ТҮРКІ БІРЛІГІН ҚАЛАМАЙТЫНДАР КӨП

ТҮРКІ БІРЛІГІН ҚАЛАМАЙТЫНДАР КӨП

ТҮРКІ БІРЛІГІН  ҚАЛАМАЙТЫНДАР КӨП
ашық дереккөзі
Ата-бабасы Көк пен Жерге үстемдік еткен ер түркінің бүгінгі ұрпағы қайтсе, күшейеді? Сыртқы «ұртоқпақ» күштердің ықпалы қандай? ХХІ ғасыр – түркі ғасыры болуы үшін не істеген жөн? Осы және басқа да сауалдарға Қазақстандағы Түркі халықтары мәдени орталығының жетекшісі, профессор, тарих ғылымдарының докторы Ахмет ДАҒДУРАН мырза жауап береді.   «Бәрін мұнай мен  газ шешуде» Ахмет бей, түркі бірлігі туралы көп нәрсе айтылады. Сіз үшін «түркі бірлігі» дегеніміз не? – Осыдан мың жыл бұрын Махмұт Қашқарлы бабамыз сөздік жазды. Түркіше жазылған сөздіктің жалғыз мақсаты – бүкіл әлем түркіше үйренсін, уақыты келгенде түркілер үстемдік құрып, Жер шары түркі тілінде сөйлейтін болады деген ниеттен еді. Сол кезеңде ықпалды тұлғалар қатарындағы бір араб императорына апарып табыс етті сол сөздікті. Яғни, түркі бірлігі жолындағы күресті бабаларымыз тілімізді насихаттаумен жалғастырыпты. Ал одан бұрын Жер жүзін тітіреткен Моғолстан мемлекетінің тұсында жазылған тарихи деректерде «Алла Жер мен көкті жаратты, оның ортасына адамды жаратты. Оның басшысы етіп менің атамды бекітті» деген сөздер бар. Яғни, түркілер дүние жүзіне үстемдік жүргізу үшін туылған деген сенімде болғандықтан, әлемнің түкпір-түкпіріне қанат жайып, күшеюге кіріскен. Мәселен, Атажұртмыз – Қазақстаннан шыққан бабаларымыз Азияда, Үндістанда, Мысыр, Иран, Иракта түркі бірлігі мен алпауыт мемлекеттің іргесін қалады. Соңынан Селжүк мемлекеті келді дүниеге. Бұл түркі әлемін біріктіруге сеп болды. Осының арқасында Еуропаның ортасына қарай кеңінен тарадық. Меніңше, Америкадағы қызыл терілердің арғы атасы – наймандар, яғни, түркілер. Қазақ ғалымдары жүргізген зерттеулер нәтижесінде, арада мыңдаған жылдар өткеніне қарамастан, әлі күнге еш өзгеріссіз қолданылатын 300-ден астам қазақша сөз тапқан. Өзге ұлттар түркілер сияқты Жер шарына қанат жаймаған. Өйткені, үстемдік жүргізу, өзін әлемге қожайын сезіну сияқты асқақ сезімдер оларда жоқ. Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Ислам мемлекетін құрғанда «түркілермен соғыспаңдар, олармен тіл табысуға, дос болуға тырысыңдар» деген. Өйткені, ол түркілердің дүние жүзіне ықпалды болатынын білген. Өкінішке қарай, арабтар бұл өсиетті тыңдамады, түркілермен кескілескен шайқасқа түсті. Оның соңы опық жегізгені мәлім. Бірлесе отырып, арабтарды елдерінен түре қуған, соғыста жеңіске жеткен түркілер ислам дінін насихаттау міндетін өз қолдарына алды. Исламға дейінгі кезеңге көз жіберсек, түркілердің ұлттық белгісі «Қызыл алма» болатын. «Қызыл алманы» төбелеріне хан көтерген түркілердің айбыны мен айбаты осы белгі арқылы танылды. Ислам дінімен танысқаннан кейін түркілер Алланың атын дүние жүзіне танытуға күш салды. Ұстанған басты қағидасы – адамзатқа қызмет ету еді. Тек өз мемлекетін ғана алға тартып, өзгелерді өзекке тебу немесе қысым жасау түркілердің саясатында кездеспеген. Керісінше, иман, бауырмалдық, мейірімділік сияқты басқа да адами құндылықтарды ұлықтады. Ғұндардың заманында білімді сонау Қытайдан алып, үйренгенін, білгенін, мәдениеті мен салт-дәстүрін Еуропаға таратқан да – түркілер. Бүгінгі таңда түркілердің қазіргі ұрпағы мұнай мен газ, басқа да табиғи ресурстар жолындағы күрестерді тоқтатып, шын мәнісіндегі бауырластықтың не екенін бүкіл әлемге түсіндіруге тырысуда. Қазір байқасаңыз кейбір елдер, әсіресе, АҚШ, Англия, Израиль демократия орнатамыз деген желеумен Парсы шығанағы, Тунис, Ирак, Ауғанстан, Ливия, Сирия т.