады.
Сондықтан да, виртуалды орта физикалық әлемнің көшірмесі немесе шағылысқан нұсқасы болады дейтіндер қателеседі. Өйткені, олар бір-біріне тең дәрежеде тәуелді, сөйте тұра бейтарап дамитын параллель әлемдер. Кейбір мамандар виртуалды ортаны “бесінші билік” деп атап, біз білетін “төрт биліктің” қатарына қояды. Мұның өзі онлайн ортаның барлығы санасуға мәжбүр болатын, аса маңызды саяси және әлеуметтік институт екендігін көрсетеді.
Интернеттің адамзат тарихындағы ең үлкен эксперимент екендігі айтылды. Ол эксперименттің нәтижесі қандай болады немесе қандай болуы тиіс деген сұраққа жауап жоқ. Аталған үлкен эксперименттің аясында саяси билік, бизнес, білім беру мен мәдениет және тағы басқа көптеген салаларды қамтитын сала-сала бойынша шағын эксперименттер қатар жүріп жатыр.
Соның ішінде лингвистика да бар. Бүгінгі Интернетті ішінара бөлетін, бөлімдерін бір-бірінен ажырататын бір ғана құрал бар, ол – тіл. Алайда, шектеу мен шекара атаулыға үзілді-кесілді қарсы виртуалды орта бұл шектеуді де ысыруға бекінді. “Википедиа” мен “Гугл аудармашы” секілді құралдар әлемнің кез-келген тілдеріне айқара есік ашып, олардың дамуына жағдай жасауға дайын екендерін айтты.
Мәселен Википедиа атты ға­ламдық ашық энциклопедия 285 тілде жұмыс істейді. “Ол кім? Бұл не?” деген сұрақтарға жауап беретін, барлық тілдегі мақала саны 37 миллионнан асады. Ол мақаланың барлығын жазған мемлекеттер немесе арнайы редакциялар емес. Мақала авторлары – өз тіліндегі білім мен ғылымның дамуына жанашыр қатардағы қолданушылар. Яғни, мұндағы тілдің дамуы мемлекеттің немесе тілге жанашыр шағын ғана топтың күшімен іске аса алмайды. Ол үшін өз тілінде сөйлейтін, жазатын, әрі ол тілде жаңа мазмұн жасап, таратуға атсалысатын ел керек. Википедиадағы тілдер санатында мақала саны миллионнан асқан 7 тіл бар, мақала саны 100 мыңнан аса алған 45 тіл бар. Яғни, бүгінгі әлемде толыққанды білімі мен ғылымы бар 50 шақты ғана тіл бар деген сөз.
Қазіргі ең танымал аударма құралы болып табылатын “Гугл аудармашы” қызметі 64 тілді қамтиды. Тізімдегі 64 тілдің арасында емін-еркін, тегін аударма жасалады. Соның арқасында жекелеген сөз, сөз тіркесі, сөйлем ғана емес, бүтіндей мақала мен кітаптар немесе веб-сайттарды әп-сәтте аударып оқуға болады. Ірі тілдердің арасында тіпті мәтін емес, дауыс арқылы аудару мүмкіндігі бар. Әрине, аударып тұрған машина болғандықтан аударма сапасы 100 пайыз болмауы мүмкін, алайда бұл аударма кез келген мәтіннің мағынасын түсінуге әбден жеткілікті. Соның арқасында, осы платформаға кірген 64 тілдегі мазмұн бірін-бірі байытуда. Бұл әсіресе шағын тілдерді тез алға жылжытатын тамаша құралға айналды. Өкінішке орай, оның ішінде қазақ тілі жоқ. Көпшілік әдеттегіше – “Бұған кім кінәлі? Мемлекет қайда қарап отыр?” дейді. Бірақ Гугл аудармашыға кіріп үлгерген 64 тілді итермелеген, ол үшін арнайы бағдарлама қабылдап, күш салған бірде-бір мемлекет жоқ. Оны жасаған – сол тілде сөйлейтін халықтар. Аталған қызмет қолдайтын тілдер қатарында қазақ тілі пайда болуы үшін тілге жаны ашитын әр адам Гугл аудармашыға кіріп, бір сөйлем болса да аударып, өз қолымен салуы қажет. Аудармасы кез келген басқа тілге байланған миллиондаған қазақша сөйлемдер пайда болса, машина өзінің жұмысына қажетті қазақ тілінің алгоритімін құрып алады. Басқаша айтқанда, бұл технология – тілдерді табиғи сұрыптау платформасына айналды. Яғни, артында іздеушісі бар, оны белсенді пайдаланатын ортасы бар тілдер сұрыпталып, жаңа замандағы өмірге бейімделіп келеді.

Қазақ тілі ғаламтордың тілі бола ала ма?

