Жаңалықтар

Ұмытпаймыз, кешірмейміз!

Бұл – иісі қазақ үшін қасиетті һәм қастерлі күн. Бұл күні біз жаланың кесірінен жазықсыз атылған мыңдаған жандарды, жесір қалған әйелді, жәутеңкөз жетім баланы еске аламыз. Бұл – ашаршылық жылдары бір үзім нанға зарығып, ісіп-кеуіп өлген миллиондаған қандастарымыздың сол кездегі аянышты халін елестетіп, барымызға тәубе айтатын, осыған да шүкір дейтін күн.

Қазақ даласында өткен жаппай еске алу іс-шараларынан Оңтүстік жұртшылығы да биыл шет қалған жоқ. Тағдырдың талқысымен қиын кезеңде туылып, қиыншылықпен бақилық болған шейіттерге арнап құрбандық та шалды, кеңестік тоталитарлық жүйенің, сайқал саясаттың кесірі тиіп, атылып кеткен арыстардың ұрпағын жиып, ас та берді. Бұған дейін Астана қаласындағы «Алжир» кешенінде, Қарағандыдағы Карлагта, былтыр Алматыда өткен «Тарих қасіреті» акциясы биыл алғаш рет Шымкентте де өткізілді. Атаулы күнге мейман ретінде Қазақстан халықтары ассамблеясының өкілдері, қуғын-сүргін құрбандарының балалары, туыс­тары шақырылғанын естігенбіз. Келеді дегеннің бәрі түгел жиналыпты.
Облыстың атқамінерлері атаулы күнді алдымен «Қасірет» мемориалынан бастады. Ескерткіштер кешені орналасқан бұл жер талай жылдар бойы «Албастысай» аталып келген. Айта кету керек, кезінде бір ғана Оңтүстік облысында 2500-дей адам «ату жазасына» кесілді. Олар  Шымкенттің шығыс жағындағы «Қайтпас» елдімекенінде  топ-тобымен қойша қосақталып, атылып, жүздері  шала-шарпы жасырылды. Кейбір кеудесінен жаны шықпаған бейшаралардың іңір жамылып жылаған, ыңырсыған даусын естіп, сол маңдағылар назалы әруақтардың жатқан жерін «Албастысай» атандырған. Тарихи деректер аталмыш сай шынымен де ату жазасына кесілгендерді жазалайтын орын болғанын дәлелдеп отыр. Сол себепті де осыдан біраз жыл бұрын айтуға қорқынышты даланы мемориалды кешенге айналдыру көзделген-ді. Жергілікті биліктің қадағалауымен ойға алынған бұл жоба жүзеге асырылды. Осылайша бүгіндері еске алу орнына айналған.
Албастысайдан қайтпай қалған ардақтыларын еске алу үшін келген ұрпақтары, өңірдің ақсақалдары мен басшылары қосылып құрбандар жатқан тұсқа гүл шоқтарын қойып, ата-баба рухына тағзым етті. Ұрпақтары дегенде айта өту керек, еске алу күніне орай Шымкентке біраз асылдың тұяқтары келді. Астанадан Бақыт­керей Бейсенованың қызы Роза Бейсенова, Алматыдан Асылбек Сейітовтің қызы Клара Сейітова, Жұмат Шаниннің баласы Болат Шанин, Құдайберген Жұбановтың қызы Қызғалдақ Жұбанова, Ғабдулхакім Бөкейхановтың ұлы Диас Бөкейханов, Сәкен Сейфуллиннің туысы Рымжан Сей­фул­лин келді. Сондай-ақ, арасында өзбек елінен Садықбек Сапарбаевтың қызы Сара Мұхаммедова, Искандер Саттархановтың ұлы Абдуғани Саттархановтар да бар. Шымкент топырағына қырғыз елінен де қонақтар келді. Сол елдегі Арабаев университетінің ректоры Төлебек Абұлы, ғалым Шәріп Амантай іс-шараның басынан аяғына дейін қатысты. 
Қонақтардың қалың нөпірі елімізде тұңғыш 2001 жылы ашылған Сая­си қуғын-сүргін құрбандары мұражайында болды. Реперессия тарихынан сыр шертетін мұражайда небір құнды деректер, құжаттар мен фотосуреттер бар. Мекеме қызметкерлерінің ыждаһаттылығының арқасында барлық қолда бар деректер мұражай қабырғасынан лайықты орын алған.
Мұнда сондай-ақ қуғын-сүргінге ұшыраған Алаш ардақтылары мен «Халық жауының» қалпағын киіп, қосақ арасында кеткендердің аты-жөндері мен жекелеген өмірбаяны, соларға қатысты мол деректер сақтаулы. Мекеме басшысы ақын Ханбибі Есенқарақызы «облыстағы ғана емес бүкіл елдегі осы нәубетке қатысты мәліметтерді, атылғандар мен жазықсыз айыпталғандар туралы деректерді жинап, жыл өткен сайын тың жаңалықтарға кезігіп жатырмыз», – дейді. Қазір мұнда 13 мыңнан астам деректі құжат бар екен. Ол жыл сайын ұлғайып келеді. Сонымен қатар алаш азаматтарының кезінде қатысқан, ат салысқан баспасөздерін іздестіріп, басын құраумен айналысуда.
Мұражайда өткен экскурсия Ж.Шанин атындағы драма театрдағы жиынға жалғасты. Мұнда қуғын-сүргін құрбандарының өмірінен алынған театрландырылған көріністер қойылды. Оңтүстік жерінде абыройлы қызмет етіп, ақырында «халық жауларының» тізіміне кіріп кеткен асыл ұлдарымыздың сол кездегі аянышты тағдырын әдемі суреттеген әртістер жиылған көпшіліктің көзіне жас алдырмай қойған жоқ. Әсіресе алдыңғы қатарда отырған құрбандардың ұл-қыздары, ет жақын туыстарының егіліп отырғанына куә болдық.
Тағдырдың қатал сынына тап болған ұрпақтары да кеңестік тұста қуғындалып келгені мәлім. «Халық жауының баласысың» деген қара таңба қаншама жастың өрекпіген көңілдерін су сепкендей етті. Дегенмен тектілердің ұрпағы мойымақ емес. Өсті, өнді. Тамыры тереңге кеткен бүгінде. Алды бақилық болып жатса да кейбіреулері арамызда жүр. Бірі ғылымда, бірі өнерде. Шымкентке келген сол баба ұрпақтарының кейбіреуімен тілдесудің де сәті түскен. Ішінде жатқан сезімдерін, өткен өмірін ақтарыла айтып берді.