б. мұсылман мемлекеттердегі халықты әбігерге салып, ондағы әкімшілік басқаруды күйретіп, тұрақсыздық орнатты. Жері мен халқынан маза кеткен бұл елдерде демократиялық құндылықтар атымен сақталмайды. Есесіне, күніне ондаған, мыңдаған бейкүнә жан ажал құшуда. Қандай да бір жүйе адамдарды қынадай қыру үшін құрылмайды. Кез келген жүйе адамдарға жағдай жасау үшін түзілуі тиіс. Дәл қазір ағылшын, америкалық пен израильдік қолданған жүйе түркінің ұстанымына жат. Оны исі түркі қабылдай алмайды. ХХІ ғасыр – түркінің ғасыры. Біз, түркінің бүгінгі ұрпағы қырғын мен қиян-кескі соғыстың орнына мәдениет, білім мен руханиятты таратуды көздейміз. Бұл – түркінің ең басты міндеті мен мақсаты. – Қанша жылдан бері түркі әлемі журналистерінің ұйымын құруға талпынып жүрміз. Бірақ әзірге бұл талпыныс нәти­жесіз. Неліктен? – Дұрыс айтасыз. Түркі бірлігі дегеніміз – әлемдегі 300 млн. түркінің бірлігі, ұшы-қиырына көз жетпейтін көл-көсір территория. Адами байланыстарды негізге ала отырып, жақындасуға тырысқан қадамдарымыз кейбір мемлекет, кейбір мүдделі топтарға ұнамайды, түркі бірлігінен олар өте қауіптенеді. Мәселен, «Жер шарына үстемдік жүргізгендер – америкалықтар» дейді. Бұл дұрыс емес. Әлемді ашса, алақанында, жұмса жұдырығында ұстағандар – 7 ірі мұнай-газ кәсіпорны. Олар адамдарды қырып, президенттерді тақтан тайдырып, ел мен елдің арасына іріткі салып, арандатып, өз қарабастарының ғана қамын ойлайды. Өзіңіз ойлап қараңызшы, Америкада бір қаранәсілдінің президент болуы мүмкін бе? Әсте, мүмкін емес еді. Өйткені, қаранәсілділер екінші не үшінші сортты деп есептелетін. Қаранәсілділермен бір мейрамханада отырып, тамақ желінбейтін. Есік сыртына «иттерге және қаранәсілділерге кіруге рұхсат етілмейді» деп жазылатын. Сонда оларды иттермен теңестіретін. Сондықтан Барак Обаманың президенттікке сайлануы көпшілік үшін тосын жайт болды. Бірақ саяси тұрғыда ықпалды белгілі бір мүдделі топ, қалталылар, империалистер осыны қалағандықтан, Обаманың бағы жанды. – Сонда Обама өз күшімен сайлауда жеңіске жете алмас па еді? – Жоқ, жеңе алмас еді. Мәселен, бір сайлауда қару-жарақ қолдануды жақтайтындар таққа отырса, енді бір сайлауда мұнай қожайындарына бүйрегі бұратындар жеңіске жетеді. Бұлар Америка халқының мүддесі үшін қызмет етуді мақсат еткендер емес. Осы себепті, түркілердің әлемге ықпал етуге, бір болуға ұмтылуы оларға әсте ұнамасы анық. Сол үшін кедергі жасауға тырысады. Бір кездері Түркияның президенті болған кезінде Тұрғыт Өзал түркі мемлекеттерінің президенттерін жинап, түркі бірлігін құруға ұсыныс айтқан еді. Тәуелсіздігін енді алған, дербес экономикасы, банк жүйесі, қор нарығы құрылмаған, табиғи ресурстарды игеріп үлгермеген Қазақстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Әзірбайжан сияқты түркі елдері әлсіз болатын. Есесіне, мың жыл бойы өзге елдерге ықпал етіп келген Түркияның жөні басқа. Ұйымдастыру жұмыстарына қатысты мәселелерді айтам. Түркі бірлігінде көсемдікке ұмтылған жанталас жоқ. Еуропа Одағына мүше мемлекеттер сияқты әр елдің саясаты мен экономикасы егемен. Ешкім қысым жасап, үстемдік ете алмайды. Меніңше, он жылдан кейін Түркі елдеріне ортақ Парламент құрып, заң жобаларын түзетін ортақ ұйым болады. – Сіздіңше, түркі елдерінің басшылары түгел бірлікті қалай ма? Жер алшақтығы кедергі емес пе түркі бірлігіне? – Бүгінде «алшақтық» деген ұғым мағынасын жойған. Керісінше, дүние тарылып, Жер шары алақандағыдай болып қалды. Мұны адамдардың барлығы да мойындары хақ. Оның үстіне, бұған дейін де қазақ, әзірбайжан, түркімен, Ирак пен Иран түркілері, Түркия т.б. бір болғаны, Селжүк атты ортақ мемлекет құрғаны мәлім. Олар Жер шарын бірнеше бөлікке бөліп алып, түркінің айбынын асқақтатты. Османлының тұсында арадағы байланыс сәл үзіліп қалды. Тек татарлар мен әзірбайжандармен тығыз қарым-қатынас орнатылған еді. Бірақ османлылардың басты мақсаты Еуропаны түгел билеу болған. Ол кездерде еуропалықтардың кейбірі Османлыға хат жолдап, «біздің мемлекет басшыларымыз әділетсіздік жасауда, бізге қысым көрсетуде. Бізге көмектесіңіздер, заңсыздықтарды тоқтатыңыздар» деп өтініш айтатын. Жүздеген жылдар бойы Франция, Венгрия т.б. корольдерін Османлы бекітіп келді. «Халқыңа дұрыстап қызмет ет, біздің атымыздан таққа отырдың, бізді ұятқа қалдырма» деген тапсырма берілетін. «Түркінің басынан талай зұлмат өткен» – Түріктер ешкімнен езгі көрмеген, керісінше өзгелерді уысында ұстаған. Ал басқа түркі елдері, әсіресе, КСРО құрамында болған мемлекеттер азаматтарының бойындағы құлдық психология әлі сақталып қалған. Түркі бірлігіне Кремльге жалтақтайтындар кедергі болмай ма? – Османлының қол астында 42 мемлекет болды. Бірақ олардың ешқайсысының тіліне, діні мен діліне, әдебиеті мен мәдениетіне, салт-дәстүріне зиян келтірілген жоқ. Олардың өз түрмесі, заңы, мектептері болды. Осының арқасында 700 жылдан кейін Османлыдан іргесі ажыраған олар дәстүрі мен тілі, ділін сол қалпында сақтай отырып, өз алдына дербес ел ретінде өмір сүруді жалғастырды. Бұл Османлының өресі биіктігін көрсетеді. Ал КСРО керісінше, небары 70 жылдың ішінде қаншама ұлттың тілін, тарихын, дәстүрін, мәдениетін өзгертіп, рухани тұрғыда аздырып-тоздырып жіберді. Жылдар бойы төл тарихын таба алмай адасқан ұрпақ өз-өзіне деген сенімділік пен ішкі «менін» жоғалтты. Қазақ, қырғыз, әзірбайжан мен хакас, тувалықтар түбірінің кім екенін білмейді. Олар «мен қазақпын», «мен әзірбайжанмын», «мен тувамын, түркіменмін, өзбекпін» т.б. дейді. Егер Франция не Англияға барып, «қай жердің ағылшыны» немесе «қай жердің французысың?» деп сұрасаңыз, сізді келеке етіп күлері анық. Өйткені, Франция мен Англия – біреу-ақ. Есесіне, түркілерден сұрасаңыз, олай емес. «Сіз кімсіз?», «түркімін». «Қай жердің түркісі?». Алынатын жауап Қазақстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Әзірбайжан т.