Тілші ғалымдардың есебінше, дүниежүзінде 6 000-ға жуық тіл бар екен. Бұл дерек XX ғасырдың екінші жартысында жарияланған, сол кездің өзінде “жыл сайын жүздеген тілдер өліп жатыр” деп дабыл қағылды. “Қазір әлемде қанша тіл қалды?” деген сұраққа “Википедиа” мен “Гугл аудармашы” секілді тілдік эксперименттер анық жауап бере алады. Әлем тілдері арасындағы бәйгеге ат қосуға жарайтын 285 қана тіл қалды. Соның 70 шақтысының ғана бәс тіккен жанкүйері бар.
Осындай қатал, бірақ әділетті жарыс нәтижесінде келешекте қолданыста болатын тілдер сұрыпталып, даму мен бәсекенің кезекті сатысына өтпекші. Қазақ тілі оның ішінде бола ма деген сұраққа анық жауап беру қиын. Ол қазақ тілінде сөйлейтін, тілдің келешегі үшін еңбек етуге, соған уақыт пен күш салуға дайын қауымға ғана байланысты.
Ниет болып, сауат жетсе, бұл заманның ақпараттық технологияларын ана тіліміз бен төл мәдениетімізді дамытудың озық құралына, халқымызды ұлттық нышандар төңірегінде топтастырудың, Қазақстандағы өмір салтын көрші елдер үшін тартымды етудің платформасына айналдыруға әбден болады. Қазақша Википедианың соңғы екі жылдағы қарқынды дамуы соның бір мысалы. Қоғамдық бастама ретінде тіл жанашырларына үндеу тастау арқылы екі жыл ішінде ғаламдық энциклопедиядағы қазақ тіліндегі мақала саны 7 мыңнан 200 мыңға дейін өсті. Соның арқасында аталған энциклопедияның ай сайынғы қазақша қаралатын бет саны 200 мыңнан 10 миллионға дейін жетіп, тілдер санатында ана тіліміз 127-ші орыннан 29-шы орынға дейін көтерілді. Яғни, қазақтілді ақпарат пен мазмұнға деген сұраныс өте жоғары. Тек, онымен жүйелі түрде жұмыс істейтін кәсіпқой орта қалыптасуы керек.
Интернет кез келген технология секілді пайдасы мен ықтимал зияны, артықшылықтары мен кемшіліктері қатар жүретін күрделі құбылыс. Барған сайын қоғам мен мемлекеттің барлық салалары осы технологиямен тығыз байланысты, бір-бірімен астасып жатқан жаңа қалыпқа түсіп келеді. Сондықтан қазіргі кезеңде, бұл технологияның сала-сала бойынша пайдасы мен кеселін сараптап, пайдасын арттырып, кем тұсының әсерін кемітуге ұмтылған ұтымды көрінеді.
Қай салаға назар аударсақ та, Интернет пен оның төңірегіндегі технологиялардың әсерін байқау қиын емес. Бұқаралық ақпарат құралдары мен медиа салада дәстүрлі үлкен ақпарат көздерінің тасада қалып, алдыңғы шепке блогерлер мен онлайн медиа ресурстардың шыққанын көреміз. Көп елдердің саяси мәдениетінде қалыптасқан дәстүрлер бұзылып, Интернетке сүйенетін белгісіз адамдар тәжірибелі саясаткерлердің жолын кесіп, алға шығуда. “Фейсбук” арқылы біріккен бір топ адам өздерін партизандар деп атап, ресми билік пен әскерге қарсы шабуыл ұйымдастыруда. Енді бір белсенділер Интернет арқылы саяси науқандар ұйымдастырып, реформалар талап етеді. YouTube (Ютюб) секілді видео платформалардың арқасында кішкентай ғана елдегі алыс елді-мекеннен шыққан әуесқой музыканттардың атағы атақты жұлдыздардан да асып түсіп жатыр. Жастары 20-дан енді ғана асқан, шаштары ұйпа-тұйпа, бірақ компьютертің тілін жақсы білетін жас кәсіпкерлер алпауыт компаниялардың алдын орап, миллиардтаған қор жинауда.
Технофилдер, яғни технологиялық жаңалықтарға жаны құмар адамдар мұның барлығын жақсылықтың нышаны деп қабылдайды. Смартфондар мен әлеуметтік желілер олардың қабылдауында тек прогресске бастайды. Интернет олардың пікірінше, ақпарат құралының да, дүкеннің де, жалпы бизнес ортаның, тіпті мемлекеттің де қызметін өз бетінше атқарып кете алады.

