Тағы да «жеп жатыр» деп жатыр

Тағы да «жеп жатыр» деп жатыр

Тағы да   «жеп жатыр» деп жатыр
ашық дереккөзі

Жақында Мәжіліс депутаты Ирина Аронованың: «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасын жүзеге асырудың мерзімдері денсаулық сақтау объектілері бойынша жыл сайын өзгертіледі, ал шенеуніктерге жобаның мерзімінде орындалмағаны үшін  жауапкершілік жүктелмейді» деп ашынғаны бекер емес.

«100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы 2011 жылы орындалуы тиіс болатын. Тағы да пайдалануға беруге жоспарланған 18 денсаулық сақтау нысанының 11-і уақытында тапсырылмайды. Нәтижесінде жылдан жылға ауыстырылып отырады, ал бұл үшін ешкім де жазаланбайды», – дейді депутат. Оның айтуынша, мерзімді кезекті мәрте кейінге қалдыруға қарамастан кейбір аймақтарда денсаулық сақтау нысандары аяқталмауы мүмкін. Ал бұл үшін жауапты тұлғаларды анықтау өте қиын. Денсаулық сақтау вице-министрі Болат Төкежанов «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша нысандарды пайдалануға тапсыру үшін аймақтардағы құрылыс басқармалары жауапты болып табылатынын қадап айтты. «Шынында, «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасын орындау бойынша іс-шаралар уақтылы орындалмайды. 2007 жылдан бастап алатын болсақ, 99 жоспарланған денсаулық сақтау нысанынан құны 183,4 миллиард теңгені құрайтын жалпы 64 нысан ғана салынған. Қалған – 30-дан астам нысанды – 2016 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған», – деді Б. Төкежанов. Оның айтуынша, «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша денсаулық сақтау нысандарын аяқтау үшін нақты график әзірленіп, жұмыс барысы денсаулық сақтау министрлігінің тұрақты бақылауына алынған.
Ал, бір-екі күндікте спорт саласының бірқатар басшылары да қамауға алынды. Бұған дейін Атыраудың Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының экс-бастығы Берік Жанкеев пен «Атырау» облыстық волейбол командасының директоры Жеңісбек Мұханбетжановқа мемлекет бюджетінен қомақты қаржы жымқырды деген айып тағылып, қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болған. Қаржы полициясы Берік Жанкеевтің бірнеше адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топты басқарып, 250 миллион теңгені қолды еткені туралы ақпарат таратты. Олар спортшылардың оқу-жаттығуына, шетелдік іс-сапарларына бөлінген ақшаны жымқырған.
ҚР Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай: «Жанкеев пен оның сыбайластарына қатысты ұйымдасқан қылмыстық топты құру және оның қызметіне қатысу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бүгінгі күні волейбол командасының директоры Мұханбетжанов және команданың тренері Запевалов қамауда, Жанкеев тергеу органдарынан жасырынып жүр. Оны іздеуге жариялау жөнінде мәселе шешілуде», – деді. Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысы туризм және спорт басқармасының бастығы Мүслім Оңдағанов 17 миллион теңгені басқа мақсатқа жұмсағаны үшін қамауға алынды. Осы салада қызмет істейтін Алматы қаласының бір басшысы да ұсталды. Әйелдер волейбол командасының директоры Нұрпейісова оқу-жаттығуға бөлінген 10 миллион теңгені қалтасына салған. Дәл осы Алматының велосипед спортын дамыту бойынша спорттық клубтың директоры Осипов та қаржы полициясының назарына ілікті. Оған да қазынаның бір жарым миллион теңгесін жымқыру дерегі бойынша айып тағылып отыр.