б. қырықтан астам елдің атына байланысты болады. Осы байланысты Кеңестер Одағы ұмыттырды. 1923 жылы Мұстафа Кемал Ататүрік Османлы атауын Түркия деп өзгертті. Неге? Өйткені, «түркі» ұғымы талай ұрпақтың санасында көмескі тартып бара жатқан. Түркістан атанған Атажұрттың бір кездері Түркия деген атауы да болған. КСРО-ға дейін түркі елдері төте жазу арқылы бір бірінен хабар алысып отыратын. Кітаптары мен әдебиетінен хабардар еді. Советтер келгеннен кейін әліппені латынға ауыстырды. Бұл түркілердің байланыс жасауына өте қиын тиген. Сондықтан Ататүрік «жарайды, біздің бауырларымыз латыншаға көшкен екен, ендеше біз де бір болайық, латынша жазайық» деп Түркиядағы әліппені өзгертті. Көп ұзамай, кеңестік үкімет бұрын-соңы адамзат тарихында болмаған жаңа әліппе – кирилицаға көшті. Онысымен қоймай, түбі бір түркіге ортақ әліппе бұйыртпай, олардың әрқайсысына жеке-жеке әліппе бекітті. Қазақ ұлтының келешегі үшін күрескен азаматтарды итжеккенге айдап, дарға асып, түрмеге қамап, ұрып-соғып, атып… білгендерін істеді. 1928-40 жылдар арасындағы аласапыранда «мен – түркімін» деген 700 қазақ бір-ақ түнде Алматыда ажал құшты. Олардың басын өлімге тіккен – тағы да кеңестік үкімет… Қаншама зұлматты бастан кешірген қазақ халқының бойында қорқыныш сезімі қалды. Бұл өзге түркі халықтарына да қатысты. XIX және XX ғасырда исі түркі біресе орыс патшалығының және арабтардың езгісін көрді. Қазір ХХІ ғасырда біз жайлап өзімізге келе бастадық. Ресми деректерге сүйенсек, 1923 жылы Түркиядағы халық саны 13 млн. еді, ол кезде Қазақстандағы адам саны 10 млн.-ға жеткен. Түркиядағы келіншектер 3-4 баламен шектелсе, қазақ әйелдері 7-8, 10 бала табатын. Қазіргі деректерге көз жүгіртсеңіз, Түркия халқы 80 млн.-ға жуықтады, ал Қазақстандағы қазақтар саны – 11 млн.-ның төңірегінде. Егер кеңестік империя болмаса қазақтардың саны кем дегенде 100 млн.-ға жететіні анық. Демек, 80 млн.-ға жуық қазақтан айрылдық. Америкадағы түркілердің ұрпағы – қызылтерілерге де жиі-жиі шабуыл жасалып, үздіксіз қырып келді. Қытайдағы түркілердің жағдайы анау. Босния-Герцеговинада Еуропаның көзін бақырайтып қойып, жүз мыңдаған адамды аяусыз қырып салғаны тағы бар. Түбі бір түркіге қарсы келгендер әлі күнге күресін жалғастырып келеді. Бірлік жолындағы қадамдарға кедергі жасайтындар – солар. – Бүгінде түркі бірлігі туралы Қазақстан халқы арасында идеологиялық-насихаттық жұмыстар кеңінен жүргізілуі керек сияқты? – Қазақстанды мен бүкіл түркі елдерінің төресі деп білем. Мен үшін орны бөлек мекен. Өйткені, исі түркінің аяғы көктен салбырап түскен жоқ. Жер шарын бағындыруға осы қасиетті топырақтан аттанды. Біздің төл мәдениетіміз, әдебиетіміз бен рухани дүниелеріміздің қайнар көзі – Қазақстан. Иншалла, Қазақ елі тәуелсіздік алғалы бері біз осы жердегі түркіге ортақ құндылықтарды исі түркіге таратудамыз. Мәселен, Түркияда кез келген Қорқыт ата мен қобыз туралы құлағдар. Бірақ қобыздың дауысын естігендер кем де кем. Ал Қазақстанда осынау киелі аспаптың құлағында ойнайтындар мен оны сүйіп тыңдайтындар көп. Сонымен қатар сазсырнай, жетігенді де тарих қойнауына жөнелтпей, өскелең ұрпақтың