Дағдарыссыз  технология

Кейбір мамандардың пікірінше, технология жетегінде кете беру – күрделі дағдарысқа апармай қоймайды. Олардың айтуынша, бұл технология жүздеген жылдар бойы қалыптасқан дәстүрлі мемлекетті, өзіндік ережелері мен ішкі бәсекеге негізделген бизнесті, тәжірибе мен кәсіпқойлыққа негізделген медиа мен мәдениетті тығырыққа тірейді.
Шекаралары мен сол шекара аясындағы заңдарға негізделген ұлттық мемлекет моделі бүліне бас­тады. Телевидение мен баспа секілді дәстүрлі ақпарат құралдарының арасында кеңейіп, өсіп-өніп жатқанын табу мүмкін емес. Керісінше, жұ­мысын қысқартып, тоқтап жат­қандарының саны күн сайын артып келеді. Осы уақытқа дейін әлемдегі геосаяси арасалмақты анықтап келген дәстүрлі қару-жарақтың да күші енді күмәнді. Сөйте тұра, ғаламдық дәрежедегі ұйымдасқан қылмыс, заң мен дәстүрге қарсы арандатушылық өміріміздің ажырамас бөлігіне айналып келеді. Дәстүрлі мәдениет пен салт жұтылып барады. Біз білетін әлеуметтік тұрақтылықтың негізі болып отырған, қазіргі өркениет иек артатын басты принциптер мен құндылықтар шайқала бастады. Ертеңін болжау қиын, анық кескіні мен сұлбасы жоқ жаңа қоғам қалыптасып келеді.
Технофилдерге қарсы топтың айтуынша, Интернет о баста кез келген ереже мен заңға, қоғамдық институттарға деген қарсылықтың белгісі ретінде пайда болды. Оны ойлап тапқан адамдар бұл қоғамнан мүлде бөлек ережелермен өмір сүретін, әлеуметтік қарым-қатынастар басқаша түзілетін, дәстүрлі түсінікке сыймайтын әлем жасағасы келді. Сондықтан да, осындай ниетпен жасалған технология біз білетін қоғамның астына қойылған баяу бомба ретінде жұмыс істейді.
Технофилдер бұған жауап ретінде қазіргі мемлекеттер мен институттардың тиімсіздігін айтып, соның дәлелі ретінде ғаламды шарпыған экономикалық дағдарысты, әр жердегі соғысты мысалға келтіріп, “мұндай қо­ғамның керегі қанша” дейді. Бұл сөздің де жаны бар шығар. Дегенмен де, бар нәрсені ысырып тастап, анархия мен хаостың құшағына ену де бассыздық болар еді.
Ғаламдық экономикалық ережелердің кемістігі дағдарысқа ұшыратып, көптеген мемлекет үкіметтерінің қызметі ойдағыдай нәтиже бере алмай жатқаны да рас. Алайда, солай екен деп, халықаралық ереже, заң мен мемлекет атаулыны жоққа шығаруға болмайды. Қалай болғанда да, жол салу, әлеуметтік саланы дамыту, қоғамдық тәртіпті сақтау, әлсіздерді қамсыздандыру секілді маңызды қызметтерді атқаратын тетік керек. Мұның барлығы виртуалды әлемде атқарылуы мүмкін емес. Егер мемлекет әлсіреп, мұның барлығы жоғалатын болса, өркениет бітпес дау мен тартыстың құрбаны болады. Қазақстан секілді дамушы елде мұндай сұрақтарды көтеру орынсыз көрінуі мүмкін. Алайда, соңғы жылдары мемлекет пен дәстүрлі қоғамдық институттарға қарсылық ретінде оқтын-оқтын ұйымдастырылатын хаккерлік шабуылдар бұл мәселеге қазірден мұқият қарап, алдын алу шараларын ойластыруға міндеттейді. Америкалық хаккерлер Иранға қарсы, Қытай хаккерлері Гуглге қарсы, халықаралық қылмыскер топтар кез келген елдегі компанияларға қарсы виртуалды шабуылдар жасауда. Интернетте отырған кез келген адам осындай шабуылдың құралы немесе құрбаны болып кетуі әбден мүмкін. Сондықтан көпшілікті ескертіп, сақтандыру абзал деп ойлаймыз. Қазақстан ондай шабуылдардан әзірше ада, бірақ дүниенің түкпір-түкпіріндегі бүтіндей қалалар бір сәтте жарықсыз қалып, үлкен банктердің қауіпсіздік жүйелері бұзылып, қала ішіндегі инфрақұрылымға зақым келіп жатқандығы туралы барған сайын жиі естиміз.
Мұндай шабуылдар кейде ақша, кейде ермек іздеген, кейде өзара жарысқан, кейде фанатикалық идеяға берілген жеке адамдардың қолымен жасалады. Олардың барлығы да өздерін бұл қоғамдағы ереже мен заңға бағынбайтын жаңа қоғамның көсемдері деп таныс­тырады.

Back to top button