Диас Бөкейханов, т.ғ.д. академик. Ғабдұлхәкім Бөкейхановтың баласы:
– Менің әкем сонау отызыншы жылдары осы Шымкентте жер басқармасын басқарған. Қуғын-сүргін жылдары құрыққа ілініп, жазықсыз жала жабылып, 1937 жылы атылыпты. Ол кезде мен бар-жоғы бір айлық қана бала екенмін. Анам марқұм ешкімнен кем етпей өсірді. Тағдырдың айдауымен бұл жақтан кетіп, Тәшкенде тұрдық. Сондағы политехникалық институтты тау-кен инженері мамандығы бойынша бітіріп шықтым. Халық жауының баласы болу маған оңай тиген жоқ. Мұны біліп қойған ЖОО ректоры біраз уақыт дипломыма қол қоймай жүрді. Әйтеуір зорға деп қолым жеткен. Анам дәрігер болатын. Қала тұрмақ аудан орталығында да жұмыс істеуіне мүмкіндік бермеді сол кездегі билік. Амал жоқ, бір сов­хозда дәрігер боп еңбек етті. Қазақстанға 80-ші жылдары көшіп келдік. Содан бері ғылыммен айналысып келемін. Жаманды-жақсылы ғалым деген атымыз бар. Қазіргі заманға тоба дейміз. Әйтеуір әкем, басқа да ет жақын туыстарым ақталды. Оған да шүкір. Бүгін өткен еске алу шаралары қатты әсер етті. Көзіме жас іркілді. Өз көзіммен көрмесем де сол кездегі нәубеттің елімізге қандай зұлмат әкелгенін жақсы білемін. Енді болашақта мұндай қиындық ел басына түспесе екен деп тілеймін.

Клара Сейітова, қазақтан шыққан алғаш дәрігерлердің бірі Асылбек Сейітовтің қызы:
– Әкем бес ағайынды болған екен. Өзі сол кездері білікті дәрігер ретінде елге аса танымал болса керек. 1937 жылы биліктегілер әкеме Алматы облысы Жетісу ауданындағы амбулаторияны ірі емханаға айналдыр деп тапсырма беріпті. Бір жеті өткенде оны НКВД жендеттері жедел түрде тұтқынға алып, «халық жауы» деген айыппен атып тастаған. 
Қалған үш бірдей бауыры да 1937 жылы қуғындалыпты. Яғни оларды да жазықсыз жала жауып, ату жазасына кескен. Әкем бақилық болған кезде анамның құрсағында жатқан шарана екенмін.

Болат Шанин, Жұмат Шанинның інісі:
– Жұмат атам бастаған әртістер 1996 жылы барыпты. Арасында елге етене таныс көптеген өнер қайраткерлері Күләш Байсейітова, Құрманбек Жандарбеков, Қаныбек Байсейітов, бәрі-бәрі болған. Осыдан біраз жыл бұрын атамның неден жазықты болғанын білу үшін бір кездегі «КГБ-ның» мұрағатына кірудің сәті түсіп, құжаттарды зерттеп, көріп қайтқам. Сонда атама Мәскеу сапары кезінде Сталинге қастандық жасамақ болдыңдар деген айып тағылыпты. Мұны көргенде таң қалғанымды көрсеңіз. Осылайша Жұмат атам 1938 жылы атылып кетіпті. Осыдан кейін әулетіміз қаншама жыл зардап шекті. Кеңестік заманда халық жауының баласы деген ең жаман атау еді ғой. Мұндай нәубет енді қайталанбасын дегеннен өзге тілерім жоқ.

Түйін.
Ұмытпаймыз, кешірмейміз! Еске алу күні осы бір екі ауыз сөз әр қазақтың тілінде жүрді, санасына сіңісті. Зиялы орта қалыптасып, ғылым-білімге енді бет бұрған ұрпақты қынадай қырған кешегі тоталитарлық жүйені, сол жүйені басқарған көсемдерді, досы, туысы екеніне қарамай жалған абырой үшін сатып кеткен сатқындарды ешқашан кешірмейміз. Керісінше, қазақ үшін жанын беруге даяр тұрған, Алаш тұтастығын, діні мен салтына адал болған, шейіт болған, жазықсыз әрі кінәсіз құрбандарды ешқашан ұмытпаймыз.

Оңтүстік Қазақстан облысы

Back to top button