құлақ құрышын қандырып келеді. Қымыз бен шұбатты да ұлттық сусынға айналдырған – қазақтар. Осыншама үлкен мәдениеттің мұртын бұзбай, бабадан балаға мирас еткен де – қазақ. Ғұн заманынан қалған «Қара жорға» мен сақтардың заманындағы «Томирис» биін де түркінің жадында жаңғыртқан – қазақтар. Бұлардың барлығы да тек қазақтың емес, исі түркінің мұрасы. Тағы бір мәселе, Қазақстанда Наурызды қазақтар «Ұлыстың ұлы күні» деп атайды. Ұлыс дегеніміз – түбі бір түркі. Бір кездері осы мерекені тойлауға тыйым салынса, қазір бүкіл түркі халықтары атап өтеді. Меніңше, түркілердің бүгінгі ұрпағы «ата-бабам Жер шарына үстемдік еткен, мен де бүкіл әлемге ықпал етуім керек» деген мақсатпен, психологиялық тұрғыда дайындық жұмыстарын жүргізуі тиіс. – Бұл түркілер арасындағы бәсекелестік пен бақталастықты өршітпей ме? – Көсемдікке ұмтылуда әділ бәсеке болуы шарт. Кім және қай мемлекет түркі бірлігі жолында қандай және қанша шара өткізді? Бұл мәселеде кім өте белсенді? Қазір түркі әлеміне қатысты құрылған ұйымдардың көпшілігіне Қазақстанның қатысы бар. Түркі парламентарийлерінің бірлігі, Түркі кеңесі, ТҮРКСОЙ т.б. ұйымдардан аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлының қолтаңбасы білінеді. Мұны басқа түркі елдерінің басшылары да біледі. Өйткені, қазір бірігетін кез келді. Мәселен, адамдар бір мафиядан қорқады делік. Егер одан күші басым тағы бір мафия келсе, біріншісіне күн бермесі анық. қазір Америка араб елдеріне тиесілі табиғи ресурстардан түсетін барлық пайданы өз банктеріне ешқандай пайызсыз алып, оны өзге мемлекеттерге өзіне тиімді мөлшерлемемен және талаппен несие ретінде таратуда. Егер АҚШ тарапынан қойылатын талаптармен келіспесе, борыштан құр қалады. Қазір Америка бейне мафия сияқты. Оның әлемдік сахнаға ықпалын әлсірету үшін Түркі әлемі күшеюі тиіс. Императорлықтан үлкен тәжірибесі бар Түркияны саясатқа араластырмас үшін қазір үлкен саяси ойындар жүруде. Өйткені, Түркия Азия мен Еуропа арасына орналасқан ел әрі оның жақтастары да уақыт өткен сайын көбейіп келеді. Сондықтан түркілердің дұшпандары «егер Түркияны шетке ысырсақ, өзге түркі елдері де әлсірейді» деген ұстанымда. Бірақ бұл түркі бірлігіне кедергі бола алмайды. Бұл Алла Тағаланың қалауы. Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде де жазылған. Яғни, «ХХІ ғасыр – Ислам ғасыры болады, оның көсемі – түркілер» делінген. Пайғамбарымыздың туы әлі күнге біздің қолымызда, халифалық та бізге тиесілі. «Демократиялық құндылықтар өте маңызды» – Түркиядағы қазіргі саяси ахуалдың түркі бірлігіне тигізетін ықпалы қандай? – Бұл да өте маңызды тақырып. Түркияда жылдар бойы шейіттік-сүнниттік дауы өршіп келді. Қазақстанда – ханафилік. Ескеретін жайт, әлемдегі шейіттер мен түріктер жеріндегі шейіттер арасында айырмашылық бар. Өйткені, біздегі шейіттердің барлық сенім-нанымы – түркілік. Жер шарына Қазақстаннан тараған Ахмет Йассауидің мыңдаған шәкіртінің бір қолында – Құран Кәрім, екінші қолында қылыш болды. Дұшпандармен соғыса жүріп, Исламды ұлықтады. Йассауилік Түркияға тарағаннан кейін біраз уақыт өткенде бабилік, бекташилік, сосын алевилік деп өзгерді. Йассауи шәкірттері әйелдер мен еркектерді бірге үйретті, бұл – дүние жүзіндегі басқа мұсылман елдерінде жоқ үрдіс. Соған қарамастан, жылдар бойы алевилік және сүннеттік деген дау толастаған жоқ. Өйткені, сыртқы күштер араға от салып, осының салдарынан арандап қалған адамдар көп болды. Мәселен, бұған дейін қанша жыл бойы күрдтермен қыз алысып, қыз берісіп, туысқан болдық, талай соғыстарда тізе қоса ұрыс салғанбыз. Бүгін енді арамыз нілдей бұзылып, бір бірімізге дұшпанға айналдық. Егер күрд лаңкестері болмағанда, 400-500 млрд. доллар көлеміндегі қаражат түркі бірлігінің игілігіне жұмсалар еді. Өкінішке қарай, осы ақша – лаңкестікке қарсы күрес, ұшақ не тікұшақ сатып алу, жарылыстардан қираған ғимараттарды қалпына келтіру, әлеуметтік маңызы бар нысандарды қайта салу т.б. кететін шығын. 25 жылдан бергі жағдай осы. Бір мектептің іргетасын қалайсың, күрд содырлары келеді де, оны бомбалайды. Өздерінің балалары білім алатын білім ошағын ортасына түсіреді! Аурухана саласың, олар келеді де тағы да күл-талқан етеді. Оларды қалпына келтіру үшін бюджеттен тағы да қаражат бөлуге тура келеді. Күрдтердің жұмысшы партиясының қолтығына су бүркитін сыртқы күштер күрд содырларын қару-жарақпен қамтамасыз етсе, амалсыздан сен де қарулануға кірісесің. Бұл да халық үшін қосымша қаржылық салмақ. Осыған кеткен 400-500 млрд. долларды түркі елдерінің дамуына салғанда олар он есе күшейер еді. – Демек, қазір Таксимнің төңірегінде туындаған дау да – сыртқы күштердің ықпалы ма? – Бұл жерде екі түрлі себеп бар. Біріншісі, сыртқы күштердің саяси ойынының жалғасы. Екіншісі, парламенттік сайлауда жеңіске жеткен Әділет және даму партиясының өкілдері «билік басында отырғандықтан, менің дегенім болуы керек» деген ұстанымды ұстануы халықты аяғынан тік тұрғызды. Демократиялық құндылықтарға ұйитын азаматтар мұндай астамшылықты көтере алмайды. Тіпті, мұндай қадамдар ел игілігі үшін жасалса да! Белден басушылықты, өктем сөйлеуді біздің азаматтар ендігі қабылдай алмайды. Таксимнен жаңа бір демалыс орны ашылады деген жобасын қабылдағысы келмеген де солар. Үкімет «бақтың орнына сауда орталығын салуымыз мүмкін» дегенде адамдар «менің қыдыратын бағымды бұза алмайсың» деп қарсылық танытты. Полиция оларға күш қолданып, су, газ шашып, ұрып-соғып, күштеп тарқатты. Бұған наразы болғандар Түркияның жер-жерінде шеруге шығып, ашу-ызаларын білдірді. – Түркия үкіметі наразы топқа сөзін өткізу үшін не істеуі керек еді? – Қазіргі түріктер зорлық-зомбылықты көтере алмайды дедім ғой. Олар өздерін тыңдағанды қалайды. «Президент болғаның үшін бізге қысым жасай алмайсың, біздің де айтқанымызды тыңда» дейді. Демократия дегеніміз – диктаторлық емес. Кез келген мәселеге халық түгел қатысуы тиіс. Мәселен, қазір оппозицияның үні шықпайды. Мәжілістегі басқа партиялар сөздерін өткізе алмайды. Бірақ Парламенттегі үкімет партиясының дауыс салмағы басым болғандықтан, олардың ешқайсысына назар аударылмайды. Қолды бір-ақ сілтейді: «Маңызды емес». Оппозициялық партиялар халықтың көкейіндегісі жеткізе алмай жүр билік басындағыларға. Екіншіден, Күрд жұмысшылар партиясымен болған келісім бар. Өйткені, КЖП мүшелері сабасына түсті кенеттен. Оның не келісім екенін халық білмейді. Көпшілік биліктен ашық айтуды талап етуде. Бірақ оған да құлақ асқандар жоқтың қасы. – Түрік билігі неге ашық айтқысы келмейді? – Негізі Үкімет басындағылар «біз ешқандай келісім жасаған жоқпыз» дейді. Бірақ жұрт­шылық «егер келісімге келмесеңдер, олар неге кері шегінді? Бұған дейін неге белсенді болды?» деген қарсы сұрақ қояды. Маза бермеген сауалдарға жауап ала алмаған әрі Таксимдегі құзырлы органдар тарапынан болған қоқан-лоққы т.б. мәселелер ушыға келе, халықтың ызадан жарылуына әкеп соқты. «Американың  саясатын ұғу қиын» – Халықаралық және Түркия ақпарат құралдарында «Рейханлыдағы жарылыстың болатынын адамдар алдын ала білген. Бірақ билік қол қусырып қарап отырды» деген сөз айтылды. Шынында солай ма? – Түркияда құзырлы органдар жақсы жұмыс істейді, көп мәселеде олар алдын ала хабар алады. Күн сайын ондаған лаңкесті қолға түсіреді. Әйтпесе, Түркияның әр жерінде үздіксіз жарылыс болып, мыңдаған адам қаза табар еді. Бірақ кейде ақпаратты естімей қалуы да мүмкін. Рейханлыдағы жарылыс та – осындай әрекеттердің бірі. Ескеретін жайт, Рейханлыда 300 мыңнан астам сириялық саяси босқын мәртебесіне ие. Алайда, солардың барлығы да шынымен босқындар ма? Араларында Сирияның билігіне тыңшылық қызмет атқарғандары жоқ па? Олар Башар Асадпен байланыс орнатып, құпия қатынас орнатпаған ба? – Халықаралық сарапшылар Рейхан­лы­дағы жарылыстың астарынан да саяси сарын іздеуде. Кейбір сарапшылар «КЖП содыр­ларын тәубесіне түсіруде әрі АҚШ-тың қолдауына ие болуда Ердоған үшін Рейханлыдағы жарылыс таптырмас мүмкіндік болды» дейді. Сіз келісесіз бе? – Шындығына келсек, АҚШ-тың саясатын ұғу қиын. Жылдар бойы қалыптасқан «ұртоқпақ» күш бар. Осы «ұртоқпақ» күш тауда бас сауғалаған КЖП мүшелерін тамақпен, қару-жарақпен қамтамасыз етіп келді. Арада сәл уақыт өткенде А.Өджаланды ұстап алды да, Түркияның қолына тапсырды. Америкалықтардың жоспарын, жобасын білу, түсіну қиын дейтін тағы бір себеп, олардың әрбір жобасы – ұзақмерзімдік. Мәселен, түркілердің он мыңдаған жетім баласын Америка азаматтары асырап алады. Оларды тек жазда бір айға ғана демалысқа жібереді. Қалған он бір айда АҚШ-та. Сол жақтың саясаты, сол жақтың салт-дәстүрі мен менталитетін сіңіреді бойға. Яғни, сырты – қазақ, іші – америкалық. Біз, түркі халықтары сәл нәрсеге рухтанып, тез көтерілеміз. Мәселен, егер осы жетім балалардың бірі білім не басқа салада жеңімпаз болса, бәріміз қатты қуанамыз. Кезінде Талғат Мұсабаев пен Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшқанда да Түркияның бүкіл халқы бөріктерін аспанға ата қуанды біздің бауырларымыз ғарышты бағындырды деп. Негізі айға алғаш ұшқан Юрий Гагариннің де түбі түркі болатын. Бірақ мұсылман емес еді. Америкада өскен жетім бала үлкен жетісіткке қол жеткізсе, исі түркі мақтан тұтары анық. Ол бала Қазақстанға қоныс аударса, оны басшылық қызметке орналастыруымыз да ғажап емес. Өйткені, АҚШ белсенді азаматтардың бірқатарын кейбір елдердің президенттігіне сайлануына ықпал етті. Олар кімнің мүддесіне қызмет етпек? Әлбетте, Американың. Бәлкім, Қазақстандағы жетім балаларды саяси мақсатпен алып кеткен шығар? Бүгінде 500 мың бауырымыз христиан дінін қабылдады. Бұл бұрын-соңды болмаған оқиға. Табиғатына жат дінді қалай және не үшін қабылдады? Мұны да зерттеген абзал. Бәленің бәрі мұнай мен газ жолындағы күрестен басталады. Америка Орталық Азиядағы халықтың арасына іріткі салып, арандату үшін әрекет етуі де мүмкін. Мәселен, іл ішіне бүлік салудың арқасында Қырғызстан президентін тақтан түре қуып, елде саяси тұрақсыздық орнатты. Бұл басқа елдерде де қайталанғаны мәлім. Мұндай келеңсізідіктерден Қазақстанды Алла сақтасын. Қазақтар бір болуы тиіс. Кеңестер заманынан қалған жаман әдетіміз бар: түркі халықтары бір-біріне қырын қарайды. Есесіне, кезінде бауырларымызды қынадай қырған, жер аударған, зорлық-зомбылық көрсеткен, қорлаған, зорлаған, аштан қатырған, балаларымызды өлтірген КСРО-ны отарлаушыларды төбемізге хан көтереміз. Қазақ пен қырғыз, өзбек пен ұйғыр, татар мен башқұрт т.б. бір біріне қандай зиян келтіріп еді? Кеңестік империя ұстанған саясат – «бөліп ал да билей бер». Қазақстанның 17 миллионға жуық халқы жарқын келешек үшін бір болуға мүдделі. «Мен – қазақпын», «менің Ана тілім – қазақ тілі» деген патриоттық сезім мықты болуы шарт. Бұл тек Қазақстан үшін емес, бүкіл әлем үшін маңызды. Яғни, қазақ ұлты бірлігін сақтай отырып, түркі дүниесіне, бүкіл адамзатқа бейбітшілік пен тыныштықты сақтау керек. – Сіз басқаратын Түркі халықтары мәдениетінің орталығы тарапынан түркі бірлігі мәселесінде атқарылып жатқан шаралар қандай? – Орталықтың құрылғанына 13 жыл болды. 2000 жылы бастаған әрекетіміз, ісіміз арада он үш жыл өткенде ғана жемісін беруде. Түркі халықтарына айтатынымыз: «Қазақстан – исі түркінің Атажұрты. Сондықтан бәріміз алдымен Қазақстанның саяси, экономикалық, мәдени т.б. тұрғыда күшеюіне мүдделі болып, бәріміз атсалысуымыз керек». Қазір Қазақстанда мен ұнатпайтын бір мәселе бар. Түркияда президент, премьер, депутаттар, жоғары оқу орындарының басшылары, әкімдер т.б. екі-үш күн ішінде кездесе аласыз. Ал біздің Қазақстанда бұл әсте мүмкін емес. Әкімдермен кездесу үшін 1 жыл күтесіз, ректорлармен – 6 ай, ал депутатпен кездесу олардың күн тәртібіне байланысты. Президент не премьермен жүздесу одан да қиын. Билік халықпен біте қайнасуы тиіс. Бізге ешкімнен ештеңе керек емес. Қазақ халқының, түркі бірлігінің мүддесі үшін тер төгіп жүргендер қатарындамыз. Мұндағы шенеу­ніктердің көпшілігінің бойында кеңестік заманнан қалған сарқыншақтар бар. Олармен кездескенде ештеңе бүлінбейді ғой. Үкіметтік емес ұйымдары мемлекетке тәуелді болмай, халық даму жолында өзі атсалысуы тиіс қой. Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдар емін-еркін жұмыс істей алмайды. «Жоғарыдан біреу бірдеңе дей ме?», «Біреуге жақпай қала ма?» деген үрей бар. Меніңше, Қазақтар еліндегі ұлттық нақыштағы үкіметтік емес ұйымдардың санын арттыру қажет. Осы ниетпен біз орталықтың газетін шығарудамыз. Үстіміздегі жылдың 3 маусымында телеарнамыз іске қосылды. Түркі бірлігіне қатысты жаңалықтармен сусындағысы келген бауырлар телеарна арқылы көре алады. – Әңгімеңізге рахмет!